Центр педагогического мастерства

Сындарлы кері байланыс ұсына аласыз ба?

Сындарлы кері байланыс ұсына аласыз ба? 05.06.2020

Кожымбетова Айжан Маркабаевна, ПШО тренері Шымкент қаласы.

Бірде коучинг үдерісі барысында мектеп тренері мектеп мұғалімінен «Кері байланыс сабақтың қай бөлігінде жүзеге асады? –деген сұрағына «Сабақ біткен соң ғана жүзеге асады»? – деп жауап беруі мені көп ойландырды. Кері байланыс ұсыну сабақтың өн бойында, үдеріс барысында, сабақ басталғаннан сабақ аяқталғанға дейін және сабақ аяқталған соң да жүзеге асатынын білу мұғалім үшін өте маңызды. Мұғалім мен оқушылардың арасындағы үздіксіз байланыс орнауы, нәтижесінде оқыту мен оқудағы дұрыс ұсынылған кері байланыстар келесі сабақты жоспарлауға бағыт ұсынады. 2007 жылы Хэтти мен Тимперли өз еңбектерінде жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде «Дұрыс емес, орынсыз берілген кері байланыс оқушының күш-жігері мен жетістіктеріне кедергі келтіретінін көрсетті» – деген. Мұғалім ретінде көп жағдайда жігерлендіретін, жағымды пікір айту оңай. Алайда, оқыту мен оқу үдерісінде біз оқушылардың білім алуына кедергі келтірмейтін лайықты кері байланысты табу үшін терең ойлануымызды қажет етеді. Оқушының сабақтағы жеңіліс сезімін болдырмау үшін оқушының білімін дамыту және кері байланысты қамтамасыз ету үшін мұғалім ерекше жауапкершілікте болуы шарт деп есептеймін. Кері байланыстың теориялық мазмұнынан гөрі, өзімнің тәжірибеммен бөлісіп кеткенді жөн көрдім. Кері байланыс ұсынуда кері байланыстың екі шарты орындалуы тиіс: біріншісі позитивтен басталуы, яғни кез келген мәселенің жағымды жақсы жақтарын атап өтуі, ойлануға, идеялардың туындауына бағыт көрсетіп тұрған керемет жақтарын атап айту. Екіншісі сол мәселеге қатысты жетілдіру тұстарын, ойларын ұсыныс ретінде беруі. Біздің жұмысымызға немесе әркеттерімізге сын немесе ескертпелерді, кемшіліктер мен қателерімізді айтқанды ұнатпайтын халықпыз. «Сіздің жаман жақтарыңыз» немесе «әлсіз тұстарыңыз» деп айту қажет емес, ондай ойлардан аулақ болу. Тым қатал сыншы болмау. «Неге бұлай жасағаныңызды негіздеп бере аласыз ба? «Басқа бағытын қарастырып көруге болады ма?, «Егер мына жерді өзгертер болсақ, не ұсынар едіңіз?- деген сияқты , бірден бетке баспай, жанамалап, жұмсартып жеткізу маңыздырақ.

Кері байланыс беру үш жағдайда жүзеге асады: ол ауызша, жазбаша, графикалық. Қазіргі кезеңде кері байланыстардың қандай деңгейде беріліп жатқаны немесе қаншалықты жүзеге асып жатқанын айту қиын.Мұғалімдерде кері байланыс беруде көптеген қиыншылықтар да бар екені белгілі. Педагогикалық шеберлік орталығының тренері ретінде курстан өткен мұғалімдерді қолдау мақсатында мектептерге жиі барамыз, мұғалімдердің ауызша кері байланыс беруде сауатсыздық танытанынын кейде байқап жатамыз.Мысал ретінде мына кестені ұсынып отырмын:

Тапсырманың дұрыс орындалмағанын нақты түсіндірмей тұрып

Кері әсер ететін

Келемеждеу немесе кекету

Олай емес

Орынсыз жауап

Бар білгенің осы ғана ма?

жоқ

Мен күткен жауап емес

Басың тек осыған жетті ме?

Дұрыс емес

Ойымнан шықпадың

Миың ашып қалған ба?

Қайдағы

Лағып кеттің

Маған қара!

Осы кестені негізге ала отырып ұстаздарға сабақ барысында жалпы оқыту мен оқу үдерісінде тапсырманың дұрыс орындалмағанын нақты түсіндірмей тұрып, кері әсер ететін, келемеждеу немесе кекету сияқты кері байланыстарды немесе анайы сөздерді мүлдем қолданбауды ұсынамын.

Мұғалім әрбір кері байланыс ұсыну барысында өте мұқият болғаны абзал. Дұрыс берілген кері байланыс оқудың жақсаруын қамтамасыз ететін, мұғалімге сынып оқушыларының білімін қадағалауға, жоспарына түзетулер енгізуіне, ал оқушыларға өз оқу жетістіктеріне өзі бақылау жасауына және одан әрі өзінің даму бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша кері байланыс ынталандырушы, қалыптастырушы және уәждемелік қызмет атқаруы тиіс, осы жағына көп көңіл бөлу қажет. Кері байланысты жақсартатын белсенді әдістерді тиімді қолдану керек. Бағалау оқытудың ажырамас бөлігі дейміз, олар білім алу мен білім беруде бірін бірі толықтырып отырады, білім сапасының артуына бағытталады. Демек дұрыс кері байланыс ұсынғанда оқушылардың бірігіп талдау мәдениеті қалыптасады; сыни және шығармашылық ойлауы дамиды; сұрақтарды қолдайтын орта қалыптасады; өздерінің жеткен жетістіктерін көру арқылы оны жақсарту сенімі нығаяды; күтілетін нәтижелері де алдын ала анықталады. Ал мұғалімдер оқушының қаншалықты ілгерілегені туралы мәлімет алып, соған сүйене отырып оқыту үдерісіне өзгеріс енгізіп, түзетіп отырады.

Дәптерлерді тексеруде немесе ауызша кері байланыс беруде «Мен қалай бастауым керек?» немесе «Не жазуым керек? – деп мұғалімдер сұрап жатады, сондықтан мына төмендегі кестелерде мысалдар келтірілген, кесте түрінде ұсынғаным түсініктірек болар деген ойда әрі тәжірибеңізді жетілдіруге көмегі болып қалар деп ойладым.

1-мысал:

Кері байланыс

Талдауы

«Жақсы жұмыс...»

«Керемет жұмыс деп ойлаймын...»

«Бұл-жақсы жауап»

«Сен-жетістіктерге жетудесің»

-нақты ненің жақсы екенін;

-керемет деп тұрған тұстарын нақты көрсету,

-жақсы жауап екенін қалай негіздеп тұрғаны;

-жетістікке жеткенін неден байқадыңыз, қалай өлшейсіз;

Бұл кері байланыстар «ЖАҚСЫ» кері байланыстар, алайда сындарлы кері байланыс деу қиынырақ. Нақты нені меңгергені, қаншалықты білім алғаны және алдағы бағыты көрсетілмеген, алға қарауға мүмкіндігі шектеулі.

Осындай мысалдар көптеп кездесуде, алайда «Жақсы» делінген кері байланысты не үшін ұсынамыз, егер ол баланың білім алуына бағытталмаған болса, дамуын көздемейтін болса. Осыған ұқсас «Нашар жұмыс», «Жауабы бұл-Етікші», «Бұл мен күткен жауап емес»-деген кері байланыстарды да кейбір мұғалімдер қолданып жүр.

2-мысал:

Сындарлы кері байланыс

Талдауы

Жақсы жұмыс, Асхат!

Тақырыпты талдауың нақты. Мәтінді сипаттауың жүйелі.Келесі жолы өз көзқарасыңа қатысты қателіктерің туралы ойлану қажет.

Позитивтен басталып, қай тұстары жақсы екенін анықтап, алдағы уақытта нақты нені жақсартуға болатыны жайлы бағыт ұсынылып тұр.

Ия, Жандос сенде ілгерілеу бар, жарайсың! Егер үздіктердің қатарында болғың келсе ережелерді, терминдерді меңгеруге тереңірек көңіл бөлуің керек.

Мектеп мұғалімдері қазіргі кезеңде маңызды болып отырған мәселеде жай кері байланыс емес сындарлы кері байланыс беруді жақсартуды түсіну керек. Кері байланыс арқылы алынатын мәліметтер өз жұмысы мен еңбегіне өзгерістер мен түзетулер енгізу ісінде өте маңызды.Кері байланыстың негізгі идеясы- атқарылған, біткен істі бағалау емес (жақсы не жаман жасалғандығын) керісінше не жасалуы керектігін көрсету.

P.M.Броудфут Бағалау туралы ережелер мен тәжірибе зерттеу нәтижелерінің негізінде қалануын қамтамасыз етуге бағытталған және Ұлыбритания ғалымдарынан құрылған Бағалауды реформалау тобы бағалау оқуға жағымды да, жағымсыз да ықпал ете алатындығын мойындай отырып, оқуға игі әсер ететін бағалаудың сипаттамаларын қорытатын жеті қағида ұсынады.Соның бесінші, алтыншы, жетінші қағидаттарында • балаларды өздерінің алдағы қадамдары мен оларды қалай қолдану қажеттігін анықтауға көмектесетін кері байланыспен қамтамасыз етеді; • ол әрбір оқушының өз оқуын жақсарта алатынына сенімін нығайтады; • ол оқушылардың да, мұғалімнің де бағалау деректеріне шолу жасап, олар туралы рефлексиялауын көздейді деген(Броудфут және басқалар, 1999, 7-б).Осы жерде бағалаудың негізгі қағидаттарын айтпай кетуге болмайтын сияқты, оқуда оқушыларға кері байланыс дәл және сенімді ақпаратты ұсыну керек, сонда ғана шынайы, анық бағалауға қол жеткіземіз.Сабақ барысында тиімді тапсырмаларды беру, стратегияларды дұрыс таңдау, жүйелі жоспарлау, балалардың қажеттілігіне сай ұсыну өте маңызды, себебі қызықты тапсырмалар , тәжірибелер, оқушылардың оқу үдерісіне қызығушылығы мен жауапкершілігі арқылы ашықтықты қалыптастырады әрі ынталандырады.Оқуда оқушының жетістігін дер кезінде және жүйелі қадағалап отыру бағалаудың, кері байланыстың үздіксіз жүзеге асатынын білдіреді.

Сындарлы кері байланыс ұсынылуда сұрақ қоюдың орны ерекше.Орыс психологы В.М. Снетков «Жақсы сұрақ – кең ауқымды ойланып, барлық мүмкін жауаптарын іздестіруге бағыттайтын ойландыратын сұрақ» деген тұжырым жасайды және сұрақтардың төмендегідей қызметтерін атап көрсетеді: - сұрақ арқылы жаңа ақпарат алуға болады; - сұрақты дұрыс қою арқылы білгендерін нақтылай түсуге болады; - сұрақ қою арқылы талқылау бағытын өзгертуге болады; - сұрақ арқылы өзінің көзқарасын білдіруге болады; - дұрыс қойылған сұрақ жауабын табуға бастама болады. Мұғалімдер оқушылардың танымдық ойлау деңгейлерін олардың сұрақ қою қабілеттерінен де байқайды. Сабақта оқушылардың тақырыпқа қатысты жақсы сұрақтар қоя білуі олардың сыни ойлай білгенін көрсетеді. Сабақта оқушылардың сыни ойлауын дамыту олардың ашық сұрақ қоя білуі, ақпаратты терең талдау жасай алуы, өз ой-пікірін жәй айтып қана қоймай, оны дәлелдеп, сыныптастарының көзқарасын өзгертуге деген әрекеттері екенін де ескеру керек.

Қазіргі елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты онлай сабақтар мен қашықтықтан оқыту сабақтарын қашықтықтан бақыладым, онда мұғалімдердің көпшілігі сабақ соңында «Сабақ қалай болды»? – сабақ «жақсы» болды, «Сабақ ұнады ма?» – «ия ұнады», «Несімен ұнады?-дегенге «видео көрсеткеніңіз, таблица бергеніңіз ұнады» деген кері байланысты қабылдады. Ал сол күнгі оқу мақсатына жеткен, жетпегенін, оқушы үшін не маңыздырақ болғанын сұраған да жоқ. Қалыптастырушы бағалау стратегиялары мен кері байланысты формалды түрде қолдану әлі де болса орын алуы қынжылтады. Барлық оқушылардың қатысып отырғанына көз жеткізу үшін сұрақ қою тəсілі сабақтың бағытына жəне қарқынына сəйкес келетін жолдармен жүзеге асырылуы тиіс, шебер ойластырылған, өңделген жəне мақсатқа бағдарланған ашық жəне жабық сұрақтарды қолдана отырып, қабілеті жағынан əртүрлі оқушылардың пікірталасқа қатысып отырғанына көз жеткізуге болады; түсініктеме беруін сұрап; оқушылардың жауап берудің алдында ойлануына уақыт беру керек; оқушылардың жауаптарын мұқият тыңдап, олардың білімін дамыту үшін сындарлы əрекет ету; оқушыларға қозғау салып, ойлануына түрткі болу қажет деп ойлаймын. Ал сабақ соңында міндетті түрде оқу мақсатына сәкес келетін сұрақтар қою маңызды, сол арқылы бүгінгі сабағыңызда оқушылардың алған білімін өлшеуге болады, яғни сыни ойлауын жақсартатын ашық сұрақтар сындарлы кері байланысты тудыратынын ұмытпайық.

Қорыта келе сындарлы кері байланыс ұсыну оқушылардың дұрыс жауап беру мен дұрыс бағыт алуына, кемшіліктері мен жетістіктерін анықтауға, сонымен қатар қателерін түзету әрекеттерін іске қосады.

Источник: https://okg.kz/post?id=21296&slug=syndarly-keri-bailanys-usyna-alasyz-ba

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.«Қазақ тілі» жəне «Қазақ əдебиеті» пəндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015жыл.

2.Негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық. Оқу-әдістемелік құрал. Астана 2017жыл.

3.Когда обратная связь является преимущественно негативной, исследования показали, что она может препятствовать усилиям и достижениям учащихся (Hattie & Timperley, 2007, Dinham)

4.Wiliam D. (2011b). Embedded formative assessment [Қалыптастырушы бағалауды енгізу]. Bloomington, IN: Solution Tree.



Возврат к списку