Бағдарлама – заманауи мектепті тиімді басқара алатын мектеп басшыларының кадрлық резервін даярлауға бағытталған кәсіби оқыту курсы. 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аталған бағдарлама аясында «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» республикалық жобасының қатысушылары оқудан өтті. Бағдарламаны NIS Педагогикалық шеберлік орталығы жүзеге асырды. 2023–2025 жылдар аралығында бағдарламаға қатысу үшін 24 мыңнан астам үміткер тіркеліп, олардың 986-сы оқуды сәтті аяқтап, болашақ мектеп басшыларының біліктілігін алды.
Іріктеу мен оқыту бірнеше кезең бойынша жүргізілді: конкурстық іріктеу, үш деңгейлі оқыту, елдің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және Министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу. Бағдарламаны толық аяқтаған тыңдаушыларға қосымша конкурстық іріктеуден өтпей-ақ мектеп директоры лауазымына тағайындалу құқығы берілді.
NIS Педагогикалық шеберлік орталығы 2012 жылдан бері отандық педагогтердің кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыру бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеді. Бағдарламалардың мазмұны отандық және халықаралық үздік тәжірибелерге, сондай-ақ білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби қажеттіліктерін алдын ала мониторингтеу нәтижелеріне сүйене отырып әзірленеді.
Айта кету керек, NIS Педагогикалық шеберлік орталығы Қазақстанда алғаш рет авторлық бағдарламаларын халықаралық сараптамаға ұсынған қосымша кәсіби білім беру ұйымы болды. Бүгінгі таңда Орталықтың ACQUIN институты аккредитациялаған 12 бағдарламасы бар. 2024 жылы Орталық ACQUIN институционалдық аккредитациясынан да өтті.

