Курс бағдарламасы тыңдаушылардың мектеп командасының тиімді жұмыс істеуі және білім беру ұйымдарындағы өзгерістерді басқаруы үшін қажетті кәсіби білімі мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Курстарды өткізуге Нұр-Сұлтан, Петропавл, Павлодар, Өскемен қалаларынан 12 қызметкер жұмылдырылды.
Курстың алғашқы күні тренерлер мұғалімдермен бірлесіп, команда құру, басқару функцияларын тиімді бөлу, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін, оның ішінде цифрлық дағдыларды дамыту үшін бірлескен жобаларды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Оқыту барысында өңірдегі 50 мектептің директорлары, директор орынбасарлары және көшбасшы-мұғалімдер қатарынан 150 педагог қызметкер стратегиялық жоспарлау және көшбасшылық әдістерін, корпоративтік мәдениет негіздері мен басқару стильдерін зерделейтін болады. Мектепішілік бақылау, мектепте қолайлы жағдай жасау мәселелері, инклюзивті ортаны ұйымдастырудағы кейс-менеджмент кезеңдері, мектепті басқарудың нормативті-құқықтық және қаржылық негіздері толықтай қаралады. Оқушылардың статистикалық деректерін талдау және оқу жетістіктерін мониторингілеудің практикалық дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылмақ.

