Центр педагогического мастерства

Важная информация по входу на портал

Регистрация
Забыли свой пароль?

XYZ ұрпақтары туралы

XYZ  ұрпақтарының теориясы
Бүгінде кез келген қызметте XYZ әріптерінің қолданысымен кездесеміз. Бұл ұғым әсіресе қызметкерлерді жұмысқа қабылдауда көбінен қолданылады.
XYZ теориясындағы құндылықтар айырмашылығы жайлы алғаш рет 1991 жылы американдық ғалымдар Нейв Хоув пен Уильям Штраус әңгіме қозғаған.  Кейінірек бұл теория бизнесте, атап айтқанда қызметкерлерді жұмысқа қабылдағанда тиімді түрде қолданыла бастады.
Бизнесті ұйымдастыруда төрт ұрпақ ерекшеліктері қарастырылады: бэби-бумерлер және X, Y, Z ұрпақтары.
Олардың ерекшеліктеріне тоқталайық.
Бэби-бумерлер ұрпағына ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі туудың күрт өсуі кезеңінде туғандар жатады (шартты түрде 1943-63 жылдар аралығында дүниеге келген балалар).
Бұлар өзін-өзі дамытуға бейімді болып, бірлесе жұмыс жасай біледі және командалық ойындарға қызыға қатысады. Әрине, бүгінде бұл адамдардың басым бөлігі зейнетте. Бірақ олардың біраз бөлігі спортпен шұғылдану және дұрыс тамақтанудың арқасында әлі де жақсы физикалық деңгейде. Оларға өткен жылдарға деген позитивтік көзқарас тән: олар өткендерін жиі есіне алып, бұгінгі жастарды өз деңгейлерінен төмен тұр деп есептейді, оларды баяу есейеді деп айыптайды. Есесіне жастар оларды «бүгінгі заманды түсінбейтіндер» қатарына жатқызады.
Олардың ерекшеліктеріне мықты денсаулық, шыдамдылық және қандай да болмасын қиындықтардан қорықпау жатады.
  Х ұрпағы - 1963-1983 аралығында туғандар.
Бұл ұрпаққа ерекше ықпал жасаған оқиғалар мен түсініктер:
- Ауған соғысы,
- Ирактағы соғыс,
- компьютерлер заманының басталуы,
- Бірінші шешен соғысы,
- билікті жақтырмау, басшыларға деген сенімсіздік,
- саясатқа деген енжарлық,
- некеде ажырасу санының өсуі,
- өндірісте әйелдер санының өсуі,
- халық саны өсуінің тоқтауы,
- жүктіліктен сақтандыру құралдарының қолжетімді болуы,
- білім беру жүйесін қаржыландырудың қысқартылуы,
- қоршаған орта мен экология проблемалары,
- интернеттің құрылуы,
- «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуы.
Мұндай адамдар өз күшіне ғана сеніп, өздіндік пікір қалыптастыруға бейім, олар әлемдегі оқиғалардан хабардар болып, өзгеруге дайын болады. Олар саясат мәселелерімен айналысуға салқындау, өйткені жалғыз әрекеттенуге болуға бейім. Олардың қызметтік баспалдақтармен көтерілуі ұзаққа созылады, алайда олар кезінде таңдаған бағыттары бойынша ғана әрекеттеніп, басқаға мойынсұнбайды.
Y ұрпағы – 1983-2003 аралығында туғандар.
Бұл ұрпаққа ықпал жасаған оқиғалар: КСРО-ның ыдырауы, қайта құру, терроризм, 90-шы жылдардағы әлеуметтік және экономикалық дағдарыс, халықаралық қаржылық дағдарыс, жұмыссыздық пен тұрғын үйлердің күрт қымбаттауы, поп-мәдениет, теледидар, интернет пен ұялы байланыстың дамуы, әлеуметтік желілер мен компьютерлік технологиялардың видео-ойындардың дамуы, т.б.
Сол себепті де бұл ұрпақ цифралық технологияларды жетік меңгерген. Сондықтан да оларды кейде «бас бармақ ұрпағы» деп те атайды (SMS хаттарын жалғыз саусақпен жазу дағдыларына сәйкес). Алайда оларды өздерін ересектер қатарына тез қосқысы келмейтін, жас болып қала бергісі келетін, ересектерге тән жауапкершілікті мойындарына жүктегісі келмейтін ұмтылыс та ерекшелейді (инфантилизм). Олар интернетте бейтаныс адамдармен қарым-қатынасты тез орната алса да, шынайы өмірде адамдармен тіл табуға қиналады.
Олардың таңдаған бағыты – қызметтік баспалдақ бойынша дереу, дәл қазір өсу, бұған қоса олар өздерін біреулер жоғарылатады деп күткісі келмейді. Бұл ұмтылыс олардың негізгі кемшілігі де. Қызметте олар қатып қалған иерархияны жақтырмайды, демек олар өздеріне үстемдік жүргізгенді де ұнатпайды. Жұмыстың икемді тәртібі мен ыңғайлы кестелерін ұнатады.
Олар бір уақытта бірнеше салада білімді болып, бірнеше кәсіпті меңгергісі келеді, жұмыста қомақты нәтиже мен табыстарға жеткісі келеді.   Олар - бүгінгі бизнестің басты үміті, өйткені оларға техникалық сауаттылық пен еңбекқорлық тән. Жақын болашақта дәп осы ұрпақ әлем негізін құрайды.
Z ұрпағына 2003 жылдан кейін туғандар жатады. Бұлар – Х пен Ү-терден туған балалар. Оларды центениалдар деп те атайды (ағылшынша centennial — «жүзжылдық»),
Бұларды толығымен цифралық әлем балалары деп атауға да тұрарлық. Негізінен олар бүгінде мектепте оқып жүр.
Оларды кәсіби тұрғыдан бағалауға әлі де ертерек, өйткені олар тым жас. Сол себепті де олардың санасында қандай құндылықтардың орын алатынын да дөп айту мүмкін де емес. Тек бірнеше жыл өте ғана олардың қандай маман екендіктері туралы нақты пікір қалыптастыруға болатын шығар, дегенмен де мұнда ғалымдар мен психологтердің кейбір топшылауларын келтіріп кеткеніміз де дұрыс болар.
Оларды қазірден-ақ иерархияны жақтырмайтын, ешкімнен имене қоймайтын тегеурінді, өзін өте жоғары қоятын және эгоистік пиғылдары жоғары деп сипаттауға болады. Сол себепті де оларды кейде «Мен-Мен-Мен» ұрпағы деп те атайды.
Олардың кемшіліктеріне мамандар «экранға деген тәуелділікті» жатқызады. Сонымен бірге бұл ұрпаққа адамзатты ұшпаққа шығарушы және өткен заманның қателерін түзетуші деген үмыт те артылады.
Олардың ерекшеліктері:
- кез келген ақпаратпен жұмыс жасай біледі,
- шығармашыл, ғаламтордың құлағында ойнайтын болашақ кәсіпкерлер,
- тез дамиды, өзін-өзі дамытуға тұрақты түрде ұмтылады,
- беделдерді мойындамайды,
- бір уақытта бірнеше іспен айналыса алады (бір мезгілде SMS жазып, музыка тыңдап, компьютерлік ойын ойнап, сабақтарын оқып дегендей),
- «клиптік» және «кликтік» («батырмалық») сана,
- ата-аналарының шексіз қамқорлығынан туындаған инфантилизм (балалықтан арыла алмау) және тұрмыстағы дәрменсіздік (үй-жайда қарапайым әрекеттерді жасай алмауы),
- олар алысты болжап, ауқымды мақсаттар қоюдың қажеті жоқ, тек бүгінгі күнмен өмір сүру керек деп ойлайды,
- ақпаратты нашар жаттайды («ақпаратты интернеттен көре салуға болады» деген ұғым басым),
- өзінің бірегейлігіне деген жоғарғы сенімде болады,
- жұмысқа тұрарда жоғары жалақыны талап етеді,
- жұмыс ұнамаса, қызметтен оңай кете салады.
Психологиялық ерекшеліктері
- дарындылық пен қажетті ақпараттың байыбына тез үңіле білу,
- сын айтқанды қабылдамайды,
- бірбеткейлік (ешкімді тыңдағысы да, бағынғысы да келмейді),
- адамның қандай екендігін 5 секунд ішінде айқындап (мысалы, мұғалімнің), әрі қарай онымен қарым-қатынасты қалай жүргізу керектігін бір демде шешеді,
- жылдам нәтижеге жетуге және көңіл көтеріп, демалуға ұмтылады,
- әзілді жақсы көреді.
Психолог пен ата-аналардың мазасын тудыратын қасиеттері:
- назарды шоғырландыра алмау мен гиперактивтілік,
- бір орында отыра алмау мен шыдамсыздық,
- өмірде туындаған қиындықтарды жеңуде табандылық танытпайды,
- ауыр еңбекке зауқы жоқ,
- интроверттілік (өзінің ішкі әлеміне шоғырлану),
- қызбалыққа салыну.
Қажеттіліктері. Қарым-қатынасты үйден шықпай жасағанды ұнатады, бетпе-бет кездеспей-ақ әңгімелескенді таңдайды. Олар үшін жеке басының қауіпсіздігі бірінші орында. Олар бар жаңалықтан хабардар болып, жоғарытехнологиялық жаңалықтарды көзден таса қылдырмауды және де өздері де соларды құрастыруға қатысуға мүдделі.
Құндылықтары. Бұл ұрпақтың балалары – индивидуалистер, олардың эгоцентризмі де қатты дамыған. Сондықтан да олар үшін отбасылық құндылықтар бірінші орында болмай, өздерін қоғамда жүзеге асыруды қанағаттандыратын құндылықтардан кейінгі орындарда қалады, бірақ ата-аналарымен тең дәрежелі серіктес ретінде қарым-қатынас құруға ұмтылады.
Z ұрпағы мынандай құндылықтарды маңызды деп есептейді:
- Ішкі әлемнің байлығы мен оны қорғау қажеттілігі, сол себепті де олар кикілжің, дау-дамай мен қарама-қайшылықтардан қашуға тырысады.
- Басқа адамдардың жеке кеңістігіне түсіністікпен қарау.
- Өзі таңдаған салада шеберліктің жоғары деңгейіне қол жеткізу.
- Көшбасшылыққа ұмтылу.
- Комфорт пен тыныштықты маңызды деп санайды.
Мотивациялау. Жоғарытехнологиялық жаңалықтарды ашу – бұл ұрпақтың басты уәждеушісі. Бұл ұрпақты мынандай нәрселермен де мотивациялауға болады:
- тез арада жылдам әрі көзге көрінетін нақты мақсат пен міндеттерді қою,
- жұмыстың егжей-тегжейін нақты түсіндіру,
- көлемді жобаларға қатыстыру арқылы қызығушылықтарын тудыру (оларды көлемді нәрселер ғана ынталандырады),
- қарым-қатынаста бір дейгейде болу: Z ұрпағы үшін асқан беделдер жоқ,
- қашықтықтан жұмыс жасауды ұнатады,
- бұл ұрпақ үшін мүмкін шектеу біреу ғана: жұмыс мерзімін қатал түрде нақтылау,
- жұмыс сәтті аяқталған жағдайда ынталандыру мен шағын сыйлықтар беру.
Z ұрпағына жататындарды қалай оқыту керек?
Қазіргі оқытудың идеялары мен құралдары Z ұрпағы үшін жарамсыз деп есептейді көп педагогтер. Бұл балалар білімді мұғалімнен оқушыға тіке тасымалдауды, ережелер мен өлеңдерді жаттап, оларды айтып беруді қабылдамайды. Мұғалімдердің өздері де бұл ұрпақ үшін аса бедел емес. Сондықтан да оларды оқытып, үйрету үшін мынау секілді айла-құралдарды қолдану қажет шығар деп есептейді кейбір ғалымдар:
- олар информатика мен интернет-технологияларды мұғалімдерден де жақсы біледі («қолдарына түйме бітіп туғандар»),
-  сыныпты заманауи гаджеттермен қамтамасыздандыру,
- оқулықтардың орнына электрондық кітаптар мен құралдар,
- олар ақпаратты тек 8 секунд бойы ғана назар аударады, сондықтан да - оларға сөйлегеннің орнына көрсетіп, ақпаратты бөлшектеп берген жөн, бұған қоса олар ақпаратта бірден есте сақталатындай бір ерекшеліктің (зәкір, фишка) болуын қалайды,
- әр оқушыға өзіндік тәсілдеме табу қажет,
- олармен әлеуметтік желілерде қарым-қатынас орнатып, хабарласқан жөн,
- оқушылар арасында мотивация және бәсекелестік тудыру керек,
- күрделі тақырыптарды бейнелі түрде сөздері аз таныстырылым түрінде ұсыну,
- тест тапсырмаларының бір бөлігі компьютер ойыны түрінде (квест) болуы керек,
- белсенді әрекеттерге баулу қажет (ойындар, хат алмасу, талқылау мен пікірталастар),
- мектепке қандай да бір салада жетістіктерге жеткен адамдарды тарту,
- ақпаратты көрнекі, визуалды түрде берген дұрыс,
- балалар мақсаттарды дұрыс қойып, оларға қол жетуге үйренуі үшін коучингті пән ретінде енгізу,
- олармен қарапайым бейресми тілде (кітап тілінде емес) сөйлескен дұрыс, бірақ жастардың жаргонына да өтіп кетуге болмайды,
- команданы нығайту және бірлесе шешім қабылдауға бағытталған сабақтар өткізу.
 

VUCA әлемі туралы

VUCA әлемі – бүгінгі және ертеңгі күніміз
Корнавирус індеті пандемия болып бүкіл әлемге таралып, бірнеше миллион адам осы қатерлі дертке шалдығып, жүздеген мың адам қаза тауып, барлық дерлік елдер карантинге жабылып, қарым-қатынас пен жұмыс жасауды доғарып, өздерінің экономиялық ахуалын едәуір нашарлатып алатындығын осыдан жарты жыл бұрын кім болжаған екен? Бұл індет қашан тоқтатылады? Оған қарсы вакцина табыла ма? Оның салдары қандай болмақ? Әлем экономикасы қайтадан өрлей ме? Мұның бәрі де бір Жаратушыға аян.
Бірақ бұл сұрақтарға да бір де бір адам тіпті 50% дәлдікпен жауап бере алмас. Ертең не болатынын бір де бір адам айта алмайды. Өйткені біз бүгін белгісіздік пен тұрақсыздық жайлаған заманда өмір сүрудеміз. Бұл дәуірді VUCA әлемі («Вука» деп оқылады) деп атайды. Ол кешегі SPOD әлемінің орнына келді.
SPOD әлемінің де атауы аббревиатура:  
Steady – тұрақты,
Predictable – болжауға тұрарлық,
Ordinary – қарапайым,
Definite – анық, нақты.
Осы тұрақты әрі қарапайым әлемде барлық қабылданған өмір сүру стратегияларын әуелден-ақ болжауға болатындай еді. Мемлекеттер мен мекемелер, адамдар мен ұжымдар алдын-ала тізімі белгілі даму стратегияларының ішінен өздеріне ең қолайлы және дұрыс дегендерін таңдап, соларды жүзеге асыратын-ды. Бұл стратегиялардың әкелетін нәтижелері де әу бастан анық еді.
SPOD әлеміндегі адамдардың басым көпшілігі комфорт аймағында өмір сүріп жатты. Өйткені адамға жанға жайлы, үйреншікті, ішкі дәстүрге мол, тыныштық пен рахатқа мол өмір жақын. Мұндай өмір тіпті арман болып көрінеді көп адамға. Ондайлар жаңалық пен өзгерістерді ұнатпайды. Алайда кейбір ғалымдар (мысалы, американдық психолог әрі педагог Джером Брунер) өмірдің нақты және айқын болғанын жақтыратындарда ойлау стереотипі басым болып (яғни, олар бірсарынды ғана ойланады), билікті әсіре дәріптеп, адамдарды тереңінен түсінбей, олардың әрекеттерін де талдай алмайды деп есептейді. Бұған қоса мұндай адамдардың жеке өмірінде де проблемалар баршылық болады екен.
Енді осы қарапайым, тұрақты, болжауға келетін, оң мен солы айқын, жанға жайлы, комфортқа негізделінген SPOD әлемі құрдымға кетіп, оның орнын белгісіздік пен тұрақсыздық жайлаған күрделі VUCA әлемі басып алды.
Американдық психологтардың ойдан құрастырған VUCA аббревиатурасының мәнісі мынандай:
Volatility (өзгермелі, тұрақсыз, ауыспалы, аумалы-төкпелі, қалт-құлт еткен) –жағдаяттар тез және ойламағандай өзгеріп, оларға қарап болашақта не болатындығы мен қажетті әрекеттерді болжау мен жоспарлау мүмкін болмай қалады. Оларға тек бейімделу керек. Мұндай өзгерістердің бір ғана тұрақты сипаты бар: олар тұрақты түрде болып тұрады.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Белгісіз, оны ешкім де білмейді. Сондықтан да ұйым басшылары жауапкершілікті өз мойнына жүктеп, әрі қарай қай бағытта және қалай өзгеру мен даму керектігін өздері шешеді.
Uncertainty (белгісіздік) – бұл бәрін де бұзып тастайтын өзгерістердің болатын орны. Мұнда өткеннің бәрі де болашақ туралы болжам жасау мүмкіндігін бермейді, сондықтан да келер шақты айқындау өте қиынға соғады. Бұл жерде ақпарат та, нәтиже де бұлыңғыр, неғайбыл. Сондықтан да не істеу керектігі туралы сұрақтың жауабы да ешкімге белгілі емес.
Complexity (күрделі) – өзгермелі тұрақсыз әрі белгісіз өлшемдердің көптігі: түсінуге қиын көптеген факт, себептер мен жәйттердің бірігіп, проблема мен қиыншылыққа айналуы. Олардың қандай болатындығы және салдары да беймәлім. Не жасау керектігі туралы шешімді де қабылдау оңай емес.
Ambiguity (екіұшты, айқын емес, бір жауабы жоқ, беймәлім) – болып жатқан оқиғалар мен жағдаяттардың не білдіретіндігі түсініксіз: «кім, не қашан және неліктен» деген сұрақтарға жауап іздеу қиынға соғатын жер. Тез арада жағымды нәтиже беретін құралдарды басшы мен ұжымның өзі таңдауы керек және де олардың нәтижелі болатындығына ешкім де кепілдік бере алмайды. Мұндайда «шешім - әрекет – қателесу – шешім» стратегиясы жүзеге асырылады.
Алдымен американдықтар 1987 жылы VUCA ұғымын әскери күштерге қатысты қолдана бастады. Жаңа жаңдайда армиялардың қозғалу жылдамдықтарын өлшеу бүгін оңай емес. Мұндағы қиындық - әскери бірліктердің көптігі, оларды жылдам және тиімді түрде басқару қажеттілігі. Ал белгісіздік – болжау мүмкіншілігі мен майдан шебіндегі оқиғалардың өрбуіне ықпал жасау мүмкіншіліктерінің тапшылығы. Екіұштылық – болып жатқан оқиғаларды бұрмалап, бұрыс шешім қабылдауға әкелуі мүмкін қасақана жалған немесе қате жіберілген ақпаратқа (дезинформация) тап болу қаупі.
Мұның бәрін  алдымен полковник-ғалым Стефан Гаррос байқаған екен. Оған мынандай сұраққа жауап беру қажет болған: соғыс жағдайы мен майдан өтіндегі оқиғалар толассыз өзгеріп жатқанда не жасау керек? Бұл мақсатта полковник болып жатқан әрекеттерді жақсы сипаттай алатын VUCA ұғымын ұсынады
Бүгінде бұл ұғым бизнес, технологиялар саласы мен басқаруда кеңінен қолдана бастады. Әлемде жаһандану үдерістері өрбуде, сол себепті де әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеруде.
Алайда бүгінде біз негізінен сол баяғы SPOD әлемінің өлшемдері және қағидаттарымен өмір сүріп, жаңа VUCA әлеміне беймделе алмай жүрген жоқпыз ба? SPOD әлемін гольф секілді ойынмен салыстыруға тұрарлық: алаңда бей-жай, асықпайтын ойыншылар жүр, олар анда-санда ғана бір әрекет жасап қойып (оның өзіне ұзақ дайындалады: өлшейді, пішеді, ыңғайластырады), содан кейін жасыл алаңды оңды-солды бейқам түрде аралайды, келесі әрекетке дайындалады.
Ал VUCA әлемін ережелері ойын барысында өзгеріп тұратын футболға теңеуге болады: біресе қолмен допты ұстауға рұқсат етіледі, лезде ол ереже өз күшін жояды, кенет допты басқа қақпа жаққа тебу керек болады немесе командалардың құрамы кілт өзгеріп, енді бағанағы жақтастарға қарсы ойнауға тура келеді; үзілісте де дамыл жоқ: демалудың орнына екінші таймда не және қалай жасау керектігін талқылау керек, бірақ алаңға шығысымен үзілісте ойлап-пішкендердің барлығы да жарамсыз болып қалғанын түсінесің, өйткені біз енді футбол емес хоккей ойнауымыз керек болып шығады.
VUCA әлемінің пайда болу себептері қандай?
Ғалымдардың пайымдауы бойынша, VUCA әлемі ІV өнеркәсіп революциясымен байланысты болып, экономика мен ұлттық мүдделерді қамтумен қатар әр адамға да әсерін тигізеді. Біздің қандай дәуірде өмір сүріп жатқанымызды мынандай жәйттер сипаттайды:
- әлемдегі барлық ақпараттың 90% соңғы 2 жылда пайда болған,
- 2020 жылы сандық әлемнің көлемі 44 зетабайтқа (44 триллион гигабайт) жетеді,
- алайда ол ақпараттың 90%-ы өңделмеген мәліметтер,
- әлемнің дамыған елдерінде (АҚШ, Канада, Жапония, Италия, Франция, т.б.) 2007 жылдан кейін дүниеге келген балалардың орташа жасы 104 болады,  
- 1 Гб ақпаратты сақтау 1980 жылдан бері 1 миллиард есе арзандаған,
- бір адамның геномын «оқудың» (оның аминқышқылды және нуклеотидті реттілігін анықтау)құны 100 мың есе арзандаған,
- 2025 жылы әлемдік экономиканың 46%-ы сандық ортада жұмыс жасайтын болады,
- әлем тұрғындарының 75% мобильдік байланысқа қол жеткізген, алайда олардың кейбіреулері таза ауыз суға тапшы,
- бүгінде ең қажетті және жалақысы жоғары деп саналатын кемінде 10 кәсіп осыдан 10 жыл бұрын жоқ болатын (BIG DATA бойынша маман, АРР құрастырушысы, дрон операторы, т.б.).
Қазіргі болжауға келіңкіремейтін әлемде өзгерістер барлық салаларды қамтыған. Қиындықтар мен проблемалар бұрыннан бетер күрделі және көп салалы болуда. Бүгінде беделді болу үшін қадағалау мен лауазымдық билікке сүйенбей, тек ықпал жасауға негізделу керек. Ықпал жасау үшін өзгерістерді жеңіл-желпі жасамай, тереңіне батыру керек, үйреншікті жүйені бұзып, жаңа бағыт-бағдарлар ұсыну қажет.
Білім де бүгінде сенімді емес, өйткені ақпараттың өмір сүру мерзімі өте қысқа, оларды дәлелдеу үшін уақыт керек, ал уақыт өте тапшы. Сондықтан да интуиция мен ішкі жан-дүниенің сапасы секілді  жасырын білім қажет. Міне, осы сияқты жүйелі білім ғана проблемаларды түсініп, оларды шешу үшін керек болуда.
Міне, VUCA дегеніміз осындай аумалы-төкпелі, еш тұрақтылығы жоқ әлем.
ВУКA әлемінің ерекшеліктерін түсіну үшін бір сәтке өз өміріміздің бір күнін еске түсірейікші:
- жұмыста – әр басшыдан бірнеше нұсқау, бұйрық, жарлық не талап, әр сағат сайын туындаған проблемалар,
- отбасында – аяқасты пайда болған проблемалар мен сұрақтар, олар шешімді дәл қазір талап етіп тұр,
- туған-туыс пен дос-жарандар – әрқайсысы өз проблемасымен бізге жүгініп, соларды шешуге атсалысуымызды өтінеді,
- әлеуметтік желілер – жауабыңыз бен реакцияңызды күткен (репост, лайк немесе дизлайк) толассыз жаңалықтар, ақпараттар, фото мен видеолар.
Мұның барлығын есімізде сақтау үшін біз баяғыдай қойын дәптер ұстамаймыз: біздің қолымызда есте сақтау мүмкіндігі ондаған гигабайттан тұратын кішігірім компьютер бар (смартфон). Соның көмегімен біз орасан көлемді ақпаратпен жұмыс жасаймыз: жартысын өшіреміз, екінші жартысын ұмытамыз.
VUCA әлеміне сай болу үшін, оның талаптары мен сұраныстарына, тегеуріні мен екпініне төтеп беру үшін біз қандай болуымыз керек және не жасай білуіміз қажет? Бұл күрделі әлемге дайын болу үшін біз мынандай талаптарға сай болуымыз қажет дейді ғалымдар:
- ақпараттың орасан ауқымды көлемін игеруге дайын болу,
- бейімшіл, икемді, алғыр болып, шұғыл түрде шапшаң қимылдап, жылдам таңдау жасап, тез шешім қабылдай білу,
- бәрін де реакция жылдамдығы, стандартты емес шешімдер, жұмысты дұрыс ұйымдастыру шешетіндігін мойындау,
- еш өлшемдерге келмейтін стандартты емес жағдаяттарда әрекеттене білу,
- өзгерістерді икемді түрде қабылдап, оларға лезде бейімделіп, жауап беру,
- тұрақты түрде барлық іс-әрекеттер мен бағдарламаларды бүгінгі күннің талаптары мен қағидаттарына сәйкестігін қадағалап, тексеріп тұру,
- тұрақты түрде ұжымда кенеттен туындаған проблемалар мен қиындықтарды шешу тренингтерін ұйымдастырып тұру,
- пайда болған мәселелерді (проблемалар мен қиындықтарды) өздігімен шешуге үйрену және өзгелерді үйрету,
- кадрлардың тұрақсыздығына дайын болу,
- тапсырманы дәл айтылған кезде орындау дағдыларын қалыптастыру,
- жаңалық пен инновацияны ендіруге ұмтылу, ал басшыларға осындай қызметкерлерді іздестіру,
- үздіксіз күйзелістерге (стресс) дайын болу,
- үздіксіз оқу мен үйрену,
- үздіксіз жаңа дағдылар қалыптастыру,
- жаңа лауазым мен жұмыс орындарын меңгеру,
- байланыс пен қарым-қатынастың жаңа құралдарын меңгеруге дайын болу,
- дарынды қызметкерлерді іздеу және оларды маңызды лауазымдарға қою,
- уақытша жұмыс жасайтын қызметкерлерді пайдалану,
- ұрпақтардың тез алмасуына дайын болу,
- қызметкерлерге қойылатын талаптардың өзгеріп отыруына дайын болу,
- жаңа стандарт, іс-әрекет пен үдерістерді енгізіп, лауазымдық нұсқаулықтарды жиі жаңартып отыру.
Жаңа дәуір адамдардың жаңа түрін де талап етеді. Адамдардың тек кейбіреулері ғана жаңалықтарға жаны құштар болып, өмірін үздіксіз өгерістерге толтырады. Міне, осы секілді адамдар жаңа әлемге еш қиындықсыз табиғи түрде бейімделіп кетеді. Ғалымдардың айтуы бойынша, ВУКА әлемінде өзге адамдар мен жағдаяттарға түсінушілікпен қарайтын (толерантты) және белгісіздікке шыдамды адамдар  өзін жақсы сезінеді. Толеранттылық дегеніміз ақпарат аз болып, оқиғалардың дамуына болжау жасай алмаған, жоспарлау мен шешім қабылдауда жоғары тәуекел болған жағдайда белгісіздікке шыдамдылықпен қарау.  
Басқаша сөзбен айтқанда, ВУКА әлемінде айналадағы абыр-сабырға аспай-саспай   қарайтын, астан-кестен өзгерістерді сабырмен қабылдайтын бейқам адамдар табысты болады. Мұндай адамдарда мынандай қасиеттер баршылық:
- өте бейімшіл және икемді,
- тез шешім қабылдайды,
- проблемалық жағдаяттарды шешудің бірнеше вариантын таңдайды,
- жылдам талдай біледі,
- олардың ойлауы үйреншікті қалыпта (стандартты) емес,
- шығармашылығы жоғары,
- қиындықтар туындағанда сабыр сақтайды,
- ІQ  жоғары: кез келген мәселені шеше біледі,
- ЕQ жоғары: тұлғааралық қарым-қатынасты жақсы меңгерген, өзгелермен тез тіл табысады,
- ізденімпаз: жаңалықтың барлығын да қызыға қабылдайды,
- ішкі сезімталдығы мен интуциясына сүйенеді.  
ВУКА секілді аумалы заманның ерекшеліктеріне өзін қиын-қыстау уақытта толығымен жинай алатын, өзін ұйымдастыра білетін адамдар ғана бейімделеді деп есептейді ғалымдар. Ондайлар өмірде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді тіпті ризашылықпен қабылдайды. Белгісіздік жағдайына төтеп бере алатын адамдардың ойлау деңгейі де биік болады. Олар қозғалыс пен өзгерістердің еш толастамайтындығын мойындап, оларға қарсы шықпай, керісінше, бейімделуге ұмтылады. Ондайлар белгісізлікті қорқынышпен қабылдамайды, керісінше, оларды адамды дамытатын құралдар деп қабылдап, оларға қызығушылықпен қарайды. Олар белгісіздік өзгеше ойлауға, шығармашылық қасиеттерді дамытуға көмектеседі деп есептейді және де бұл жұмыста тек логиканы ғана қолданбай, интуицияны да іске қосады.
Олар өздерін комфорт аймағынан тез шығуға итермелеп, ылғи да жаңа жағдаят жағдайында әрекеттеніп, жаңа ақпарат пен жаңа адамдармен жұмыс жасауды ұнатады. Олар үшін проблема жоқ болса – бұл жақсылықтың нышаны емес, керісінше, проблемалардың көптігі – олар үшін қалыпты жағдай.
Мұндай адамдардың психикасы да мықты болады: олардың алаңдау деңгейі төмен, өзін-өзі бағалауы да адекватты (төмен де, жоғары да емес), олар өздерінің мықты және әлсіз жақтарын жақсы біледі. Олардың тұлға аралық сезімталдығы да жоғары: ондайлар басқа адамды жақсы түсініп, кез келген адамдармен тіл табыса алады да. Олар - өз өміріне деген жауапкершілікті тек өздеріне ғана жүктеген «ересек» ұғымындағы адамдар.
Бұған қоса белгісіздікті түсіністікпен қабылдайтындар ұжымда басқарудың лемократиялық қағидаларына жақын болады екен. Керісінше, белгісіздікке төзе алмайтындар негізінен авторитаризм мен қатал билікті жақтырады екен. Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер демократия жағдайында өмір сүрген адамдарда белгісіздікті қабылдау деңгейі жоғары болатындығын көрсеткен. Сол себепті де белгісіздікті түсіністікпен (толерантты) қабылдайтын адамдарды тұлғаның демократиялық түріне (типіне) жатқызып, ал  тұлғаның авторитарлық типіне білгісіздікке төзе алмайтындарды жатқызады екен.
Белгісіздік пен нақты емес жағдаяттарды позитивті түрде қабылдайтындар әрбір әрекетін саналы түрде атқарып, өздерін оларға толығымен жауапты деп есептейді. Демек олар өз өмірін толығымен қадағалап, жетістіктері мен сәтсіздіктерін оптимистік тұрғыдан талдай алып, болашақта өз өмірінен табыс күтеді. Оларда алаңдаушылық кемшін болғандықтан, мұндайлар жоспарлаудан әрекеттерге тез ауысып, тәуекелге де жиі ден қояды.
Вука әлемінде өзіңді-өзің комфорт аумағынан шығару – қалыпты жағдайға айналуы қажет. Өмір дегеніміз «ішкі ойын» болғандықтан, алдымен өзіңді жеңу керексің.
Бұл жаңа дәуірге қалайша төтеп беруге болады? Жаңа жағдайда не істеу керек? VUCA-ға VUCA-мен жауап беру керек деп есептейді кейбір ғалымдар.
Құрал ретіндегі екінші VUCA нені білдіреді?
Vision (көру, болжау, елестету) арқылы:
- Коммуникация – адамдар қайда және не үшін бара жатқандарын түсіну үшін оларға қозғалыс мақсатын тұрақты түрде жеткізіп отыру керек.
- Сенім – фактілер және дәлелдермен айғақталған өзіңе және өзгелерге деген сенімді нығайту керек.
- Фокус – команданың барлық әрекеттерін қажетті салаларға ғана шоғырландыру керек.
Understanding (түсінік) арқылы:
- Қызығушылық – «күнделікті өзгерістер - өмір салты» деген тұжырым бойынша сұрақтар қою (коучинг).
- Эмпатия – адамдардың қандай үміттері бар екендігін, олардың не күтетінін, неден қорқып, нені қалайтынын, олар қандай күй-жай кешіп жатқандығын  түсіну.
- Ашық ойлау – жаңа идеялар мен мүмкіндіктерді тұрақты түрде зерттеу және жариялау, конструктивті сынды тудыру.
Clarity (айқындылық):
- Жеңілдету – негізгі ойға үңілу үшін барлық артық нәрселерден арылу.
- Интуиция – өз біліміңді көп ойланбай қолдану, интуиция мен тәжірибеңді сеніммен қабылдау.
- Жүйелік ойлау – проблеманы жаһандық тұрғыдан қарастыру (өзгерістер жүйесі, өзара әрекеттесу жүйесі мен бір-біріне тәуелді бөлшектер жүйесі тұрғысынан).
Agility (ептілік):
- Шешім қабылдау – өзгерістерге шапшаң бейімделу және шешімдерді қорықпай қабылдау.
- «Инновациялар немесе өлім» – қателесу арқылы үйрену және жасап жатқан әрекеттерді жақсартатын жаңа жолдарды табу.
- Мүмкіндік беру, өкілеттіліктерді ұсыну – тігінінен жасалған иерархиядан гөрі ғаламтордағы байланыстар маңызды, қадағалаудан гөрі өзара әрекеттесу артық, сондықтан да жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін еркін түрде шығармашылықпен жұмыс жасау мүмкіндігін қалыптастырыңыз.
Міне, осылайша ВУКА әлемінде табысты болып, көшбасшы ретінде қалғың келсе, онда осы секілді құзіреттіліктеріңді дамыту қажет. «Бәрі де тез өзгеруде. Ұйымдардың басым бөлігі ұтқыр әрі икемді бола бастағаннан гөрі әлем тезірек тұрақсызданып барады» (Гэри Хэмел).

VUCA әлеміндегі көшбасшылық
С.Кови, Б.Витман және Б. Ингландтың пайымдаулары бойынша, VUCA секілді тұрақсыздық пен белгісіздік жағдайында кез келген ұйым мынандай 4 қауіпке душар болады:
- орындаушылық тәртіптің жоғалуы,
- сенімнің әлсіреуі,
- шоғырланудың кемуі,
- қорқыныштың ұлғайуы.
Орындаушылық тәртіптің жоғалуы ұжымда командалық стратегияның бар болуына қарамастан қызметкерлердің жауапкершілігінің әлсіреуінен көруге болады.
Белгісіздік жағдайында «басшы – қызметкер», «мекеме – клиент» арасындағы сенім әлсірейді. Нәтижесінде шешім қабылдау жылдамдығы саябырсып, іскерлік белсенділік те баяулай түседі.
ВУКА дәуірінде әр қызметкердің жұмысы еселей көбейеді. Бұл жәйт қызметкерлердің бір мезгілде бірнеше жұмыспен айналысуына әкеліп, назардың шоғырлануының кемуіне жол ашады. Әрине, екі жұмыспен айналысқан адамның өз ісіне деген шоғырлануының әлсірейтіні анық. Бұл өз кезегінде жұмыс тиімділігінің төмендеуіне бастайды.  
Белгісіздік жағдайында, күні ертең не болатындығы беймәлім уақытта адамдар өз жұмысынан айрылып қалып, соның салдарынан өз өмірінің деңгейін төмендетіп алудан  қорқады. Бұл жәйт те жұмыс тиімділігі мен өнімділігін азайтады.
Сондықтан да VUCA жағдайында көшбасшыларды бағалайтын және дамытатын құралдарды өзгерту қажет.
Көшбасшы деген кім, ал көшбасшылық деген не?
Ричард Строцци-Хеклер көшбасшылықтың екі түрін көрсетеді:
- көшбасшылық қоғамдағы рөл ретінде,
- көшбасшылық өмір салты ретінде.
Рөл ретіндегі көшбасшылық адамдарды басқаруды меңзейді, ал екінші мағынадағы көшбасшылық өз өміріңді басқаруды білдіреді. Бүгінгі күні көшбасшылықтың осы екі түрінің бірігіп, тұтастай жүзеге асырыла бастағанын байқауға болады: көшбасшы нәтижеге жетуді ғана мақсат тұтпай, сонымен бірге бұл жұмысты өзінің өмірлік ұстанымдары мен қағидаларына сәйкес атқарғысы келеді.
Әлем қазір бұрынғы тек нәтижеге бағытталған дәстүрлі парадигмадан (Никколо Макиавеллидің «мақсатқа кез келген құралдармен жетсең болғаны» деген максимасын есімізге алайық) гуманистік парадигмаға ауысуда (Иммануил Кант «Адам ешқашан құрал болмай, тек мақсат болуы керек»). Демек, бүгінде көшбасшылар адам және оның әлеуетін негізгі мақсатқа айналдырып, бұл тұрғыда жауапкершілік, руханият пен иман идеяларын ұстанып, таңдау мен шешім қабылдаудың қандай салдары болатындығын жақсы түсінетін болуы керек.
Көшбасшының не жасағандығы маңызды болумен қатар оның таңдаған мақсаты, құралдары мен әдістері де мағыналы болады. Әлем көшбасшыны бағалауда нарықтық ұғымдардан этикалық қағидаларға көшуде.
VUCA әлемінде көшбасшылар ақпарат көзіне айналып, әлеуметтік тұрғыдан белсенді болғандықтан олардың айтқаны мен шешімдері демде шар-тарапқа жайылып, қоғамда түрлі пікір туғызады. Бүгінде көшбасшы өзгерістерге дайын ғана болмай, сонымен бірге адамдарды ынталандырушы мен шабыттандырушыға айналуы керек. Осыған сәйкес көшбасшыларға қойылатын талаптар да күшейіп, ел олардан көп нәрсені күтеді.
VUCA әлемінде көшбасшылар үшін ең маңыздысы да, күрделісі де – таңдау жасап, шешім қабылдау деп ұйғарған дұрыс. Ұжым не кәсіпорын жұмысын жаңаша ұйымдастыру үшін оның құрамдас бөліктерін қалайша ықшамдауға болады? Мұндайда қандай шешім қабылдау керек? Қызметкерлердің ұтқырлығы, икемділігі мен бейімділігін арттырудың қандай жолдарын таңдау қажет? Жұмыс нәтижелерін қалайша жақсартуға болады?
Осы секілді сұрақтарға жауап беру үшін көшбасшы мәселелерге кең ауқымды, жүйелі тұрғыдан қарауы керек. Егерде қызметкерлер тек өз жұмысы мен міндеттері ауқымында ғана ойланатын болса, көшбасшы ұжымның не жұмыстың барлық жақтарын қамтиды.
Көшбасшының тиімділігі оның бұрын-соңды болжанбаған да, болмаған да, аяқ асты туындаған проблемаларға қалайша жауап қататындығынан көрінеді. Ол өткен тәжірибелердің жаңа мәселелерді шешуде тіпті де қажетсіз болатындығын жақсы біледі, сондықтан да жаңа құрал мен әдіс, жаңа шешім қабылдауға әзір. Сол себепті де тиімді басшы тұрақсыздық жағдайында әрекеттеніп, эксперименттер қойып, жаңа нәрселерге үйренуге тырысады. Элеонора Рузвельт «Күніне өзіңізді қорқытатын бір іс жасаңыз» деп айтқандай, ВУКА әлемінде толассыз түрде тәжірибе жинақтай беру қажет.
Көшбасшының екінші қасиеті – оның үйрене білу деңгейі. Үйрену дегеніміз саналылыққа негізделінген әрекет деп түсінгеніміз қажет. Өздігімен үйрену – әр көшбасшының міндеті. Көшбасшы тез үйрене біліп, жаңа ақпараттарды жылдам игеріп, жаңа білімі мен дағдыларын туындаған жағдаяттарда қолдануға ұмтылады. Оның жаңалыққа жаны құмар. Ол тыңдай және бақылай біледі, көрермен емес - кейіпкер болып, оқиғаларға қатысқанды жақсы көреді, бейтаныс проблемалармен айналысып, үйренгендерін жаңа идеялар мен құралдарға, жаңа қарым-қатынастар мен айла-әдістерге, гипотеза мен эксперименттерге айналдырып, ылғи да жаңалық іздестіру бағытында болады. Ол үнемі жұмысты жақсарту жолдарын ойластырып, жаңа мүмкіндіктерді қарастырып жүреді. Адамдармен қарым-қатынасты үйренудің тиімді құралы деп қарастырады, сол себепті де ол жаңа адамдармен тілдесу мен қауышуды, олардың ой-пікірлерін тыңдауды ұнатады.
Үшіншіден, көшбасшылар психологиялық тұрғыдан мықты болуы керек:
- өзінің және өзге де адамдардың ішкі әлеміне мұқият қарайды,
- күйзеліске (стресс) бой алдырмайды,
- комфорт аймағынан шығу жолдарын іздестіру үстінде болады,
- рефлексияшыл болады: өзінің барлық әрекеттеріне талдау жасап, тиісті бағасын беруге әуес,
- басқару мен қарым-қатынаста коучингілік әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады,
- белгісіздік жағдайында болжауға келмейтін мәселелермен айналысады,
- жаңалықтарға тез бейімделеді,
- кикілжіңдерді (конфликт) болдырмау мен бітімгершіліктің амалдарын меңгерген,
- келіссөздерді жүргізу тәжірибесі мол,
- өз ойлары, әрекеттері мен гипотезаларына ылғи да кері байланыс сұрайды,
- тәуекелшіл – ылғи да жаңа кеңістіктерге жол салудан тайынбайды, нәтижесі неғайбыл әрекеттермен шұғылдануды ұнатады, жаңа тақырыптар мен мүмкіндіктерді зерттеуге құштар,
- сәтсіздіктерді жұмыстың қажетті бөлігі деп қабылдап, қателерден үйрену керектігін жақсы түсінеді.  
Төртіншіден, көшбасшылардың ВУКА жағдайында жұмыс жасау тәжірибесі бай болуы керек. Сол себепті де оларға мұндай мүмкіндікті молынан беріп тұрған дұрыс: оларды түрлі сынақтарға қатыстырып, рөлдерін, жұмыс орны мен жағдаяттарды өзгертіп, лауазымдық тұрғыдан көтеріп, басқа командалармен бірлесе жұмыс жасатып, жаңа командалар құруды тапсыру арқылы өз мүмкіндіктері мен әлеуетін сынатып та, шыңдатып та тұру қажет.
Бұған қоса көшбасшыларға эксперименттерді көптеп жүргізу мүмкіндігін берген орынды. Осы арқылы олар өздерінің ептілігі мен бейімшілдігін, реакциясы мен шапшаңдығын дамытады.
Бесіншіден, мұндай көшбасшылар жаңа әлемде адами  ресурстардың өте қажет екендігін жақсы түсінеді. Сондықтан да олар қызметкерлерді тұрақты түрде үйретіп, олардың жаңа білім, білік пен дағдыларын дамытуын жіті қадағалайды. Олар бүгінде түрлі салалар ауқымында жылдам әрі сан алуан әдістермен үйрену керектігін біледі. Қызметкерлерді үйретуде жаңа дәуір басшылары коучингтің маңызын ескеріп, қарым-қатынаста өз мүмкіншіліктеріне де, бір-біріне де сенім тудырып, өзара түсіністікке ұмтылып, екі жақтың бір-бірін жақтыру, қолдау мен позитивті тұрғыдан қабылдауына көп мән береді.
VUCA  әлеміндегі  DURT  көшбасшылар  
Американдық менеджмент ассоциациясы 2015 жылы бизнес саласындағы ең сенімді 100 көшбасшының қатарына қосқан Джон Мерц 2014 жылы 21 мамырда жариялаған «VUCA уақыты  DURT  көшбасшыларын іздейді» атты мақаласында (https://www.thindifference.com/2014/05/vuca-times-call-durt-leaders/) көшбасшылықтың жаңа дәуірдегі жаңа түсінігін келтіреді.
Джон Мерцтің ойынша, VUCA әлемі VUCA көшбасшыларын қаламайды, оларға төзбейді. Мысалы, көшбасшыдан қазір және келесіде не күтуге болfтынын білмесеңіз, ондай көшбасшымен қалай және қандай қарым-қатынас құрасыз? Немесе егерде көшбасшының жүріс-тұрысы болжау жасауға келмейтін болса, онда оның шешімдері мен жарлықтары қызметкерлер үшін маңызды болар ма екен? Қарым-қатынасты анық құралдармен жүзеге асырмаған көшбасшылардың мақсаттары мен әрекеттері де түсінікті болмас. Мұның барлығы көшбасшылық қасиеттердің көмескіленуіне апарары сөзсіз.
Сондықтан да белгісіздік пен тұрақсыздық жайлаған дәуірдің көшбасшыда дәл осындай қасиеттердің бар  болғанына көнбейтіндігі анық. Бұл дәуір көшбасшылықтың сенімді, тік және турашыл, тәуекелшіл және түсінікті стилін талап етеді.
Егер «тік не турашыл», «түсінікті», «сенімді» және «сенім тудыратын» деген сөздерді ағылшын тіліне аударып, олардың алғашқы әріптерін жинақтаса, онда DURT (direct, understandable, reliable, trust) деген аббревиатура шығады. Джон Мерц жаңа дәуірде осындай көшбасшылардың болуы керек деп есептейді.
VUCA дәуірінде көшбасшылар ауыр жұмыстан қашпауы керек: қажет болған жағдайда олар білекті түріп жіберіп, өздері-ақ қалай жұмыс жасау керектігін көрсетуі керек (мысалы, тұтынушыға өзі қызмет көрсетіп, станокта бұйым жасап немесе мектепте өзі сабақ өткізіп дегендей). Кабинеттен жүзеге асырылатын көшбасшылықтың уақыты өтіп кетті, бүгінде көшбасшы өз бизнесінің немесе ұжымының алдыңғы шебінде болып, қол астындағыларға сөзбен емес іспен үлгі көрсетіп, оларды ынталандыруы керек.
VUCA дәуіріндегі DURT көшбасшылар турашыл, түсінікті, сенімді және сенім тудыратын болуы үшін оларға мынандай идеялар көмектеседі деп жазады Джон Мерц.
Өзіңнің көшбасшылық философияңды анықтау. Белгісіздік жайлаған дәуірде көшбасшылықтың жеке идеологиясы қызметкерлерге не нәрселерге сеніп жүргеніңізді, неліктен дәл осылай әрекет жасайтындығыңызды түсіндіреді. Бұған қоса сіз бұл философияны күрделі шешім қабылдауда ориентир ретінде қолдана аласыздар. Көшбасшылықтың қандай стилін ұстанатындығыңызды білсеңіз, бұл сізге айналада түсініксіз жағдайлар болып жатқанда да тізгінді қолдан шығарып алмауға көмектеседі.
Өзіңнің түсінігіңді тіпті шым-шытырық және даулы жағдаяттарда да түсінікті етіп жеткізуге тырысу керек. Қысылтаяң уақытта қол астындағылар үшін түсінікті болып қалу керек: міндеттер мен тапсырмаларды анық құрастырып, олардың бағыттарын дұрыс көрсетіп, әр адамның жасайтын жұмысын нақтылап беру қажет. Мұндай нақтылық қызметкерлерге сенім бітіреді.  
Қол астындағылар үшін көшбасшы тірек болуы керек. Егерде жағдай екіұшты болса, онда сөз бен істің арасында алшақтықты жібермеу керек, сонда айтқан сөзіңізге берік болғаныңыз сізді жағымды тұрғыдан көрсетеді.
Кері байланыстың сенімді құралдарын құрастырыңыз. Кері байланыс сіздің келесі шешім мен әрекеттеріңіздің негізі болады, оған барлық адамдарды қатыстырыңыз: қызметкерлер, тұтынушылар, тапсырыс берушілер. Алынған ақпаратты мұқият талдап, зерттеңіз.
Қарама-қарсы пікірлерді қуаттаңыз. Түрлі көзқарас ұстанғандардан алған ақпаратты да мұқият талдаңыз: бұл сіз үшін өте пайдалы болады, өйткені әртүрлі тұрғыдан айтылған түрлі пікірлер әрекеттерді жоспарлауда көмектеседі.
Проблема шешудің стандартты емес шешімдері жаңа, соны тәсілдемелерді талап етеді, сондықтан да шығармашылықпен ойлану қажет. Ұқсатып, мөлшерлеп жасағаннан, «сияқты», «тәрізді» орындағаннан бас тарту керек.
Өзіңіз секілді ойлайтын адамдармен бірге жұмыс жасауға әуес болмаңыз. Бұл жәйт сіздің шешімдеріңіздің сапасы мен табыстылығын еш жақсарта қоймайды.
Нағыз көшбасшылар алға жүру туралы бұйрықты кесіп және асқан жігермен айтуы керек. Табыс пен сәтсіздіктерге деген көзқарасыңызды өзгертіңіз: кейде табыс бейқам көңіл-күйге бөлеп, белсенді әрекеттерден ауытқытып кетуі де ықтимал. Ал сәтсіздік инновацияларды жүзеге асыру үшін жақсы себеп болуы мүмкін.
Қызметкерлерде өзара әрекеттесу мен бір-біріне көмектесу дағдыларын тұрақты түрде жақсартыңыз. Олар қызмет орнында бір-бірімен қарым-қатынас жасауды дамыта түсуі керек. Әріптестермен бірлесе жұмыс жасау, бір-бірінің сөздеріне құлақ асу, бір-біріне көмектесу – осының барлығы ұжымға тұрақсыздық дәуірінде қиындықтарға төтеп беруге жәрдемдеседі.
Егерде қызметкерлер ылғи да көшбасшыға жүгініп, оны «әділ қазы» ретінде пайдаланса, онда бұл ұжымның бірлесе жұмыс жасау мәдениетіне өзгерістер енгізу керек дегенді білдіреді.
Аумалы-төкпелі заманда әрбір қызметкер және көшбасшылар жылдам бейімделу қабілеті мен дағдыларын қалыптастыру қажет. Бұл ұжымға күрделі кездерді басынан өткеруге көмектеседі.
Болашақта дамудың жаңа бағыттарын анықтап, кедергілермен табысты түрде жұмыс жасау үшін қызметкерлер өз білімдері мен зиятына, интуициясы мен логикасына сүйенуі керек.
Көшбасшылар өздерінің білімдерінің шектеулі екендігін мойындаудан тайсалмай, қызметкерлерден кеңес сұрауға уақыт тауып, өз жақтастарын командаларына шақырудан қашпағаны дұрыс.
Сол себепті де  Джон Мерц әрбір көшбасшы өз бойында DURT қасиеттерін дамытуы керек деп есептейді. Бұл оларға жойқын VUCA дауылында батып кетпей, керісінше, одан пайда тауып, сабақ алып, болашақ өркендеудің негізін қалауға көмектеседі. Өзгерістер дәуірі – елдің алдына шығу мен лауазым баспалдағымен жоғары өсудің ең тамаша уақыты.

Қолданылған дерек көздері:

Зерттеу сұрақтары

Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптары
(мысал түрінде келтірілген)
Екі адамды, затты (құбылысты, т.б.) салыстырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындау. Мысалы, «Сәкен мен Бейімбет», «Махамбет пен Жамбыл», «Сәтпаев пен Марғұлан»,  «Көксерек пен Құрмаш», «Есімдік пен шылау», «Статика мен динамика», «Сарымсақ пен пияз», «Алма мен өрік», «Жылқы малы: жабы мен қазанаты», «Еділбай мен меринос қойларды асырау тиімділігі», «Learning Apps және Google Forms платформаларының мүмкіншіліктері», т.б.
Бақты зиянкестерден қорғайтын 10 дәріні қолдан жасау.
Жаңғақ, дән мен тұқым қанша күнде өніп шығады.
Үй өсімдіктерін (бақшадағы көкөністерді) ашытқымен 1 ай суғарса не болады?
Қашықтықтан оқу жағдайында сынып оқушыларының (мектеп мұғалімдерінің, ата-аналарының) АКТ құзіреттіліктері қаншама жақсарып, кеңейді?
Қашықтықтан оқу жағдайында біздің сыныпта (біздің мектепте) қандай оқу/оқыту платформалары және қалай қолданылды?
Қашықтықтан оқу жағдайында оқушылармен қарым-қатынас құруда Learning Apps (немесе Google Forms, Google Classroom, MS Forms, MS Teams, Edmodo, т.б.) платформаларын қолдану.
Қашықтықтан оқу жағдайында оқушыларға тапсырма ұсынуда Whatts App мессенджерін қолдану (немесе Skype, Telegram, электрондық пошта, т.б.).
Мектепте MS Teams платформасын қолдану.
FASTSTONE CAPTURE бағдарламасын  сабақ тақырыбы бойынша 5 (10, 15) минуттық видеолекциялар дайындауда қолдану.
МРС НС көмегімен видеоны қалайша түсіруге болады?
Hyper Cam-3 платформасы арқылы видеоны қалайша түсіруге болады?
Zoom платформасының көмегімен сыныпта (мектепте) конференция ұйымдастыру.
Power Point бағдарламасының қандай мүмкіндіктерін таныстырылым жасауда қолдануға болады?
Смартфонда қалайша видео түсіруге болады?
Қайсысы тиімді (шығыны аз): бензиннің АИ-98 әлде АИ-92 маркалары ма?
Су және күріш: Масару Эмотоның экспериментін тексеру.
Санау: статистикалық көрсеткіштерді реттеу, жүйелеу және қорытындылау (сынып, мектеп, аурухана, дүкен, демографиялық, ауыл көрсеткіштері, т.б.).
Еліміздегі (әлемдегі) коронавирус дертіне шалдыққандар мен жазылып кеткендердің динамикасы.
Бір адамның өмірін (тарихи тұлға, шығарма кейіпкері, таныс адам: отбасы мүшесі, сабақ беретін мұғалім, сыныптас оқушы, көрші, ауылдас, т.б.) зерттеу.
Бір затты (жануар, жәндік, өсімдікті, т.б.) зерттеу.
Бір автокөлік маркасын зерттеу (Мерседес, Тойота, Мицубиси, т.б.).
Бір спортшыны (әншіні) зерттеу.
«Танысыңыздар: бақбақ!» (бір дәрілік шөптің қасиеттері мен қолданысын сипаттау: жусан, қазтаңлай, түймедақ, киікоты, т.б.).
Жер шарын жаяу (велосипедпен, автокөлікпен, пойызбен, ұшақпен) қанша уақытта айналып шығуға болады? (картасын сызу)
Біздің көшеден күніне қанша адам, неше автокөлік жүріп өтеді.
Біздің үйдің бір апталық (бір айлық, жарты айлық) бюджеті (рационы, лексиконы, т.б.).
Бір ғылыми тақырып бойынша глоссарий құрастыру.
Мынып оқушыларының жазғандарынан (салғандарынан, құрастырғандарынан, шығарғандарынан, т.б.) кітап  (жинақ) құрастыру.
Белгілі тақырыпқа комикс (иллюстрациялар, схемалар, диаграммалар, т.б.) жасау.
Белгілі тақырыпқа паззл жасау.
You Tube-қа шолу: осы видеохостингтен пайдалы әрі қызықты материалдарға шолу жасау. Мысалы: пластик бөтелкелерден не жасауға болады, пластик бөтелкелерден аула сыпырғышын жасау, пластик бөтелкелерден тамшылап суғаруды жасау, тамақ жасау, тауықтарға күрке, итке үйшік салу, т.б.
Қар бетіндегі іздер сыры.
Тауықтарды (басқа үй құстарын, үй қояндарын, т.б.) қалай бағу керек.
Киіз үйдің жиһазы.
Киіз үйді құру.
Аулада кірпіштен жазғы пеш салу.
Біздің бақтағы (ауладағы, көшедегі, ауылдағы, даладағы, таудағы, қырдағы) ағаштар (шөптер, бұталар, жәндіктер, құмырсқалар, т.б.).
Жердің тартылыс күші бола тұра неліктен өсімдіктер жоғары өседі?
Айранды қалай ұйытады.
Құртты (ірімшікті, қымызды, малтаны, қымыранды) қалай жасайды.
Бауырсақты (бәлішті, самсаны, әсіпті) менің анашым (әжем) қалай жасайды.
Қазды қалай айналдырады (шұжықты қалай жасайды)?
Балмұздақ жасаудың 10 рецепті.
Қамыр илеудің 5 әдісі.
Ұннан тәтті тағам жасаудың 8 рецепті.
Пицца жасаудың 5 әдісі.
Үйде қантсыз тәтті сусын жасау жолдары.
Өз қолымызбен пластиктен желім әзірлеу.
Тәттіні 1 апта жемесе, не болады?
Бір апта тұзсыз тамақ жесе не болады?
Біздің үйде ұялы телефонға қанша уақыт жұмсалады?
Менің атам (бабам, әжем, әкем, анам).
Біздің жанұя
Біздің жанұядағы мерекелер
Менің ата-тегім
Менің атамның (әжемнің) әңгімелері.
Менің атамның (әжемнің) сүйікті әндері.
Біздің бақ.
Ат әбзелдері.
You Tube-қа шолу: ат әбзелдерін қалай жасайды?
Әжемнің көрпе тігу технологиясы.
Атамнан (әжемнен) үйренген 10 пайдалы нәрсе.
Дәннен (жаңғақтан) алма (емен) өсіру.
Менің анам етті қалай пісіреді?
Менің анам етті қалай сүрлейді?
Тосап (шырын) жасаудың 10 рецепті.
Мәнті (тұшпара, орама, әсіп) даярлау (пісіру) технологиясы.
Шеберлердің ісін бақылау: қанша сағатта (күнде, айда) талдан себет (астау, үй, қора, арба, т.б.) тоқуға (жасауға, құруға) болады?
Магнитті үй тұрмысында қалайша қолдануға болады?
Біздің сыныпта жанжалдар қалай туады?
Неліктен кейбір оқушылардың сабақ оқуға деген қызығушылығы төмен?
Сабақ қызық болуы үшін мұғалімнің не жасауы керек?
Қандай тапсырмалар оқушылар үшін қызық?
Сыныптағы оқушылардың ынтымағын қалай арттыруға болады?
Солақайларға нені жасау ыңғайлы және ыңғайсыз.
Неліктен аспан көгілдір түсті?
Неліктен су мөлдір, ал теңіз көгілдір түсті?
Неліктен жапырақтар жасыл, қызыл емес?
Сүт неліктен ақ түсті?
Неліктен күндіз аспанда кейде ай көрінеді, ал жұлдыздар көрінбейді?
Неліктен аптада 7 күн, 6 не 8 емес?
Неліктен өрмекшінің аяғы сегіз, төртеу емес?
Жел қайдан пайда болады?
Неліктен пияз ашты болады?
Неліктен дәрі-дәрмектер тәтті емес?
Адамдар не үшін ұйықтайды?
Неліктен ұйықтағанда басымызға жастық қоямыз?
Неліктен мұхит пен теңіздердің суы тұзды?
Үйдің іргетасын (фундамент) қалай құяды?
Үй қабырғасын кірпіштен қалай қалайды?
Мал қорасын салудың тиімді әдісі.
Шарбақ жасаудың арзан әдістері.
Google Мар бағдарламасын ауылдың картасын сызуда қолдану.
Біздің үй мен ауланың сызбасы (чертежі).
Сутегі асқын тотығы (перекись водорода) үй өсімдіктерінің өсуін жақсартады деген рас па?
Өсімдіктерді 1 апта (ай) «Кока-коламен» (газды тәтті сулармен) суғарса, не болады?
Сарымсақты үй өсімдіктерін аурулар мен зиянкестерден сақтауда қолдану.
Ауладағы (даладағы) гүлдерден шоқ (букет) құрастырудың 10 тәсілі.
Бақбақты (иманжапырақты, жалбызды, жусанды, т.б.) күнделікті тамаққа қалай қосуға болады?
Көз жасы қайдан пайда болады?
Құймақ жасаудың (жұмыртқа қуырудың, бутерброд жасаудың) 10 тәсілі.
Көкөніс салатын жасаудың 10 тәсілі.
Салатқа қандай шөп пен көкөністерді қосуға болады?
Картопты отырғызудың голландиялық әдісі.
Қайыстан қамшы өру.
Біздің бақтағы емдік шөптер.
Асқабақты сырамен суғарса не болады?
Қағаздан (пенопластан) біздің үйдің (пәтердің, киіз үйдің, Бәйтеректің, Ақорданың, «Қазақстан» қонақ үйінің, т.б.) макетін жасау.
Өз қолымен сыйлық (немесе жұмсақ ойыншық, маска, сабын, слайм, блокнот, телефонның қабын, пенал, т.б.) жасау (құрастыру) технологиясы.
Мақтадан қағаз жасау.
Тауықтың жұмыртқасы қаншалықты мықты?
Бояуларды қосып, түстердің жаңа реңктерін жасау.
Оқушылардың лексикасы (жаргоны).
Әрине, мұндай тақырыптар тізімін жалғастыра беруге болады, жалғастыра беруге болады.

Оқушылардың зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру

Ата-аналардың назарына: әрбір бала – зерттеуші немесе балалардың зерттеу жұмыстарын қалай ұйымдастыруға болады
Педагогика және психология ғылымдарының докторы, Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің профессоры Александр Савенков «Учительская газетада» 2011 жылы 11  қаңтарда басылған «Исследовательское обучение в домашних условиях» (http://www.ug.ru/archive/38642) атты мақаласында балалардың зертеушілік дағдыларын үй жағдайында қалайша дамытуға болатындығы туралы көптеген пайдалы кеңестер мен терең ой айтқан. Мен А.Савенковтың идеялары негізінде осы мәселе туралы кейбір түсініктер мен ойларымды келтіргем келді.
Зерттеу – әр баланың сүйіп атқаратын әрекеті. Сайып келгенде, Марк Твен айтқандай, баланың қолы ешқашан бос болмайды, негізінен бала ылғи да қоршаған әлемді зерттеу барысында болады. Бала қағаз жыртса да, аспандағы бұлттарға қараса да, терезеден көшедегі машиналарды санаса да, жерді қазса да, өсімдіктің өсуін бақыласа да, ойыншықты сындырса да – ол заттар мен құбылыстарды зерттеу жұмысымен айналысуда.
Осындай зерттеу барысында туатын бала сұрақтары бізді кейде тығырыққа тіреп те қояды емес пе:
- Неліктен аспан көгілдір түсті?
- Неліктен жапырақтар жасыл, қызыл емес?
- Неліктен күндіз аспанда кейде ай көрінеді, ал жұлдыздар көрінбейді?
- Неліктен аптада 7 күн, 6 не 8 емес?
- Неліктен өрмекшінің аяғы сегіз, төртеу емес?
- Жел қайдан пайда болады?
- Сүт неліктен ақ түсті?
- Неліктен пияз ашты болады?
- Неліктен дәрі-дәрмектер тәтті емес?
- Адамдар не үшін ұйықтайды?
- Неліктен ұйықтағанда басымызға жастық қоямыз?  
Ересектердің өзін ойландыратын мұндай сұрақтарды жалғастыра беруге болады, жалғастыра беруге болады.
Психологтер зерттеуші-ғалым мен әлемді тану үстіндегі бала әрекеттерінің бір-біріне ұқсас екендігін және де олардың құрылымы да бірдей болатындығын дәлелдеген. Демек балаға ересектерден білімді дайын түрде алғаннан гөрі ғалымдар секілді білгісі келген мәселеге тереңінен ұңіліп, оны зерттеу, эксперимент пен тәжірибе жасау арқылы тану әлдеқандай тиімді.  
Бала дүниетанымының мұндай ерекшелігін ескере, оның әлемді зерттеу әрекеттеріне еш кедергі жасамау керек шығар. Егерде бала ойыншығын не басқа да бір бұйымды сындырса, саусақтарын бояуға батырып, үсті-басын да, киімін де былғаса, ағын суды аяқкиімімен кешсе, жауып тұрған жауынның астында қалса, аяғымен көшедегі батпақты езсе, есіктің алдын қазып тастаса – онда оның мұндай зерттеу жұмысына наразылық білдіріп, баланы ұрсып, жазалап не шектетуге тіпті де болмас, өйткені мұндай әрекеттер арқылы біз, ересектер, баланың өмірді зерттеу дағдыларын тежеп тастауымыз әбден ықтимал. Керісінше, баланың мұндай зерттеулер жасауын ынталандырып, баланы қолдап, оған көмек көрсеткеніміз абзал.
«Таным таңғалудан басталады» деген екен 2500 жыл бұрын Сократ. Демек, бала бұл дүниеге екі көзін айқара ашып, таңғала қарап, оны тану мақсатында әрекеттер арқылы зерттейді. Бұл әлемді тануда оның басқа мүмкіндігі де жоқ.
Балаға мұндай зерттеу әрекеттері, әрине, қуаныш әкеледі. Бәріміз де күнделікті ризашылықпен шалшық суды кешкен, батпақты илеп, одан түрлі «бұйым» жасаған, бір нәрсенің «ішкі құрылысына» үңілген, бір-бірімен жарысқан балаларды көріп жүрміз. Осы әрекеттердің барлығын да балалар асқан ыждаһатпен, қуана-қуана орындайды. Осы қуаныш баланы әлемді зерттеуге ынталандырады, ұмтылдырады.
Сол себепті де оқыту мен үйрету осындай қызығушылық пен қуанышқа негізделуі керек. Өйткені бала бәрін де қызық, бәрін де таңсық көреді, сол себепті бала қызық болғанда ғана оқып-үйренеді, ал қызық болмаған жағдайда оның оқып-үйренуі екіталай. Өз кезегінде қызық оқу мен үйрену репродуктивтік емес (қайталау), зерттеушілік сипатта болғанда пайда болады, яғни бала әр мәселенің шешіміне, әр сұрақтың жауабына өздігімен жетуі керек. Өз кезегінде зерттеуді проблемалық сұрақ туындатады деп жазады А.Савенков. Демек, баланы оқып-үйренуге қызықтырып, ынталандыру үшін, баулу үшін біз оған зерттеушілік жұмысты ұйымдастырып, оны жүзеге асыруға көмектесуіміз керек. Сонда ғана оқу мен үйрену шығармашылық қарқын алып, бұрынғы репродуктивтік мазмұннан арылады.
Әрине, мұндай идеяларды мектепте жүзеге асыру қиындау, өйткені мұғалімдердің басым көпшілігі – консерватор, олар «Менің де осылай оқытқан, одан жаман болмадық. Демек, мен де осылай оқытуым керек!» деген ұстанымда болып, өз әдістемесіне жаңа идеяларды оңайлықпен енгізбейді. Сондықтан да балалардың зерттеушілік жұмысын үйде ата-аналардың күшімен ұйымдастырған жөн. Бұл мәселе әсіресе қазіргі балалардың үйде қамалып отырған карантин жағдайында өзекті.
Үйде зерттеушілік жұмысты жүзеге асырудың артықшылығы көп: біріншіден, ата-аналардың қолын түрлі шарттылықтар (стандарт, бағдарлама, КТЖ, сабақ кестесі, ҚМЖ, т.б.) байламайды. Екіншіден, үйде асығудың қажеті жоқ, өйткені тексерушілер мен нұсқаушылар мазаңды алмайды, яғни бұл жұмысты баланың мүдделері мен қызығушылықтарын ескеріп жасауға болады емес пе?
Өмірде ең басты нәрсе – қарым-қатынас. Көп жағдайда біз мектеп пен сыныпта қарым-қатынасқа көп мән бермей, негізгі салмақты оқу мазмұнына, бағдарламаға, тәртіпке аударамыз. Алайда өміріміздің барлық көріністері де қарым-қатынасқа негізделетіндігін ұмытпау керек. Мұндайда қарым-қатынастың ең басты «Бірігу» атты мақсатын да ұмытпаған жөн. Қарым-қатынас не үшін қажет? Әрине, басымыз бен қолымызды, ниет, мүдде, күш-жігер, іс-әрекеттер, ұмтылыстарымызды ортақ арман-мақсаттар бағытында біріктіру үшін.
Сондықтан да зерттеу жұмыстарын үй ішінде ұйымдастыруды ата-аналар мен балалар арасында қалыптасқан тұрақты қарым-қатынастың жалғасы немесе бір көрінісі деп таныған дұрыс. Үйдегі зерттеу жұмысы – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың бір нысаны, формасы, яғни бұл қарым-қатынас негізінде де алпауыт фирмалардың негізгі ұраны жатуы керек: «Сенім! Сыйластық! Өзара көмек!»: балаға сену керек және оның сенімінен шыға білу керек, баланы сыйлау қажет және оның сыйластығына тұрарлықтай болу қажет, балаға көмек берцп, оның да ұсынған қолын қақпау керек.
Қоршаған әлемді зерттеу – баланың негізгі әрекеті. Сондықтан да ата-аналар балаларына бұл істе басынан аяғына дейін көмек көрсетуі керек, зерттеуді мән мен мағынаға толтырып, олардың баланың өзіне де, басқаларға да қажетті әрі пайдалы екендігін дәлелдеуі керек. Сонымен бірге ересектер бұл жұмыстың бала мен өзге адамдар үшін, қоршаған орта үшін қауіпсіз болатындығын қадағалауы қажет.
Зерттеу арқылы оқып-үйретуде баланың өздігімен әрекет жасауының 3 түрі бар, деп жазады А.Савенков. Біріншісінде ересектер белсенді: ата-анасы зерттеу тақырыбын, немен айналысу керектігін,  проблеманы шешудің әдіс-тәсілдерін өздері айқындайды да, бала тек соларды орындайды. Екіншісінде белсенділік теңдей бөлінеді: ересектер проблеманы тек айқындайды, ал бала оны өздігімен шешеді; мұнда ата-анасымен бірлесе жұмыс жасауы да ықтимал. Үшіншісінде бала белсенді: бала барлығын да (зерттеу тақырыбы мен проблемасы, шешу құралдары, т.б.) өздігімен айқындап, шешеді, ал ата-анасы оған тек қолдау көрсетіп, сұраған көмегін аямайды.
Мүмкін үйде зерттеу жұмысының бірінші түрінен бастап, әрі қарай баланың өздігімен әрекеттенуін ұлғайта берген орынды болар. Кейінірек баланың зерттеуді өздігімен жүргізетін дәрежеге жетіп, зерттеуді дағдыға айналдыруы ғажап емес.
Зерттеу жұмысы қандай кезеңдерден тұрады? Бұл мәселе туралы атақты философ Джон Дьюи былай деп пайымдаған. Ол «ойлаудың толық әрекетін» сипаттай отырып, оның 5 кезеңдерін (немесе баспалдақтарын) көрсетеді:
1. Қиындықты сезіну.
2. Қиындықты тауып, айқындау.
3. Оны шешудің мүмкін болатын идеясын ұсыну (гипотеза құрастыру).
4. Ықтимал шешімнен туындайтын қорытындыларды құрастыру (гипотеза логикалық тұрғыдан тексеру).
5. Гипотезаны қабылдап немесе оны жоққа шығаратын, я болмаса оң немесе теріс тұжырымдардан тұратын шешімдерге алып келетін бақылаулар мен эксперименттер жүргізу.
Бұл реттілік баланың зерттеу ізденістерінің алгоритмі бола алады. Осы идеяға сүйеніп, баланың зерттеу жұмысы ғалымның жұмысы секілді мынандай кезеңдерден тұруы ықтимал деп ұйғаруға болады:
1. Зерттеу тақырыбын анықтау (проблема қою).
2. Болжам (гипотеза) ұсыну.
3. Шешімнің ықтимал жолдарын (варианттарын) іздестіру және ұсыну.
4. Материал жинақтау.
5. Алынған деректерді қорытындылау.
6. Жоба дайындау (кітап, баяндама, таныстырылым, хабарлама, схема, сызба, макет, стенд, постер, т.б.).  
7. Жобаны қорғау.
8. Жобаны жариялау.
9. Қорытындылау. Рефлексия.
Бұл кезеңдерінің барлығын да қадағалау керек. Кезеңдерге жекелеп тоқталайық.
Тақырып таңдау
Зерттеу жұмыстарының тақырыптарын шартты түрде үш топқа біріктіруге болады, деп жазады А.Савенков:
- Фантастикалық – табиғатта жоқ, фантастикалық заттар мен құбылыстарды қарастыруға бағытталған тақырыптар.
- Тәжірибелік (эмпирикалық) – өз қолыңмен жасайтын тәжірибе мен эксперимент жүргізуді меңзейтін тақырыптар.
- Теориялық – түрлі дереккөздеріндегі фактілер мен материалдарды зерттеп, қорытындылауға бағытталатын жұмыс, бұл – басқа адамдардан сұрап білуге немесе кітаптардан оқып-білуге болатын тақырыптар мен мәселелер.
Тақырыптың балаға күштеп берілмегені дұрыс: күштеп таңылған жұмыстың тиімділігі жоғары болмайтындығы анық.  Бұған қоса «бәрі де қызықтан басталады» демекші, әрине, тақырып бала үшін қызықты болып, оны баурап алуы керек. Ал «қызық» дегеніміз «маған» деген есімдікке тіке қатысы бар нәрсе екендігі белгілі, демек тақырып баланың өмірімен, мұң-мұқтаждарымен, мүдделерімен байланысты болуы қажет. Тақырыптың балаға маңызды болып, баланы өзіне тартқанда, балаға пайда әкелетіндігі белгілі болғанда ғана зерттеу жұмысы бала үшін қызық болатындығы анық.  
Сонымен бірге бала тақырыптың мәні мен мағынасын, зерттеудің нәтижесін нақты түсініп, көз алдына елестеткенде, оның бұл жұмысқа деген ынтасы артады.
Балаға тақырыпты таңдауға жәрдем беру үшін оның қабілеттерін білу керек: баланың не нәрсеге қызығумен қатар, оның қолынан не келетіндігін, қандай іс-әрекеттерге бейім екендігін анықтау қажет. Ата-ананың бұл білгендері қандай тақырып таңдап, зерттеу жұмысы қалай өрбитіндігін айқындап, оның қандай қиын, бірақ қолжетімді әрекеттерден тұратындығын белгілеп, ықтимал нәтижелерді таңдау мүмкіндігін береді. Нәтижесінде зерттеу тақырыбы таңдалғанда, бала санасында бұл таңдауды оның өзі жасағандығы туралы түсінік орнығуы керек: «Мен бұл тақырыпты өзім таңдадым!». Ал өзіндік таңдау жасаудың жауапкершілікті арттыратындығы баршаға мәлім.
Таңдалған тақырыптың дәстүрлі, үйреншікті болмағаны абзал. Тақырып балада зерігуді тудырмау үшін кең қолданыстағы ережелерден тыс болып, оның шешімі де қайталанбаған, соны, оқыс, оғаш, жаңа көзқарасты талап еткені дұрыс. Мүмкін зерттеу жұмысының ең басты мақсаты да осы шығар: үйреншікті заттар мен құбылыстарға жаңаша қарау, оларды өзгеше қабылдау, бұрын-соңды ешкім де көре алмағанды көру, байқамағанды байқау, ашпағанды ашу. Мұндай өзінділікте әлем ашылып, баланың дүниетанымы да кеңейе түседі.
Тағы да бір мәселе туралы. Зерттеу жұмысының уақыттық шекарасы болғаны дұрыс: бала зерттеудің қашан басталып, қашан аяқталатындығын нақтылап алуы керек. Әрине, жұмыстың ұзаққа созылмай, бала зерігіп, шаршамай тұрғанда қорытынды нәтижеге жеткендігі абзал. Осы арқылы баланың зерттеуге деген ынтасы төмендемей, онда жеңімпаз психологиясы қалыптасады. Жасыратыны жоқ, баланың өз зейінін бір әрекетке ғана шоғырландыруы оңай шаруа емес, сондықтан да зерттеу жұмыстарының ұзаққа созылмай (әсіресе бастапқы кезде), баланың зауқы төмендемей тұрғанда аяқталғаны дұрыс.
Болжам (гипотеза) құрастыру
Енді ересектер балаға зерттеу тақырыбының болжамын құрастыруға көмек беруі керек. Гипотеза құрастырғанда «егер ..., онда», «... мүмкін», «... ықтимал», «... деп ұйғарса, онда ...» секілді сөз тіркестерін қолданып, зерттеудің ықтимал нәтижесін көрсетеміз. Сонда гипотезаны проблема (зерттеу тақырыбы) шешудің ықтимал варианты, шешу мүмкіндігі деп қарастырғанымыз жөн. Осыдан соң бұл гипотезаның дұрыстығы мен өміршеңдігі зерттеу барысында тексеріледі.
Гипотезаны құрастыру үшін алдымен проблема шешімін көрсететін сұрақ қойған дұрыс. Мысалы, бала зерттеу тақырыбын «Сутегі асқын тотығын көкөніс өсіруде қолдану» деп таңдаса, онда  ол алдымен өзіне «Көкөністерді бір апта (немесе 10 күн, бір ай) сутегі асқын тотығы қосылған сумен суғарса не болады?» деген сұрақ қоюы керек. Осыдан кейін бұл сұраққа жауап іздеп, оның ықтимал шешімі бойынша жорамал, болжам жасау қажет: «Егерде көкөністерді бір ай сутегі асқын тотығы қосылған сумен суғарса, онда олардың өсімі 30%-ға жақсарады». Зерттеу жүргізу барысында бала бақшадағы көкөністерді екіге бөліп, олардың жартысын жай сумен, ал екінші жартысын сутегі асқын тотығы (перекись водорода) қосылған сумен суғарады. Нәтижелерді бақылау күнделігіне жазып, зерттеу уақыты аяқталғанда оның қорытындысы ретінде көкөністердің екі тобының өсуін салыстырады.
Болжау (гипотеза) жасау – шығармашылықтың негізі. Ол проблема шешудің жаңа шешімдерін тауып, нақты немесе ойша жүргізілген эксперименттер барысында олардың ықтималдығын бағалау мүмкіншілігін береді. Осылайша гипотезалар проблеманы басқа тұрғыдан көріп, оны басқа жағынан қарастыру мүмкіндігін ұсынады. Болжаулардың, тіпті «болмайды-ау» дегендерінің құндылығы да дәл осында: олар бізді үйреншікті түсініктердің шеңберінен шығарады. «Гипотезаларды құруда арнайы жаттығулар да жасауға да болады. Мінекей, қарапайым жаттығу: «Бірге ойланайықшы: құстар неліктен сайрайды? (неліктен ағаштар бүршік жарады? неліктен су ағады? неліктен жел соғады?»), деп жазады А.Савенков.

Шешімнің ықтимал жолдарын (варианттарын) іздестіру және ұсыну

Зерттеу жұмысында балаларды проблеманың байыбына үңілуге үйретіп, содан кейін қызық та жаңашыл идеяларды ұсынуға бағыттап, оларды жүзеге асыру жолдарын қарастыруға үйрету керек.  Енді балаларды проблема шешудің барлық ықтимал жолдарын табуға көмектесу қажет. Олардың ішіндегі қайсысы үйреншікті, қайсысы баршаға танымал, ал қайсысы жаңа, бұрын-соңды кездеспегендін айқындап, осылайша жүйелеу керек. Осыдан кейін әрқайсының тиімділігі мен артықшылықтарына баға беріп, ішінен біреуін таңдау керек.
Әрине, ересектер мұнда дұрыс жауап беруден гөрі соған алып баратын жолдың маңызды екендігін ұмытпауы керек. Сондықтан да олардың балалардың ұсынған кенет, оқыс, бұрын-соңды кездеспеген шешімдері мен жұмыс жасау жолдарын қолдап, қуаттағаны дұрыс. Бұл балалардың шығармашылығын, креативтілігін, әдеттегіден өзгеше ойлайтын дағдыларын дамыта түсетіндігі анық.
Балалардың зертеу қабілеттерін арттырудың маңызды көзі табиғаттың өзі болып табылады деп есептеу қажет: құстардың ұшып келуі мен кетуі, жапырақтардың бүршік атуы, өсуі мен құлауы, қар мен оның еруі, ауа-райының құбылыстары, адамдар мен жануарлардың (құстар, үй жануарлары, жәндіктер) жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттері, т.б. Осылардың барлығын да зерттеуге болады. Алғашы қадамдарын жасап жатқан балғын зерттеушілерге бақылау жасап, эксперименттерді жүргізуге, ақпараттарды өңдеуге көмектесу керек.
Зерттеудің маңызды бөліктерінің бірі эксперимент барысында туындайтын ақпаратты жазып алу. Ересектерге оңай көрінгенмен, балалар үшін бұл әрекет тіпті де жеңіл емес, өйткені балалар ұзақ жазуды ұнатпайды, бұл жұмыс оларды шаршатып, зерттеуге деген ынталарын әлсіретуі ықтимал. Демек, ақпаратты жазуды да қызықты жасау керек. Ол үшін ақпаратты мәтін түрінде жазбай, оларды бір парақ қағазға тек авторға ғана түсінікті шартты белгілермен (әріптер, цифралар, геометриялық фигуралар, сызбалар, тірек схемалар, суреттер, иероглифтер, пиктограммалар, сызықтар, т.б.) көрсетуге болады.  
Осылайша парақша құпия жазуға айналып (мол қазына жасырылған карта тәрізді), баланың өзіне ғана белгілі болады. Ал сырт көзге қарағанда бұл парақша шимайланған бір бет қағаз болып көрінуі мүмкін. Әрине, бұл парақшаны зерттеу соңына дейін сақтау керектігі айқын.
Зерттеу жұмысының тағы да бір қиын бөлігі - алынған деректерді талдау, жүйелеу, қорытындылау, олардың ішінен маңыздысын таңдап, қалғандарын шеттету. Міне, бұл жұмыста балаға ересектер көмектесуі керек. Олар баламен бірге деректерді талқылап, балаға сұрақтар қойып, оның пікірін біліп, оған бағыт-бағдар сілтегені жөн. Бұнымен қоса зерттеудің осы кезеңінде нәтижелер қандай нысанда келтіретіндігін белгілеп алу керек. Мүмкін зерттеу қорытындылары ауызша баяндама не әңгіме түрінде жарияланады немесе жазбаша кітап, таныстырылым, постер/лер, сызба, реферат түрінде ұсынылады деп шешіп алған дұрыс.    
Материал жинақтау
Зерттеуде қажетті ақпаратты қайдан және қалай тауып, қандай дерек көздерін қолдану керектігін айқындау да – жұмыстың маңызды бөлігі.
А.Савенков бұл жерде түрлі дерек көздері келтірілген карточкаларды қолданған дұрыс дейді. Мысалы, бала зерттеу тақырыбын «Тасбақалар» деп таңдаса, онда ол бұл бауырымен жорғалаушылар туралы ақпаратты қайдан таба алады? Ол үшін карточкаларды үстелдің үстінде немесе еденде жайып тастаймыз. Карточкаларда мынандай ұсыныстар жазылған:
- Бауырымен жорғалаушылар және олардың ішінде тасбақалар туралы біз не білетіндігіміз туралы ойланайықшы.
- Ересектерден сұрайық. Олар бұл жұмыста бізге сарапшы болсын (кез келген ересек адам сарапшы бола алады: баланың үлкен ағасы не әпкесі, әкесі, анасы, атасы, әжесі).
- Биологиядан кітаптар мен анықтамаларды қарайық.
- Арнаулы телехабарлар немесе Yоu Tube-тағы тасбақа туралы материалдарды қарайық.
- Интернеттен деректер іздейік. Бірақ мұнда бұл деректердің өзге адамдардың көзқарастары мен пікірлері екендігін естен шығармау керек.
- Тасбақаларды бақылайық.
- Эксперимент қояйық (мысалы, тасбақаның жүріс-тұрысы, рационы (не жеп/ішіп, нені жемейді/ішпейді), қатты дыбыс пен жарықтың оған қандай әсер жасайтындығы, оның қараңғыда немесе суда өзін қалай сезінетіндігі, адамды қалай қабылдайтындығы бойынша: оның адам даусын, оқыс қимылдарды, қолға алғанды қалай сезінетіндігі жайлы), т.б.
Егерде үйде баланың зерттеулерін қолдауға бағытталған түрлі кітап, энциклопедия, атлас, буклет, анықтамалық, сөздіктерден тұратын кітап сөрелері немесе шкафы болса – тіпті жақсы болар еді! Кітаптардан басқа бұл сөрелерде жануарлар мен өсімдіктер, мемлекеттер мен атақты адамдардың өмірі жайлы түрлі деректерді қамтитын видеокассеталар, өлшем құралдарының (сызғыш, циркуль, барометр, альтиметр, астролябия секілді), кез келген зерттеушіге қажет болатын ұсақ тастар, таяқшалар, шариктер, шыны сынықтары сияқты пайдалы заттардың бар болғаны тамаша жәйт!  

Жобаны дайындау
Зерттеу нәтижелерін қандай да бір нысанда келтіру шарт. Әдетте балалар баяндамаға ұқсас хабарлама жасау арқылы отбасын өзінің зерттеу нәтижелерімен таныстырады. Немесе жұмыс нәтижелерін схема (чертеж) немесе сызба түрінде постерде (бірнеше постерде) немесе слайдтар арқылы көрсетіп, таныстыруға болады.
Сонымен бірге жұмысты түрлі материалдардан жасалған, зерттеу әрекеттерін түсіндіріп жазған макет (немесе буклет) түрінде де дайындауға болады. Мүмкін нәтижені таныстыру баланың өзі жасаған бірнеше беттен ғана тұратын, иллюстрациясын баланың өзі салған, қолмен немесе компьютермен жазылған кітап арқылы да жүзеге асыруға болады.
Жобаны қорғау
Зерттеу нәтижесі, әрине, баланың шығармашылық қабілеттерін арттырып, балада кез келген туындаған мәселеге тереңінен үңіліп, оның байыбына жетуге тырысатын, өздігімен жұмыс жасау мен нәтиже құрастыру дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Сонымен бірге «Тыңдаушысыз сөз жетім» дегендей, баланың зерттеу нәтижелері (кітап, баяндама, макет, буклет, постер, слайд,  видео, т.б.) отбасы мүшелері алдында міндетті түрде жариялануы керек. Жариялау арқылы біз баланың қызығушылығы мен жауапкершілігін арттырып, өзінің зерттеушілік қабілеттеріне деген сенімін арттырамыз.
Бұл үшін алдымен үйде бұл оқиға туралы хабарламаны алдын-ала іліп қойған дұрыс. Түрлі-түсті бояулармен жазылған бұл хабарлама зерттеу нәтижелерін қашан және қалай жарияланатындығы туралы баяндауы керек. Мысалы, «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Баршалардың назарына! Ертең сағат 19.00-де кешкі астан кейін қонақтар бөлмесінде жас болса да көптеген жетістіктерге жетіп жүрген әйгілі зерттеуші Санжар Айдынұлы баламыздың «Қызанақтың өнімділігін гидропирит таблеткаларын қолдану арқылы қалайша өсіруге болады?» атты тақырыпта жазылған зерттеу жұмысының таныстырылымы өтеді! Келем деушілерге есік ашық! Таныстырылымға Асқар ата мен Бақнұр әже де шақырылды!» деп жазып қоюға әбден болады. Зерттеуші баланың мұндай хабарламаны көргенде, ынтасы арта түсетіндігі анық.
Жариялауды тура «ересек адамдардай» жасауға тырысқан жөн. Ол үшін бөлмені безендіріп, алғы сөз бен қорытынды сөздер айтып, кері байланыс ұсынып, фотоға түсіріп, видео түсірілім жүргізіп, баланың көңілін аулаған орынды. Әрине, тыңдаушылар санының көп болғаны да тиімді болар: олардың қатарына отбасы мүшелерінен басқа жақын туыстар, көршілерді, баланың жолдастарын шақырған абзал. Алайда көрермендердің өте көп болғаны да дұрыс та емес шығар, өйткені ондайда жиналғандардың назары шашырап, зерттеуден басқа да жаққа ауып кетуі ықтимал.
Бұған қоса тыңдаушыларға алдын-ала «Жариялауға қатысушылардың ережелерін» түсіндіріп не таратып та берген орынды болар. Онда жариялау барысында зерттеу жұмысын зор ықыласпен қабылдау керектігі, күлуге не мысқылдауға болмайтындығы, мұқият тыңдау, қызығушылық таныту, позитивті кері байланыс беру, жағымды пікір айту, «Пікірлер дәптеріне» тілек жазу секілді әрекеттерді ұстану жайлы айтып не жазып қойған орынды.
Жариялау соңында балаға соңғы сөз беріп, мынандай сұрақтарға жауап беруін сұрап, оның рефлексиясын тудыру қажет:
- Зерттеу тақырыбын қалай және неліктен таңдадың?
- Зерттеу барысында ең қызық және ең қиын не болды?
- Үйренген негізгі 2 жәйтті аташы?
- Зерттеуде саған кім және не көмектесті?
- Зерттеу жұмысы ойыңнан шыықты ма? Неліктен?
Әрине, бұл сұрақ-жауапты тексеру түрінде емес, интервью алу секілді баланы қызықтырып ұйымдастырған орынды.
Жариялау аяқталғанда тыңдаушылар зерттеу мен оның нәтижелерін қорғау туралы өз ой-пікірлерін білдіріп, балаға рахметін айтып, оны құттықтап, оған кішігірім сыйлықтар тапсырып, оның көңілін көтергені дұрыс. Іле-шала 10-15 фотоны (оларды тіпті ақ-қара түсті принтерден де лезде шығарып алуға болады) бір плакатқа желімдеп, үстінгі жағына тақырып, ал әр фотоның астына онда не болып жатқанын түсіндіретін сөздер жазып, түрлі-түсті стикерлермен плакатқа зерттеуші баламызға деген мақтау сөздері мен тілектерімізді түртіп, іліп қойғанымыз да ұтымды.
Жариялау күнін осылайша бала үшін кішігірім мерекеге айналдырғанымыз жақсы болатын шығар.
Ересектерге жаднама
А.Савенков баланың зерттеу жұмысын ұйымдастыру және қолдау барысында ересектерден асқан педагогикалық шеберліктің қажет екендігін айтып, бұл бағытта мынандай жалпылама қарапайым ережелерді ұстану керектігін жазады:
- бұл жұмысты атқаруда шығармашылық танытыңыз;
- балалардың бастамашылдығын тежемеңіз,
- балалардың өз бетінше жұмыс жасауын қолдаңыз, тіке нұсқау беруден сақтаныңыз, балаларды дербес жұмыс жасауға үйретіңіз;
- ең басты педагогикалық нәтижені естен шығармаңыз: бала өз қолымен жасай алатынды (немесе өздігімен жасауға үйрене алатынды) ол үшін жасамаңыз;
- баланың жұмысына баға беруге асықпаңыз;
- баланың жұмысын бағалағанда мынаны естен шығармаңыз: балаға бір рет орынсыз (себепсіз) сын айтқаннан гөрі оны орынсыз (себепсіз) 10 рет мақтаған дұрыс;
- жаңа білімді игерудің негізгі құрамдас бөліктеріне назар аударыңыз: заттар, оқиғалар мен құбылыстардың арасындағы байланыстарды айқындауға үйреніңіз;
- зерттеу проблемасын өздігімен шешу дағдыларын қалыптастыруға тырысыңыз;
- баланы қажетті ақпаратты талдау, жинақтау мен жүйелеуге үйретуге ұмтылыңыз.

Бірігу керек!

Бірігу керек!
«Адамдардың 2% ғана табысқа жетеді екен, осыншама адамның іс-әрекеттері нәтижелі болады. Ал қалған 98% адамдардың жасағандарының барлығы да табыссыз болады» дейді бір лекциясында ресейлік тренер Радислав Гандапас.
Барлық адамдардың іс-әрекеттері табысты болу үшін не жасау керек? Бұл тұрғыда қолданатын шара біреу ғана: өзге адамдардың көмегіне жүгіну керек екен! Басқа адамдармен бірлесе, өзгелердің көмегімен   жасаған әрекеттер ерекше нәтижелі болады: олардың тиімділігі енді 2% емес, 70%-ға дейін өседі екен!
Басқалардан қандай көмек алуға болады? Ең бірінші кезекте, уақыт пен энергияны. Сізге қол ұшын бергендер өз уақытын бөледі. Бұған қоса қолдау мен құптау арқылы, кеңес пен ұсыныстар беру арқылы, білім мен ақпаратпен бөлісу арқылы көңіл-күйіңізді көтеріп, өз мүмкіншіліктеріңізге деген сеніміңізді көтеру арқылы күш-жігеріңізді асқақтатады, өмір сүру мен жұмысқа деген ынтаңызды жоғарылатады.
Екіншіден, бірлесе жұмыс жасау арқылы сіз жағымды қарым-қатынас қуанышына бөленесіз, осы арқылы өзіңіздің кәсіби біліктілігіңізді арттыра түсесіз!
Өзгелерден көмек сұрау үшін не керек? Әрине, ол үшін сұрай білу керек! Бұл дегеніңіз, өзіңнің ішкі тәкаппарлығыңмен күресу, өзіңнің шалқайған ішкі «эгоңды» еңкейту, ғұлама Сократ тәрізді өзіңнің білмейтіндігіңді  мойындау қажет!
Сол себепті де адамзат қоғамының ең басты сұрағы мынау болу қажет шығар: «Мен сізге қалай көмектесе аламын?»
Бұл сұрақты өзгелерге дамылсыз қоя беру керек дейді Р.Гандапас. Балаңыз мектептен келгенде оған «Бүгін қанша алдың?» емес, - «Менен саған қандай көмек керек, балам?» деп сұраған дұрыс. Дәл қазір қолымызға телефон ала салып, ата-анамызға «Менен сіздерге қандай көмек керек?» деп айтайық. Мектепте де әрбір әріптесімізге, сабақта әр сынып пен әр оқушыға «Мен сіздерге қандай көмек көрсете аламын?» деп сұраған орынды болар.
Егерде жан-жағымызға осы сұрақты қоятын болсақ, аз уақыттан кейін өзіміз де өзгелерден «Мен сізге қалай көмектесе аламын?» деген сұрақты еститін болармыз!
2019 жылдың наурызында өткен «Оқыту  жаһандық мақсаттарға бағытталған жолда» атты әлемдік форумның «Оқытудың жаһандық мақсаттарына қарай.  ХХІ ғасырда тірі қалу бойынша нұсқаулық» атты қорытынды коммюникесінде былай деп жазылғандығын естен шығармаған абзал: «ХХІ ғасырда адамзат алдында тұрған ең үлкен қауіп ядролық соғыс емес, экологиялық апат емес, адамдарды роботтармен алмастыру емес, ессіз террористердің шабуылы емес. Адамзат алдындағы ең үлкен қауіп – адамдардың бірлесе әрекеттесуден бас тартуы».
Демек, адамзат алдында тұрған ең асқақ мақсат – бірігу. Бірігу - әрбір жанұяның, әр ұжымның, әр ортаның, әр мектептің, әр сыныптың да негізгі мақсаты болуы керек. Сонда ғана біздің ісіміз өнеді, ілгерілейді, нәтижелі болады!
Менен сізге қандай көмек керек, әріптес?

Мұғалім қызметі

Біз өз жұмысымызды қалай қабылдаймыз?
Адам не жасаса да, екі мақсат тұтады дейді ресейлік тренер Радислав Гандапас. Адамның әрекеттенуінің бірінші мақсаты – өзі атқарған жұмысынан мән, мағына көру. Мысалы, қоғам мен өзге адамдарға немесе өзіне пайда келтіру, жақсылық жасау, ақша мен олжа табу, өзіне ыңғайлы жасау: үй, жол, мектеп салу, бала оқыту, т.б. Мұнда негізінен материалдық және меркантилдік ұғымдар жатады, мұнда процестен гөрі нәтиже маңызды.
Екінші мақсат – өз әрекеттерінен рахат, ләззат, қуаныш, қызық (драйв) алу. Мысалы, адам істеген жұмысынан ештеңе күтпей (мән, мағына, пайда, ақша, марапат, атақ пен мадақ), сол әрекеттің жасалғанының өзіне риза болады. Мұнда нәтиже маңызды емес, процесс (үдеріс) маңызды.
Не жасасақ та, осы екі мақсатты тұтамыз: бірде олардың біреуі басым болса, кейде екіншісі басым болады. Қай мақсаттың басым болғанына байланысты адамның өзінің атқарып жүрген жұмысын, қызметін қалай қабылдайтындығын сипаттауға болады. Ол үшін «Бостон матрицасын» сызып, адамдардың өз жұмыстарын қабылдайтындығының 4 түрін көрсетейік.
Ресейлік тренер адамдар атқарып жатқан өз жұмысын (іс-әрекеттерін) «Құлдық», «Қызмет», «Ойын» не «Сүйіспеншілік» (махаббат) деп түсінеді дейді.
«Бостон матрицасын» былай сызамыз. Алдымен тігінінен сызық сызып (абсцисса ма?), оны «Мән, мағына, пайда» деп атайық, ал көлденеңінен сызылған сызықты (ордината бола ма?) «Рахат, ләззат, қуаныш, қызық» деп белгілейік. Енді осы екі сызықтың жоғары жағына төрт төртбұрышты келтірейік (баршамызға белгілі SWOT-талдаудың кестесіне ұқсап қалады). Төменде сол жақта орналасқан төртбұрышты «Құлдық» деп атайық (SWOT-тың «Мүмкіндіктер» бөлімінің орнына), ал төменде оң жақтағыны «Ойын» деп белгілейік (SWOT-тың «Қауіптер» бөлімінің орнына). Жоғарыда сол жақтағы төртбұрышқа «Қызмет» (SWOT-тағы «Жетістіктер»), ал оң жақтағысына «Сүйіспеншілік» деп жазайық (SWOT-тағы «Кемшіліктер»).
Енді осы төртбұрыштардың не білдіретіндігін түсіндіріп кетейін.
Егерде адамның әрекеттерінде не пайда (мән, мағына), не қызық (қуаныш, рахат) жоқ болса, яғни адам өз жұмысын амалы жоқтан әрең-әрең атқарса, ол жұмысқа не зауқы, не шабыты болмаса, ол жұмысы үшін мардымды, өзін қанағаттандыратындай жалақы алмаса, бұндай іс-әрекеттерді «Құлдық» деп атауға тұрарлық.  
Мән, мағына,
пайда
 
 
 




 Қызмет      Сүйіспеншілік


 



     Құлдық      Ойын


     
Рахат, ләззат,
қуаныш, қызық
Мысалы, мектепте кейбір мұғалімдер бар емес пе: не жасап жүрген жұмысына, не алған жалақысына риза болмайтын? Олар «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген қағиданы ұмытып, күнделікті жұмысын ұнатпайды да, бірақ одан қол үзіп кете алмайды да («Қайда барамын? Басқа жұмыс жоқ! Қолымнан келетіні осы ғана!»). Нағыз құлдық деген осы: сүймейтін іспен айналысу және де одан құтыла алмау.
Мұндай жұмыс көне грек мифологиясындағы Сизифтің әрекеті тәрізді. Естеріңізде шығар, құдайларды алдағаны үшін Коринф қаласының патшасы Сизиф о дүниеде мынандай мәңгілік жазаға кесіледі: ол ауыр тасты таудың басына домалатып жеткізуі керек, бірақ тасты діттеген жеріне жеткізе бергенде, тас тайқып шығып, қайтадан төмен қарай домалап кетеді де, Сизиф өз жұмысын қайтадан бастауға мәжбүр болады. Ауыспалы мағынада «Сизифтің жұмысы» деген «адам төзгісіз ауыр, мәнсіз де мағынасыз, еш қызығы жоқ жұмысты атқару» дегенді білдіреді.
Ауыр немесе ұнамайтын жұмыстан құтылудың екі ғана жолы бар: не оны тастау қажет, не ол жұмысты мәнді, мағыналы жасау керек. Мүмкін адам өмірінің ең басты қағидасы да осы болар: «Біреу не бірнәрсе ұнамаса: не одан қаш, не оны өзгерт!». Ал ұнамаса да сол адаммен араласу немесе сол іспен айналысу – құлдықпен бірдей.
Нобель сыйлығыныың лауреаты француз жазушысы Альбер Камю өзінің «Сизиф туралы миф» атты еңбегінде Сизифтің өзінің мәңгі атқаратын мәнсіз де ауыр әрекетінен рухын жоғары асқақтатып, осы мәнсіздіктен өзіндік мән тауып, өз өмірін мағыналы жасағандығын жазады.
Философ Виктор Франкл де фашистік концлагерде пайда болған «Логотерапия» (сөзбе-сөз мағынасы «мәнмен емдеу, айықтыру» дегенді білдіреді) атты ілімінде адамның басты міндеті - өз өмірінен немесе атқаратын әрекетінен мән табу деп ұйғарады. Өйткені неміс философы Ф.Ницше айтқандай: «Не үшін» өмір сүру қажеттігін білген адам кез келген «қалай» өмір сүру керектігін жеңе алады». Демек, өмірде «Не үшін?» дегеннің маңызы «Қалай?» дегеннен анағұрлым биік болады.
Ал егерде адам өз жұмысынан қуаныш пен ләззат алмаса, ол әрекетінің мәнін түсініп жатса («Мынау елге немесе өзіме керек жұмыс!») немесе ол жұмысын жақтырмаса, бірақ өзін қанағаттандыратын жалақы алып отырса, онда оның бұл жұмысын «Қызмет» деп атауға болады.
Мектепте «Қызметте» болған мұғалім өз міндеттерін толығымен дерлік атқарады, өзінің келер ұрпаққа беретінін жақсы біледі, ол жалақыға да қанағат жасайды, бірақ сабақ беруден, оқушылармен жұмыс жасаудан қуаныш сезіміне бөлене қоймайды. Ондай мұғалімдер көп қой: олар өз ісіне мығым, өз пәнін жақсы білетін шығар, бірақ қатал, оқушыларды өзіне жақындатпайды, өз жұмысын міндет пен парыз деп есептейді, бірақ одан ләззат ала қоймайды.
Рахат пен ләззат, қуаныш пен қызық сыйласа да, одан еш пайда көрмейтін жұмысты «Ойын» деп атайды. Ойынның мақсаты мен мәні болмайды. Ойында нәтиже жоқ, тек процесс қана бар. Сенбесеңіз, далада ақ тер, көк тер болып ойнап жатқан балалардан сұраңызшы: «Не үшін ойнап жүрсіңдер?» деп. Олар да жауап бере алмас, қанша ойлансаңыз да сіз де бұл сұраққа жауап бере алмассыз.
Өз жұмысын «Ойын» деп түсінетіндер кішкентай балалар ойынға белшесінен батқандай, жұмысқа жан-тәнімен беріледі, бұл жұмыстан қуаныш та, рахат та алады. Бірақ жұмыстың не үшін қажет екендігін оншалықты түсіне де бермейді. Ондайлар «Маған ақша төлемесеңдер де болады, өйткені мен өзіме ұнайтын іспен айналысып жүрмін!» деген сыңайда болады.
Әрине, мұндай инфантильдік (балалық) көзқарас мектеп мұғалімдері арасында өте аз кездесетін шығар деп ойлаймын. Мүмкін олардың қатарына жақсы пайда беретін бизнесі бар, мектепке тек қарым-қатынас үшін келетіндерді немесе күйеулері ауқатты мұғалималарды жатқызуға болатын шығар. Оларға жалақының да қажеті шамалы, оларға мектептің атмосферасы ыстық, балалар мен әріптестерімен жасаған қатынас керек.
Өз жұмысының биік мәні мен мағынасын тереңінен түсінетін және де одан қуаныш пен рахат алатындар оны «Сүйіспеншілік» тарапына жатқызады. Міне, шын бақытты адамдар осылар, өйткені олар - сүйікті ісімен айналысып, сол үшін өздерін қанағаттандыратын жалақы да алып жатқандар. Мынандай кең таралған ұғым бар емес пе: «Бақыт деген өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысып, сол үшін жалақы алу».
Көріп отырғанымыздай, жасап жүрген жұмысы біреу үшін құлдық іспеттес болса, енді біреулер өз қызметін тек жалақы көзі деп қабылдайды, үшіншілер жұмысын жеңіл қабылдап, мектепке тек көңілін көтеру үшін ғана келеді. Әрине, бәрінен де жоғары тұрған ұстаздықты өз өмірінің мәні мен мағынасы деп түсініп, жұмысынан рахат пен ләззат алып, жалақысына қанағат тұтқандар.
Сіздің де өз жұмысыңызды «Сүйіспеншілік» деңгейінде қабылдайтындығыңызға сенемін, әріптес!

Ұстаз болу үшін не керек?

Ұстаз болу үшін не керек?
Мұғалімдермен жиі кездесемін, жиі сұхбаттасамын, түрлі курстар өткіземін. Байқайтыным, мұғалімдер негізінен қызықты әдіс-тәсілдерге әуес болып, оларды өздерінің барлық проблемаларын шешетін «сиқырлы сандық» деп есептейтін тәрізді. Әдетте мұғалімдердің маған қоятын сауалдары мен өтініштері негізінен қызықты әдіс-тәсілдер тұрғысында болады. Олар менен қызықты, өзгелерге таңсық, оларды «аһ!» ұрдырып, таңғалдыратын әдіс-тәсілдерді сұрайды. Оларға мұндай тәсілдер баяғы Архимедтің Жер шарын төңкеріп жіберетіндей рычагы мен тіреу нүктесі іспеттес болып көрінетін секілді.
Алайда әдіс-тәсілдер, олар қаншама қызықты және де оқушыларды «аһ!» ұрдыратындай болса да, - дидактиканың қосымша құралдары ғана. Әдіс-тәсілдер барлық педагогикалық мәселелерді (үйрету мен тәрбиелеу) түбегейлі түрде шеше алмайды. Олар - проблемаларды уақытша, байыбына бармай, тереңіне еш үңілмей үстірт қарастыратын амалдар. Сайып келгенде, әдіс-тәсілдер дегеніміз жұмыс жасаудың ең тиімді жолдары емес пе? Олар – жұмыс жасаудың амалдары, құралдары, басқаша сөзбен айтқанда: жұмыстың инструментарийі. Алайда жұмыстың мақсаты мен мазмұны, оның мәні мен мағынасы әдіс-тәсілдер ауқымынан тыс қалып отырады, олармен қамтылмайды.
Көп мұғалімдер өздерінің басты ұмтылыстарын, күш-жігерлерін, уақытын бұрын-соңды кездеспеген қызықты әдіс-тәсілдерді іздеумен сарп етеді, оларды «пір» тұтады, өз жұмысының негізі деп есептейді, өздерінің кәсіби шеберлігін солардың мөлшері мен қолдану жиілігімен өлшейді. Олардың пайымы бойынша, әдіс-тәсілдер құдды барлық есіктерді ашып беретін сиқырлы кілттер сияқты.
Осыдан оншақты жыл бұрын интербелсенді әдістеме бойынша менің бір курсыма қатысқан жас тарих мұғалімінің айтқаны есімде қалыпты:
- Ағай, мен енді тіпті математикадан да сабақ бере аламын! Математикадан еш хабарым болмаса да!
- Неге олай ойлайсыз?
Жүзі бал-бұл жанған жас әріптесіміз:
- Мен енді оқушыларды өздігімен жұмыс жасататын көптеген әдіс-тәсілдерді меңгеріп алдым емес пе?! Мен оларды тақырыпты өздігімен игеруді қызықты әдіс-тәсілдер ұйымдастырсам болғаны емес пе? Өзіңіз айттыңыз ғой: «Оқушылар өздігімен жұмыс жасауы керек!» деп?
Әріптесіміздің албырттығына мен де еріксіз күлдім:
- Жоқ, олай болмас: математикадан сабақ жүргізе алмайтын шығарсыз!
- Неге, ағай?
- Себебі көп қой! Мен сізге солардың біреуін ғана айтайын: сіз оқушыларыңызға кері байланыс бере алмайсыз!
Жас мұғалім кілт тиылып, ойланып қалды.
Бұл мысалдан мен мұғалімдердің әдіс-тәсілдерге қаншалықты көп мән мен мағына беретіндігін тағы да бір байқадым.
Мұғалімнің ұстазға айналуы шарт деп есептеймін. Демек, әрбір мұғалім қарапайым сабақ берушіден, оқушыларын өз пәніне үйретушіден барлық оқушыларына жағымды ықпал жасаушыға, оларға асқақ үлгі болушыға, бар оқушыларды өмір сүру мен кесек тұлға болуға үйретушіге, өз алдына өмірлік биік мақсаттар қойып, соларға жетуге ынталандырушы және шабыттандырушыға дейін қызығы мен шыжығы мол жолды жүріп өтуі міндетті.
Маған осы ұзақ жолда мұғалім өз қызметінде ең алдымен әдіс-тәсілдер секілді үстірт мәселелерден басқа мазмұнды мәселелерге назар аудару керектігі анық көрінеді. Мұғалімнің ұстаз болып қалыптасуына оның әдіс-тәсілдерді қаншама игергендігі ерекше ықпал жасамайды (мәселен, топқа бөлу, сергіту, жаңа сабақтың тақырыбын жасыру, белсенді және интербелсенді әдіс-тәсілдер, т.б.).
Ұстаз болу үшін, ең бірінші кезекте, мықты ішкі мәдениет қажет. Бұл кең ұғымға әр мұғалімнің ұстанған өмірлік құндылықтары, қағидалары (принциптері), ұстанымдары мен түсініктері, яғни ар-ожданы, ұяты, дүниетанымы, өмірлік түсініктері  секілді көптеген рухани, моральдік ұғымдар кіреді. Міне, әр мұғалімнің ұстаз болуы не болмауын оның қоржынында бар әдіс-тәсілдер саны емес, оның мәдениеті шешеді, кең және ауқымды түсініктер шешеді.
Мен солардың ішінен екеуін ғана атағым келіп отыр. Олар: мінез бен басқа адамдарды қалай қабылдайтындығы (соңғысы, басқаша сөзбен айтқанда, оның өзгелермен қалай қарым-қатынас құрайтындығы).
Мінезге не кіреді?
Пайғамбарымыз (ҒС) бір хадисінде былай деген екен: «Сендердің іштеріңдегі ең  жақсы адамдардың кім екендігін айтайын ба? Ол – мінезі көркем жандар!»
Мінезі көркем деп өзін ылғи да басқалардың орнына қойып, өзіне тілемегенді өзгелерге тілемейтін, өзіне жасамайтынды басқаларға жасамайтын, сабырлы да шыдамды, ешкімге қабақ шытпай, тек жылы шыраймен қарайтын, мейірімді һәм қайырымды, барша елді түсіністікпен қабылдайтын, оларға жаһаттықпен жақтырып қарайтын,  ылғи жайдары да көтеріңкі көңіл-күйде жүретін, кешірімді, кішіпейіл, ізгілікті көксейтін, аузынан тек жақсы сөздер шығатын, қолынан тек жақсы істер өнетін адамды атаймыз.
Ұстаз болам деген мұғалімдер дәл осындай болуы керек деп ойлаймын. Олар ылғи да жан-жағына нәр мен нұр шашып, елге жағымды ықпал жасап, олар үшін асқақ үлгі болатындай дәрежеден төмендемейді.
Әрине, бұл – өте қиын! Алайда кім ұстаз болуды оңай шаруа деп айтқан? «Болмасаң да ұқсап бақ!» демекші, ұстаз болу мақсатында күнделікті күйбеңнен жоғары тұрып, өміріңнің әр мезетінде етекке жармасқан жалқаулық пен еріншектікті, немқұрайдылық пен тоғышарлықты, қорқыныш мен енжарлықты тұла бойыңнан мысқалдап, граммдап сығып кетіру үшін толассыз күресте болу керек. Адам өмірін күрес деп ұғынсақ, онда ішкі жан-дүниеміздегі майдан шебінде мінезіміздің дәл осындай келеңсіз қасиеттерімен дамылсыз күресу керек. Өзгелермен емес, өзімізбен күресуіміз қажет.
Мінезі көркем жан ылғи да тек өзін ғана өз өмірінің себебі деп түсінеді. Өзгелерді емес, тек өзін ғана бар нәрсенің себебі деп қарастырады. Ол жеткен немесе жетпеген жетістіктері үшін, бүгінгі өмірінің бақуатты немесе кем-кетігі бар ахуалы үшін өзі ғана жауапты деп есептейді. Өзгелер емес, өзі ғана. Осылайша ол өз өміріне деген жауапкершілікті өзіне жүктейді.
Бір тәмсіл айтып кетейін. Осыдан 2500 жыл бұрын ғұмыр сүрген атақты ғұламаға бір жас жігіт келіп, былай дейді:
- Данышпан, мен сіздің қасыңызда жылдар жүріп, сізден даналықты үйренейін деп едім! Алайда менің кәрі әке-шешем бар. Мен соларды бағуым керек болғандықтан, сізге шәкірт бола алмаймын! Сол себепті де сізге қоятын сауалым бар!
Ғұлама:
- Дұрыс таңдау жасағансың, өйткені адамның бұл өмірдегі ең басты міндеті – әке-шешесіне қызмет жасау! Менен саған не керек? – деп сұрайды.
Жас жігіт:
- Маған өмірде ең қажетті болатын ақыл айтыңызшы! – деп өтінеді.
Сонда ғұлама:
- Өмірде ең қажетті нәрсе мынау: тек өзіңді ғана өміріңнің себебі деп түсін! Өміріңде не болса да, оның себебі өзіңсің! Нысананы көздегенде қолы қалт кетіп, дөп тигізе алмағанына өзіне емес, нысанаға ренжіген мерген сияқты болма! – деген екен.
Дәл осылай ұстаз боламын деген мұғалім басқаларға жауапкершіліктің жүгін артпайды: «Анау жасасын, мынау жасасын!» деп, «Неліктен мен мұны жасауым керек: өзгелер жүр ғой, әне!» деп, «Алдымен менің көршім жасасын! Мен содан кейін жасап көрейін!» деп.
Ұстаз боламын деген мұғалім өз сәтсіздіктері үшін өзгелерді кінәламайды: «Мен кінәлі емеспін! Бұған біздің директор (немесе басқа мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар, бүкіл мектеп, т.б.) кінәлі!» деп. Тек өзін себепкер деп түсінеді, жауапкершілікті өз мойнына жүктейді: «Мен өзім кінәлімін! Ана жерде мен табандылық көрсетпедім, мына жерде мен жалқаулық таныттым, мұнда аяғына дейін жете алмадым, анда дұрыс түсінбеппін!» деп.
Миллион рет айтылды емес пе, адамдар екіге бөлінеді деп: ересектер мен балалар. Олардың жігін ажырататын критерийлердің бірі де осы: адам жауапкершілікті өзіне жүктесе, онда ол – ересек, жауапкершілікті өзгелерге ысырса – онда ол бала болып қалған, мейлі ол тіпті 30, 40, 60 немесе 70-80 жаста болса да.
Бірақ бұл таңдауды әр адам өзі жасайды.
Ұстаз болу да мұғалімнің өз қолында, оны да өзі шешеді. Екі таңдау бар: не еш қиындықтарға қарамай, ыстық пен суығына төзіп ұстаз болуға ұмтыламыз, не «Ұстаз болу – өте қиын екен! Оны қайтемін? Мен оданша жай қарапайым мұғалім болып қала берейін!» деп мұғалім болып қала береміз.
Әрине, сылтау айту оңай! Мысалы, өзіңнің шарасыздығыңды айтып ақталу үшін 1001 себеп табасың: «Ұстаз болатын едім, әттең, қолдың келтесін-ай! «Жоқ жомарттың қолын байлайды» демекші, маған директордың (завучтер, басқа әріптестерім, ата-аналар, оқушылар, жалақым, ауылымның шалғау жатқаны, ауылда Интернет қуатының әлсіздігі, уақыт жоқ, бала-шағамды асырау қажеттілігі, малға қарау керектігі, кешегі жауған қар, т.б.) кедергі болып тұрғаны-ай! Енді мен мына директордың орнынан кетіп, жаңа директордың тағайындалуын күтемін! (Немесе «басқа завуч, әріптестер, ата-ана, оқушылардың болуын,  жалақымның өскенін, басқа ауылға көшкенімді, ауылда Интернет қуатының күшеюін, бала-шағамның өсіп-жетілуін, малдың бәрін сатып жібергенді, көктемді күтемін, т.б.»).
Ал сылтау айтпау, ақталмау қиын! Ұстаз болам дегендер еш сылтау айтпайды да! Өйткені олар – борыш адамдары. Олардың түсінігінде «Мен өз борышымды еш қиындықтарға қарамай міндетті түрде атқаруым керек!» деген ұғым мықтап орын алған. Олар өз міндеттерін орындауды «Екі-ақ нәтиже қабылданады: не «Бар!» – не «Жоқ!» деп түсінеді.
Шынында да не пайда ақталғаннан, сылтау келтіргеннен, егерде берілген істі дер уақытында және өз дәрежесінде атқармаса, орындамаса? Сылтау мен ақталу осы істі бітіруге көмектесер ме екен?
Сондықтан да әр мектепте мұғалімдердің өзара қарым-қатынас ережелерін құрастырғанда, ең алдымен «сылтау айтпаймыз, ақталмаймыз» деп келісуі керек болар. Оқушылармен жұмыс жасағанда да осы ережені қабылдаған дұрыс шығар. Демек, оқушыларға «Балалар, егерде сіздер үйге берілген немесе сабақта берілген тапсырмаларды орындамасаңыздар, еш сылтау қабылдамайық деп келісейік! Яғни бізде екі ғана баға бар деп есептейік: «орындады» және «орындамады» деген!» деп айтып, олардың өз біліміне, тәртібіне, жасаған әрекеттері мен сөйлеген сөздеріне деген жауапкершілігін тудыруға ұмтылған жөн.
Тағы да бір мәселе. «Перфекционизм» ұғымына сай шебер болу туралы әңгіме қозғайын. Не істесек те, сол істің байыбына үңіліп, оның түп-тұқиянына жетіп, жілігін шағып, майын жеу керек шығар, ең жақсы, ең үздік болуға ұмтылу қажет шығар. Мысалы, ең жақсы ата-ана, ең жақсы жар, ең жақсы ұл не қыз, ең жақсы дос, ең жақсы маман болуды мақсат тұтқан дұрыс болар. Міне, дәл осындай түсініктер санамыздан ойып орын алуы қажет. Осы идеялар қоғамда адамдардың негізгі ұстанымдары болғаны абзал.
Ұлдарының біреуі - АҚШ президенті, екіншісі - сенатор, үшіншісі әділет министрі болған Кеннедилердің әкесі балаларына «Сендер кім болам десеңдер – өздерің біліңдер! Бірақ ең бастысы – өз істеріңнің шеберлері болыңдар!» деп айтқан сөздерін естен шығармау керек.
Алайда бізде «шеберлік» ұғымы әлі де басты мақсатымызға айналмаған ба деп сезіктенемін. Менің қаупім мынау: біздің қоғамда «шеберлік», «кәсібилік» («профессионализм»), «өз ісінің білгірі» деген түсініктер кереметтей де құрметке ие емес, олар әр адамның мақсат-міндетіне айнала қоймаған, кеңінен ел ішінде таралмаған.
Бізде (мүмкін мен қателесетін де шығармын) негізінен дүмшелік, дилетантизм басым. Сондықтан да бізде өз жұмысын тереңінен меңгерген шынайы мамандар аз, бірақ дүмшелер көп. Өз ісінің тұңғиығына үңілмей,  оны атүсті, қалай болса солай орындайтын, тіпті өзінің шалалығын ерсі көрмейтін, оны олқылық пен кемшілік деп санамайтын, тіпті «Онда өздерің жасап алыңдар!» деп бұлданатын мамансымақтар қаншама! Ащы тер төгудің орнына сылтау айтып, мұрнын қанатудың орнына ақталып, табан тоздырудың орнына диванда жатып, қолға сүйел бітірудің орнына бір саусақпен жұмыс жасайтын, оң қолы да сол болып келетін мамансымақтардың заманы ма бұл?!
Жан жағымызға қарасақ, жасаған жұмыстарынан су шығатын сантехниктер, көлігі орта жолда өшіп қалатын шопырлар, ауру адамды бойында жоқ дерттен «емдеп» жүрген дәрігерлер, салған үйлері қисайған құрылысшылар, оқушыларына бедел бола алмай жүрген мұғалімдерді мыңдап көресің.
Бұл «мамандардың» барлығы да өз кәсібінің, атқарып жүрген ісінің байыбына бармай, оз міндеттеріне үстірт қарап, олардың ырымын ғана жасайды. «Ауырдың үсті, жеңілдің асты» – олардың ұстанымы. «Сияқты, тәрізді, секілді» – олар атқарған әрекеттердің сипаты.
Ондайлардың тағы да мынандай ерекшелігі бар. Күту – олардың негізгі ахуалы: ондайлар сабақ басталғанда қоңырауды, жұмыс күні басталса – оның аяғын, апта басында - сенбі-жексенбіні, ай басында – жалақы күнін, жыл басында – 25 мамырды, жұмысқа тұрғанда – зейнетке шығуды күтеді. Құдды «Мен ертең ересек боламын, сол кезде керемет боламын!» деп бәрін де ертеңгі күнге ысыратын бала секілді.
Тұрсынбек әжуалағандай, біздің қоғамда көп маман өз қызметін уақытша, өзіне сай емес, тән емес деп қабылдайды: «Бұл жұмыс мен үшін лайық емес, мен бұдан да жақсы қызметке лайықпын! Мен күн ертең-ақ бұдан да жақсы жұмысқа ауысамын!» Сондықтан да бұл адамдар өзін мұнда уақытша деп түсінгендіктен, әрине, олардың жұмысқа беріле қоймайтындығы анық.
Осылайша өтіп жатқан өмірден өзін сырт ұстау, оған толығымен берілмеу, жоқ нәрсені күту олардың өмір салтына айналып кетеді. Ертең өлім төнгенде, олар тіпті де өмір сүрмегенін, тек күтумен күндерін өткергенін кеш түсінеді.
Неліктен? Жауап: жауапкершіліктің аздығы немесе тіпті де жоқтығы.
Бұл мамандар өзінің өзгелер алдында, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінбей, керісінше, қоғам мен өзгелерді өз алдында жауапты деп есептейді. Олар өзгелерді емес, эгоистік пиғылда тек өзін ойлап, бала секілді барлық адамдарды өзіне қызмет жасайтындар деп түсінеді.
Тұжырым жасайық. Өміріміз мәнді, мағыналы болсын десек, ересек болайық! Сылтау айтпайық, ақталмайық! Өз ісіміздің шебері болайық, шеберліктің шыңына ұмтылайық! Күтпейік, керісінше өмірге қарсы жүрейік!  
Өміріміз мәнді, мағыналы болсын десек, өзімізді емес  - өзгелерді ойлайық!
Адам – құрал емес, мақсат болуы керек (И.Кант). Адамдар үшін өмір сүруге ұмтылу керек, еңбекті де адамдар үшін жасау керек. Адамзат ғұламаларының «Мүмкін өмір дегеніміз басқа адамдарға қызмет жасау шығар» деп тұжырымдағаны бекер де емес шығар.
Мысалы, таксистер әдеттегідей жолаушылардың бет-әлпетінен жол ақысы болатын 500 теңгенің орнына шынайы адамдардың жүзін көрсе, әдеттегідей адамдардың қиындықтарынан ақша жасау ниетінен өзгешелеу мақсатқа - өз көліктерімен адамдарға қолғабыс көрсетуге – ұмтылса, олардың табыстары да өседі.
Дәл осылай кез келген басшы (мәселен, мектеп директоры) қоластындағыларды өз мақсатына жеткізудің құралы деп түсінбей, оларды өз жұмысынан биік мақсат пен мән табуға көмектессе, солардың жағдайын жақсартуға ұмтылса, оларды қолдау арқылы шабыттандырса - ол міндетті түрде асқақ нәтижелерге жетеді.
Мұғалім де өз кәсібін ақша, қаражат табу көзі деп түсінбей, айналасына білім мен мәдениет, ағарту мен руханият нәрін таратушы деп қарастырса, шәкірттерінің тұла бойына мейірім мен рақым, қайырым мен ізгілік дарытса, оның өз кәсібінде қомақты нәтижелерге қол жеткізетіндігі анық. Сонда ғана абырой мен құрмет, бедел мен атақ, жалақы мен марапаттар көбейе түседі.
Демек, мұғалім әр сабақта оқушыларына бағытталуы керек: олардың мұң-мұқтаждарын бірлесе отырып айқындап, оларды қарым-қатынас пен сабақта елеп-ескеріп, шәкірттерімен үнемі ақылдасып отырады, олардың ой-пікірлерімен ұдайы санасуды әдетке айналдырғаны дұрыс.

Аралас сабақ құрылымы

Сабақ құрылымы бойынша ұсыныстар
(уақыты мөлшерлеп көрсетілген)
а) Аралас сабақ
І. Сабақтың басы (Бұл кезеңді «Проблема айқындау» немесе «Қызығушылықты ояту», «Қажеттілік тудыру», «Мотивациялау кезеңі» деп те атауға болады).
Бұл кезеңде үш мақсат жүзеге асырылады:
1) Қарастырылатын тақырып бойынша оқушылар бұрынғы білімдерін есіне түсіреді.
2) Оқушылар белсенді әрекеттерге жұмылдырылады.
3) Үйренудің мақсаттары мен күтілетін нәтижелерді (оқушылардың мақсатқа жеткендіктерінің дәлеелі) айқындау арқылы оқушылар ойлау жұмысына ынталандырылады.
Мұғалімнің міндеттері:
- Оқушыларды жаңа білім қабылдауға және игеруге белсенділендіреді.
- Проблемалық (қызықты, «мұзжарғыш», «сәбіз») сұрақ немесе тапсырма арқылы оқушыардың сабаққа деген қызығушылығын тудыру.
Оқушылардың міндеттері:
- Тақырып бойынша өз мақсаттарын (күтілетін нәтижелерді) айқындайды.
- Тақырып бойынша өз өмірлеріне тікелей қатысы бар нақты проблемаларды айқындайды.
- Проблема бойынша өздерінің бұрынғы білімдерін есіне түсіреді, оларды салыстырады, байланыстырады.
- «Не білемін?», «Не білгім келеді?», «Жаңа білімнің маған берер пайдасы қандай болмақ?» секілді сұрақтарға жауап іздейді.
1. Кіріспе
Раппорт(сенім) орнату – 30 сек.
Үй тапсырмасын тексеру. Тапсырманың шарты мен дескрипторларын (немесе критерийлерін) еске түсіру – 30 сек.
Үйге берілген тапсырманың қалай орындалғанын тексеру- 4-10 мин.
- Оқушылар жұп не топ құрамында дескрипторлар (критерийлер) көмегімен бір-бірінің үй жұмыстарын тексереді, олардың орындалу сапасына «жетістік – кедергі – шешу жолдары» тұрғысында кері байланыс береді.
- Тапсырманы орындау барысында мұғалім қалыптастырушы бағалау жасайды: сыныпты аралайды, оқушылардың қалай үйреніп отырғандығын бақылайды, сұрақ қояды, әңгімелеседі, кері байланыс ұсынады, көмектеседі, консультация (сыбырлау) береді, бағыт-бағдар сілтейді, ынталандырады, мақтайды, оқушылардың үйрену деңгейлері бойынша өзі үшін қорытындылар жасайды, сынып/топ/жұп жұмыстарын үйлестіреді.
Тапсырманы орындаудың нәтижелерін жариялау, бағалау (оқушылардың критерийлер бойынша өзін-өзі немесе бірін-бірі, мұғалімнің кері байланысы) - 1-5 мин.,
Рефлексия: «жетістік – кедергі – шешу жолдары» тұрғысында үй тапсырмасы нәтижелерін талқылау, қорытындылау  – 1-4 мин.
- мұнда «Үй тапсырмасын қалай орындадық? Не үйрендік? Не білдік? Тапсырманы орындау не берді? Мақсатқа жеттік пе? Табысты жерлеріміз қандай болды? Қай жерде қиналдық? Енді не істеу керек? Қалай жақсарту керек? Ол не беруі мүмкін? Қандай қорытынды жасаймыз? Тағы да не білуіміз қажет?» деген секілді 3-4 сұрақтарға жауап іздеу керек:
- алдымен жұп не топпен,
- содан кейін сыныппен.
2. Жаңа тақырып бойынша жұмыстарды ұйымдастыру
Тақырыпты жариялау, оның негізгі сұрақтары мен оқушылардың бұрынғы білімдерін айқындау – 1-1,5 мин.
Мақсат пен бағалау критерийлерін оқушылармен бірге талқылау(5 минутқа дейін):
- Сіздер бүгінгі сабақта не жасауларыңыз (үйренулеріңіз) керек?
- Сіздердің жасай алғандарыңыздың (үйренгендеріңіздің) дәлелі қандай болады?
Оқушылар осы екі сұраққа жауап бермей, сабақты бастауға болмас.
Бұл жерде Донна Оглдың атақты «Білемін, Білгім келеді, Білдім» тәсілінің алғашқы екі сұрағын қолдануға болады: алдымен тақырып бойынша оқушылардың не білетіндігін «Не білемін?» сұрағын талқылау арқылы айқындап алып (алдыңғы оқу), содан кейін «Не білгім келеді?» сұрағын талқылап, оқушылардың мақсатын нақтылауға болады. Ал «Білдім» деген үшінші сұрақ рефлексиялық сипатта болғандықтан, оны тапсырманы орындағаннан кейін немесе сабақ соңында талқылаған орынды.
Бағалау критерийлері(кейде «жетістік критерийлері», «табыс критерийлері», «күтілетін нәтижелер» деп те атайды) оқушыларға ұсынылған тапсырмалардан көрінуі керек.
Сабақ мақсаттары мен бағалау критерийлерін сабақ соңына дейін көрнекі жерге іліп қойған дұрыс. Немесе оларды әр оқушыға (немесе әр жұп, топқа) тілім қағазға басып беруге болады.
ІІ. Сабақтың ортасы - жаңа білімді іздену мен зерттеу кезеңі, мұнда проблеманы шешу жолдары қарастырылып, қолданылады (Бұл кезеңді «Проблема шешу» немесе «Мағынаны ашу», «Өз қолымен жасау/орындау», «Операциялық кезең» деп те атауға болады).
Мұғалімнің міндеттері:
- оқушыларға материалды игерудің ресурстарын, құралдары, амалдары не белсенді әдіс-тәсілдерін ұсынады;
- оқушылардың өздігімен жаңа мәліметті жан-жақты қарастырып, зерттеп, игеруіне қажетті жағдайлар жасайды.
Оқушылардың міндеттері:
- жекелей, жұпн не топ құрамында жаңа ақпаратпен (ресурстар: мұғалімнің лекциясы, мәтін, видео, аудио, слпйд, т.б.) танысады,
- мәлімет бойынша пікір алмасады, ой жарыстырады, талқыға салады;
- ұсынылған негізгі тапсырманы орындап, жаңа ақпарат туралы өзіндік пікір қалыптастырады;
- «Қалайша жаңа білімге үйренемін/ оны түсінемін/ игеремін?», «Қандай тәсілдерді қолданған тиімді?», «Бұл мәлімет туралы менің ойым/түсінігім/қатысым қандай?» деген сұрақтарға жауап беруге ізденеді.
Жаңа тақырыптың мазмұнын игеруге арналған тапсырма №2.
Тапсырманың шарты мен дескрипторларын (немесе бағалау критерийлерін, орындау реті мен тәсілін) талқылау – 1-1,5 мин. Оларды әр оқушыға (немесе әр жұп, топқа) қағазға басып берген дұрыс.
Бұл тапсырмада сабаққа қойылған бағалау критерийлерінің біреуі орын алуы мүмкін.
Тапсырманы орындау - 8-20 мин. Оқушылар жеке, жұп немесе топ құрамында тапсырманы ұсынылған әдіс-тәсіл мен уақыт ауқымында орындайды.
- Тапсырманы орындау барысында мұғалім қалыптастырушы бағалау жасайды: сыныпты аралайды, оқушылардың қалай үйреніп отырғандығын бақылайды, сұрақ қояды, әңгімелеседі, кері байланыс ұсынады, көмектеседі, консультация береді, бағыт-бағдар сілтейді, ынталандырады, мақтайды, оқушылардың үйрену деңгейлері бойынша өзі үшін қорытындылар жасайды, сынып/топ/жұп жұмысын үйлестіреді.
Тапсырманы орындаудың нәтижелерін жариялау, тексеру және орындалу сапасын бағалау (критерийлер не дұрыс жауаптар бойынша өзін-өзі немесе бірін-бірі, мұғалімнің кері байланысы) - 2-5 мин.,
Рефлексия: тапсырманың орындалуын «жетістік – кедергі – шешу жолдары» тұрғысында талқылау, қорытындылау – 1-3 мин.
- мұнда «Тапсырманы қалай орындадық? Не үйрендік? Не білдік? Тапсырманы орындау не берді? Мақсатқа жеттік пе? Табысты жерлеріміз қандай болды? Қай жерде қиналдық? Енді не істеу керек? Қалай жақсарту керек? Ол не беруі мүмкін? Қандай қорытынды жасаймыз?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеу керек:
- алдымен жұп не топпен,
- содан кейін сыныппен.
ІІІ. Сабақтың аяғы - үйренгенді айқындау және бағалау, проблема бойынша шешім қабылдау кезеңі (Бұл кезеңді «Проблема шешімін қорытындылау» немесе «Бағалау-рефлексиялық кезең» деп те атауға болады).
Мұғалімнің міндеттері:
- оқушылардың жаңа мағлұмат бойынша алған білімдерін айқындап, оны бағалап, ол жөнінде өзара пікір алмасу мен талқылау жұмысын ұйымдастырады.
Оқушылардың міндеттері:
- осы сабақта білгендері мен үйренгенін дәлелдейді, үйренгендерін тұжырымдайды;
- олардың қолданысы туралы ойланады, пікірлеседі;
- өзінің жаңа біліміне баға береді;
- сабақта не нәрсеге үйренгендігі және қалайша жұмыс жасағандығы туралы есеп береді,
- жаңа білімді нақты бір проблема шешуде қалай қолданатындығын айтады;
- «Не білдім/үйрендім? Менің қандай жетістіктерім болды? Нені сәтті жасай алдым? Оның себебі қандай? Қандай кедергілер болды? Нені сәтті жасай алмадым? Оның себебі қандай? Бұл білім маған не үшін керек? Бұл білімнің қолданысы қандай? Бұл білімді ары қарай қалай дамытамын/ жалғастырамын? Тағы да не білгім келеді?» деген секілді сұрақтарға жауап беруге ізденеді.
Жаңа тақырыптың мазмұнын бекітуге арналған тапсырма №3.
Тапсырманың шарты мен дескрипторларын (немесе бағалау критерийлерін, орындау реті мен тәсілін) талқылау – 1 - 1,5 мин. Оларды әр оқушыға (немесе әр жұп, топқа) қағазға басып берген дұрыс.
Бұл тапсырмада сабаққа қойылған бағалау критерийлерінің біреуі орын алуы мүмкін.
Тапсырманы орындау - 4-10 мин. Оқушылар жеке, жұп немесе топ құрамында тапсырманы ұсынылған әдіс-тәсіл мен уақыт ауқымында орындайды.
- Тапсырманы орындау барысында мұғалім қалыптастырушы бағалау жасайды: сыныпты аралайды, оқушылардың қалай үйреніп отырғандығын бақылайды, сұрақ қояды, әңгімелеседі, кері байланыс ұсынады, көмектеседі, консультация береді, бағыт-бағдар сілтейді, ынталандырады, мақтайды, оқушылардың үйрену деңгейлері бойынша өзі үшін қорытындылар жасайды, сынып/топ/жұп жұмысын үйлестіреді.
Тапсырманы орындаудың нәтижелерін жариялау, тексеру және орындалу сапасын бағалау (критерийлер не дұрыс жауаптар бойынша өзін-өзі немесе бірін-бірі, мұғалімнің кері байланысы) - 2-5 мин.
Рефлексия: «жетістік – кедергі – шешу жолдары» тұрғысында талқылау, қорытындылау – 1-3 мин.
- мұнда «Тапсырманы қалай орындадық? Не үйрендік? Не білдік? Тапсырманы орындау не берді? Мақсатқа жеттік пе? Табысты жерлеріміз қандай болды? Қай жерде қиналдық? Енді не істеу керек? Қалай жақсарту керек? Ол не беруі мүмкін? Қандай қорытынды жасаймыз?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеу керек:
- алдымен жұп не топпен,
- содан кейін сыныппен.
Бұл рефлексияны сабақ соңындағы рефлексиямен біріктіріп жіберсе де болады.
Сабақ бойынша рефлексия: сабақ нәтижелерін талқылау, қорытындылау (2-5 мин.):
- «Сабақта не үйрендік? Не білдік? Тапсырманы орындау не берді? Қалай орындадық? Сабақ мақсатына жеттік пе? Оның дәлелі қандай? Табысты жерлеріміз қандай болды? Қай жерде қиналдық? Енді не істеу керек? Қалай жақсарту керек? Ол не беруі мүмкін? Қандай қорытынды жасаймыз?» деген секілді сұрақтарды талқылау («жетістік – кедергі – шешу жолдары» тұрғысында):
- алдымен жұп не топпен,
- содан кейін сыныппен.
Үйге берілген тапсырманы талқылау (мақсаты, дескрипторларын не критерийлері мен орындалу жолдарын) – 1 минуттан бастап оқушылар түсінбейінше тоқтатпау керек.
Әр оқушыға мақсат, дескрипторларды (критерийлерді) қағазға басып берген дұрыс.

Өзара көмек көрсету

Бірігу керек!
«Адамдардың 2% ғана табысқа жетеді екен, осыншама адамның іс-әрекеттері нәтижелі болады. Ал қалған 98% адамдардың жасағандарының барлығы да табыссыз болады» дейді бір лекциясында ресейлік тренер Радислав Гандапас.
Барлық адамдардың іс-әрекеттері табысты болу үшін не жасау керек? Бұл тұрғыда қолданатын шара біреу ғана: өзге адамдардың көмегіне жүгіну керек екен! Басқа адамдармен бірлесе, өзгелердің көмегімен жасаған әрекеттер ерекше нәтижелі болады: олардың тиімділігі енді 2% емес, 70%-ға дейін өседі екен!
Басқалардан қандай көмек алуға болады? Ең бірінші кезекте, уақыт пен энергияны. Сізге қол ұшын бергендер өз уақытын бөледі. Бұған қоса қолдау мен құптау арқылы, кеңес пен ұсыныстар беру арқылы, білім мен ақпаратпен бөлісу арқылы көңіл-күйіңізді көтеріп, өз мүмкіншіліктеріңізге деген сеніміңізді көтеру арқылы күш-жігеріңізді асқақтатады, өмір сүру мен жұмысқа деген ынтаңызды жоғарылатады.
Екіншіден, бірлесе жұмыс жасау арқылы сіз жағымды қарым-қатынас қуанышына бөленесіз, осы арқылы өзіңіздің кәсіби біліктілігіңізді арттыра түсесіз!
Өзгелерден көмек сұрау үшін не керек? Әрине, ол үшін сұрай білу керек! Бұл дегеніңіз, өзіңнің ішкі тәкаппарлығыңмен күресу, өзіңнің шалқайған ішкі «эгоңды» еңкейту, ғұлама Сократ тәрізді өзіңнің білмейтіндігіңді мойындау қажет!
Сол себепті де адамзат қоғамының ең басты сұрағы мынау болу қажет шығар: «Мен сізге қалай көмектесе аламын?»
Бұл сұрақты өзгелерге дамылсыз қоя беру керек дейді Р.Гандапас. Балаңыз мектептен келгенде оған «Бүгін қанша алдың?» емес, - «Менен саған қандай көмек керек, балам?» деп сұраған дұрыс. Дәл қазір қолымызға телефон ала салып, ата-анамызға «Менен сіздерге қандай көмек керек?» деп айтайық. Мектепте де әрбір әріптесімізге, сабақта әр сынып пен әр оқушыға «Мен сіздерге қандай көмек көрсете аламын?» деп сұраған орынды болар.
Егерде жан-жағымызға осы сұрақты қоятын болсақ, аз уақыттан кейін өзіміз де өзгелерден «Мен сізге қалай көмектесе аламын?» деген сұрақты еститін болармыз!
2019 жылдың наурызында өткен «Оқыту жаһандық мақсаттарға бағытталған жолда» атты әлемдік форумның «Оқытудың жаһандық мақсаттарына қарай. ХХІ ғасырда тірі қалу бойынша нұсқаулық» атты қорытынды коммюникесінде былай деп жазылғандығын естен шығармаған абзал: «ХХІ ғасырда адамзат алдында тұрған ең үлкен қауіп ядролық соғыс емес, экологиялық апат емес, адамдарды роботтармен алмастыру емес, ессіз террористердің шабуылы емес. Адамзат алдындағы ең үлкен қауіп – адамдардың бірлесе әрекеттесуден бас тартуы».
Демек, адамзат алдында тұрған ең асқақ мақсат – бірігу. Бірігу - әрбір ұлттың, әр жанұяның, әр ұжымның, әр ортаның, әр мектептің, әр сыныптың да негізгі мақсаты болуы керек. Сонда ғана біздің ісіміз өнеді, ілгерілейді, нәтижелі болады!
Менен сізге қандай көмек керек, әріптес?

Көшбасшылық туралы

Көшбасшылық туралы
(ресейлік тренер Р.Гандапастың идеялары бойынша)
Күнделікті әдетім: кітаптың бірнеше бетін оқу немесе бір видеолекцияны тыңдау. Бүгін ресейлік бизнес-тренер Радислав Гандапастың көшбасшылық туралы 20 минуттық бір лекциясын тыңдадым. Сол лекциядан туындаған ойларымды қысқаша түрде келтірейін.
Көшбасшы деген тек өзгелерді басқаратын, өзгелерді белсенді әрекеттерге ынталандыратын, шабыттандыратын адам ғана емес, көшбасшылық деген өзгелердің алдына шығу емес. Бірінші мезетте көшбасшылық – ішкі ұғым.
Шын көшбасшы – ең алдымен өзін-өзі басқара білетін адам, ол өзінің барлық әрекеттеріне, сезімдеріне, айтқан сөздеріне, кеңірек алғанда: өз өміріне қожайын. Ал өзін-өзі басқару дегеніміз алдыңа биік мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында өзіңді-өзің шектей алу, міндеттей алу, мәжбүрлей алу, қышап, қинай алу, әрекеттену мен жұмысқа салу.
Бала кезімізде неміс жазушысы Р.Распенің барон Мюнхгаузеннің хикаяларын қызықтап оқушы едік қой? Есіңізде шығар, баронның батпаққа түсіп кетіп, өзін-өзі камзолының жағасынан ұстап, ат-матымен бірге тартып шығарғандығы? Көшбасшы да дәл осылай өзін-өзі алдына қойған мақсатқа жету жолында күнделікті үйреншікті күйбеңнен «суырып» шығара алады.
Мысалы, адамға жаңа дағды қалыптастыру керек делік: ішімдік ішу мен темекіні доғару, таңғы жаттығу не жүгіруді бастау, тойға баруды шектеу, ерте жатып, ерте тұруды әдетке айналдыру, күніне кемінде 30 минут кітап оқу, бес уақыт намаз оқуды бастау, майлы ет жеуді азайту, т.б. Ішінде көшбасшылық қасиеті бар адам бұл әрекетті бір күнге де қалдырмай, дереу жүзеге асырады. Оның көшбасшылығы өзін-өзі реттей және шеттей алуынан көрінеді.
Ал ішкі көшбасшылығы кем дамыған адам бұл дағдыларды «ертең-бүрсігүні, дүйсенбіден не 1-қаңтардан бастаймын» деп өзін-өзі алдап, уақытын жіберіп қояды (прокрастинация). Бұл жәйт - оның өзін шектей де, мәжбүрлей де алмайтындығының айғағы, ол өз-өзіне қожайын емес.
Демек, ішкі көшбасшылық - адамның өзін бір мақсатта шоғырландыру, мобилизациялау, шабыттандыра алу деген сөз.
Адамның ішінде ересек пен бала бір мезгілде өмір сүреді. Көшбасшы – ересек адам. Көшбасшы емес – әлі де бала болып, инфантилизм атты өмір салтын таңдаған адам.
Бала болып қалған адам өзгелердің қамқорлығында болып (мемлекет, қоғам, басшы, мекеме, жұбайы, т.б.), жауапкершіліктен қашады («Мен емес, өзгелер жасасын!», «Мен емес, өзгелер кінәлі!» деген сыңайда), ол негізінен өзін шектеп, мәжбүрлей алмайды. Ол өмірде де, жұмыста да «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүріп өткісі келеді, ащы тер төккеннің орнына демалып, көңіл көтергісі келеді (мысалы, бітпейтін тойларға барып). Ол кішкентай бала секілді бәрін де өзіне қызмет жасау керек деп түсінеді: «Неге жасамайды мен үшін? Неге маған бермейді? Неге маған қарамайды?!»
Ал өзін ересек сезінетін адам алдына биік мақсаттар қойып, соған жету жолында лапылдап жанып, өзін де, қажет болса өзгелерді де шабыттандырып, белсенді әрекеттерге бара алады. Ересек адам бұл үшін шаршау мен шалдығуға, өсек пен ғайбатқа қарамай, уақыты мен қаржысын, энергиясы мен күш-жігерін аямай, күні-түні қара тер төгуге, алға жүруге дайын болады.
Өмірде бала немесе ересек болатындығы адамның өзіне байланысты: таңдауды әр адам өзі жасайды.
Мысалы, адам бала болуды таңдайды. Енді ол ештеңеге жауап бермейтін, ышқына еңбектенбейтін жұмысты таңдайды. Рас, бұл жұмыста жалақы аздау, бірақ атқаратын жұмысың да аздау. Есесіне сен ешнәрсеге де жауап бермейсің, өйткені сен үшін басқалар жауап береді: басшы, мекеме, қоғам, т.б. Бұл жұмыста өзіңді көрсетпесең де болады, өйткені көптің бірі болып, көптің ішіне сіңіп кету «бала» үшін өте ыңғайлы.
Бұған қоса егерде бұл жұмыста басшылар сен сияқтылар үшін түрлі корпоративтік ойын-сауық кештерін ұйымдастырып жатса – «бала» үшін бұдан кереметі жоқ. Өйткені өзің емес, өзгелер сенің көңіліңді көтереді, сені ойнатады, билетеді. Тамаша нәрсе емес пе: ештеңе жасамасаң да болады – кішкентай баланы ойнатқан секілді «ересектер» сенімен айналысады, саған бәрін де дайын түрде жасап береді, шайнап аузыңа салады? Біздің неліктен тойды көп жасайтынымыздың бір сыры осы инфантилизмде, «бала» болуымызда жатқан жоқ па?
Осылайша бүкіл өмірді «бала» болып өткеруге болады: бәрі де саған қарыздар, бәрін де саған дайын түрде жасап беруі керек, сенен өзгенің бәрі де жауапты әрі сол үшін кінәлі болуы керек. Айналаңызға қарасаңыз, 40, 50, 60, 70, тіпті 80 жастағы «бала» ұстанымындағыларды көптер көруге болады емес пе?
Ал ересек болуды таңдаған адам «әке» не «ана» рөлдерін өзіне ерікті түрде жүктеп алады. «Ересек» адам жауапкершілік пен бастамашылдықты таңдайды. Ол өзін тек өз әрекеттеріне жауапты деп есептемейді. Ол өзін бүкіл мекеме (мысалы, мектеп), ауыл не қала, бала-шағасы үшін жауапты деп есептейлі. Сол себепті де «ересек» рөлін таңдап, көшбасшы болған адам көшеде кетіп бара жатып, жол ережелерін бұзу, қоқыс тастау секілді өрескел қылықтарға міндетті түрде көңіл бөледі, ондайларды болдырмауға тырысады: қажет болса көшедегі қоқысты өзі жинайды.
Көшбасшыда мұның бәрі автоматты түрде жүзеге асырылады. Ал егерде біреу жерге лақтырылған қағазды алып, қоқыс салатын жәшікке тастап, «Біреу көріп қоймады ма?» деген қауіппен жан-жағына ұрлана қараса, онда бұл адамның ішінде әлі де «бала» отыр деген сөз. Өйткені нағыз көшбасшы ондай әрекеттерді  еш қиналмай, өзгелердің пікірлеріне  алаңдамай атқарады.
Тағы да бір мысал. Егерде сіз мектепте өзіңізді «ересек» санап, көшбасшы болғыңыз келсе, онда мектептегі кемшіліктер, олқылықтар мен келеңсіздіктерді түзету туралы  ойларыңыз бен ұсыныстарыңызды дереу директорға барып айтыңыз. Егер директор «өзім білемге» салып, сізді тыңдамайтын болса, онда екінші, үшінші не төртінші рет барыңыз. Онда да тыңдамаса, директордың орынбасарлары арқылы өз ойларыңызды жеткізіңіз. Немесе таныстырылым жасап, оны педкеңесте көрсетуге тырысыңыз. Осындай тегеурінді әрекеттердің нәтижесінде директор да жеңілер: «Сіздің мұндай ұмтылысыңызда бір гәп бар шығар! Ұсыныстарыңызды тыңдап, іске асырып көру керек шығар! Бірақ дұрыс болмаса, өзіңіз жауап бересіз!» деп жауапкершілікті сізге жүктеп қояр. Көшбасшы жауапкершіліктен қашпайды, бірақ тоқтамайды, алған бетінен қайтпайды.
Демек, көшбасшы деген ішіндегі «баланы» жеңіп, «ересекті» таңдаған, жауапкершіліктен қашпайтын, ылғи да бастама жасайтын адам деп есептейік. Көшбасшы кез келген келеңсіздіктің қасынан үндемей өте алмайды, өйткені ол өзін барлығы үшін жауапты деп есептейді. Көшбасшыда «Менің бұған қатысым жоқ!» деген ұғым жоқ! Сондықтан да көшбасшы үнемі бастама жасап, әрекеттенеді.
Сонымен, көшбасшы деген өзіне «Жоқ!» деп айта алатын, өзін мақсатқа жету жолында мәжбүрлейтін адам деп тұжырымдайық. Тек өзін-өзі басқара білген адам ғана өзгелерді басқара алады.
Қажет болған жағдайда өз мақсатына жету үшін көшбасшы адам өзге адамдарды бұл іске жұмылдырады: «Көшбасшы дегеніміз өзге адамдардың арқасында мақсаттарына жететін адам» (Мэри Фоллет). Бұл үшін көшбасшы өзгелерді асқақ идеямен ынталандырып, оларды ортақ мақсат ауқымында біріктіріп, белсенді әрекеттерге жігерлендіре алады.
Тұжырымдайық. Көшбасшылық - өмір сүру салты, ол өмір бойы жүзеге асырылады. Іштей көшбасшы болған, «ересек» болуды таңдаған адам өмір бойы көшбасшы болады. Көшбасшылықты одан ешкім де тартып ала алмайды.
Өзін-өзі дамыту, өркендету – көшбасшының негізгі қасиеттерінің бірі. Көшбасшы болу дегеніміз жақсартуға ұмтылу керек, жақсы нәтижелер, асқақ мақсаттарды жүзеге асыру, елге көмектесу, басқаларды қолдау, шабыттандыру, үйрету, аз сөйлеп, көп тыңдау және көп әрекеттену.

Өзіңді басқару, шоғырландыру

Өзіңді армияға шақыр!
Жақында (13.11.2019) Түлкібас стансасындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте 11-сынып оқушыларының (сынып жетекшілері Сартаева Гүлжан мен Мақпал Бекбарова) ұйымдастырған мамандық таңдау тақырыбындағы іс-шараларына қатыстым. Бұл жиында оқушылар өздерін ерекше толғандырып жүрген мәселелер туралы әңгіме-дүкен құрып, оның ішінде ҰБТ-ға дайындықты да сөз етті.
Сұхбаттасудың соңына қарай Айгерім есімді қыз маған мынандай сұрақ қойды:  
- Біз секілді мектеп түлектеріне қандай ақыл айтар едіңіз?
Мен мұнда сіздерге де оқушыларға берген жауабымның ізімен бір әңгіме айтып берейін.
ҰБТ-ға дейін мөлшерлеп 6 ай қалған секілді. Уақыт көп те емес, аз да емес. Қажетті жетістіктерге жету үшін алдымен мақсатты айқындап алыңыздар. Мысалы, мақсат «ҰБТ-да қалаған ЖОО-ға түсу мүмкіндігін беретін балл мөлшерін жинау» болсын делік.
Екіншіден, осы мақсатқа жету үшін, ресейлік тренер Радислав Гандапастың сөзімен айтқанда, өзіңізді армияға шақырыңыз. Басқаша сөзбен айтқанда, мақсатқа жету үшін 6 айға өзіңіз үшін мобилизация жариялаңыз, яғни осы уақыт ішінде бар күш-жігеріңізді осы бағытта шоғырландырыңыз. Армияда солдат күні бойы немен айналысады? Әрине, 8 сағаттық түнгі ұйқыдан басқа кезде тек Отанға қызмет жасап, өзінің жауынгерлік борышыын өтеумен шұғылданады.
Оқушы да 6 ай ішінде өз мақсатына қызмет жасауы керек.
«Армияға шақыру» – бұл мақсатқа жетудің ең тиімді құралдарының бірі.
Өзіңізді «армияға шақырғанда» не істеу керек?
1. Ең алдымен мақсатыңызды айқындап, іс-әрекеттеріңізді жоспарлап, міндеттеме қабылдау керек.
Бұл үшін өзіңіз үшін мақсатыңызды егжей-тегжейіне, бүге-шігесіне дейін сипаттап, суреттеп, оған жету жолында не жасайтындығыңызды қағазға жазып алу керек.
Мәселен, оқушы ҰБТ-да қанша балл алғысы келетіндігін, әр пән бойынша кемінде қанша сұраққа жауап беретіндігін, қандай оқу орнына түскісі келетіндігін, ол үшін не жасау керектігін А-4 парағына жазып, тіпті олардың суреттерін салып (визуализациялау!) оны төсегінің басына іліп қоюы керек.
Осылайша оқушы тек мақсатын жазып қоймай, сонымен бірге айқын міндеттемелер де қабылдаған болады. Бұл парақ ылғи да оның көз алдында болып, мақсатын ұмыт қалдырмауға көмектеседі. Бұған қоса бәріміз де визуализацияның жағымды күшін де жақсы білеміз ғой! Ол бойынша визуализацияланған мақсатымызға біз міндетті түрде қол жеткіземіз!
Бұл әрекет солдат казармасында ілінген «Жауынгер міндеттері» мен күн тәртібі іспеттес.
2. Қол бос болмау керек.
Армияда (әсіресе алғашқы 6 айда) солдаттың қолы еш босамайды: әскери жаттығулар, кезекшілік, бұйрықтарды орындау.
Дәл осылай оқушы да 6 айда тек ҰБТ-ға дайындалуы керек. Ол әр күнінің бір минутын да бос жібермей, өзінің әр мезетін осы мақсат бағытында жұмсауы қажет: сабақ уақытын да, сабақтан кейінгі уақытты да. Ол солдат секілді мұғалімдердің айтқанын мүлтіксіз орындауы керек (офицердің бұйрығын орындамайтын солдатты көрдіңіздер ме?). Бұған қоса ол өзіне де мақсатқа жету тұрғысынан бұйрық беріп, оны орындау жолында тынбай еңбектенуі керек: өзін аямай, өзін мәжбүрлеп, қажет болған жағдайда тіпті қинап та. Өйткені армияда «Бұйрықтар талқыланбайды – орындалады!»
3. Күнделікті қызықтардан өз еркіңмен бас тарту керек.
Армияда солдат еш қызық көрмейді емес пе? Дәл осылай өзін «армияға шақырған» оқушы да 6 ай бойы қызық көрмеуі керек. Ол осы уақытта өзінің энергиясы мен мақсатқа жететіндігі туралы сенімін азайтатын әрекеттердің бәрінен де өз еркімен бас тартуы керек.
Бұл үшін, біріншіден, жора-жолдастармен кездесулерді азайтып, көңіл-көтеру шараларынан (дискотека, театр, т.б.) қашу керек, өйткені сіз «армиядасыз», сізге ҰБТ-ға күні бойы қызмет жасау керек. Армияда үзіліс болмайды емес пе? Мысалы, солдат таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қызмет жасап, әрі қарай бос болмайды ғой. Дәл осылай оқушы да күні бойы тек мақсатына қызмет жасауы керек.
Екіншіден, телевизор деген бәледен де толығымен бас тарту керек. Өйткені армияда солдат телевизорды қарау үшін командирінен арнайы рұқсат алуы керек және де әдетте ондай рұқсат берілмейді де: «Қайдағы телевизор?! Қызмет жасаңдар!»
Үшіншіден, ұялы телефон мен әлеуметтік желілердегі қарым-қатынастарды да күрт азайту керек. Мысалы, армияда солдат күніне бір рет қана ата-анасымен хабарласа алады. Осы секілді оқушы да 6 айға бар қызықтан өз еркімен бас тартқаны абзал.
4. Өзіңді шектеу керек.
Армияда солдатта бәрі де тапшы: уақыт та, ақша да, киім-кешек те, кешке қарай энергиясы да сарқылады.
ҰБТ-ға дайындық барысында оқушы да өзін шектеуі керек: ол өзінің әр сағаты мен минутын жоспарлап, еш қолы бос болмауы қажет, соның салдарынан кешке төсекке шаршап-шалдығып құлауы керек.
Бұл бағытта оқушы өзін-өзі немесе өзгелердің өзін аяп, мүсіркеуге жол бермей, мұндай «жұмсақтықпен» күресуі керектігін де ескеруі керек.
5. Жаңа дағды қалыптастыру керек.
Мақсатқа жету жолында оқушы жалқаулықты жеңіп, комфорт аймағынан шығу үшін жаңа дағдыларды қалыптастыруы керек. Мүмкін оның жолдастарымен бірігіп, өздеріне қажетті дағдылардың тізімін жазып алғаны да дұрыс. Олардың қатарына, мысалы, ерте жату мен ерте тұруды, 15-20 минуттық таңғы жаттығу жасауды немесе 20 минуттық жүгіруді, күніне кемінде бір рет медитация жасауды, кемінде 2 сағат кітап оқуды, қолы тиген уақытта ҰБТ сұрақтарына дайындалуды (мысалы, күніне 10 сағаттан кем емес), т.б. қосуға болатын шығар.
Бұнымен бірге оқушы осы дағдыларды қашан қалыптастыратындығын да жазып, қатаң түрде бұл міндеттемелерін орындауы қажет. Ол тіпті өз міндеттерін орындамаған жағдайда өзін-өзі қалай шектейтіндігін де анықтап алуы керек (жазалау секілді).
6. Демобилизация уақытын нақты анықтау.
Оқушы мақсатына апарар жолда ауыр жұмыс пен шектеулерден шаршап немесе зорығып қалмауы үшін демобилизация күнін нақты айқындауы керек. Мұнда «демобилизация» дегеніміз ҰБТ-ға дайындықтың аяқталатын күн. Оқушы шектеу мен ауыр жұмыстың міндетті түрде аяқталатындығын, ҰБТ көрсеткіштерінің өзі жоспарлағандай жоғары болатындығын, содан кейін демалысқа да жететін күннің туатындығын жақсы білуі керек.
Оқушы тіпті сол күннен соң қалайша демалып, шектеулерден бас тартатындығын көз алдына нақты елестетіп, тіпті ЖОО-ға түсуін қалайша тойлайтығын да қағазға жазып, ылғи да көз алдына елестетіп жүруі керек. Мысалы, «дембельге» шыққан күннен бастап қалайша ұйқысын қандыратындығын, күні бойы телевизор қарап, ұялы телефонын емірене шұқылайтындығын, жолдастарымен дискотекаға барып би билейтіндігін, ЖОО студенті атанып, университет табалдырығынан қалай аттайтындығын армандауы керек.
Міне, осындай қиял мен армандар оқушыға 6 айлық «армияның» қиындықтары мен шектеулеріне шыдауға көмек береді.
Әрине, өзіңді «армияға шақырудың» ең қиын бөлігі – мобилизацияны бастау. Егерде оқушы «Мерекеден кейін бастаймын!», «Жаңа жыл келсін!» немесе «Дайындыққа қажетті кітаптарды тауып алайын, содан кейін бастаймын!» деп өзін алдайтын болса, сылтаулар айтса, онда оның ешқашан да өзін-өзі мобилизациялай, мәжбүрлей, қинай алмайтындығы хақ. Ал онсыз бұл өмірде биік мақсаттарға жету екіталай.
Егерде оқушы өзін «армияға шақырып», діттеген мақсаттарына жетсе (ҰБТ-да жоғары балл алып, ЖОО-ға түссе), онда ол бұл әрекеттің мақсатқа жетудің ең тиімді құралы екендігін түсінеді. Мүмкін сәл демалып алғаннан кейін ол өзін қайтадан «армияға шақырып» (мысалы, студенттік өмірдің 4 жылына, немесе қысқарақ алып 1-2 жылға), асқақ мақсаттарына жетуге тырысатын да болар.
Осылайша кешегі оқушы, ал бүгінгі студент бүкіл өміріне қажетті бар күш-жігерін мақсатқа шоғырлану, жұмылдыру, өзін қамшылау дағдыларын қалыптастыратын шығар.  
Мұндай дағдыларды әр адамға қалыптастырған артық болмас.

Сұрақ қою

Сұрақ қоюдың маңызы
Жақында бір ауылдық мектепте мұғалімдермен кездесіп, әңгіме-дүкен құрдық. Негізгі мәселе мұғалімдердің кәсіби біліктерін тұрақты түрде арттырудың ең тиімді жолдарының бірі – бірлесу туралы болды. Мектепте мұғалімдер бастарын қосқан жағдайда ғана, бірлесе жұмыс жасай бастағанда ғана (бірлесе зерттеу, жоспарлау, сабақтарды талдау, жақсарту, т.б.) өз шеберліктерін арттыратындығы туралы әңгімелестік.
Соңында әдеттегідей кездесуді қорытындылау үшін рефлексия ұйымдастырып, мұғалімдерден өз ой-пікірлерін ортаға салуын сұрадым. Біраз айтылған пікірлердің ішінде ерекше ұнағаны тәжірибелі Назима деген апайдың (жасы шамамен елудің арғы-бергі жағы) айтқан мынандай тұжырымы болды:
- Біздің мектепте 65 мұғалім бар. Бірақ олардың біреуі де ешқашан «Мен білмеймін!» деп айтпайды. Қай мәселе болмаса да, мұғалімдердің барлығы «Мен бұны білемін!» деп тұрады. Бір де бір мұғалім әріптестеріне сұрақ қойып, білмегенін сұрамайды!
Ойланып қалдым...
Мектептегі мұғалімдердің басы да осы себепті қосылмайтын шығар? Мұғалім бәрін де білетін болса, онда өзгелермен бірігудің қажеті қанша? Бәрін білетін болса, онда үйреніп, өзінің кәсіби біліктілігін арттырудың да қажеті шамалы болмай ма?
Осы жерде ойыма еріксіз ғұлама Сократ түседі (көп философтың ұйғарымы бойынша, И.Кант және М.Хайдеггермен бірге адамзат тарихындағы ең терең философтардың үштігіне жатқызылады), оның «Мен ешнәрсе білмейтіндігімді ғана білемін!» сөздері түседі.
Назима апай сөзін былай деп жалғастырды:
- Естуім бойынша жапон мұғалімдері көп нәрсені білмейді екен. Сондықтан да олар бастарын «Сабақты зерттеу (Lesson Study)» топтарында біріктіріп, бірлесе жұмыс жасайды: зерттейді, жоспарлайды, бақылайды, талдайды, жақсартады. Ал біздің бәрін де білетін мұғалімдердің басы еш қосылмайды. Алайда біз қайдамыз, Жапония қайда? Мысалы, PISA бойынша?
Назима апайдың айтқандарын тыңдап болған соң маған мынандай ойлар келді. Мұғалімдердің арасында жалған пікір қалыптасқан ба сонда: «Егерде «Білмеймін!» деп айтсаң – абыройың түседі, беделің төмендейді!» Олай емес, керісінше емес пе еді?!
Жапондарда «Сұрасаң – 15 минут ұяласың, сұрамасаң – өмір бойы ұяласың!» деген нақыл бар. Өйткені сұрақ – таным негізі. Біз тек сұрақ қою арқылы үйренеміз. Өзімізге, өзгелерге, бізге. Пайғамбарымыз (ҒС) бір хадисінде «Жақсы сұрақ – танымның жартысы» деп айтуы бекер емес қой! Бүгінгі күні барлық дерлік инновациялық оқыту/үйрету жүйелерінде бас идея ретінде қолданатын Сократтың атақты маевтика тәсілінің негізінде де сұрақ қою жатыр.
Сондықтан да мұғалімнің ылғи да сұрақ қоюы керек: өзіне, оқушыларына, әріптестеріне. Осылай ғана ол ілгерілейді, білімі мен білігін тереңдетеді, дамытады. Осы тамаша әдетті мұғалім өз оқушыларына да дарытуы керек, олардың да сұрақ қою мәдениетін дамытуы керек, оларды дағдыландыруы керек.
Мен кезінде бір кітабымда «Сұрақ қою қиын ба, әлде жауап беру қиын ба?» деген сұрақ қойып, оған «Әдістемелік ғылым «Сұрақ қою қиын!» деп жауап береді» деп жазғаным бар еді. Ал біз өз сабақтарымызда оқушыларға сұрақ қою тапсырмаларын көбірек ұсынамыз ба, әлде жауап беру тапсырмаларын ба? Әрине, жауап беру! Онда неліктен біз оқушыларымызды жеңіл жолмен алып жүреміз? Неліктен оларға «сұрақ қою» деген қиын тапсырмаларды ұсынбаймыз? Оқушылардың білімі сұрақ қою арқылы ерекше дамымай ма?
Кеше (15.11.019 күні) Берік Асубаевпен әңгімелесіп отырып, одан мынандай қызықты дерек алдым: «1944 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған америкалық физик Исидор Раби (1898 – 1988) кезінде былай деген екен:
-  Менің ғалым болып қалыптасуыма сүйікті анам себепкер болды. Бруклиндегі өзге еврей аналары баласы мектептен келгенде одан: «Сен бүгін қандай жаңалыққа үйреніп келдің?» деп сұрайтын. Ал менің анашым: «Иззи, сен бүгін мектепте бір жақсы сұрақ қоя алдың ба?» деп менен сұрайтын.
Исидор Рабидің Нобель сыйлығын иемденуінің бірден-бір себебі де осы сұрақ қоя білу дағдысы шығар?
Сұрақ қою керек! Жауапты білмесең де, білсең де! Мұнда жалған ұят, намысты жою керек! Қазақта мынандай сөз бар емес пе: «Тамақ ішуде ұят жоқ!» деген? Мен оны жалғастырып: «Үйренуде де ұят жоқ!» деп айтамын. Білмесең – сұрап ал!
Мәселен, мен өз әріптестерімнен білмегенімді сұраудан еш именген емеспін. Курс барысында бір мәселені білмесем, тыңдаушыларға ашық айтамын: «Мен бұл мәселені қазір әріптестерімнен біліп келейін!» деп айтып, әріптестерімнің біреуінің аудиториясына кешірім сұрап кіріп, сол тренердің тыңдаушыларының  көзінше жаңағы білмейтінімді сұрап аламын. Немесе тыңдаушылардың көзінше бір әріптесіме телефон шалып, оған сұрағымды қойып, жауабын аламын.
Білмегенімді сұрауды ашық жасауымда тәрбиелік мән жатқанын түсінген боларсыздар. Осы арқылы педагогтерге мынандай ой жолдаймын (message):  «Мен тренерлердің ішінде ең жасы үлкенімін. Алайда өзімнен жас әріптестерімнен білмегенімді  сұрауға еш арланған емеспін!» Кейде тіпті мәселенің мән-жайын біліп тұрсам да, тыңдаушыларға сабақ болсын деп әріптестерімнен сұраймын.
Үйрену бірінші кезекте сұрақ қою арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да әр мектепте сұрақ қою мәдениетін құру қажет, ол үшін мұғалімдер өздерінде де, оқушыларында да сұрақ қою дағдыларын қалыптастырып, оларды дамытуы керек деп есептеймін!
Осыдан 100 жыл бұрын ХХ ғасырдың басында АҚШ-тағы еврей аналары балаларына «Бүгін нендей жаңалыққа үйрендің?», ал баласын биіктен көргісі келгендері «Бүгін қандай қызық сұрақ қойдың?» деген сұрақта қойған болса, мен бүгінде біздің аналар балаларына сол баяғы «Бүгін қандай баға алдың?» деган сұрақ қойып жүрген жоқ па деп қорқамын.
Бұған қоса мен «Білмеймін!» деген мұғалімге ризашылықпен, ал «Білемін!» деген мұғалімдерге сезіктене қарай бастадым...
16.11.2019

Оқуды қызықты жасау

Парта, сынып, мектеп ауқымынан шығу
Балаларға қозғалыс ұнайды. Өйткені қыз-қыз қайнаған ішкі энергия оларды еш тыныш отырғызбай, үнемі қозғалысқа жетелейді. Балаға мұқият назар аударып, оны сырттай зерттеңізші: ол де бір минут ересек адамдардай тапжылжымай отыра алмайды. Тіпті кітап оқу не теледидар қарау секілді бәсең әрекеттердің өзін атқарғанда да балалар қозғалыста болады. Қозғалмаса – бала тез шаршайды, оның зейіні де бәсеңдейді, қабылдауы да баяулайды.
Сол себепті сабақта қозғалыстың көп болғаны дұрыс. Демек, әр сабақта оқушылардың белсенді әрекеттерін ұйымдастырған жөн: балалар қозғалуы керек, бір орында отырмауы керек. Ондай зерттеулер туралы естігенім жоқ, бірақ мүмкін балалардың ойлау деңгейі олардың белсенді әрекеттеріне тіке байланысты шығар.
Бұған қоса «Түйсіктің автоматизмін жеңу керек!» қағидасына сәйкес әр сабаққа бір жаңалықты ендіру керек. Ол үшін оқушыларға әр сабақта бұрын жасамаған әрекеттерді жасатқан орынды.
Оқушылардың зерігуін туғызбау үшін, оларды белсенді әрекеттерге баулу мақсатында мынандай ұсыныстарым бар.
Сабақ өткізгенде мына идеяларды ұстануға болады:
1) парта ауқымынан шығу,
2) сынып ауқымынан шығу,
3) мектеп ауқымынан шығу.
«Парта ауқымынан шығу» дегеніміз сабақта оқушыларды ең болмаса бір рет партадан тұрғызу керек.
Мысалы, кітапты (мәтінді) оқығанда үйреншікті түрде партада отырып емес, сынып ішінде өздеріне ыңғайлы орын тауып (терезе алдында, тақта алдына шығып, арт жаққа барып, мұғалімнің орындығына отырып, басқа парталарға барып, т.б.), сол жерде оқығаны тиімді болар. Немесе кітапты (мәтінді) партада емес, парта ауқымынан шығып, бір қабырғаға басын тақап оқиды. «Сын тұрғысынан ойлау» жобасында мұндай әрекетті «Қабырғаға оқу» стратегиясы» деп атайды.
Аптасына 1-2 рет (одан да жиі болады) сыныптағы парталарды (үстелдерді) қабырғаға сырғытып, оқушыларды орындықтарға ғана отырғызып сабақ өткізуге болады. Әдеттегі жағдайдан арылып, партасыз ауқымды кеңістікте оқушылар емін-еркін қимылдап, сабақта шаршамайтын болар.
Сабақта ең болмаса бір тапсырманы партадан шығып орындаған дұрыс болар. Әдістемеде ондай тәсілдер көптеп келтірілмей ме? Мысалы, «Үлкен шеңбер», «Шеринг», «Қос шеңбер», «Велосипед шынжыры», «Қонаққа бару», «Жигсо», «Айналмалы бекеттер», «Галереяны шарлау» секілді талай-талай әдіс-тәсілдерді атауға болады.
Егерде сыныпта әдеттегідей бір емес, бірнеше тақта болса, онда әр топты бір тақтаның алдына шығарып тапсырманы орындатуға болатын шығар. Немесе қабырғаныі әр жеріне бірнеше флипчарт (плакат) іліп, соларды тақта орнына қолдануға болады.
Оқушыларды сынып ауқымынан да жиі шығарып тұрған дұрыс. Бір мектепте мынаны байқадым: мұғалім 1-сынып оқушыларына 4 минут өлеңді оқу тапсырмасын беріп, оларға сыныптан шығып, өздеріне ыңғайлы жерде жеке, жұппен немесе шағын топ құрамында оқуға болатындығын ескертті. Нәтижесі мынандай болды: біріншіден, оқушылардың біреуі де кешіккен жоқ, екіншіден, олардың тапсырманы орындау деңгейі жоғары болды.
Неліктен (әрине, мектеп басшылығын ескертіп) сабақтың бір бөлігін (5 не 10, 15 не 20 минутын) немесе тіпті бүкіл сабақты коридорда, дәлізде (фойеде), мәжіліс залында, дене тәрбиесінен басқа сабақтарды спортзалда (егерде ол бос болса), кітапханада, мұғалімдер бөлмесінде немесе тіпті директордың кабинетінде өткізбеске? Оқушылардың сынып ауқымынан шығарылған бұл сабақта ерекше белсенді болып, ықылас-ынталарының әдеттегіден де бетер өсетіндігі сөзсіз.
Анда-санда мектеп ғимаратының ауқымынан да шыққан дұрыс. Мысалы, сабақты мектеп ауласында, мектеп бағында, география не спорт алаңында өткізуге болатын шығар. Немесе тіпті мектеп ауласынан шығып кетіп, сабақты мұражайда, архивте, театрда, зауыт-фабрикада, фермада, паркте, скверде (егерде біз тұратын елді мекенде олар бар болса), табиғат аясында өткізуге әбден болатын шығар.
Таза ауада немен шұғылдануға болады? Бүгінгі сабақ тақырыбы бойынша қажетті үйрену әрекеттерін ұйымдастыруға әбден болатын шығар. Мұнда бүкіл Әлем сынып болады.
Немесе көзге түскен, қол жеткізуге болатын табиғи заттарды (ағаштар, шөп, бұта, жәндіктер, құстар, жануарлар, т.б.) немесе көшедегі заттар (үй, ғимарат, жол, көше, машиналар, т.б.) мен адамдарды (жаяу жүргіншілер, демалып отырғандар, т.б.) санап, өлшеп, сипаттап, суреттеп, олар туралы әңгімелеп, жазып, суреттерін салып, фото мен видеоға түсіріп, интервью алып зерттеу жұмыстарымен айналысады.
Мұнда да бүкіл Әлем сынып болады, жердің беті, құм мен асфальт жазатын тақтаға,  ал бұтақтар қаламға айналады. Табиғат пен көшенің, ауылдың/қаланың әр көрінісі, құбылысы мен ғимараты көрнекілікке, ал жапырақтар мен тастар үйрену құралдарына  айналады.
Сонымен, әр сабақта ең аз дегенде бір рет парта ауқымынан шыққан орынды. Күніне бір рет болса да сынып ауқымынан шығу керек. Аптасына бір рет болса да мектеп ауқымынан шыққан дұрыс.
Үйреншікті  әрекеттердің орнына осындай тосын шешімдерді қолдану арқылы оқушылардың қызығушылығы мен ынтасын оятатын, оларды белсенді әрекеттерге баулитын орта мен жағдаяттар құруға болатындығына мен өзім кәміл сенемін!  

Сабақты зерттеу (Lesson Study)

«Сабақты зерттеу» әдісі: Тошия Чичибу идеяларын тәжірибеде қолдану-2

Нені бақылаймыз? Әрине, зерттеу тақырыбына сәйкес  («Оқушылардың тыңдау мәдениетін жақсарту жолдары») оқушылардың мұғалімді, бірін-бірі, ұсынылған аудио не видеожазбаны қалай тыңдайтынын бақылаймыз. Оқушылардың тыңдалымын жақсарту мақсатында таңдалып, ҚМЖ-ға енгізілген әрбір құрал, әдіс-тәсілдің тиімділігін бақылаймыз. Мақсат: оқушылардың әрекеттерінде не ұтымды және қандай кемістік, кедергілер бар екендігін анықтау. Кейінірек сабақты талдау барысында олардың жетістіктерін қалайша өсіруге, ал кемістіктерін қалай түзеуге болатындығын нақты түрде шешеміз.
Мысалы, оқушылардың тобын бақыладық делік. Онда әр оқушының өзге оқушылар сөйлегенде оларды қалай тыңдағанын бақылап, «Мұқият», «Толықтай емес», «Үстірт», «Тыңдамады» деген бағалармен бағалауға болады, олардың себептерін де қасына түртіп алуға болады. «Балалар өз тобындағыларды жақсы тыңдай ма екен, әлде өзге топтан сөйлегендерді ме?» деген сұраққа жауап іздестіреміз. Немесе «Топ ішінде белсенді тыңдау, бірін-бірі қолдау бар ма, жоқ па?» деген мәселені де бақылаймыз.
Әр кестенің басында ҚМЖ-ның бірінші бетінде көрсетілетін мәліметтерді (күн, пән, мұғалім, бөлім, сабақ тақырыбы, оқу және сабақ мақсаттары, бағалау критерийлері/күтілетін нәтижелер және т.б.) келтіруге болады (мен оларды бұл жерде көрсетпей-ақ қояйын).
Оқушының тыңдалымын бақылау парағы №1
Сынып ___________________________________________________
Аты-жөні  _________________________________________________
Критерийлер
Жоғары
Орташа
Төмен
1.

Мұғалімнің айтқандарын тыңдауы
2.

Топ/жұп ішіндегі талқылаудағы тыңдалымы
3.

Басқа топ мүшелерінің жауаптарын тыңдау дәрежесі
4.

Тапсырманың шартын түсінуі
5.

Аудио (не видео) жазбаларды түсіну деңгейі

Ұтымды жақтары

Жақсарту керек

Жақсарту жолдары
Бұған қоса топтағы оқушылардың мұғалімді қашан және қалай тыңдайтындығын да бақылауға болады: мүмкін мұғалім тапсырма бергенде, оқушылардың назары басқада болып, зейіндері шашыраңқы болатын шығар. Неліктен? Оның себебі қандай: «Мұғалім оқушыларды ынталандыра алмаған ба, тапсырма қызық емес пе, шарты дұрыс құрастырылмаған ба, шарты мен дескрипторлары әр топқа жазбаша берілмеген бе, тапсырманы қалай орындау керектігі топ ішінде талқылау болмаған ба, топта оқушылар рөлдерге бөлінбеген бе, топтағы көшбасшы өз жұмысын дұрыс атқармаған ба, топтағы оқушылар арасында ынтымақ қалыптаспаған ба?» деп шұбырып кете береді.
Бақылаушы мұғалім жол жөнекей «Енді бұл мәселелерді қалай шешуге болды? Не істеу керек? Қандай амал-айла, құрал мен тәсілдерді қолдану керек?» деп ойластыруы керек. Бұл сұрақтарға жауаптарымен ол сабақты талқылау кезінде бөліседі.
Егерде бір оқушыны бақылайтын болсақ, онда оның мынандай әрекеттерін қадағалау керек:
- Сөйлеген адамға денесін бұрып қарай ма? («Иә/Жоқ» деп чек-парақшасы бойынша немесе деңгейін көрсету арқылы да бағалауға болады: «Толықтай», «Жартылай», «Азғантай», «Жасамайды» деп, төмендегі сұрақтарды да осылайша бағалауға болады).
- Белсенді түрде тыңдай ма?
- Сөйлеушіге қолдау көрсете ме?
- Дұрыс тыңдағаны оның кейінгі табысты іс-әрекеттерінен байқала ма?
- Тыңдағанын дәптеріне түртіп алу дағдысы қалыптасқан ба?
- Тыңдағанымен өзгелермен бөлісе ме?
- Түсінбесе, сұрақ қоя ма? Қайта сұрай ма?
Оқушының тыңдалымын бақылау чек-парағы
Сынып ___________________________________________________
Аты-жөні  _________________________________________________
Критерийлер
Иә
1.

Сөйлеген адамға денесін бұрып қарай ма?
ü  
2.
Белсенді түрде тыңдай ма?
ü  
3.

Сөйлеушіге қолдау көрсете ме?
4.

Дұрыс тыңдағаны оның кейінгі табысты іс-әрекеттерінен байқала ма?
ü  
5.
Тыңдағанын дәптеріне түртіп алу дағдысы қалыптасқан ба?
6.
Тыңдағанымен өзгелермен бөлісе ме?
ü  
7.
Түсінбесе, сұрақ қоя ма? Қайта сұрай ма?
8.

Қорытынды
Бұл жерде бақылаудың 3 түрі болатындығын ескеру керек: 1) толық құрылымдалған, 2) жартылай құрылымдалған, 3) құрылымдалмаған.
Жоғарыда келтірілген екі кесте де бақылаудың толық құрылымдалған түріне жатады, өйткені оларда бақылау және бағалау параметрлері толығымен көрсетілген, бақылаушының тек соларды таңдап отырғаны жеткілікті.
Жартылай құрылымдалған бақылауда оқушының бақыланатын әрекеттері ғана келтіріледі, бақылаушы мұнда өзінің не байқағанын жазады. Жоғарыдағы толық құрылымдалған бақылау кестелерін енді жартылай құрылымдап көрсетейін:
Оқушының тыңдалымын бақылау парағы №2
Сынып ___________________________________________________
Аты-жөні  _________________________________________________
Критерийлер
Комментарий
(Қалай болды?)
1.

Мұғалімнің айтқандарын тыңдауы
2.

Топ/жұп ішіндегі талқылаудағы тыңдалымы
3.

Басқа топ мүшелерінің жауаптарын тыңдау дәрежесі
4.

Тапсырманың шартын түсінуі
5.

Аудио (не видео) жазбаларды түсіну деңгейі

Ұтымды жақтары

Жақсарту керек

Жақсарту жолдары
Оқушының тыңдалымын бақылау парағы №3
Сынып ___________________________________________________
Аты-жөні  _________________________________________________
Критерийлер
Комментарий
(Қалай болды?)
1.

Сөйлеген адамға денесін бұрып қарай ма?
2.
Белсенді түрде тыңдай ма?
3.

Сөйлеушіге қолдау көрсете ме?
4.

Дұрыс тыңдағаны оның кейінгі табысты іс-әрекеттерінен байқала ма?
5.
Тыңдағанын дәптеріне түртіп алу дағдысы қалыптасқан ба?
6.
Тыңдағанымен өзгелермен бөлісе ме?
7.
Түсінбесе, сұрақ қоя ма? Қайта сұрай ма?
8.

Қорытынды.
Оқушының тыңдалымын бақылау парағы №4
Сабақ кезеңдері
Оқушының тыңдалым
әрекеттері
Комментарий
1.

Басы

2.

Ортасы

3.

Аяқталуы

Қорытынды тұжырым
Немесе жартылай құрылымдалған бақылауда оқушылардың әрекеттерін бақылау санауға негізделеді:
Оқушының тыңдалымын бақылау парағы №5
Әрекеттер
Неше рет
1.

«Күнбағысты» ұстануы

/ / /
2.

Сөйлеушінің ойын жалғастыруы

/
3.
Парафразды қолдануы

/ /
4.
Қандай ой мен сезімдерді тудырғандығы туралы айтуы

/
5.
Сөйлеушіге қолдау көрсетуі

/ /
6.
Сөйлеушіге кері байланыс беруі

/
7.
Сөйлеушінің айтқанын қорытындылауы

/
8.
«Сыбырлап сөйлеуді» ескеруі

/ /
9.
Белсенді тыңдау тәсілдерін қолдануы

/
10.
Жағымды эмоцияларды білдіруі

/ / / /
11.
«Көз жұмуды» қолдануы

/ /
12.
Сөйлеушінің сөздерін қалайша түсінгендігін айтуы, интерпретациялауы


/ /

Қорытынды

Құрылымдалмаған бақылауда оқушыны қалай және қандай параметрлері бойынша бақыланатындығы алдын-ала айқындалмайды, бақылаушы сабаққа таза парағымен (дәптерімен) кіріп, бақыланатын оқушының (не оқушылардың) қалай үйреніп жатқандығы туралы өз ойларын жазады немесе схема түрінде келтіреді.
Оқушылардың жауап беруге тартылуын бағалауда Тошия Чичибу бүкіл сыныпты бақылаудың мынандай жартылай құрылымдалған кестесін қолданатындығын айтады:
Бірінші қатар
Екінші қатар
Үшінші қатар
№1
3
№2
2, 12
№13
№14
№25
20
№26
№3
5
№4
17
№15
1, 4
№16
№27
№28
№5
№6


№17
№18
18
№29
№30
6
№7
13
№8

8
№19
№20
№31
7
№32
№9
№10
№21
№22
11
№33
9
№34
19
№11
14
№12
10, 16
№23
№24
№35
15
№36
 Сыныпта оқушылардың орналасуы
Мысалы, бұл кесте бойынша сыныпта 36 оқушы 3 қатарда отыр делік (Жапонияда әр сыныпта орташа есеппен 35 оқушы болады). Бақылаушы алдын-ала мұғалімнен оқушылардың оқу деңгейін сұрап алып, оқушылардың реттік нөмірі жазылған шаршыны түрлі түске бояп қояды: озат оқушыларды жасыл түспен, екпінділерді сарымен, орташаларды қызылмен, ал нашар оқитындарды көкшіл түспен. Бақылаушы сабақ барысында мұғалімнің қай оқушыға қандай ретпен сөз бергенін жазып отырады: мысалы, мына кестеде мұғалім ең алдымен №15 озат оқушыға сөз берген, одан кейін №2 екпінді оқушыға, содан соң №1 озат оқушыға деп жалғаса береді. Нәтижесінде мұғалім оқушыларды 20 рет сөйлеуге тартқан: оның ішінде 8 рет озаттарды, 7 рет екпінділерді, 4 рет орташаларды және 1 рет нашар оқитындарды. 3 оқушыға ғана сөйлеу мүмкіндігін берген.
Сабақтағы оқушылардың жауап беру картасын осылайша құрастыруға болады. Осыдан кейін қорытындылар шығаруға болады:
- Оқушылар қалай жауап берді?
- Оқушылардың барлығын әңгімеге тарту мүмкін бе еді? Қалай?
- Орташа және нашар оқитындардың жауап беруін қалай көтереміз?
Мұндай бақылауда мұғалімнің қай оқушымен қанша рет қарым-қатынасқа түскенін көрсетіп (неше рет сұрақ қойғаны, көмектескені, әңгімелескені, т.б.), олардың сапасы туралы өз ойларын түртіп көрсетеді.
Бақылауды фотографиялау арқылы да жүргізген тиімді. Тошия Чичибу бұл тәсілді әр сабақта қолданатындығын айтады. Ол үшін, мысалы, бақыланатын оқушыны (немесе жұпты, топты, сыныпты) жиі-жиі суретке түсіру керек (әр 3 минут сайын). Кейін ол фотоларды сабақ талдау барысында оқушылардың үйрену/оқу ерекшеліктерінің дәлелі ретінде қолдануға болады.
3-ші аптада мұғалімдер осындай бағалау кестелерін өздігімен құрастырады. Олар сабақты талқылауда қажетті ресурс болып, өзіндің пікірлерді тұжырымдайтын дәлелдер болады.
Мұғалімдер осылайша 3-ші аптада ашық сабақтың «генералды репетициясын» жасап, 4-ші аптаға сақадай сай келеді. Осы аптада олар лек ішінде бір-бірімен қоян-қолтық араласып, білгендерін ортаға салып, білмегендерін сұрап, жасағандарын қолданып, апробациялап, ашық сабаққа дайындалады.
Бұған қоса 3-ші аптада мұғалімдер екі апта бойы шағын топ ішінде не жасап, не үйренгендерін де көруге болады: шынайы жұмыс жасаған топ мүшелері лек ішінде де белсенді болып, сұрақ қойып, өз білген-түйгендерімен бөлісетіндігі анық, ал, керісінше, екі апта үстірт еңбектенгендер өз ойын білдіруден қашқақтап, талқылау мен тәжірибемен бөлісуге араласпай өздерін әшкерелеуі де ықтимал. Мектеп басшылары мен Сабақты зерттеуді қадағалаушы үшін мұның бәрі де кімнің қалай жұмыс жасағанының анық белгісі болып, іс-шара қолданудың негізі де болуы мүмкін.
Сонымен 3-ші аптадағы лек (немесе лектер) жұмысының ретін былай да көрсетуге болады:
1. Дүйсенбі. Бүкіл лек бір сыныпқа жиналады. Проблеманы шешу құралдарымен, ҚМЖ-ға өзгерістер енгізу мәселелерін талқылау, соларды қабылдау.
2. Сейсенбі. Бүкіл лек бір сыныпқа жиналады. Бақылау құралдарын талқылау және қабылдау. Бір сабақты ертеңгі күні өткізу үшін дайындау.
3. Сәрсенбі. Бүкіл лек ашық сабаққа қатысады, бақылау құралдарын қолданады. Сабақты талдау, өзгерістер енгізу.
4. Бейсенбі. Бүкіл лек бір сыныпқа жиналады. 4-ші аптада өткізілетін ашық сабақ (Lesson Study) жоспары мен бақылау құралдарының соңғы нұсқаларын құрастырады.
Бұл жұмысты жұма күні де жалғастыруға болады.
8. Төртінші апта. Ашық сабақ (немесе Lesson Study сабағын) өткізу: оқушылардың қалай оқып-үйренетіндігін бақылау және олармен сұхбаттасу.
Төртінші аптада мұғалімдер өздері бірлесе дайындаған ҚМЖ бойынша өткізілетін сабаққа қатысады. Бұл сабақ әдетте барлық сабақтар аяқталғаннан кейін жүргізіледі: барлық сыныптар үйге қайтқанда, бір ғана сынып қалып, педагогтердің барлығы да сол сабаққа қатысады.
Сабақта мұғалімдер алдын-ала құрастырған кестелерді қолданып оқушылардың қалай оқитындығын, өздері таңдаған проблема шешу құралдары жүзеге қалай асырылып жатқандығын бақылайды.
Әрине, сабақ барысында бақылаушылар сабаққа еш кедергі келтірмей, нұқсан тигізбей бақылауды мейлінше байқатпай жүргізуі керек. Оқушылардың әрекеттерін жақсылап көру үшін бақылауды орнымыздан тұрып жасаған орынды.
Қажет болған жағдайда, Пит Дадлидің ұсынысы бойынша, сабақтан кейін бақыланған оқушымен (оқушылармен) сұхбаттасуға болады. Интервью алатын оқушылардың саны 2-ден аспағаны дұрыс болар, яғни егерде 4-5 оқушыдан тұратын топты не бүкіл сыныпты бақылаған болса, онда олардың ішінен екі оқушымен ғана сұхбаттасқан орынды.
Мұндай сұхбатта оқушыларға тек қана олардың сабақта не үйренгендігі мен өзін қалай сезінгендігі секілді жалпылама сұрақтарды қоймай, зерттеу мәселесін шешуге бағытталған құралдардың қалайша жүзеге асырылғандығы, олардың балаларға қандай әсер жасағанын, оқушылардың бұл құралдары қалай қабылдағанын (ұнаған/ұнамағанын, қалайша жұмыс жасауға көмектескенін/ көмектеспегенін, тиімді-тиімсіз болғандығын, т.б.) сұраған дұрыс.
Мысалы, тыңдалымды жақсартудың құралы ретінде сабақта «Күнбағыс» тәсілін қолдандық делік. Онда сабақтан кейін бақыланған оқушылардан мына секілді сұрақтарға жауап алу қажет болар:
- «Күнбағыс» болған қиын емес пе екен?
- Бұл тәсіл басқаларды тыңдау үшін тиімді ме екен? Дәлел келтіріңізші.
- Самғат деген оқушы сөйлегенде неліктен сіз қасыңызда отырған Ертай деген оқушымен оған бұрылмадыңыздар?
- Сіз орныңыздан тұрып сөйлегенде, балалардың барлығы да сізге бұрылды. Өзіңізді қалай сезіндіңіз?
- «Күнбағыс» тәсілінің тиімді жақтары қандай болды деп ойлайсыз?
- «Күнбағыстың» қиын тиген тұстары қандай болды?
- «Күнбағысты» келесі сабақта қалай жақсартуға болады деп ойлайсыз?
Бұл үшін оқушылардан интервью алу (сұхбаттасу) парағын дайындап алып, оқушылардың жауаптарын сол қағазға түсіріп отыруға да болады.
Оқушыдан интервью алу парағы
Аты-жөні _____________________________________________________________________
Талқыланатын сабақ тақырыбы ___________________________________________________
Сұрақтар
Оқушының жауаптары


- «Күнбағыс» болған қиын емес пе екен?
- Бұл тәсіл басқаларды тыңдау үшін тиімді ме екен? Дәлел келтіріңізші.
- Самғат деген оқушы сөйлегенде неліктен сіз қасыңызда отырған Ертай деген оқушы екеуіңіз оған денелеріңізбен  бұрылмадыңыздар?
- Сіз орныңыздан тұрып сөйлегенде, балалардың барлығы да сізге бұрылды. Өзіңізді қалай сезіндіңіз?
- «Күнбағыс» тәсілінің тиімді жақтары қандай болды деп ойлайсыз?
- «Күнбағыстың» қиын тиген тұстары қандай болды?
- «Күнбағысты» келесі сабақта қалай жақсартуға болады деп ойлайсыз?
Оқушы үнін анықтау мақсатында сабақ соңында немесе сабақтан кейін балалардан қысқаша не жабық (дайын жауаптардың ішінен біреуін/бірнешеуін таңдау керек), не ашық (дайын жауаптары жоқ, оларды оқушылар өздері жазуы керек) сауалнама да алуға болады. Бұл үшін оқушыларға 3-4 сұраққа жауап беру тапсырылады.
Оқушылардан сауалнама алу парағы
Түсініктеме. Құрметті оқушы! Төмендегі сұрақтарға жауап беру арқылы сіз өздеріңіздің қалай оқып-үйренетіндіктеріңіз туралы құнды мәлімет беріп, сабақты жақсартуға көмек бере аласыз. Сондықтан да сауалнама сұрақтарына шынайы жауап бергеніңіз үшін сізге алғыс айтамыз!
Аты-жөніңізді жазбасаңыз да болады.
1. Бұл сабақта белсенді тыңдаудың қандай тәсілдерін өз топтарыңызда қолдандыңыздар? 2 тәсілді атаңыз.
а) «Күнбағыс» тәсілі;
ә) сөйлеушіні дауыстап қолдау;
б) сөйлеушіні ишаратпен (бас изеу, бас бармақ көрсету, қол шапалақтау) қолдау;
в) сөйлеушіге жағымды кері байланыс ұсыну;
г) сөйлеушіге сұрақтар қою;
ғ) сөйлеушінің жауабына парафраз айту.
2. Осы сабақта топ ішіндегі тыңдауды 5 балды жүйемен қалай бағалар едіңіз?
а) 1;
ә) 2;
б) 3;
в) 4;
г) 5.
3. Сыныптағы тыңдауды қалай бағалар едіңіз?
а) 1;
ә) 2;
б) 3;
в) 4;
г) 5.
4. Оқушылардың бірін-бірі нашар тыңдауының себебі қандай деп ойлайсыз? 1 жауапты көрсетіңіз.
а) тыңдау мәдениеті отбасында қалыптаспағандықтан;
ә) сыныпта оқушылар арасында ынтымақ кемшін;
б) оқушылардың эгоизмі: олар тек өзі сөйлегенді қалайды;
в) оқушылар тек мұғалімді ғана тыңдау керек деп есептейді;
г) мұғалімдер оқушылар арасында тыңдау мәдениетін қалыптастырмаған;
ғ) оқушылардың өзін-өзі басқаруы жүзеге асырылмаған.
Әрине, сауалнама тез арада өңделіп, оның нәтижелері барлық мұғалімдерге таратылуы керек.
Оқушылармен сұхбаттасу және сауалнама алу нәтижелері (оқушылардың пікірі, түсінігі, қабылдауы, көзқарасы, т.б.) сабақты талқылауда дәлел ретінде қолдануы мүмкін.
Сабақты талдау. ҚМЖ-ын жақсарту. Сабақ аяқталғаннан кейін іле-шала талдау жұмыстарын жүргізу керек: бұл әрекетті өзге күнге ауыстыруға болмас, өйткені мұғалімдердің сабақ туралы әсерлері мен пайымдаулары күн өте көмескілене беретіндігі анық.
Талдауда зерттеу мәселесін шешу үшін таңдалған құралдардың тиімділігі, содан кейін оларды қолдануда туындаған кедергілер, кемшіліктер, қиындықтар, олқылықтар, жетіспеушіліктер қарастырылып, соңында жетістіктерді асырып, дамыту, ал кемшіліктерді түзету мен болашақта болдырмау мәселелері талқыланады.
Мұнда талдау «Не және қалай болды? Неліктен олай болды? (Себебі қандай?) Бұл не білдіреді? Енді не істеу керек?» деген сұрақтар ауқымында жүргізілуі мүмкін.
Мәселен, алдымен құралдардың қандай тұрғыдан ұтымды, тиімді, пайдалы, сәтті болғандығы талқыланды делік («Не және қалай болды?» сұрағы). Басында бақылаушы оқушылардың оқып-үйрену әрекеттерінде қандай жетістіктерді байқағанымен бөліседі:
- Мен бақылаған Баймырза деген оқушы «Күнбағысты» жақсы қолданып, барлық дерлік жауаптарды белсенді тыңдады: өзге оқушылар мен мұғалімнің сөйлегенде басын шұлғып, сөзбен қолдап, өзінің жақтайтынын білдіріп отырды».
Енді оқушының бұл әрекетінің себебін келтіру керек:
- Менің ойымша, Баймырзаның тыңдалымына мынандай жәйттер жағымды әсер жасады: 1) Топтағы оқушыларды рөлдерге бөлу. Баймырза өзіне бөлінген «Қадағалаушыға» рөліне сәйкес топтағы оқушылардың әрекеттерін қадағалап тұрды. Бұл рөл Баймырзаның жауапкершілігін көп арттырған секілді, өйткені бұрынырақта мұғалімдер оған жауапты рөлдер орындауды тапсырмағаны белгілі болды. 2) Әр топта белсенді тыңдаудың ережелері жазылған парақшаның бар болуы. Оқушылар ылғи да сол парақшаға қарап, өз әрекеттерін ережелерге сәйкестендіріп отырды.  
Енді «Не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздеу қажет:
- Сонымен, тыңдалымды жақсарту үшін шағын топтарда оқушыларды рөлдерге бөлген дұрыс екен. ҚМЖ-на осыны енгізейік және келесі сабақта да оның тиімділігін бақылайық. Бұған қоса рөлдердің тізімін жалғастырып, әр сабақта әр оқушы жаңа рөл «ойнап» отырғаны дұрыс секілді.
Екіншіден, тыңдалым ережелері жазылған парақшалардың әр топта, тіпті әр оқушының қолында болғаны тиімді екен. Дәл осылай әр оқушыға сабақ мақсаттары мен күтілетін нәтижелері (бағалау критерийлері), тілдік мақсаттар, әр тапсырманың дескрипторлары мен үй тапсырмасы жазылған парақшаларды да берген орынды болар. Мұндай парақшаларды мынандай кесте түрінде ұсынуға да болады:
Сабақ тақырыбы
Сабақ мақсаттары
Бағалау критерийлері (күтілетін нәтижелер)
Тілдік мақсаттар:
- тілдік дағдылар
- арнайы пәндік лексика мен терминология
- диалог құруға арналған пайдалы тіркестер мен фразалар
- талқылауға арналған сұрақтар
Дескрипторлар:
- 1-тапсырма
- 2-тапсырма
- 3-тапсырма
Тыңдалым ережелері
Келесіде осы жәйтті ескеріп, ҚМЖ-на өзгертулер енгізейік.
Міне, осы секілді лек құрамындағы әр бақылаушы мұғалім өз ойын ортаға салып, талқыдан өткізеді. Бұл талдаудың түпкі мақсаты – сабақ жоспарын, кеңірек алғанда оқушылардың оқып-үйренуі мен мұғалімдердің сабақ беруін жақсарту, «Біз не жасасақ, сабақты қалай ұйымдастырсақ, оқушылар жақсы оқиды?» деген сұраққа жауап табу.
Әрине, талдауда барлық мұғалімдердің позитивті болып, оқушылардың әрбір әрекетінен (ұтымды болсын, сәтсіз болсын – бәрінен де) қорытынды шығарып, педагогикалық тәжірибеге өзгертулер мен жақсартулар енгізіп отырғаны орынды. Бұл талдауда сабақ жүргізген мұғалімнің әрекеттеріне ешбір сын айтылмайтындығы баршамызға да белгілі.
Осылайша мұғалімдер оқушылардың әрекеттерін талдап, оларды жақсартудың амалдарын ҚМЖ-ға түсіру арқылы өз тәжірибесін жақсартады. Бұл ҚМЖ-ын тіпті «идеалды сабақ жоспары» деп атауға тұрарлық, бірақ оның «идеалдығы» тек келесі сабақты өткізуге  дейін созылады: сабақты бақылау нәтижесінде жоспарланған келесі ҚМЖ енді «идеалды» болады. Бұған қоса талқылауда келесі айда қарастырылатын зерттеу тақырыбы анықталады (егерде алдын-ала айқындалмаған болса), ал егерде тақырып алдын-ала айқындалған болса, онда тақырыптың негізгі сұрақтарын анықтаған орынды.
Ендігі қадам - өзгертілген, жаңартылған, жақсартылған ҚМЖ, сабақты бақылауда туындаған идеялар мен құралдармен басқа лектердің мұғалімдерімен бөлісу. Бұл үшін сенбі немесе дүйсенбі күні мұғалімдер бастарын қосып, 30 минуттық немесе 1-1,5 сағаттық дөңгелек үстел немесе диалог алаңы, семинар, таныстырылым көрсету секілді шараларда өз ойларымен бөліседі. Нәтижесінде айқындалған зерттеу проблемасын шешу жолдары, құралдары, амалдары мен әдіс-тәсілдері мұғалімдердің әдістемелік «қоржындарына» салынады: енді олар әр мұғалімнің педагогикалық қолданысында болып, сабақ жоспарлау мен өткізуде өз көрінісін табады.
Басқаша сөзбен айтқанда, енді мектептің барлық мұғалімдері зерттелген проблеманы қалай шешу керектігін білетін болады.  Мәселен, бір ай бойы мектептің барлық мұғалімдері тыңдалымды жақсарту мәселесімен айналысқан болса, онда бір ай өте барлық сыныптарда тыңдалым жақсарып, әр сабақта мұғалімдер тыңдалымды жақсартатын құралдарды тиімді түрде қолданады. Ал егерде тыңдалым нашарлай бастаса, мұғалімдер ондайда не істеу керектігін, қандай құралдарды қолдану керектігін жақсы білетін болады.
Бірақ зерттеу проблемасы қандай да бір себептермен (күрделі болғандықтан, мұғалімдердің тәжірибесі жетпегендіктен, т.б.) төрт аптада шешілмеген болса, онда ол мәселені шешу үшін тағы да бір немесе бірнеше апта, не тіпті бір ай жұмсаса болады.
Мұндай толассыз, бір күнге де тоқтамайтын жұмыс нәтижесінде мектеп ұжымы жылына 8-10 тақырыпты зерттеп, әр мұғалім жыл бойы 4-8-дей ашық сабақ өткізеді (не бүкіл мектеп ауқымында, не LS тобы құрамында), ал бүкіл мектеп (немесе лек) қатысқан LS сабақтарының саны 8-10 (егерде әр лекте айына бір сабақ өткізілсе) немесе 16-20 болады (егер әр лекте 2 сабақ өткізілсе).
Тошия Чичибудың идеялары бойынша мектепте Сабақты зерттеуді осылай да қолдануға болады деп есептеймін.
Бірақ «Қатып қалған ештеңе жоқ» демекші, әр мектептің басты ұстанымы «Мектебіміздің «Сабақты зерттеу» әдісін құру керек!» болуы керек шығар. Өйткені әр мектеп – қайталанбас құбылыс та, объект те. Еліміздегі 7000 мыңнан сәл асатын мектептің әрқайсының ешкімге ұқсамайтын өзіндік таңбасы мен ерекшеліктері бар: мұғалімдері, оқушылары, ата-аналары, әкімшілігі, МТБ, тарихы, деңгейі, ынтасы, т.б.
Сондықтан да Сабақты зерттеуді де әр мектеп өзіне бейімдеп қолдануы керек. «Жақсы адам бәрінен де үйренеді» деген нақылды есте сақтай отырып, өзімізге керектісін алып, ыңғайлы, бейімді, мектебімізге дөп келетін идеялар мен құралдарды таңдап, оларды өзгертіп, дамытып, тереңдетіп, ұзартып не ықшамдап алғанымыз дұрыс болар. Мейлі олар Пит Дадлидің кітабынан немесе Тошия Чичибудың идеяларынан алынған болсын!
Мұнда тек беделді пікірлерге сілтеме жасап, дамудың орнына бір орында тұрып қалмай, тіпті артқа кетпеген дұрыс: «Менің ұлы тренерім осыдан екі жыл бұрын курста «Былай жасау керек, ал олай жасауға болмайды!» деп айтып еді!» деген сыңайда. Өйткені, біріншіден, бұл айтылған ұғым да бүгінде ескіріп қалған шығар, ал, екіншіден, тернер сіздің мектебіңіздің хал-ахуалын бүге-шігесіне дейін білмеуі де мүмкін. Не істеу керектігін тек сөздер өздеріңіз ғана шешесіздер!
Ең бастысы мектебіміздегі Сабақты зерттеу үрдісі оқушылардың оқып-үйренуі мен мұғалімдердің оқыту тәжірибесін жақсартса болғаны, оқушылар мен мұғалімдердің ынтымағын арттырып, мектепте үйренетін және үйрететін орта қалыптастыруға септігін тигізсе болғаны.
Ең бастысы бұл жұмысымызды кезекті науқанға айналдырмай, Сабақты зерттеуді тұрақты, жүйелі және шынайы түрде жүзеге асырып отырсақ болғаны. «Тұрақты» дегеніміз – күнделікті, «жүйелі» дегеніміз – жоспарлы түрде, «шынайы» дегеніміз өзіміз үшін (комиссия не басшылар үшін емес, көзге түсу үшін емес, атымызды шығару үшін емес), өзіміздің кәсіби біліктілігімізді арттыру үшін, балта-шоттарымыз мұқалмас үшін.

Сабақты зерттеу (Lesson Study)

«Сабақты зерттеу» әдісі: Тошия Чичибу идеяларын тәжірибеде қолдану
«Сабақты зерттеу» әдісін мектепте былай да ұйымдастыруға болады. Бұл жерде мен жапон ғалымы Тошия Чичибумен әңгімелескенде туындаған идеяларды қолдануды ұсынамын.
1. Шағын топтарға бірігу.
Алдымен әдеттегідей мектептегі барлық мұғалімдерді 3-5 (максимум 6) адамдық топтарға біріктіру қажет. Топтарға мұғалімдер өз қалаулары бойынша жақын араласатын әріптестерімен бірігеді немесе мектеп әкімшілігі сауалнама арқылы («Бір топта кіммен бірлесе жұмыс жасағыңыз келеді?» деген сұраққа берілген жауаптарды талдай отырып, бірін-бірі қалағандарды бір топқа біріктіреді) жинақталады.
2. Шағын топтарды лектерге жинақтау.
Егерде мектептегі мұғалімдер 30-дан асатын болса, онда оларды 15-20-дан лектерге біріктіру керек, яғни әр лек ішінде 3-4 шағын топ болады.
Ал мұғалімдердің саны 30-ға дейінгі ұжым бір лек болып жұмыс жасай береді (лек ішінде 6-7 топ болады).
30-40 мұғалімді 2 лекке (әр лекте 3-4 топ болады), 50-60 мұғалімді 3 лекке (әр лекте 4-5 топ болады), одан асып кетсе – 4 не 5 лекке біріктіруге болар (мұнда да әр лекте 4-5 топ болады).
3. Бүкіл мектепке 1 айға ортақ болатын зерттеу тақырыбын таңдау.
Зерттеу тақырыбы дегеніміз оқушылардың үйренуіндегі, оқуындағы бір кемістік, жетіспеушілік, кедергі, қателік не олқылық. Зерттеу «Соны қалай түзетеміз? Оқушылардың оқуы мен үйренуін қалай жақсартамыз?» деген сұрақтарға жауап іздейді.
Әр сабақта ондаған проблемалар туындайды емес пе?
Мысалы, оқушылардың:
- оқуға деген қызығушылығы, белсенділігі, тыңдалымы, тапсырмаларды орындауы, бірлесе жұмыс жасауы, бір-біріне көмектесуі, кітап оқуға деген ынтасы, көшбасшылығы, сыни ойлауы, сұрақтар қоя білуі, сұрақтарға жауап беруі, бірлесе таңдау жасауы мен шешім қабылдауы, шығармашылығы, өз ойын ауызша және жазбаша жеткізуі, зейінін шоғырландыруы, мақсат қоя білуі, мәтінді түсініп оқуы, функционалдық сауаттылығы, кері байланыс беруі, өзін-өзі бағалауы, бірін-бірі бағалауы, АКТ құралдарын қолдануы, рефлексия жасауы, сыныптағы ынтымағы, т.б. деп шұбырта беруге болады.
Зерттеу тақырыбын мұғалімдер бірлесе айқындайды немесе оны да сауалнама арқылы белгілеуге болады: мұғалімдердің ең көп дауысын жинаған тақырып алдымыздағы айдың негізгі мәселесіне айналады.
Бұл зерттеу тақырыбы барлық мұғалімдер, топтар мен лектер үшін ортақ болып, бүкіл мектеп осы тақырыпты шешу үшін бір ай бойы жұмыс жасайды. Бір ай бойы мұғалімдер жеке-жеке осы проблеманы шешу жолдарын өз сабақтарын жоспарлауда қарастырады, сабақтарында қолданады, сабақтан кейінгі рефлексия мен талдауда оларды жақсартады. Сабақты зерттеу топтары да дәл осы мақсатта жұмыс жасайды.
Бір айда мектеп мұғалімдері аталмыш проблеманы қалай шешу керектігін анықтап алып (құралдарды, қадамдарды, амалдарды, әдіс-тәсілдерді, т.б. таңдап), ол кемшілікпен қалай жұмыс жасау керектігін айқындап, оны болашақта қайталамаудың, болдырмаудың жолдарын да белгілейді. Бір ай бойы бір тақырып бойынша жұмыс жасағаннан кейін бұл мектепте жан-жақты зерттелген жаңағы кемістік енді қайталанбайтын шығар, қайталанса – мұғалімдер онымен қалай күресу керектігін, оны қалай түзету керектігін жақсы біледі.
Байқап жүрмін, бүгінгі күні мектептерде Сабақты зерттеу топтарының әрқайсысы (ал әр мектепте олардың саны бірнешеу болады) дербес бір зерттеу тақырыбымен айналысады. Мысалы, бір топ тыңдалым мәселесімен айналысса, екінші топ оқушылардың қызығушылығын арттыруды, ал үшінші топ оқушылардың бірлескен әрекеттерін зерттейді. Демек, мектептің барлық мұғалімдері шағын топтарға бөлініп кетеді, оларды ортақ тақырып біріктірмейді, зерттеу зейіндері де шашыраңқы болады.
Бұған қоса әр топтың зерттеу нәтижелері өзге мұғалімдерге «жеткізілгенімен», мәселені шешу жолдарын басқа мұғалімдер өз қолымен жасамағаннан кейін оларды үстірт, атүсті қабылдауы да мүмкін.
Ал бұл жерде мектеп мұғалімдерінің барлығы да бір тақырып ауқымында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірін-бірі жақсы түсінетін болады: мақсат та бір, әрекеттер де мұғалімдерді бөлмейді, керісінше біріктіреді.
4. Ашық сабақтың ҚМЖ-ына өзгерістер енгізу.
Лек ішіндегі бір немесе екі мұғалім айдың соңында ашық сабақ (немесе Lesson Study сабағын) өткізеді. Ол мұғалім (немесе екі мұғалім) сол сабақтың ҚМЖ-ын айдың басында елдің барлығына да таратады. Мақсат: мұғалімдер төрт апта бойы ортақ тақырыпты зерттеумен қатар осы ҚМЖ-ға өзгерістер енгізумен айналысады, оны жақсартуға тырысады. Зерттеудің үшінші аптасында олар өздерінің ұсыныстарын басқа топтарға жеткізеді, барлығы бірлесе осы ҚМЖ-дың соңғы үлгісін дайындайды.
Бұл ашық сабақ қай сыныпта өткізіледі? Ол маңызды емес. Бұл ашық сабақ (Lesson Study сабағы) барлық мұғалімдердің 3 апта бойы жасаған зерттеу нәтижелерін жүзеге асыру сабағы болады.
5. Бірінші және екінші апталар. Шағын топтарда зерттеу жұмыстарын жүргізу: проблема себептері мен шешу жолдарын айқындау.
Бүкіл мектепке ортақ зерттеу тақырыбы айқындалды, барлық мұғалімдерге ашық сабақтың (немесе сабақтардың) ҚМЖ-ы таратылып берілді. Енді екі апта бойы мұғалімдер тақырып пен ҚМЖ бойынша шағын топ құрамдарында (3-5 мұғалім болып) жұмыс жасайды, зерттеу проблемасының себептері мен шешу жолдарын (амал-айла, құрал, қадамдар, әдіс-тәсілдер, т.б.) айқындайды.
Мысалы, мектептің осы айға таңдап алынған тақырыбы «Оқушылардың тыңдау мәдениетін жақсарту жолдары» делік. Әр мұғалім өз сабақтарында оқушылар тыңдалымының нашар болуының себептерін айқындап, оларды қалай шешуге болатындығын топшылайды, тәжірибе жүргізеді.
Бұл үшін мұғалімдер оқушылардың әрекеттерін бақылайды, олармен сабақ барысында және сабақтан кейін әңгімелеседі, қажет болған жағдайда сауалнама алады, өз сабақтарына өзгерістер енгізіп отырады. Бұған қоса топ мүшелері күнде-күнде (немесе кемінде аптасына 3-4 рет) сабақтан кейін кездесіп, тыңдалымның нашар болуының себептері мен оны шешу жолдары туралы өз ойларымен бөліседі, ашық сабақ ҚМЖ-ына қандай өзгерістер енгізіп жатқандығын талқылап, талдайды.
Мысалы, мектептің осы айға таңдап алынған тақырыбы «Оқушылардың тыңдау мәдениетін жақсарту жолдары» делік, демек әр мұғалім өз сабақтарында оқушылардың тыңдалымын жақсартуға тырысады, осы мақсатта түрлі амал, айла, тәсіл мен құралдарды қолданады, олардың оқушыларға қандай әсер еткендігін байқайды: «Оқушылар бірін-бірі және мұғалімнің айтқандарын тыңдап жатыр ма, түсініп жатыр ма?» деген сыңайда.
Осы мақсатта мұғалім оқушылардың тыңдау әрекеттерін бақылайды, өзі қолданып жатқан шешімдердің оң немесе сол нәтиже беріп жатқандарын бағалайды, қорытынды шығарады. Мысалы, мынандай:
- «Оқушылардың тыңдай алмай себебінің бірі сыныпта тыңдалым ережелерінің болмауында. Алдымен әр сыныпта «Тыңдау ережелерін» құрастырып, қабылдау керек екен. Мен 7А сыныбында осылай жасап, ережелерді тақтаға іліп қойып едім, содан бастап оқушылар бірін-бірі және менің айтқанымды тыңдауға ден қоя бастады».
- Мен сыныбымда «Тыңдау ережелерін» құрастырып, оған мынандай әрекеттерді енгіздік: біреу сөйлегенде оның сөзін бөлмеу, сөйлеп тұрғанды мұқият тыңдау, тыңдаушының айтқанын түсінуге тырысу, сөйлеушіге қолдау көрсету, жылы қабақ таныту, «Мен айтайыншы!» деп қолды безектетіп көтермеу, белсенді тыңдау тәсілдерін қолдану, сөйлегенге кері байланыс ұсыну».
- «Сөйлеу алдында 5 секундтық кідіріс (пауза) жасаған орынды екен. Кідіріс жасағанда барлық оқушылар назарларын сөйлеушіге аударады екен. Демек, кідірісті әр жауап алдында қолдану керек екен. Ол үшін «Тыңдау ережелеріне» кідіріс туралы қосымша бап енгізу дұрыс секілді».
- «Ең бастысы – кез келген мәселе бойынша әр оқушының ой-пікірін сұрасаң, өзге оқушылар оларды тыңдайды екен, өйткені олар өзгелердің пікірін білгісі келеді. Ал егерде оқулықта не жазылғанын сұрасаң, онда өзгелердің тыңдалымы нашарлайды екен, өйткені оларға жауап белгілі. Демек, оқушыларды сабақта көтерілетін кез келген мәселе бойынша өз ойларын айтуды ұйымдастыру керек».
- «Күнбағыс» ережесін қолдану қиынға соқты: біреу сөйлегенде, өзгелер оған бетін, денесін бұрмай жатыр әлі де. Бұл жерде, мүмкін, кішкене доп не жұмсақ ойыншық қолданған дұрыс болар: оларды басқаларға лақтырып, осылайша келесі сөйлейтінді оқушылардың өздері анықтаса, басқалары доптың кімге тигенін көру үшін бұрылатын шығар. Келесі сабақта осы тәсілді жасап көру керек екен».
- «Сөйлеу кезегін анықтау оңай болмай жатыр. Сұрақ қойып, «Кім айтады?» деп сұрау бүгінде оқушыларды тіпті де селт еткізбейтін секілді: олардың біреулері бұғып қалса, кейбіреулері ғана «Мен айтайыншы!» деп қолдарын көтереді. Сондықтан да сұрақты барлық сыныпқа қойып, оны шағын топ ішіде не жұппен 30 секунд не 1 минут талқылауды ұйымдастырған дұрыс секілді. Келесі сабақта осыны қолданып көру керек екен».
Шағын топтар осылайша күнделікті (немесе аптасына 3-4 рет) кездесіп, сабақтарын бірлесе жоспарлап, зерттеу тақырыбын шешу жолдарын, бақылау құралдарын талқылаумен айналысады. Бұған қоса олар аптасына 1-2 рет топ құрамындағы мұғалімдердің сабағына қатысып, зерттеу мәселесін шешу жолдары мен бақылау құралдарын осы сабақтарда қолданады, апробациялайды. Қажет болған жағдайда сабақтан кейін 1-2 оқушыдан интервью алады. Осы әрекеттер барысында мұғалімдер ашық сабақтың ҚМЖ-ына да өзгерістер енгізуді ұмытпайды.
Сонымен алғашқы екі аптада мұғалімдер шағын топтарда жұмыс жасап, мына әрекеттерді атқарады:
1) зерттеу мәселесін шешу жолдарын өз сабақтарында қарастырады, қолданады, шешім шығарады,
2) шағын топ құрамында күнделікті (немесе аптасына 3-4 рет) кездесіп, бірлесе жоспарлайды, зерттеу мәселесін шешу жолдары мен бақылау құралдарын қарастырады,
3) аптасына 1-2 рет топ мүшелерінің сабақтарына қатысады, зерттеу мәселесін шешу жолдары мен бақылау құралдарын осы сабақтарда қолданады, оқушылармен сұхбат жүргізеді,
4) 4-ші аптада өткізілетін ашық сабақ ҚМЖ-ын талдайды, оған өзгерістер енгізеді.
6. Үшінші апта. Лек құрамында мұғалімдер бірлесе жұмыс жасайды.
Енді бір апта бойы лектегі барлық топтар мен мұғалімдер бірлесе жұмыс жасайды. Ол үшін сабақтардан кейін аптасына 3-4 рет кездесіп, алғашқы екі аптада шағын топтар құрамында жасағандарын енді лек құрамында (15-20 мұғалім) орындайды:
1) әрине, бұрынғыдай зерттеу мәселесін шешу жолдарын өз сабақтарында қарастырады, қолданады, шешім шығарады,
2) лек болып аптасына 3-4 рет кездесіп, бірлесе жоспарлайды, зерттеу мәселесінің ең тиімді шешу жолдарын қарастырады, таңдайды,
3) аптасына 1-2 рет топ мүшелерінің сабақтарына қатысады, зерттеу мәселесін шешу жолдарын осы сабақтарда қолданады,
4) ашық сабақ ҚМЖ-ын талдайды, оған өзгерістер енгізеді.
Үшінші аптада мұғалімдер өздерінің екі апталық тәжірибелерінен туындаған зерттеу мәселесін шешетін нақты іс-шараларды, құрал мен әдіс-тәсілдерді ҚМЖ-ына енгізіп қояды. Мысалы, тыңдалымды жақсарту үшін сабақта мына тәсілдердің қайсыларын қолдануға болады деп шешеді:
- «Күнбағыс», яғни біреу сөйлегенде сыныптағы барлық оқушылар соған қарай бүкіл денесімен бұрылады,
- «Көз жұму» - мұғалім сөйлер алдында оқушылардың көздерін жұмдырады,
- «Сыбырлап сөйлеу» - әр жауап ақырын айтылады, басқа оқушылар құлақ тігіп, не айтылып жатқанына назар аударуы қажет,
- белсенді тыңдау тәсілдерін қолдану: сөйлеушінің әр ойына (әр айтқан сөйлеміне) «Иә!», «Дұрыс!», «Солай!» деп дауыстап қолдау көрсету, жағымды ишарат жасау (бас изеу, шапалақ ұру, басбармақ көрсету, т.б.),
- қолдау көрсету: сөз аяқталғаннан кейін сөйлеушіге «Ә, солай ма?!» деп таңданыс көрсетіп, оның сөйлегеніне қолдау жасау, сөйлеушіні мынандай сөздермен қолпаштау: «Жарайсың!», «Азамат!», «Бәрекелді!», «Тамаша!», «Керемет!», «Осылай сөйлеу керек!», «Міне, қалай сөйлеу керек!», «Не деген терең ой!», «Мен неліктен ғана осылайша ойламадым?!», «Қатты ұнады!», т.б.,
- бағалау, кері байланыс беру,
- сөйлеушінің айтқанын қорытындылау,
- «айна» - сөйлеушінің соңғы сөздерінің ретін ауыстырып қайталау,
- «жаңғырық» - сөйлеушінің соңғы сөздерін қайталау,
- парафраз – сөйлеушінің айтқанын басқа сөздермен жеткізу,
- сөйлеушінің ойын жалғастыру,
- сөйлеушінің сөздерін қалайша түсінгендігін айту, интерпретациялау,
- жағымды эмоцияларды білдіру,
- қандай ой мен сезімдерді тудырғандығы туралы айту,
- сөйлеушіге ашық сұрақтар (нақтылаушы, бағыттаушы) қою,
- сөз аяқталғаннан кейін кідіріс (пауза) жасау, т.б.
Мұғалімдер осы әрекеттерді аталмыш ашық сабақта (Lesson Study сабағында) қолдану туралы пікірлеседі, ішінен ең қажетті дегендерін таңдап, ҚМЖ-ға енгізеді.
Бұған қоса 3-аптада лек құрамында мұғалімдер Lesson Study сабағында қай оқушыларды және қалай, қай әрекеттерін бақылайтындықтарын анықтап алады. Әрине, мұғалімдер мұнда да алғашқы екі аптадағы өз тәжірибелерінің негізінде әрекеттеседі, екі аптада жасағандары мен үйреніп-түйгендерін қолданып, әрі қарай дамытады.
Бақылау үшін бір мұғалім бір оқушыны (оның қандай деңгейде А, В, С болу керектігін мұғалімдердің өздері шешеді), екіншісі бір шағын топты, үшінші мұғалім бір жұпты, төртіншісі бүкіл сыныпты, т.с.с. бақылау үшін таңдайды (мұнда тек баяғыдай «А, В, С деңгейіндегі оқушыларды бақылаймыз!» деп қатып қалмау керек; кімді бақылаймыз: оны Пит Дадли емес, өзіміз шешеміз!).

Ата-аналармен жұмыс жасау түрлері

Ата-аналарды сабақтарға қатыстыру

Ата-аналармен жұмыс жасаудың мынандай нысанын қолданған тиімді болар: оларды өз сабақтарымызға қатыстыру (http://pedsovet.su/publ/72-1-0-2641). Анда-санда ата-аналар үшін ашық сабақ өткізіп отырған жөн. Олар бұл сабақта мұғалімнің жұмысын «ішінен» көріп, 40 минутта ұстаздың қыруар шаруа тындыратындығын көрсін. 40 минут ішінде 20-30 баланы өзіне қаратып, оларды өз дегеніне иландырып, ортақ мақсатқа жету үшін олардың басын түйістіру – қиынның қиыны екендігін көз жеткізсін.
Екіншіден, ата-аналар өз баласын оқу мен үйрену үстінде көрсін. Баласының сабақ пен үйдегі мінез-құлқы мен тәртібін салыстырсын: мүмкін қандай да бір ұқсастықтар немесе ерекшеліктерді байқап, тұжырымдар мен қорытындылар шығара жатар. Бұған қоса балалар үшін де оқу мен үйренудің қиын екендігін байқасын: шындығында да 40 минутта пәленбай жаңа сөздер мен терминдерді, анықтама мен теоремаларды жаттап, күрделі ұғымдар, құбылыстар не мәтінмен танысып, онларды игеріп, олардың негізінде өзіндік түсінік қалыптастыру секілді менталды әрекеттер оңай емес қой?!
Немесе осы мақсатта ата-аналарды оқушылар ретінде қатыстырып сынып жетекшісі өз пәні бойынша бір сабақ өткізуі де мүмкін. Ата-аналар бұл сабақта оқушы болып, сабақта өз балаларының бар жасағанымен айналысуы керек. Өздерін балаларының орнына қойып көрсін. Ал оқушылар бұл сабақта бақылаушылар рөлін орындап, артқы парталарға жайғасып отырсын.
Мұндай сабақта ең бастысы соңында рефлексияны дұрыстап ұйымдастыру. Ол үшін алдымен ата-аналардың шағын топтары құрамында, содан кейін бүкіл аудиториямен мынандай сұрақтарды талқылаған дұрыс болар:
- Сабақта не үйрендіңіз? Сабақтағы білуге қажетті мәліметтерді қаншалықты игердім деп ойлайсыз?
- Қалай жұмыс жасадыңыз? Өзіңізге 5 балдық жүйе бойынша қанша қояр едіңіз?
- Топ құрамында жұмыс жасау ұнады ма? Неліктен?
- Сабақ ұнады ма? Неліктен?
- Өзіңізді бұл сабақта не үшін мақтар едіңіз?
- Қандай қиыншылықтар мен кедергілерге тап болдыңыз? Оларды қалай түзету керек деп ойлайсыз?
- Бұл сабақтың өзіңіздің мектепте оқып жүрген кездегі сабақтардан айырмашылығы бар ма?
- Оқушы тарапынан бұл сабаққа қандай өзгерістер енгізер едіңіз?
- Оқу қиын болған жоқ па?
- Осы сабақтан кейін өз балаларыңыздың оқуы туралы пікірлеріңіз өзгерді ме?
Бақылап отырған оқушыларды да әңгімеге тартуға болады. Оларға да мынандай секілді сұрақтарды талқылауға ұсынса болады:
- Сабақта ата-аналар қалай жұмыс жасады?
- Олар бұл сабақта сіздерден жақсы оқыды ма? Неліктен олай ойлайсыз?
- Ата-аналар үшін не қиын болды деп ойлайсыздар?
- Олар қандай жетістіктерге жетті?
- Бұл сабаққа қандай өзгерістер енгізуге болады?
Мүмкін осындай эмпатияға негізделінген әрекеттен кейін ата-аналар мұғалімнің қызметі мен оқушылардың білім игеруінің ерекшеліктері, жетістіктері мен қиындықтары туралы ой қозғап, бұлар туралы аз да болса бұрынғы пікірлерін өзгертетін шығар? Оқушылар үшін де бұл сабақтың құнды болуы ықтимал: олардың өз ата-аналарын басқа тұрғыдан көріп, олармен тең дәрежеде өздері жақсы білетін бір мәселені талқылап, өздерімен салыстырып, қандай да бір рефлексиялық қорытынды шығаратындығы анық.
Ата-аналар үшін кешкі эфир
Ата-аналармен жұмыс жасаудың тағы да бір мынандай нысанын қолдануға болады.
Күнделікті, мысалы, кешкі сағат 20-00-де «5 минуттық эфирге» шығып отыруға болады. Тіпті де қиын емес қой! Мақсат: ата-аналарды сыныпта болған ахуалмен хабардар ету, назарына жеткізу. Бұл оқушылардың әрекеттерін талдау емес, оларды жамандамау емес.
Ойлап қараңыздаршы! Күнде кешкі 20.00-де (немесе 19.55-те, не 20-25-те, не 20.55-те) «8А сыныбының соңғы жаңалықтары» деген хабарды  немесе 5 минуттық «баяндамамыздың» видеосын жазып алып, Whats App-қа «Дауыстық хабарламамен» («Голосовое сообщение») шығып тұрсақ - тамаша емес пе?!
Ал егерде бұл жұмысқа оқушыларды тартып, «Жаңалықтарды» дайындауды да, жүргізуді де соларға беріп қойса тіпті де керемет болмай ма? Бұл үшін тұрақты редакция құруға болады немесе хабарды дайындауды шағын топтарға (3-4 оқушыдан тұратын) не жұптарға кезекпен ұсынуға болады.
Жақсы емес пе, егерде күнде кешкісін ұялы телефонымыздан мынандай секілді хабарды естіп тұрсақ:
- Сөйлеп тұрған 8А сыныбының жаңалықтар редакциясы. Микрофонда Самал Әділхан мен Бағдат Мақұлбек. 8А сыныбының соңғы хабарларын тыңдаңыздар.
Бүгін біздің сыныпта 7 сабақ болды: математика, қазақ тілі, физика, химия, ағылшын тілі, дене тәрбиесі, биология. Сабақтарға оқушылардың барлығы да қатысты. Кезекшілер Мақпал мен Дидардың мәліметтері бойынша ешкім де сабақтан қашқан жоқ, тіпті дене тәрбиесі сабағында оқушылардың барлығында да спорттық киім бар болып, олардың барлығы да сабаққа қатысты.
Сынып оқушысы Айқын Серіктің айтуы бойынша, бұл сабақтардың ішінде ерекше қызықты өткені химия сабағы болды, өйткені бұл сабақта біз эксперимент қойып, өз қолымызбен тәжірибе жасадық. Айқын Серік өзіне де, өзге оқушыларға да өз қолымен жасаған әрекеттердің қызықты болатындығын айта келіп, сабақтарда да, үйде де белсенді әрекеттерді қолдану қолдану керектігі туралы өз ойын жеткізді.
Биология сабағында Айсара апай оқушылардың екінші БЖБ-ға дайындығын талдай келе, Ділбар, Гүлсім, Ақберен мен Секердің өте жақсы дайындығын атап өті. Сонымен бірге апай Жұпар, Кебек пен Мұратханның соңғы тақырыптар бойынша әлі де өз білімдерін көтеру керектігін айтты. Олар үшін үйде соңғы тақырыптарды тағы да бір қарап өтіп, ашық тапсырмалар ауқымында дайындалғандары орынды болар деген ойын жеткізді Айсара ұстаз.
Спорт жаңалықтары. Дене тәрбиесі сабағында биіктікке секіруден ең жоғарғы көрсеткішті Кебек көрсетті – 145 см. Ал қыздар арасында Жұпар 125 см көрсеткішпен алға шықты. Жарайсыңдар, сыныптас чемпиондар!
Ертеңгі күні сабақ кестесінде әдебиет, математика, қазақ тілі, география, орыс тілі мен тарих сабақтары екендігін естеріңізге саламыз. Егерде кімде үй тапсырмасын орындауда әлде қандай кедергілер туындаса немесе не берілгенін жазып алмаған болсаңыздар, онда осы чатта хабарласуларыңызға болады. Сыныбымыздың үздік математигі Әбілғазы мен кезекшілер сіздердің сұрақтарыңызға жауап беріп, көмек көрсетуге дайын!
Ауа-райы туралы. Ертең Алматыда ауа-райы салқындап, жаңбыр жауады деп күтілуде. Сондықтан да жылы киініп, қолшатырларыңызды алып келулеріңізді ұмытпаңыздар!
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Сіздермен эфирде болған 8А сыныбының жаңалықтар редакциясы. Самал Әділхан мен Бағдат Мақұлбек сіздермен бүгінше қоштасып, микрофон кезегін ертең эфирге шығатын Дәурен Қуаныш пен Балжан Баймұқанға береді.
Баршаңызға сәттілік тілейміз!
Мұндай хабарлар арқылы тек сыныпта не болып жатқандығын хабарлап қоймай, сонымен бірге оқушылардың жетістіктері мен оқуындағы кедергілер туралы, оларды асыру немесе түзету жолдары туралы да мағлұматтар ұсынуға болады.
Ойын форматында өткен бұндай хабарларға оқушылар мен ата-аналар ішінде реніш білдіретіндері болмас. Мүмкін нәтижесінде ата-аналар өз балаларының оқуына тіке қатысы бар екендігін есінен шығармай, олардың оқуы туралы мәлімет алып, сол бойынша аз болса да әрекет жасайтын шығар?

Ата-аналармен жұмыс жасау түрлері

Ата-аналармен жұмыс жасаудағы «танымдық диссонанс»

«Таным таңғалудан басталады» деген екен Сократ 2500 жыл бұрын. Жан Пиаженің «танымдық диссонансы» да осыны меңзейді: үйреншікті, қалыпты жағдайдан, комфорт аймағынан шыққанда ғана адамда білуге, тануға, даму мен өзгеруге деген ынта пайда болады. Басқаша сөзбен айтқанда, ең алдымен түйсіктің автоматизмін жеңу керек, тепе-теңдіктен айыру қажет.
Демек, адамды өзіңе қаратып алу үшін, өз сөзіңе иландыру үшін ең алдымен оны «жібітіп», «жіпсітіп», «жұмсартып», «ерітіп», «балқытып», «емешегін езіп» алу керек. Қалай? Таңғалдырып, аһ ұрғызып, толқытып, тебірентіп, жүректерін жылатып, көңілдерін шаттандырып, масаттандырып, асқақтатып, ойландырып, тіпті ұялтып, ыңғайсыздыққа батырып. Әйтеуір үйреншікті жағдайдан шығарып қана, түйсіктің автоматизмін жеңіп қана.
Ата-аналар жиналысында танымдық диссонансты қалай тудыруға болады? Ата-аналарды қалайша таңғалдырып, селт еткізуге болады?
Мысалы, ата-аналарға мына екі мәселені дәлелдетіп, соларға көздерін жеткізу арқылы: «Мен баламды білмейді екенмін ғой!», «Мен баламды қалай тәрбиелеу екендігін де білмейді екенмін ғой!»
Бірінші мәселені дәлелдеп беру үшін ата-аналарды «танымдық диссонанс» жағдайына түсіру қажет: оларды «әшкерелеу» керек, баласын білмейтіндігін мойындату керек, баласының ішкі жан дүниесіне ұңілмей, оны тек сыртынан, тек не жеп, не киетінін ғана білетіндігін көрсету керек. Қалай?
Мысалы, баласы мен ата-аналарының айтқанын өздеріне салыстырту арқылы.
Мен бір мектепте мынандай тәсіл көрдім. Жиналыста сынып жетекшісі ата-аналарды мақтап-мадақтап, көңілдерін тіпті асқақтатып жіберді: «Сіздерден артық өз балаларыңызды ешкім де білмейді! Сіздер тіпті балаңыздың не ойлайтынын да біліп отырасыздар емес пе? Сіздер керемет ата-анасыздар!» деп төбелерін төбеге бір елі жеткізбей тастады.
Осыдан кейін ата-аналарға «Сіздердің өз балаларыңызды тереңінен білетіндіктеріңізді көрсету үшін мына сауалнама сұрақтарына жауап берулеріңізді сұраймын. Әрине, сіздерге жауап беру оп-оңай болады!» деп айтылып, 10-12 сұрақтан тұратын сауалнама таратылды.
1. Балаңыздың туған күні.
2. Балаңызды дәл мінездейтін үш сын есімді келтіріңіз.
3. Балаңыз қолы бос кезде немен айналысқанды ұнатады?
4. Балаңыз есейгенде қандай кәсіпті таңдар еді деп ойлайсыз? Кім болғысы келеді?  
5. Балаңыздың қорқыныштары мен қауіптері қандай? (Өмірде кімнен/неден қорқады?)  
6. Балаңыздың өмірлік қағидасы (кредо) қандай?  
7. Балаңыздың сүйікті ақын-жазушылары кім, олардың қай шығармалары?    
8. ... сүйікті тағамдары (үш сүйікті тағамын атаңыз).
9. ... сүйіп оқитын пәні.
10. ... сүйікті  мұғалімі.
11. ... сүйіп қарайтын фильмдері/мультфильмдері.  
12. ... сүйікті эстрадалық әншілері.
13. ... қандай кітапты бүгінде оқуда?
14. ... ата-анасынан қандай көмек күтеді?
15. ... ата-анасымен бірге не жасағысы келеді?
16. ... ата-анасымен бірге қайда саяхат жасағысы келеді?
17. ... ата-анасымен бірлесіп не жасағысы келеді?
18. ... туған күніне ата-анасынан қандай сыйлық күтеді? (Осы секілді сұрақтар, саны 12-ден аспауы керек сияқты).
Ата-аналар сауалнама сұрақтарына жазбаша жауап берді. Мұғалімнің «Балаларыңызды сіздерден жақсы бұл Әлемде ешкім де білмейді!» деген сөздері есінде болғандықтан ба - көңілдері шат-шадыман.
Толтырылған сауалнамалар алдымен топ ішінде, содан кейін бүкіл аудиторияда оқылды, талқыланды. Сынып жетекшісі ата-аналардың жауаптарына таңданыс білдіріп: «Ә, солай ма?! Мен мұндай жауап болады деп ойламаппын! Қызық екен!» деп, оларды ынталандырып жатты. Ата-аналардың жүзінен «Қараңыздаршы, менің балам қандай! Шындығында да мен баламды жақсы біледі екенмін ғой!» мақтаныш сезімін көруге де болады. Аудитория іші позитивті у-шуға толды.
Бұл жұмыс 10 минуттай созылды. Осыдан кейін мұғалім ата-аналарды өз балаларын жақсы білетіндіктері үшін тағы да бір мақтап алды да, әрекет бағытын өзгертті: «Мен түске дейін балаларыңыздан дәл осы сауалнаманы алып, дәл осы сұрақтарға жауап берулерін ұйымдастырған едім. Қазір мен сіздерге балаларыңыздың сауалнамаларын таратып берейін. Сіздер балаларыңыздың жауаптарын өздеріңіздікімен салыстырып көріңіздер!»
Сауалнамалар таратылды. Оларды оқыған ата-аналардың жүздерінен ақырындап күлкі қашып, езулері де жиыла бастағанын көруге болады. Әрине, олардың түсіңкі көңіл-күйін түсінуге болады, өйткені балаларының жауаптарын оқыған сайын өздерінің перзенттерінен қаншалықты алшақ екендігін сезініп, олардың қызығушылықтарын, қалауларын, ынталары мен ұмтылыстарын  тіпті де білейтіндіктерін түсінген болуы керек.
Мұғалім бұл әрекетті әр ата-анаға жекелей ғана орындатты. Бірақ топ, жұп не аудиторияда екі сауалнаманы салыстыруды сұрамады. «Құрметті ата-аналар, сіздер өздеріңіздің балаларыңызды қаншалықты деңгейде білетіндіктеріңізді айқындаған шығарсыздар! Осыдан өздеріңіз де қажетті қорытынды жасап жатқан да боларсыздар!» деп жұмыс нәтижелерін жариялауды ұйымдастырмады.
Бұл дұрыс та, өйткені бұл жерде ата-аналардан «Балаларыңыздың жауаптарымен қаншама сәйкес болдыңыздар?» деп сұраса, көбісі өз қателерін, мұқалғандықтарын жасырып, «Ой, менің жауаптарым баламның жауаптарымен толықтай (немесе толыққа жуық) сәйкес келді!» деп жауап қататындығы анық. Осылайша ата-аналар өтірік айтуға мәжбүрленетін еді.
Бұл салыстыру жұмысының нәтижелері әр ата-ананың ішінде қалды. Түйсігі барлар қажетті қорытынды шығарған да болар. Бірақ ата-аналардың бағанағы «Менен артық баламды ешкім білмейді!» деген масаттанған сезімі бәсеңдеген секілді. Керісінше олардың жүздерінен күмән мен қобалжуды, ойлану мен ұялуды көруге болады. Ал бұл дегеніңіз ата-аналардың өз баласын білмейтіндігін мойындау іспеттес. Енді олар осы олқылықтарын түзетуге тырысып, балаларын бақылай бастайтын шығар, оларға көбірек көңіл мен уақыт бөлетін шығар, олармен көбірек әңгімелесетін, сырласатын шығар.
Жиналыс басында сынып жетекшісі ата-аналарды «Балаларыңызды жақсы білесіздер!» деп мақтап, балалары туралы сауалнама ұйымдастырып, талқылатқанда, ата-аналардың көңілдері көтеріңкі еді. Бірақ өз жауаптарын балаларымен салыстырғанда, олардың психологиялық ахуалдары күрт төмендеді. Олар ұялып та, қобалжып та, ойланып та отыр. Олар «жібіді», «еріді», ермексаздай жұмсақ әрі икемді болып қалды, өйткені олар «әшкереленіп» қалды, олардың өз ата-аналық міндеттерін қалай атқаратындығын тым әсірелеп бағалағаны, өз деңгейін тым жоғарылатып жібергені мәлім болды. Сол себепті ғой олардың ұялғаны. Демек, енді олар сынып жетекшісін сөзін немесе ресурстарда (мәтін, слайд, бейнебаян) келтірілген ақпаратты толығымен қабылдауға дайын, олармен кез  келген эксперимент те жасауға болады.
Мұғалімге де керегі осы: әрі қарай ата-аналар оның құзырында болады, оған толығымен иланады деп айтуға қисын бар.
Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл атындағы мектепте (директоры Жанна Ермекбаева) ата-аналарды «когнитивті диссонансқа» түсірудің, оларды ұялтудың, «әшкерелеудің» мынандай әрекетін көрдім.
6-сыныптағы жиналыс басында сынып жетекшісі ата-аналарға «Мен түске дейін өткізген сынып сағатында балаларға «Менің үйім» атты сурет салуды тапсырдым. Ол суреттер, міне, алдарыңызда: мен оларды тақта алдына қойдым. Суреттерде оқушылардың аты-жөні жазылмаған, тек суреттің нөмірі ғана жазылған. Сіздер өз балаларыңыздың суреттерін табыңыздар! Сіздер өз балаларыңызды тамаша білесіздер! Сондықтан да сіздер үшін бұл жұмыс қиындық туғызбайтын шығар!» деп тапсырды.
Ата-аналар тақта алдына шығып, суреттерді аралап көріп, бір кезде «Мынау менің баламның суреті-ау!» деген кейіпте суреттерді таңдап алып жатты. Барлық суреттер таңдалып болғаннан кейін сынып жетекшісі алдымен топ ішінде (3 мин), содан соң бүкіл аудитория болып, ата-аналардың неліктен таңдап алған суреттері өз баласы екендігін дәлелдеп беруді сұрады. Орнына тұрып сөйлеген ата-аналар өз дәлелдерін келтіріп жатты.
Бір оқушының анасы сенімді түрде «Бұл - менің баламның суреті! Олай дейтін себебім балам біздің үйдің жиһазын тұп-тура айнытпай етіп салыпты» десе, екіншісі «Балам үйдегі барлығымыздың да суретімізді, тіпті мысықты да ұқсатып келтіріпті» деп, ал үшіншісі «Баламның суреті! Мен оны салғанынан танып тұрмын! Оның суретін танымай маған не бопты!» деп жатты.  
Бір егделеу апай елдің сүйегін де сырқыратты: «Бұл менің Дарханымның салған суреті! Осындай үйіміз болса екен деген арманы ғой! Оңбаған әкесі Дарханның алты жасында үйін тастап кеткеннен кейін мен қызымның үш баласын асырап отырмын! Аналары «Құрылыста пәтерді тез береді!» деген соң, Алматыда құрылыста істейді. Дархан ылғи да «Қалада өз үйіміз болса ғой!» деп армандайды! Суретін дәл таптым!» деп кемсеңдеп, орамалының шетімен көзін сүртіп аянышты әңгімесін айтты.
Сынып жетекшісі ата-аналарды қуаттап, ынталандырып, қуаттап тұрды. Тіпті кейде таңданғанын да жасырмады: «Тамаша! Мен үшін Серікті мұндай қырынан ашқаныңызға қуанып тұрмын!.. Анипаның бұлай сурет салатындығын білмейді екенмін!» деген сыңайда.
15 минуттай уақыт өте, мұғалім «Құрметті ата-аналар, мен қазір тақтадан кімнің қай суретті салғандығын көрсетейін. Сол арқылы өздеріңіздің суреттерді дұрыс не бұрыс таңдағандарыңызды білесіздер!» деді. Ата-аналар тақтадан оқушылардың қай нөмірлі суретті салғанын көріп, қолдарындағы суреттермен салыстыра бастады.
Жиналған жиырмадан асатын ата-аналардың басым көпшілігі қателескендігі белгілі болды. Көп ата-ана әбіржіген кейіпте қолдарына суреттерді алып, сынып ішін аралап жүр «Менің баламның суреті кімдееее?! 17 нөмір екен!» деп айтып. Бағанағы жасы үлкен апай бір жасырақ әйелге қолындағы суретін бергісі келмей, «Бұл менің Дарханымның салғаны ғой! Бермеймін!» деп кеудесіне қысқан. Жасырақ әйел: «Апа, сыртына қарасаңызшы: нөмірі тұр ғой! Әне, тақтада Дарханның нөмірі 8 делінген, ал бұл суреттің астында 21 деп жазылған! Бұл менің баламның суреті!» деп апайды қыспаққа алған.
Ата-аналар ыңайсызданған жағдайда, ұялған сыңайда, олардың жүздерінен сасқалақтағанын да көруге болады. Міне, енді оларды «жібіген», «жұмсарған», «еріген» деп есептеп, сынып жетекшісі өз сөзін ұтқызуына болады.
«Танымдық диссонансты» тудыратын тағы да бір әдісті келтіріп кетейін. Астана қаласындағы №73 мектеп директоры Байтәжікова Құралай апайдың тәжірибесінен («Зерде» мектебінің басшысы кезінде).
Түске дейін 7-сынып сағатында жетекші оқушылармен ана мейірімі туралы сөз қоғап, оларға аналар туралы көзден жас ыршытатын бейнебаяндарды көрсетіп, балаларды тебіренте өз аналары туралы айтуды ұйымдастырып, соңында оқушыларға өздерінің ыстық махаббаты мен сүйіспеншіліктерін білдіріп және олардан не күтетіндіктерін, олардың қандай болғандықтарын қалайтынын айтып өз аналарына хат жазуды ұсынды.
Ата-аналар жиналысына тек аналар шақырылған. Алдымен олармен «Балаңыз сіз туралы қандай пікірде деп ойлайсыз? Олар сізден не күтеді?» деген сұрақтар талқыланды. Әңгімелесу барысында аналардың басым көпшілігі алғашқы сұраққа шатып-бұтып болса да жауап бере алса,  екінші сұраққа жауап беруде қатты қиналғанын байқадық. Себебі сол баяғы балаға деген селқостық, немқұрайдылық, баланың ішкі жан дүниесіне деген қызықпаушылық.
Аналар не айтарын білмей әбден қипақтап, сасқалақтады да. Сынып жетекшісі әрбір ананың жауап беруін талап етіп, осы мақсатта оларды қолдап та, сұрақтар қойып та отырды: «Сіздің ойыңызды білгім-ақ келіп тұрғаны! Онда жорамалдап көрсеңіз қайтеді? Өзіңізді қызыңыздың орнына қойып көріңізші: не айтар едіңіз? Ал сіз өз анаңыздан нені талап етер едіңіз? Соны көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Неліктен балаңыз мұны қалайды деп ойлайсыз? Ал өйтіп айтпаса ше?» деп тықсыра берді, «қадалған жерімнен қан аламын!» дегендей аналардың жауаптарын кемпірауызбен суырғандай болып жатты.
Осыдан кейін мұғалім «Балаларыңыз түске дейін сіздерге хат жазып еді. Сол хаттарды оқыңыздар, олардан жаңағы екі сұрақтың жауаптарын табуға тырысыңыздар!» деп аналарға балаларының жазған хаттарын таратып берді. Жаңа ғана 10 минуттай уақыт не айтарын білмей қысылып, «Балаларымызды білмейтіндігіміз ашылып, әшкереленіп қалатын болдық-ау!» деп именшектеп отырған аналар сәл болса да жеңілдеп қалғандай бұл жұмысқа ризашылықпен, қуана кірісті. Балаларының хаты олар үшін бағанағы қыспақтан құтылудың амалы сияқты болғаны көрініп-ақ тұр.
Біраздан кейін байқаймын, аналар «Әйтеуір әшкерелеуші сұрақтардан құтылсақ болғаны!» деп кіріскен жұмыстары өздеріне ұнай бастаған сияқты: балаларының хаттарын оқыған сайын олардың өңі шырайланып, тіпті бал-бұл жана бастады. Аналардың жүзінде күлкі ойнап және қуаныш орнап, кейбіреулерінің көздеріне тіпті жас үйірілгенін де көруге болады. Балаларының хаттарын оқу олар үшін көңілдерін тебірентетін іс болды.
Сынып жетекшісі хат оқудың аналарға қатты ұнайтынын байқап, оларды балаларының жазғандарымен, өз ойлары мен әсерлерімен бөлісуді шақырды. Сол-ақ екен аналардың барлығы дерлік «Мен айтайыншы! Мен оқиыншы!» деп қолдарын безектете жөнелді.
Ата-аналардың біреулері балаларының хаттары туралы көңілдері толқи айтып жатыр, қалғандары оларды ризашылықпен, езулерін жия алмай тыңдауда. Сынып іші кермет бір жағымды атмосфераға толды, аналардың барлығының да көңілдері өрекпіп, асқақтап, ерекше сезімге толғандай. Бұл әрекет те 10 минутқа созылды.
Осыдан кейін мұғалім аналарға «Апайлар, мен сіздерге сюрприз жасадым! Үшке дейін санаңыздаршы!» деді. «Бір... Екі... Үш!..» деп санау аяқталғанда есік айқара ашылды да бөлмеге сынып оқушыларының барлығы да кіріп келді. Олар да толқып тұр, өйткені (кейіннен білдім) олар көрші сыныпта отырып, жиналысты басынан бастап экраннан көріп отыр екен. Ал жиналыстың видеоға жазылып жатқанын қатысушылар білген жоқ еді!
Оқушылар аналарына ұмтылды, аналары да балаларына емірене қол созды! Олар құшақтасып жатыр, аналары балаларын аймалап, беттерінен сүйіп жатыр. Көп аналар мен балалардың (әсіресе қыздардың) көздеріне жас үйірілген, құшақтасқан күйінде жылап жатқандары да бар. Олар құдды талай жыл бірін-бірі көрмеген адамдардай бір-бірімен көріскендей болып жатты. Міне, осы уақытта сыныпта бақыт, мейірім мен қуаныштың сөзбен айтып жеткізуге болмайтын тамаша атмосферасы орнады!
Бұл картина 2-3 минуттай уақытқа созылды. Әрине, аналары да, балалары да осы мезетте не айтсаң да жасайтындай, не айтсаң да көнетіндей, не айтсаң да келісетіндей жағдайда болды деп ойлаймын.
Ата-аналарды осылайша «жібітіп» алған соң, сынып жетекшілері оларды сыныптың өзекті проблемасын шешуге шақырды. Содан кейін ата-аналар өздері шешімін ұсынған проблема бойынша өздеріне міндеттеме жүктеп алып, өз әрекеттері бойынша қашан және қалай есеп беретіндіктерін нақтылады. Бәрін өздері жасады. Мұғалім тек фасилитатор болды.

Тәлімгерлік жұмысын ұйымдастыру

Тәлімгерлік туралы
Мұғалімнің тұрақты түрде үйренуі керектігін бәріміз де мойындадық: күнделікті, жатпай-тұрмай, жүйелі әрі шынайы түрде. Кәсіби біліктілікті арттырудың мынандай түрлері бар:
- өздігімен (кітап оқу, іздену, дербес зерттеулер жүргізу, т.б.),
- құжаттармен жұмыс жасау,
- кәсіби қоғамдастық аясында (мектепішілік: сабақты зерттеу топтары құрамында, тәлімгерлік, тренинг пен коучингтерге қатысу, мектепаралық: басқа мектептердің мұғалімдерімен араласу арқылы, т.б.),
- курстарға қатысу.
Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру әдістерінің ішінде мен тәлімгерлікке тоқтауды жөн санадым.
Үйрену – адамның негізгі қасиеттерінің бірі (қоректену, тыныс алу, көбею, еңбектенумен қатар). Адам өмір бойы үйренеді. Ең бірінші кезекте басқа адамдардан, солардың тәжірибесінен үйренеді: «білім – тәжірибе» (Джон Дьюи). Мысалы, тәлімгерлік арқылы. Сондықтан да әр адамның тәлімгері болғаны дұрыс, тәлімгерлік арқылы адам өзінің өмірлік тәжірибесін арттырады.
Мектепте де солай: әр мұғалімнің тәлімгері болуы керек. Тіпті жасы үлкен тәжірибелі мұғалімдерге немесе мектеп директорының өзіне де басқалардан үйренуге болады, мысалы, ағылшын тіліне немесе АКТ қолдануға. Мектептер осыған сәйкес тәлімгерлікті мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру құралы ретінде қолданады да.
Тәлімгерлік жұмысты ұйымдастыру мен қадағалауды мектеп директорының өз қолына алғаны дұрыс, өйткені бұл – өте маңызды жұмыс бағыты, мұғалімдердің кәсіби дамуының деңгейі осы жұмысқа мықтап тәуелді. Директор тәліптерді өз қарамағына алып, өзін тәліптердің «кураторы» деп атағаны да  орынды болар. Осы арқылы мектеп басшысы тәлімгерлікті мектеп мәдениетінің ең асқақ ұғымдарының біріне айналғанын көрсетер еді. Директор ылғи да әр отырыста, әр сөйлеген сөзінде жақсы тәлімгерлер мен тәліптер туралы жылы сөйлеп, солардың жұмыстары мен тәжірибелеріне сілтеме жасап, оларды қолдап отырса, барлық мұғалімдер өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тәлімгер және тәліп болуға ынталанатын шығар.  
Бұл жұмыста тек жауапкершілікті тәліптерге аудару керек. Үйренуде тәліптер белсенді болуы керек, бастама танытуы қажет. Тәліп - бірінші орында, тәлімгер – екінші кезекте болады.
Менің байқауым бойынша, көп мектептерде бұл жұмысты ұйымдастыруда негізгі салмақ тәлімгерлерге ауыстырылатын секілді. Мысалы, мектеп басшысы тәжірибелі мұғалімдерге 1, 2 немесе 3 жас мұғалімдерді («Әр тәлімгерде ең көп дегенде 3 тәліп болады» деген қағиданы ескеріп): «Сіз осы жас әріптестерімізмен өз тәжірибеңізбен бөлісіңіз, оларды педагогикалық шеберлікке үйретіңіз!» деген сөздермен бөліп береді.
Мұндай жұмыстың нәтижесі қандай болмақ? Біріншіден, тәжірибелі мұғалімнің бұл іске  зауқы да болмауы ықтимал: «Менің қолым тимейді: сағатым көп, жұмысым бастан асып жатыр!» (тәжірибелі мұғалімдер көп жұмыспен айналысатындығы белгілі ғой!), не «Бұл жұмыс үшін маған ақша төленбейді!» деп тәлімгер болудан бас тартуы да ықтимал.
Немесе ол кісі директордың сөзін жерге тастағысы келмесе «Жарайды!» деп келісімін беріп, әрі қарай бұл жұмысқа формалды, немқұрайды қарап, жастармен «Мен сендерге көмектесіп жүрмін, ал сендер менен үйреніп жүрсіңдер!» деп есептейік!» деп келіседі. Егерде үйге қашқысы келіп тұратын жастар болса, олар бұған қуана-қуана келіседі. Ал үйренгісі келетін жас мұғалімдер кімге барып үлкен әріптесінің үстінен кімге барып шағымданады? Іштен тынып жүреді де.
Ал егерде тәжірибелі мұғалім жастарға шынымен-ақ тәлімгер болғысы келсе,  оның бұл ұмтылысы жас мұғалімнің талпынысына сәйкес келмесе ше? Яғни, енді тәліптің үйренуге ынтасы жоқ болса ше? Онда тәлімгер тәліптің артынан жүгіріп, оны өз сабақтарына шақырып немесе сабақтарына кіретіндігін ескертумен айналыса ма? Осылайша жастарға жексұрын атана ма: «Ойбай, қаштық! Әйтпесе, қазір тәлімгеріміз көріп қойып, өз сабағына кіргізіп, оны талдатып қояды! Не басқа жұмысқа жегіп қояды!» деп?
Осындай келеңсіз жәйттер орын алмауы үшін тәлімгерлік жұмыста салмақты тәліпке аудару қажет.
Бұл үшін мектеп басшылары оқу жылының басында (мәселен тамыз айында) барлық жас мұғалімдерге (қажет болса тіпті 10 жыл жұмыс өтілі бар мұғалімдерге де) өздеріне бір тәлімгерді таңдауды ұсынады. Немесе бұл жұмысты сауалнама арқылы да шешуге болады: «Сіз кімнен үйренгіңіз келеді?» деген сұраққа берілген жауаптарды сараптау арқылы.
Сауалнама қорытындыларын мұғалімдер бөлмесіне іліп те қоюға болады: мұғалімдер жас әріптестерінің кімді қанша рет атағанын көрсін, «Мені 3 рет атапты!» деп қуансын, ал кейбіреулері «Мені ешкім де атамапты! 50 жастан асып, ешкімге де керек, пайдалы, өнегелі болмағаным ба?» деп іштен ойлансын. Әрине, егер мұғалімдердің рефлексия жасау дағдылары дамыған болса, ұяттары күшті болса, «Бұл өмірдің мәні – артыңда із қалдыру» деген ұғымды ұстанған болса. Әйтпесе «Алақай! Жақсы болды: менің ешкім де атамапты! Бұл бәледен құтылдым!» деушілер өздерін жеңімпаз санап, өзгелерге мүсіркей қарауы да мүмкін: «Сауап болды сендерге! Өздеріңнен көріңдер: сау бастарыңа сақина тауып алдыңдар! Тыныш қана жүру керек еді ғой!» деп.
Мектеп басшыларының ендігі жердегі міндеті - тәжірибелі мұғалімдердің «Тәлімгер боламын!» деген келісімін алу. Тәлімгерлер келісімде жас мұғалімдердің сұрақтарына жауап беретіндіктері, оларды өз сабақтарына кірген жағдайда кедергі жасамайтындықтары, жастардың сабақтарына кіріп, оларға сындарлы кері байланыс ұсынатындығы, тәліптермен кәсіби сұхбат жүргізетіндігі жайлы ауызша уәде береді.
Осыдан кейін мектеп басшылары тәліптермен кездесу өткізіп, оларды тәліп болуға үйретеді: тәліптің қандай болу керектігін айтады, тәліп жоспарында не жазу керектігін түсіндіреді.
Тәліптер мына мәселелерді мықтап түсінуі керек:
- тәліптің ең басты мақсаты – тәлімгерлерден үйрену,
- тәліп тәлімгерден тек кәсіп қыр-сырларына үйреніп қана қоймай, одан өмірлік сабақ та алады,
- тәлімгерлік жұмыста жауапкершілік тәлімгерде болмайды, тәліп өзінің кәсіби дамуына өзі тікелей жауапты болуы керек;
- тәлімгер емес, тәліп белсенді әрі бастамашыл болады: ол тәлімгерге не жасау керектігін бірінші болып ұсынады.
Тәліп жоспарын да әр тәліптің өзі құрастырады (дұрысы алдымен бір тоқсанға, өйткені қажет болса екінші тоқсанда жоспарға түзетулер енгізу мүмкіндігі болады). Жоспарда жас мұғалімдердің мыналарды көрсеткені орынды:
- бірінші тоқсанда қандай тақырып (проблема, мәселе) ауқымында зерттеу жұмыстарын жүргізетіндігін,
- зерттеу тақырыбы бойынша тәлімгерімен неше рет кәсіби сұхбат жүргізетіндігін,
- тәлімгердің сабағына қатысатындығын,
- тәлімгерді қанша сабағына шақыратындығын,
- қанша кітап оқып, оны тәлімгерлерімен қанша рет талқылайтындығын,
- тәлімгерінен үйренгенін практикалық тұрғыдан көрсету үшін қашан ашық сабақ өткізетіндігін,
- тәлімгерінен қалай үйреніп жатқандығы туралы мектеп басшыларына қашан және қандай нысанда есеп беретіндіктерін.
Қысқа да нұсқа жазылған жоспарлар (нақты іс-әрекеттен тұратындықтан көлемі 1 беттен аспағаны жөн) тәліптер жиналысында қаралып, талқыланып, қабылданады. Олардың орындалуы айына бір рет директордың жанындағы кеңесте қаралып отырғандығы дұрыс. Мұнда әр тәліп тәлімгерінен не үйренгенін дәлелдермен келтіріп, келесі айда не жоспарлағаны туралы ой-пікірлерімен бөліседі, жоспарларына өзгерістер енгізеді.
Мектеп басшысы жас мұғалімдермен ақылдасып, оларды қолдап-қуаттап, оларға көмектесіп, туындаған қиыншылықтарды жеңуге жәрдемдесу арқылы тәліптерде үздіксіз үйрену дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Тәліптер өз кәсіби дамуына жауапты екендіктерін сезінуі керек. Сондықтан да олар тәлімгерлерден «Үйренемін!» деп бір елі қалмағаны дұрыс. Олардың көкейінде ылғи да «Ай соңында директор сабағыма кіріп, "Тәлімгеріңізден не үйрендіңіз?" деп сұраса, оған не айтамын?» деген сұрақ тұруы қажет.
Жақында бір жас әріптесімізге мынандай кеңес беріп едім:
- Тәлімгеріңізбен жағымды қарым-қатынас құруға ұмтылыңыз. Оның қас-қабағына қарап, оны өз енеңіздей көріп, асты-үстіне түсіп, «Апай, апай!» деп безектей беріңіз. Осылайша бабын, тілін табуға ұмтылыңыз, өйткені сіз оған емес, ол сізге қажетті ғой! Оған емес, сізге үйрену керек қой! Сондықтан, амал жоқ, апайыңызды өзіңізге қаратудың бар амалдарын қолданыңыз. Бұл үшін ол кісімен тек сабақтарда ғана араласпай, сонымен бірге бейформалды тұрғыда қарым-қатынас жасауға тырысыңыз. Қажет болса, тәлімгермен бірге түскі ас ішіп, сол кезде білгіңіз келгендерді сұрап алыңыз. Таңертең үйінен қарсы алып, ал жұмыстан кейін үйіне дейін шығарып салып, жолда өзіңізге керектінің бәрін сұрай беріңіз, сұрай беріңіз. Үйіңізге қонаққа шақырыңыз да, дастархан басында оған өзінің бай тәжірибесімен бөлісуіне жол беріңіз. Кәсіби тәжірибеден басқа ол кісіден өмірлік тәжірибені де үйреніңіз: жақсы жар, жақсы келін, жақсы ана болуды, қайын жұртқа «тастай батып, балдай сіңуді», қонақ күтуді, кәделерді жасауды, тамақ жасауды, табақ тартуды, үйді жиһаздандыруды, күйеу мен балаларды тәрбиелеуді, т.б. Қысқасы, тәжірибелі жақсы адамдардан үйренеріміз көп емес пе?!
Тәлімгерлікті ұйымдастыру арқылы бір оқпен екі қоянды атып алуға болады: біріншіден, жас мұғалімдер белсендірілсе, екіншіден, тәжірибелі мұғалімдер де белсенді жұмыстарға тартылады. Мәселен, олар әдеттегідей, жылына екі ашық сабақ өткізудің орнына тәжірибелі мұғалімдер өз тәліптері үшін әр сабағын ашық сабаққа айналдырып, бұрынғыдай оқу жылында бірнеше ашық сабаққа қатысудың орнына енді тәліптерінің сабақтарына әр аптада қатысады.
Әрине, ертең сабағыңа біреулер қатысам десе, бұл әске асқан жауапкершілікпен қарасаң, онда бұрынырақта талай рет өткізген сабағыңа да қосымша дайындаласың емес пе? Тәліптеріңнің кез келген уақытта: «Ағай (немесе апай), менің сабағымда мынандай қиыншылық туындады!.. Соны қалай шешсем екен? Сіз өз тәжірибеңізде қалай жасаушы едіңіз?»  деп тықыңдап тұратынын білсең, амал жоқ, педагогиканың жаңалықтары мен өзекті мәселелеріне ылғи а құлағың да түрік, көкірегің де ояу болатын шығар?
«Мектеп басшысы жұмысының 85% қарым-қатынастан тұрады» деген қағиданы ескерсек, директор күніне 2-3 оқушы, 3-4 мұғалім мен қызметкерлер, 2-3 ата-анамен сұхбаттасуы қажетті болар.
Осыған сәйкес директор тәлімгерлермен де жиі кездесіп, олармен ақылдасып, тәліптер мен олардың сұраныстары, талап-тілектері, қиындықтары мен кедергілері туралы әңгіме-дүкен құрып, тәлімгерлерді қолдап, олардың жұмыстарына жағымды баға беріп, ұтымды тәжірибе көріністерін елге (ұжымға, қоғамға, оқушыларға) жариялап тұрғаны дұрыс. Сұхбаттасуда тәлімгерлердің жұмыстарына талдау жасап,  жақсарту туралы нұсқау беріп, қажет болған жағдайда жауапқа да шақыруларына болады. Мысалы, тәлімгерлікке салғырт қараған әріптестерін ұялтып: «Айдар ағай, мұныңыз қалай? Жыл басында тәлімгерлердің жиналысында елдің алдында «Тәліптеріме көмектесем!» деп уәде беріп едіңіз ғой! Қолыңыз тимей жүр ме?.. Тарихшы Сәкен ағайдың жетекшілігімен оқушылар мектептің жаңа тарихын (бұрын жазылған болса) жазып жатқанын білесіз  ғой? Байқаңыз, олар кітапқа сіздің тәліптерге көмек бермегеніңіз туралы жазып жібермесін!» дегендей жұмсартып.
Осылайша тәлімгерлік жұмысты ұйымдастыру және қолдау арқылы мектепте мұғалімдердің бір-бірінен үйрену ортасын құрып, мектеп мәдениетіне, педагогтардың санасына «Үздіксіз үйрену – мүғалімнің басты міндеті», «Үйренудің ең тиімді жолы - бір-бірімізден үйрену», «Әріптестеріңді үйрету – сауапты іс», «Білмесең – сұра», «Сұрасаң – 15 минут ұяласың, сұрамасаң – өмір бойы ұяласың» (соңғысы жапон мақалы) деген ұғымдарды мықтап енгізуге болады.

Оқушылардың ізденісі

Ізденіске ынталандыру
Есіме қазақ тілі мұғалімі Жамал апаймен бірлесе сабақ жоспарлағанымыз түседі. Тақырып: «Сөз таптары», қайталау сабағы.
Екеуіміз де сабақ барысында оқушыларға мынандай сұрақтар қоюға болмайды деп шештік:
- Қандай сөз таптары бар?
- Негізгі сөз таптары қандай?
- Көмекші сөз таптарына не жатады?
- Қандай мысал келтіресіздер!
Өйткені «Кез келген әрекеттің мақсаты бар» дегендей, бұл сұрақтарды қандай мақсатта қоюға болады: оқушылардың білімін тексеру үшін бе, әлде оларды ойландыру үшін бе? Егерде бірінші мақсатта болса, онда оқушылардың ынталануы екіталай: тексерудің ешкімді шабыттандырмайтындығы анық. Ал егерде екінші мақсатта болса, онда бұл сұрақтардың оқушыларды терең ойға шомдыра алмас.
«Оқушыларды ойландыру үшін басқа сұрақтар қойған орынды болар» деген ойға тоқтадық.
Оқушылардың тақырыпқа деген қызығушылығын оятып, оларды ойландыру үшін алдымен мынандай сұрақтар қою керек деп шештік:
- Балалар, ғалымдар ХVІІІ ғасырды «сын есім ғасыры» деп атаса, осы секілді ХІХ ғасырды «зат есім ғасыры» дейді, ал ХХ ғасырды «етістік ғасыры» деп атайды. Неліктен деп ойлайсыздар? Топ ішінде талқылаңыздар! Ескерту: бұл жерде сіздерге әдебиет, тарих пен өнертанудың кейбір ұғымдарын еске түсіру қажет болады!
Топтық талқылау барысында оқушыларға бұл сұрақтарға дұрыс жауап беруге мейлінше көмектесу керек дедік. Қалай? Әрине, тікелей емес, жанамалай сұрақ қою және ресурс ұсыну арқылы:
- ХVІІІ ғасырда өнерде қандай көркем ағымдар кеңінен тараған еді? Естеріңізге түсіріңіздер! Ол үшін өнердегі көркем ағымдар туралы мына мәтінді оқыңыздаршы!
Оқушыларға шағын мәтін таратылып, оқып болғаннан кейін оны топ ішінде талқылау тапсырылады. Мәтінде ХVІІІ ғасырда Еуропа мәдениетінде кең таралған рококо, барокко, классицизм бағыттары туралы айтылады. Мұндағы мақсат - оқушыларды ойландырып, оларды бұл көркем ағымдардың ұқсастықтарын таразылап, басты ерекшелігін айқындату.  Сұрақтар қойып, бағыттай отырып, дұрыс жауапқа жақындату:
- Бұл көркем әдістер әдемілікке негізделінгендіктен, олардың туындылары (сәулет өнерінде, сурет, театр, музыка, мүсіндеу, әдебиет, қолданбалы өнерде) пропорция мен симметрияға сүйеніп, шығармаларда сәнді, салтанатты, сәулетті, көрікті, сұлу бейнелер мен образдарды сомдаған. Демек, мұнда ең басты ұғым – сын, сапа болған. Сол себепті де ХVІІІ ғасырды «сын есім ғасыры» деп атаған.
Дәл осылай оқушыларды ХІХ мен ХХ ғасырлардың ерекшеліктерін айқындатып, неліктен біреуін «зат есім ғасыры», ал екіншісін «етістік ғасыры» деп атауының себептерін ашқызамыз. Балаларды зерттеуге баулып, белсенділендіріп, қызыға жұмыс жасатудың біздің қолдағы басты құралдары екеу: 1) сұрақтар мен 2) иллюстрацияланған, мазмұны қызық оқулықтан тыс мәтіндер ғана. Дәл бағанағыдай жұмысты қайталап, оқушыларды дұрыс жауаптарға өздігімен жетуге бағыттаймыз:
-  ХІХ ғасырда өрбіген Екінші өнеркәсіп революциясы адамзат қоғамын аграрлық сипаттан индустриалды сипатқа аударды, қол жұмысы мен мануфактурадан машина өндірісіне бастады. Машиналар талай жаңа заттар мен тауарлар шығарып, адам өмірін анағұрлым жеңілдетті. Сол себепті ХІХ ғасыр «зат есім ғасыры» деп аталады.
- ХХ ғасырда қашықтықтар қысқара бастады, өйткені адамзат жылдам жүретін, қатынайтын механизмдерді ойлап шығарды: автомобиль, ұшақ, телефон. Және де олар бір ғасыр көлемінде өркендеп, жақсарып, жылдам дамып отырды. Мысалы, алғашқы автокөліктер сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүрсе, ХХ ғасырдың соңында олар 10 еседен астам өсті, ал ұшақтардың жылдамдығы дыбыс жылдамдығынан асты, адам ғарышқа екінші ғарыш жылдамдығымен ұшты (11,2 км/сағ), бастапқыда тек сыммен жасайтын байланыс ұялы телефондарға дейін дамыды. Сондықтан ХХ ғасырды «етістік ғасыры» деп атайды.
Осы мәселелерді оқушылар біздің сұрақтар мен ресурстар арқылы берген көмегімізбен анықтауы керек! Осыдан кейін оларға мынандай сұрақ қоямыз:
-  Ал ХХІ ғасырды қай сөз табымен атау керек деп ойлайсыздар? Неліктен? Топ ішінде осы мәселені талқылап жіберіңіздер!  
Оқушылар өз ойларын келтіргенде, әрине, барлық сөз таптарын атап шығады, өз дәлелдерін келтіреді. Бізге де керегі осы емес пе? Өйткені біздің негізгі мақсатымыз - балаларды терең ойлауға, мәселені жан-жақты зерттеуге, өз жауаптарына дәлел мен ғылыми аргумент іздеуге үйрету. Сол себепті де біз «Дұрыс жауап беру жеткіліксіз. Оны дәлелдеп беру керек» деген педагогикалық ұғымға сәйкес оқушыларды әрі қарай ойлануға, ізденіске ынталандыруымыз керек:
- Дұрыс, балалар! ХХІ ғасыр – есімдік ғасыры. Неліктен?
Оқушылар қайтадан топ ішінде бұл мәселені талқылайды. Оларды тағы да дұрыс жауапқа сұрақтар, «сыбырлау», бағыттау, қысқа мәтін көмегімен алып келу қажет:
- Бүгінде ең басты құпия – адамның өзі, оның өмірі, психикасы, руханияты. Өйткені ХХ ғасырда басталған адамның Жалғыздық пен Жаттану деген екі дерті қазірде өрши түсуде. Осыған сәйкес адамзат алдында тұрған ең басты қауіп – ядролық соғыс емес, ессіз террористер де емес, экологиялық апттар да емес. Адамзат алдында тұрған ең басты қауіп – адамдардың бірлесе өмір сүре алмауы, бірлесе өмір сүруден қашуы. Сондықтан да ХХІ ғасырда негізгі ғылым салаларының қатарына психология мен педагогика жатқызылады.
Сондықтан да ХХІ ғасырда адамдар бір-бірімен жағымды қарым-қатынасқа түсуге, бірлесе өмір сүруге үйренуі керек, баяғыда Бөлтірік шешен айтқандай, адамзаттың «сіз бен бізі» жақсаруы қажет. Сол себепті де ХХІ ғасырды ғалымдар «есімдік ғасыры» деп атайды.
Жамал апай екеуіміз ол кісінің сабағын осылайша жоспарлаған едік...

Ата-аналар жиналысы

Ата-аналар жиналысын ұйымдастырудың бір үлгісі
Басында
1) Ата-аналарды «Сіздер өз балаларыңыз үшін ең мейірімді жансыздар! Балаларыңыз сіздердің жылы-жұмсақ сөздеріңізден ғана өседі!» деп мақтап-мадақтап алып,
2) көңілі марқайған ата-аналарға «Балаларыңызды қандай сөздермен мақтайсыздар? Әрқайсыңыз жекелей алдарыңызда жатқан А-4 параққа жазыңыздаршы: сіз айтқан сөздерді біз де өз балаларымызға айтайық! Мен сіздерге бұл үшін 3 минут уақыт берейін» деген тапсырма беруге болады (тапсырма №1).

Мен тренингтерде мұғалімдермен (олар да ата-ана емес пе?) осы тақырыпқа әңгімелесіп, осы тапсырманы орындатамын. Байқағаным, ата-аналар «айналайын», «күнім», «айым», «жұлдызым», «қоңыр қозым», «ботақаным» секілді кең тараған мақтаулардан аса алмай, шығармашылықтары мен қиялдары да шектеліп, әрі кетсе 10-15 сөздей ғана келтіріп жатады. Менің тәжірибемде ең көп жазғаны 28 сөз болды.
3) Осыдан кейін ата-аналар жазғандарын топ ішінде 4 минут ішінде бір-біріне оқып берсін, талдап-талқыласын.
4) Енді жазғандарын аудиторияға оқып берсін, ішіндегі ең жиі айтатындарын анықтасын.
5) Жазғандарын тақтаға іліп қойсын.
Сынып жетекшісі мұнда жазғандарын қорытындылап, ата-аналардың жазғандарына жағымды кері байланыс береді.
Ортасында
6) оларға «Балаға айтылатын жылы сөздер» деген 200 мақтаудан тұратын ресурсты таратып беруге болады: оқысын (5 мин) және топ ішінде «Бұларды қалай қолдануға болады?» деген сұрақты талқыласын (5 мин) (тапсырма №2).
Ата-аналарда ең алдымен «Біз 10-20 сөзді ғана жаздық, ал мұнда қандай 200 мақтау келтірілген екен?» деген таңдану болады да, содан кейін ол таңданыс ұялуға да әкелуі ықтимал: «Мен неліктен осындай сөздерді айта алмадым?!» дегендей.
7) Топ ішінде ата-аналар «Осы 200 сөзді қашан және қалай қолдана аламыз?» деген сұрақты талқылап, соған жауап іздеуі керек. Әр топ «Қашан?» сұрағына 5 жауап және «Қалай?» сұрағына 5 жауап келтіруі керек. Бұл жұмысқа 10 минут берсе де болады.
Аяқталуы
8) Топтар өз жазғандарын жариялап, ойларымен бөліседі. Ол үшін тақта алдына шығып, жазғандарын таныстыруға болады немесе «Диірмен», «Автобус аялдамасы», «Галереяны шарлау» деген тәсілдерді де осы мақсатта қолданған да орынды. Мұғалім талқылау мен кері байланыс беруді ұйымдастырады (5 минут) (тапсырма №3).
9) Ортақ тізім жасау. Барлық ұсыныстардың басын қосып немесе ішінен ең тиімді әрі қолжетімді, қолдануға тұрарлықтарынан тағы да бір тізім жасау (5 мин) (тапсырма №4).
10) Тізімді қабылдау, оның фотосуретін ата-аналарға Whats App арқылы тарату, міндеттеме қабылдау: әр ата-ана бұл тізімді міндетті түрде қолданатындығын және өз тәжірибесімен қалай, қашан бөлісетіндігін айтады.
Егерде оқушылардың үй тапсырмасын қалай орындалғанын мұқият тексермей, оны орындаудағы балалардың жетістіктері мен қателерін, оларды түзету не болдармау жолдарын айқындамай, сабақ басында үстірт: «Балалар, үй тапсырмасын орындадыңдар ма?» деп қана сұрап, оқушылардың жамырай «Иә!» деген жауаптарына қанағаттансақ, онда үй тапсырмаларының жауапты түрде орындалуы екіталай болар. Тексермесек, талдап-талқыламасақ, талап қоймасақ, оқушылардың да үй жұмысына немқұрайды болуы әбден ықтимал. Солай болады да!
Ата-аналар да дәл сондай. Қандай да бір ұйымдастырылған іс-шараларда (ата-аналар жиналысы, кездесу, сұхбат, т.б.) бірлесе бір өзекті мәселені (проблеманы) шештік делік, оның құралдары, амалдары мен әдіс-тәсілдерін таңдап алдық делік, алайда ата-аналардың оларды қалай қолданып, жүзеге асырып жатқандығын қадағаламасақ, бұл жасағандарымыздың «ақырын-ақырын шегініп, алыстап» кететіндігі анық.
Сондықтан не істеу керек? Қабылданған міндеттемелерді қадағалау керек!
Мысалы, ата-аналарды «Мен бүгіннен бастап осы мәселені қалай шешіп жатқандарыңызбен бөлісуге шақырамын. Ол үшін күнде кешке Whats App-та құрылған тобымызда «Дауыстық хабар» атты қызмет арқылы тәжірибелерімізді бір-бірімізге айтайық, әңгімелесіп, жетістіктеріміз бен туындаған кедергілерді талдап-талқылайық, оларды шешу жолдарын қарастырайық! Сондықтан да сідер кезектесіп тәжірибемен бөлісіп тұрыңыздар! Бүгін кешке алғашқы кезек Дәуреннің анасы Іңкәр апайдікі. Іңкәр апай, сізді кешкі сағат 20.00-де «эфирде» күтеміз! Қалғандарыңыз да Іңкәр апайдың айтқандарын талқылауға дайын болыңыздар! Ал ертең Темірханның анасы Дәния апайдың кезегі!» деп айтып, олардың тәжірибесімен бөлісу кестесін жасап, талдау жұмысын ұйымдастырған дұрыс.
Ата-аналарда өз тәжірибесін талқылау дағдыларын қалыптастыру үшін сынып жетекшісі алғашында ата-аналарды белсендіруге мейлінше атсалысуы қажет. Ол үшін күнделікті желіге шығып, ата-аналардың әңгімелерін тыңдап, оларға сұрақтар қойып, ынталандырып, тәжірибелерін қорытындылап, өзгелерге жариялап, таратып тұруды ұйымдастырғаны жөн.
Сонымен, ата-аналар жиналысының құрылымын мынандай ретпен ұйымдастырған тиімді болар:
І. Басында
1. Тәрбиеде, сыныпта туындаған өзекті мәселе (проблема) қою, ата-аналардың бұл туралы пікірлерін білу, оларды «танымдық диссонанс» жағдайына түсіру: ойландыру, ұялту, т.б.
ІІ. Ортасында
2. Мәселені шешімін іздестіру: ресурстармен жұмыс (мәтін, бейнебаян, слайдтар, т.б.), талдау-талқылау.
ІІІ. Аяғында
3. Қорытынды шығару: проблеманы шешетін нақты қадамдар, амалдар, құралдар, әдіс-тәсілдерді құрастыру және таңдау.
4. Міндеттеме қабылдау: ата-аналар мен сынып жетекшісі таңдалған проблема шешімін бала тәрбиесінде қалай қолданатындығы жайлы уәделеседі, әркім өзіне міндеттеме жүктейді.
5. Ата-аналармен таңдалған шешімді жүзеге қалай асырып жатқандығын талдау-талқылауды (есеп беруді) күнделікті ұйымдастыру. Бұл үшін ата-аналармен тұрақты байланыс орнату керек (бетпе-бет, Whats App, скайп, т.б.) .

Тапсырмалар мен сұрақтардың маңызы

Сабақта не маңызды: тапсырмалар мен сұрақтар ма, әлде әдіс-тәсілдер ме?
Сәуір айында маған Алматы қаласы мектептерінің біреуінен жас мұғалима келіп, мынандай өтініш білдірді:
- Келесі аптада мектебіміздің бір топ мұғалімдері көрші мектепке барып, сол жерде таныс емес сыныптарда сабақ өткізеді. Мен де әдебиеттен 9-сыныпта сабақ өткіземін. Сабақ тақырыбы әдебиет теориясынан: «Әдеби тектер». Ағай, маған сабағыма қатысушыларды таңғалдыратын, бұрын-соңды ешкім де қолданбаған ұтымды бір тәсіл көрсетіңізші!
Мен сабақтың табысты да сәтті, тиімді әрі мағыналы болғандығын жалғыз тәсіл ғана шешпейтіндігін айттым:
- Сабақтың жоғары дәрежеде өтуі көп факторлардан тұрады емес пе? Оларға, менің ойымша, бірінші кезекте мұғалімнің беделін, сыныптағы психологиялық ахуалды, жылы да жағымды қарым-қатынасты, қызықты әрі мазмұнды тапсырмалар мен сұрақтарды, бірлескен зерттеу мен іздену әрекеттерін жатқызуға болатын шығар. Сондықтан да алдымен осы мәселелерді тиімді түрде жүзеге асыруды ойластырып, содан кейін ғана қандай әдіс-тәсілдерді қолдануға болатындығын ойластыру керек болар.
Бірақ әлгі апай «Маған жаңа тәсіл керек!» дегеннен айнымады:
- Ағай, сіздің әдістемелік қоржыныңыз ауқымды ғой! Соның ішінен маған ешкім де әлі қолдана қоймаған бір тәсілді берсеңізші! – деп қиылды.
- Әріптесім-ау, шынын айтсам, мен ешқашан да «Сабақта қандай тәсіл қолданамын?» деп басымды қатырған емеспін, сондықтан да әдіс-тәсілдер мен үшін басты мақсат болмаған! Бұған қоса мен тәсілдерді өз сабақтарымда көптеп қолданбаймын да.
- Сонда сіз сабақтарыңызда еш тәсіл қолданбаймын деп айта алмайтын шығарсыз?! – деп қоймады жас әріптесім. - Әйтеуір бір тәсілдерді қолданасыз ғой!
- Иә, қолданамын. Алайда мен алдымен сабақтың мазмұнына, тапсырмалар мен сұрақтардың қызықты әрі мағыналы болуына назар аударамын. Ал әдістердің ішінен сабақтарда зерттеу мен ізденіске негізделген бірлескен (топтық не жұптық) талқылау және оқушылардың бірін-бірі үйрету тәсілдерін көп қолданамын. Сондықтан да мен сізге алдымен сабақта оқушыларға қандай тапсырма мен сұрақтар қоятындығыңызды ойластыруды ұсынамын.
Сәл ойланып қалған мұғалима біраз үнсіздіктен кейін:
- Ал сіз «Әдеби тектер» тақырыбы бойынша сабақты қалай ұйымдастырар едіңіз? – деп сұрады.
- Қиын сұрақ екен!.. Оған жауап беру үшін мен уақыт тапшылығына байланысты импровизацияға көшемін, сондықтан кейбір ойларымның шикі болуы ықтимал. Сөге жамандамаңыз!..
Әңгімемді бастап кеттім:
- Бұл сабақта мен ең алдымен оқушыларға былай дер едім:
-  Балалар, өздеріңіз жақсы білетіндей, әдеби тектер үшеу: эпос, лирика және драма. Сіздерге мынандай сұрақ: неліктер әдеби тектер үшеу? Екеу емес, төртеу не бесеу емес?.. Осы сұрақты шағын топ ішінде 1 минут талқылауларыңызды сұраймын.
Бір минуттан соң мен оқушылардың жауаптарын тыңдап, оларды 2 минуттай талқыға саламын. Бұл талқылаудың нәтижесінде балалар әдеби тектердің үшеу болатындығының себебі олардың тілмен тіке байланысты екендігін айқындауы керек. Егерде олар бұл жауапқа келе алмай жатса, онда мен тура жауапты өзім айтпай, балаларға бағыттаушы сұрақтар қою және көмектесу арқылы оларды осы жауапқа алып келемін.
Осыдан соң мен мынандай сұрақ қоямын:
- Сонымен, әдеби тектердің үшеу болатындығы тілмен байланысты екен, өйткені тіл – әдебиеттің негізгі құралы ғой!.. Дұрыс: тілде, атап айтқанда, етістікте 3 шақ, ал есімдікте 3 жақ бар және де тілдің 3 қызметі бар.  Енді сіздерге мынандай тапсырма: топ ішінде эпос, лирика және драманың әрқайсысы қай шаққа және қай жаққа жататындығын айқындап, кестеге түсіріңіздер! Таңдау жасағандарыңызды дәлелдермен негіздеңіздер! Мен сіздерге бұл тапсырманы орындау үшін 5 минут беремін! Оқулықтағы теориялық мәліметтерді қолданыңыздар!
Тапсырманы орындау барысында оқушыларды аралап, олардың қалай жұмыс жасағанын бақылап, сұрақтар қойып, олармен әңгімелесіп, бағыт-бағдар беріп, көмектесіп, олардың тапсырманы дұрыс орындауын қадағалаймын. Қалыптастырушы бағалаудың бір көрінісі осындай!
Енді оқушылардың жауаптарын тыңдалық:
- Ал, балалар, уақыт аяқталды! Менің байқауым бойынша, барлық топ тапсырманы орындап, кестелерді құрастырды. Тапсырманы тексерейік: қай топ өз жауабымен алдымен бөліскісі келеді? Екінші топ па? Қалғандарыңыз қарсы емессіздер ме?.. Онда екінші топтың атынан Темірхан сөйлесін, тыңдалық!..
Оқушының жауабын тыңдап болғаннан кейін өзге оқушыларға:
- Дұрыс па, балалар? Екінші топ шақтарды былай бөліпті: эпос өткен жаққа жатады, лирика – осы шақ, ал драма – келер шақ. Ешкімнің қарсылығы жоқ па?.. Онда менде мынандай сұрақ бар: «Неліктен?» Неліктен эпос өткен жаққа, лирика осы шаққа, ал драма келер шаққа жатады? Темірхан не дер екен? – деп талқылауды ұйымдастырған жөн.
Оқушылар мұнда эпостың өтіп кеткен әрекеттерді сипаттағандықтан өткен шақта болатындығын, лирика адамның ішкі дүниесінің қазіргі ахуалы туралы екендігін, ал драманың  болашақта сахнада қойылатындықтан келер шақта жазылатындығын айтуы керек. Мұғалім осыған көмектесуі қажет.
- Сонымен, балалар, біз әдебиет тектерін тілдің 3 шағы бойынша бөліп шықтық. Ал енді оларды тілдің жақтары бойынша қалай бөлдіңіздер? Бұл туралы бірінші топтың атынан Аялаға сөз берейік!..
Бұл оқушының да жауабын тыңдап болып, оны талқылауды ұйымдастыру керек:
- Аяла өз жауабында эпос 3-ші жақта болады («Ол»), лирика 1-ші жақта («Мен»), ал драма 2-ші жақта («Сен/сіз») болады дейді. Бұл жауаппен келісесіздер ме, балалар?
Оқушылар мұнда эпостың (роман, повесть, әңгіме, жыр, мысал, тәмсіл, аңыз, ертегі, эпопея, очерк, т.б.) әңгімеші атынан айтылатындықтан, біреуді сипаттауға негізделеді, яғни 3-ші жақта жазылады не айтылады деп тұжырымдауы керек. Олар лирика адамның (лирикалық кейіпкердің) сезімдері, көңіл-күйі, ойлары, әсерлерін суреттейтіндіктен (лирикалық өлең, элегия, ода, романс, сонет, т.б.) 1-ші жақта болатындығын айтуы қажет. Ал драма сахнада диалог пен әрекеттер арқылы жүзеге асырылатындықтан, оның жанрлары (драма, комедия, трагедия, т.б.) 2-ші жақта жазылады деген қорытындыға келгені дұрыс.
- Жарайсыздар, балалар! Сіздер әдебиет тектерін тілдің шақтары және жақтарымен дұрыс бөлдіңіздер! Онда сіздерге тағы да бір сұрақ: «Тілдің қандай негізгі 3 қызметі бар?» Топ ішінде бұл сауалды 2 минут талқылаңыздар. Сұрақ оңай емес!
Осыдан кейін бүкіл сыныптың талқылауын сұрақтар көмегімен ұйымдастырған жөн. Оқушыларға дұрыс жауаптарға жетелейтін сұрақтарды қойған орынды:
- Тіл не үшін керек? Біз тілді қашан және қалай қолданамыз? Аллаһ Тағала Адам Атаны жаратқанда, оны барлық періштелерден жоғары қою үшін оған не үйретті? Дұрыс, барлық тіршілік атаулысының аттарын үйретті. Сонда тілдің бірінші қызметі қандай?.. Демек, тілдің бірінші қызметі атаулы (номинациялық) және қайталау (репрезентациялық) қызметі болмақ. Бұл қызмет қай әдеби текке тән?.. Әлбетте, эпосқа! Неліктен? – деп оқушыларды терең ойға батырып, дұрыс жауапқа бағыттаймыз.
Осыдан кейін дәл осылай лириканы да тілдің бір қызметімен байланыстырамыз:
- Тілдің басқа да қандай қызметі бар?.. Мамыржан, осы сабақта өзіңізді қалай сезініп тұрсыз? Сабақ сізге ұнауда ма?.. Балалар, Мамыржан қазір бізге тілдің қай қызметін көрсетті? Дұрыс: эмоциялық қызметін. Адамның ішкі жан дүниесін көрсететін қай әдеби тек? Сіздермен толық келісемін: лирика! Жарайсыздар!
Дәл осылай драманы да тілдің қарым-қатынастық (коммуникациялық) қызметімен байланыстырамыз, өйткені драма сахнада қойылып, кейіпкерлердің диалогына негізделеді.
Сабақ нәтижесінде оқушылар мынандай кестені құрып, оны тақтадан көрсетіп, түсіндіріп береді:
Тілдің   ерекшеліктері
Әдебиет
тектері
Шақ
Жақ
Қызметтері
Эпос
Өткен шақ
3-ші (ол)
Атаулы, қайталау
Лирика
Осы шақ
1-ші (мен)
Эмоциялық
Драма
Келер шақ
2-ші (сен-сіз)
Қарым-қатынас
Осыны айтып, қарсы алдымда отырған жас әріптесіме:
- Міне, осылайша біз әдебиет тектерін 3-ке бөлінуінің себептері мен «құпияларын» оқушылармен бірлесе зерттеп, барлық сұрақтарымызға жауап алған боламыз. Мұндай сабақтың оқушылар үшін қызық та мағыналы болатындығы ықтимал ғой?! Өйткені сұрақтар мен тапсырмалар мәнді-мағыналы болды емес пе? Ал осы сабақта біз қандай әдіс-тәсілдер қолдандық? Тек топтық және сыныптық талқылау секілді елдің бәріне де белгілі тәсілдерді. Тағы да қайталағым келеді: сабақтың қызықтылығы мен маңыздылығы бірінші кезекте оның мазмұнымен, яғни оқушыларға ұсынылатын тапсырмалар мен сұрақтардың сапасымен байланысты. Ал сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдерді осыдан кейін ғана ойластырса болады деп есептеймін, - дедім.
Байқаймын, менің әңгімем жас әріптесіме бәлендей әсер етпеген секілді. Ол кісі «Маған бір қызық тәсіл болса ғой, шіркін!» дегенінен таймай, менімен салқын қоштасты. Менің мұғалиманың айтқанынан шыға алмай, оның сенімін ақтай алмағаным анық...
Осы біз ылғи да оңай жолды таңдаумен айналыспаймыз ба? Өмірімізде пайда болған мәселелерді (проблемаларды) тудыратын себептердің тереңіне, байыбына үңілудің орнына біз үстірт кетіп, шөптің басын ғана орып, олардың салдарымен ғана айналыспаймыз ба? Еңбектеніп, ащы тер төгіп, өзімізді қинағанның орнына ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргіміз келмей ме?
Мәселен, оқушылармен жағымды қарым-қатынас құрып, олар үшін бедел болып (өзімізде жақсы мінез сомдап), оларға тіпті ұнап («Бала тек өзіне ұнайтын мұғалімнен үйренеді» деген қағиданы ескеріп), оларды қызықтырудың орнына, біз сабақтағы мәселелерді жедел және оңай жолмен шешетін «сиқырлы кілтті», яғни әдіс-тәсілдерді табуға әуеспіз.
Алайда негізі мен мағынасы болмаса, формадан (қалыптан) не пайда? Сабақтағы тапсырмалар мен сұрақтар қызық әрі мазмұнды болмаса, әдіс-тәсілдерден не пайда? Мұғалімнің шеберлігі оның әдіс-тәсілдерді қолдана білуінен ғана емес шығар?
Сол себепті де мұғалім сабақта басты назарын мазмұн мен мағынаға, мақсат пен мәнге аударуы керек. Осыдан кейін ғана әдіс-тәсілдерге ден қоюға болар.
Алайда бірінші жол қиын да күрделі болғандықтан, көп мұғалімдер екінші жолды таңдап, баяғы Архимед сияқты (оның «Маған тірек нүктесін берсеңіздер, мен Жер шарын төңкеріп түсірер едім!» деген сөздері есіңізде ғой?) «Маған бір қызық әдіс-тәсілді берсеңіздер, мен сабақты төңкерер едім!» дегеннен тайынбайды.
Олардың есіл-дерті жаңа әдіс-тәсілдерде, қызықты стратегияларда, солар арқылы сабағын түрлендіргісі келеді. Жаңағы мұғалиманың да мені тыңдамай кеткенінің себебі осы, өйткені менің ұсынысым – қиындау, оны жүзеге асыру үшін уақыт керек, күш-қайрат жұмсау керек, қиналу керек, ал егерде елді «аһ!» ұрдыратындай сиқырлы тәсіл болса, онда мұғалім емес, тәсілдің өзі «жұмыс жасап», сабақты қызықтырып жіберетіндей көренеді ол апайға.
Қиын жолмен жүрген дұрыс болар. Есімізде ғой ертегілерде: «Алыс жол бар: алыс болса да жақын. Жақын жол бар: жақын болса да алыс» деп айтатындығы? Бұл «Оңай жолмен жүрсең – жақсы нәтижеге кенелмейсің, қиын жолмен жүрсең ғана қомақты жетістіктерге қол жеткізуге болады» дегенді білдіреді.
Алыс жолмен жүрген абзал.

Оқушылардың бірін-бірі үйретуі

Оқушылардың бірін-бірі үйретуі
Оқушылардың бірін-бірі үйретуі – үйренудің ең тиімді амалдарына жатады. Бұл әдістің тиімділігі «Бефель» лабораториясының зерттеулері бойынша 90% құрайды, ал Джон Хэттидің метатанымдық зерттеулері бойынша ол үйрену мен оқуға жағымды ықпал жасайтын 800 факторлардың алғашқы ондығына кіреді.
«Бір нәрсені үйренгің келсе – оны өзгелерге айтып бер!» деген ұғым осыдан да шыққан болар. Атақты ғалым Альберт Эйнштейннің «Шындығында да әжеңе түсіндіріп бере алмайынша,  сен бұған түсінбейсің!» деген сөздері де осыны меңзейді емес пе?
Мынандай анекдот та бар ғой: «Мұғалім оқушыларына ренжіп тұр дейді:
- Үшінші рет түсіндіріп тұрмын сендерге! Өзім де түсініп алдым!»
Көне латындардың 2000 жыл бұрын «Docendo discimus!» («Үйрету арқылы үйренемін!») деп айтқаны да өзгелерді үйрету - үйренудің ең тиімді әдісі екендігін дәлелдейді.
Осы тұрғыдан тағы да бір дәлел келтіріп кетейін.
Баяғыда аспирантурада оқып жүргенімізде Біржан есімді жігітпен 3  жыл жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Оның мамандығы «Механика», ол атақты академик Өмірбек Жолдасбековтың көп шәкіртінің бірі болатұғын.  
Біржан бөлмеде болғанда негізінен есептер шығарып отыратын. Осылайша бірнеше сағат бойы тапжылжымай, жоғарғы математика саласындағы бір нәрселерді есептеп отыра беретін. Әрине, әдебиеттанумен айналысатын мен үшін оның жазғандарының бәрі де түсініксіз шимай-шатпақ болып көрінетін. Бірде мен одан:
- Біржан, сенің математиканың құлағында ойнайтындығыңды күнде көріп жүрмін. Ішіп-жеуді ұмытсаң да, математикамен айналысудан еш жалықпайсың. Сонда сен мектепте де математиканы жақсы білуші ме едің? -  деп сұрадым.
Біржан бұл сұрағыма миығынан бір күліп алды да, мұртын ширата былай деп жауап берді:
-  Мен мектепті Байжансайда аяқтадым. Мектепті бітіргенде, шынымды айтсам, математиканы тек бастауыш сыныптар деңгейінде ғана біліп шықтым.
Мұның себептері де баршылық. Біріншіден, шахтерлер ауылында мұғалімдердің жиі ауысуы біздің математиканы үйренуімізге жақсы ықпал жасамағаны белгілі. Екіншіден, біздің ауыл секілді жұмысшылар поселкелері мен теміржол стансалардың ұлдары сотқарлау келеді емес пе? Біздің де ықыласымыз сабақта емес, сабақтан тыс нәрселерде еді. Үшіншіден, мұғалімдеріміз де бізде математикаға деген ынтамызды оятып, дамыта қоймады. Сондықтан да мұғалімдеріміз тарапынан қызығушылықты тудыратын еш әрекеттер болмаған соң біз негізінен уақытымызды ойын, тентектік жасау секілді әрекеттермен толтыратынбыз.
Мектепті аяқтаған соң мен күзде армияға аттандым. Екі жылдан кейін қайтып келім Қазақ мемлекеттік университетінің даярлық курстарына (подкурс) түстім. Ол кезде жігіттер үшін жоғары оқу орнына түсудің ең бір оңай жолы осы еді. Подкурста оқып жүргенімде мен бір бөлмеде үш жігітпен бірге тұрдым. Үшеуі математикадан жақсы екен. Бір жыл бойы мен солардан үйреніп, сол үшеуінің арқасында орта математикадан мектеп бағадарламасын толығымен игеріп шықтым. Осыдан кейін маған «Механика» мамандығында оқу аса қиындық туғызбады.
Бүгінде Біржан Сәрсембекұлы Сауырбаев - техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженер академиясының академигі, «Қазақстанның 200 жетекші ғалымдарының» тізіміне кіретін ғалымдардың бірі. Осы жетістіктеріне ол бірінші кезекте дайындық курсында оқыған жолдастарынан үйренуінің арқасында жетті.
Осы себепті де мұғалімдерге сабақтарда оқушылардың бірін-бірі үйретуін ұйымдастыруы керек.  Бұл оқушылардың белсенділігін тудырып, олардың танымдылығын арттыратындығы анық.
Оқушылардың бірін-бірі үйретуін ұйымдастыру үшін әр сабақта бірлескен жұмыс әрекеттерін (топтық, жұптық, сыныптық) ұйымдастыру қажет. Әрине, бұл оқушылардың жекелей жұмыс атқармайды дегенді білдірмейді. Мұғалім сабақ мақсаттарына сәйкес тіпті әр сабақта оқушылардың жекелей жұмысын ұйымдастыра алады.
Мұнда мына жәйтті ескеру керек. Кез келген әрекет (тапсырма) 3 кезеңнен тұрады: 1) әрекетке дейін (тапсырма орындауға дейін); 2) әрекетті (тапсырманы); 3) әрекетті (тапсырманы) қалай орындалғанын бағалауғ яғни рефлексия.
Сабақта мұғалім оқушылардың бірлесе және жекелей жасайтын жұмыстарын осы 3 кезеңде реттеуге болады. Мысалы, бір тапсырманың мақсаты, критерийлері мен дескрипторларын топ немесе жұп құрамында талқылатып алып («Тапсырманы қалай орындаймыз?» деген сұраққа жауап іздеу), содан кейін тапсырманы жекелей орындатуына болады. Немесе бұл сұраққа жауап іздеу мақсатында әр оқушы өздігімен 30 секунд немесе 1-2 минут ойланғаннан кейін олар өз ойларымен топ немесе жұп құрамында бөлісіп, тапсырманы қалай орындау керектігін айқындап алады. Осыдан кейін тапсырманы бірлесе орындауы мүмкін.
Ал тапсырманың қалай орындалғаны туралы рефлексияны да былайша түрлендіруіне болады: алдымен оқушылар бұл турасында жеке ойланып немесе кесте толтырып алады да, осыдан кейін өздерінің тоқып-түйгенін топ не жұп құрамында талқылап, тұжырымдайды. Бұл рефлексиялық әрекет сыныптық талқылаумен қорытындыланады.
Тапсырманы сыныппен орындау мүмкін де емес болар, өйткені онда көп оқушылардың жұмысқа белсене араласпай, сырт қалу қаупі туындайды, сондықтан да тапсырманы не жеке, не жұппен, не шағын топпен орындаған дұрыс. Алайда рефлексия, яғни тапсырманы қалай орындалғаны, оның не бергендігі, оқушылардың не үйренгендігі туралы талқылау, сыныптық қорытындылаумен аяқталуы тиіс болар.
Кезеңдер
Варианттар
Тапсырманы орындауға дейін
(«Қалай орындау керек?»)
Тапсырманы орындау
Тапсырманы орындағаннан кейін
(«Қалай орындадық?»)
1-вариант
Топ немесе жұп
Жеке
Жеке → топ немесе жұп → сынып
2-вариант
Жеке → топ немесе ж
Топ немесе жұп
Топ немесе жұп → сынып
3-вариант
Топ немесе жұп → сынып
Топ немесе жұп
Жеке → топ немесе жұп → сынып
4-вариант
Жеке → топ немесе жұп
Жеке
Топ немесе жұп → сынып
5-вариант
Топ/жұп
Топ немесе жұп
Жеке → сынып
6-вариант
Жеке → топ/жұп → сынып
Жеке
Жеке → топ немесе жұп → сынып
7-вариант
Жеке → сынып
Жеке
Жеке → сынып
8-вариант
Топ немесе жұп
Топ немесе жұп
Топ немесе жұп → сынып
Оқушылардың тапсырманы орындау ретінің мұндай варианттарын көптеп келтіруге тұрарлық.
Бұдан шығатын қорытынды мынау. Тапсырманы орындауда жұмыстың кез келген нысандарын қолдануға болады: жекелей, топпен, жұппен, сыныппен.
Байқап отырғандарыңыздай, жекелей жұмыстың  өзін тек тапсырманы орындауда қолданып, ал «Орындауға дейін» және «Орындаудан кейін» кезеңдерінде оны бірлескен әрекеттермен жалғастыру қажет. Мысалы, оқушылар тапсырманы қалай орындау керектігін бірлесе талқылап алғаннан кейін (1), оны жекелей орындайды (2), содан соң тапсырманың қалай орындалғанын бірлесе талдайды, бірін-бірі тексереді, бір-біріне көмек береді (3).
                           

Оқушыларды қызықтыру

Қызықтырудың бір амалы




Осыдан оншақты жыл бұрын Алматы қаласындағы бір мектепте 2-сынып сабағына кірдім. Сабақ беретін апай сабақ алдында оқушыларды сыртқа «Ойнап келіңдер!» деп шығарып жіберген.
Қоңырау соғылғанда мұғалима оқушыларға «Балалар, сыныпқа бір-бірлеп кіріңдер! Мен сендердің ауыздарыңды кілттеймін!» деді. Оқушылар сап түзеп, бөлмеге біртіндеп кіріп жатқандай, апай қалтасынан кілт алған тәрізді әрекет жасап, әр баланың аузын кілттегендей ишарат білдіріп жатты. Балалар бұл тәсілді білетін секілді: олар жымың-жымың етіп, үндемеген қалыпта орындарына отыруда. Апай оларды «Ауыздарыңызды кілтке жаптым! Сондықтан да ешкім де сөйлей алмайды! Ал айтайын десеңдер, қол көтеріңдер! Мен ауыздарыңды ашамын, сонда ғана сөйлей аласыңдар!» деп ескертіп жатты. Оқушылардың кейбіреулері аузын басып, мырс-мырс күлсе де, дауыстарын шығара қоймады.
Апай сабақты әрі қарай жалғастырып кетті. «Балалар, үй жұмысын тексереміз! Дәптерлеріңді ашыңдар! Жұптасып, бір-бірлеріңе үйге берілген жазу тапсырмасын көрсетіңдер! Берілген критерийлер бойынша бір-біріңнің жұмысын тексеріңдер де, балл қойыңдар! 4 минут уақыт беремін сендерге!» деді. Оқушылар дәптерлерімен алмасып, бірін-бірі тексеруге кірісті. Сынып іші тым-тырыс.
Уақыт аяқталғаннан кейін апай «Қалай тексердіңдер? Бір-біріңнің жұмыстарыңнан қандай жетістік пен қателерді таптыңдар? Бір-біріңе қанша балл қойдыңдар?» деп сұрады. Бірнеше оқушы қол көтерді. Мұғалима солардың біреуінің қасына келді де, қалтасынан кілт алғандай болып, әлгі баланың аузын ашып жатқандай әрекет жасады. «Аузы ашылған» оқушы жауап берді. Осыдан соң апай оны мақтап, «Жарайсың! Жақсы талдау жасадың! Маған әсіресе қателерді қалайша түзетуге болатындығы туралы айтқаның ұнады! Сонымен бірге тым қатал болмағаның да дұрыс болар: сыныптас жолдасыңа байыппен сын айтқын!» деп кері байланыс берді де қалтасынан «кілт» алып, әлгі баланың аузын қайтадан «кілттеп» тастады.
Бұдан кейін апай тағы да 3-4 оқушыны сөйлетті. Онда да қалтасынан «кілт» алып, балалардың аузын «ашады», олар жауап беріп болғаннан кейін «жабады». Қалған оқушылар ауыздары «кілттенген» болған соң, тек қолдарын көтеріп үндемей отыр.
Сәлден соң үй тапсырмасы түгел тексеріліп, сынып бойынша қандай жетістіктер мен қателердің бой алғаны қорытындыланған соң, апай «Балалар, енді жаңа сабаққа көшейік! Ауыздарыңды ашамын! Ол үшін сендерге кілттеріңді таратып беремін! Өздерің кімнің кілті екендігін анықтап алыңдар!» деді де әр топқа жақын келіп, қалтасынан «кілттердің» бір бумасын алғандай сыңай көрсетіп, партаға «тастап» жатты. Оқушылар «кілттерді» бөлісіп, өздері ауыздарын «ашып», біраз уақыт ауыз ашпағаннан шаршап қалғандай «Оһ! Аһ!» деп қуанып, мәре-сәре болып жатты.
Сабақ әрі қарай жалғасып кетті...
Мен мұғалімнің шеберлігіне риза болдым! «Балалар, тынышталыңдар! Өйтіңдер-бүйтіңдер!» деп оқушыларды тиімді әрекеттенуге дауыс көтеріп, тіпті ұрсып-жекіп шақырғаннан гөрі, оларды ойын («Ауыздарын «кілттеу» ойыны) арқылы жағымды көңіл-күйлерін еш әлсіретпей, қажетті әрекеттерге бағыттау анағұрлым тиімді емес пе?!













https://www.facebook.com/ufi/reaction/profile/browser/?ft_ent_identifier=ZmVlZGJhY2s6ODM0MzA2NjMzNjE1MTk0&av=100002323147904https://www.facebook.com/ufi/reaction/profile/browser/?ft_ent_identifier=ZmVlZGJhY2s6ODM0MzA2NjMzNjE1MTk0&av=100002323147904https://www.facebook.com/ufi/reaction/profile/browser/?ft_ent_identifier=ZmVlZGJhY2s6ODM0MzA2NjMzNjE1MTk0&av=100002323147904https://www.facebook.com/ufi/reaction/profile/browser/?ft_ent_identifier=ZmVlZGJhY2s6ODM0MzA2NjMzNjE1MTk0&av=100002323147904

ҚМЖ құрастыру

ҚМЖ: барлығы да оқу мақсаттарынан туындайды

Сабақтың басты міндеті - оқу мақсатын жүзеге асыру болғандықтан, сабақ жоспары толығымен оқу мақсаттарынан туындайды. Сабақ мақсаты да, бағалау критерийлері мен тапсырмалар да осы бағытта құрастырылады. Бұл туралы әр пәннің оқу бағдарламаларында былайша жазылған: «Нақты пән бойынша күнделікті білім беру үдерісінің мазмұны оқу мақсаттарына бағынады және оқушылардың меңгерген білім, білік және дағдыларын кез келген оқу үдерісінде және өмір жағдаяттарында шығармашылықпен пайдалану даярлылығын қалыптастыруға, жетістікке қол жеткізуде қажырлылықты дамытуға бағытталған, өмір бойы білім алуға ынталандырады» (2, 6).
Осыған орай оқу мақсаттарын мемлекеттік стандарт, өзгертуге болмайтын инвариант деп түсінген орынды. Оқу мақсаттары оқу бағдарламасы (ҰМЖ) негізінде құрастырылған күнтізбелік-тақырыптық жоспардан алынады. Оқушылардың барлығы да оқу мақсаттарына жетуі міндет. Сондықтан мұғалімнің шешімі бойынша оқу мақсаттары бір немесе бірнеше сабақта қарастырылуы мүмкін.
Оқу мақсаттарын сабақ мақсаттарына айналдыру.
Сабақ мақсаты дегеніміз оқушылардың сабақ нәтижесінде (40 минуттан кейін)  үйренетін дағдылары, білік пен білімі, оқушының сабақ бойы жасаған жұмысының нәтижесі. Сабақ мақсаты оқушының сабақта (40 минут барысында) не жасағанын көрсетпей, оның сол әрекеттерді орындау нәтижесінде (сабақ соңында) не үйренетіндігіне болжау жасайды. Оқушылардың әрекеттері Блум таксономиясының деңгейлері бойынша белгіленеді.
Сабақ мақсаттары оқу мақсаттарының негізінде жасалады. Мұнда мұғалім ҰМЖ-да оқу мақсатын қанша сағатқа жоспарланғанына сәйкес негізгі сұрақтарды (оқу мақсатын толығымен немесе бір бөлігін) таңдайды. Әр сабақта 2-3 оқу мақсатын таңдаған дұрыс (алайда барлығы да мұнда КТЖ-ға байланысты: күнтізбелік-тақырыптық жоспарда қанша мақсат көрсетілсе, бір сабақта да сонша мақсат болады). Оқу мақсаттары алдымен сабақ мақсаттарына  айналдырылады. Мұнда негізінен оқу мақсаттары өзгерілмейді, оларды тек  ықшамдауға немесе түсіндірууге болады.
Мысал келтірейік. 1-сынып математикасының «Геометриялық фигуралар және олардың жіктелуі» 3.1 бөлімшесі бойынша келтірілген « 1.3.1.1. Геометриялық фигураларды: нү кте , тү зу , қ исы қ жә не  сынық сызық тар , тұ йы қ тал ғ ан  жә не  тұ йы қ талма ғ ан  с ызық тар , кесінді, сә уле , бұ рышты  бір бірінен ажырату жә н е атау» деген оқу мақсатын тура сол қалпында қайталамай, оқушының оқу нәтижелері тұрғысынан түрлендіріп, ықшамдап, былайша сабақ мақсаты етіп келтіруге болады: «Оқушылар геометриялық фигураларды (нү кте , тү зу , қ исы қ жә не  сынық сызық тар , тұ йы қ тал ғ ан  жә не  тұ йы қ талма ғ ан  с ызық тар ) атай алып, бір бірінен ажыратады, суретін салады». Алынбаған «кесінді», «сә уле» , «бұ рыш» ұғымдарын келесі сабақта қарастыруға болады.
Сонымен бірге мұнда саралап оқыту идеясы аясында оқушылардың барлығына бірдей мақсат белгілемей, олардың танымдық деңгейлері бойынша түрлі мақсаттар қойған дұрыс деп есептелінеді. Алайда сабақ мақсаттарын саралап көрсету міндетті болып саналмайды. Дегенмен оларды көрсету оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескеретіндігін ұмытпауымыз да керек.
«Оқушылардың басым бөлігі» мен «кейбір оқушылардың» сабақта қандай нәтижеге жететіндігін көрсету-көрсетпеуді әрбір мектеп өздігімен шешу керек деп ойлаймын. Ол үшін мектепте ҚМЖ құрастыру мәселесі жан-жақты талқыланып, содан кейін «ҚМЖ құрастыру ережесі» қабылданып, ереже педагогикалық кеңесте бекітілсе, бүкіл мектептің бір сарын мен ыңғайда жұмыс жасауы үшін жағдай жасалынатындығы хақ.
Бұл ережеде «Сабақ мақсаттарында тек «Барлық оқушылар» бөлімі міндетті болып, «Оқушылардың басым бөлігі» мен «Кейбір оқушылар» бөлімі міндетті емес: оларды жазу-жазбауды мұғалімнің өзі шешеді» деп жазылса, мұғалімдер үшін сабақ мақсаттарын құрастыру сатылап, біртіндеп жүзеге асырылар еді: алдымен олар «Барлық оқушылар» бөлімінде не жазу керектігін толығымен үйреніп, содан кейін ақырындап «Оқушылардың басым бөлігі» мен «Кейбір оқушылар» бөлімдерін құрастыруға кірісер еді.
Әйтпесе, біз бүгін нендей жағдай көріп жүрміз? Мұғаліімдерге «Барлық оқушылар» бөлімінің өзі қиынға тиіп жүргенін байқаймын.
Мысал үшін мұғалімдердің маған жіберген ҚМЖ-да оқу мақсаттарын қалайша сабақ мақсаттарына қалай айналдырылғанына тоқталып кетейін.
«Қазақ әдебиеті» пәні бойынша «5.1.1.1 - Әдеби шығарманың   жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттау» деген оқу мақсатын бір мектептегі әріптесіміз (нақтылап атамай-ақ қояйын, өйткені ол маңызды емес қой) сабақ мақсаттарына былайша аударыпты:  
«Барлық оқушылар: Повесті  оқып, сюжетінің құрамдас бөлшектерін талдайды.
Оқушылардың басым бөлігі: Мәтін мазмұны мен идеясына  сүйене  отырып, оқиға желісі бойынша өзіндік көзқарасын білдіреді.
Кейбір оқушылар: Повестегі  кейіпкер бейнесін ашып, кейіпкерлерге гуманистік тұрғыдан талдау жасай алады».
Бұл жерде қандай қателер жіберілген?
Біріншіден, оқу мақсаты барлық оқушылар үшін міндетті болатындықтан оны былайша түрлендіру керек еді: «Барлық оқушылар Б.Соқпақбаевтың   «Менің атым - Қожа»  повесін жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттай алады». «Сипаттау» тапсырмасы «Білу және түсіну» деңгейінде, сондықтан да барлық оқушыларға талдау тапсырмасын («сюжетінің құрамдас бөлшектерін талдайды») ұсынуға болмайды. Бұған қоса оқу мақсаты оқушылардың повесть мәтінін білетіндігін меңзейді, сондықтан да сабақта оқушыларға мәтінді оқу (Оқылым) тапсырмасын беруге болмас.
Үшіншіден, оқу мақсаты «Білу және түсіну» деңгейінде, сондықтан да оқушылардың басым бөлігі мен кейбір оқушылардың оқу нәтижелері «Қолдану» немесе ойлаудың жоғарғы деңгейлерінде болу керек. Ал мұнда олар негізінен сол «Білу және түсіну» деңгейіндегі тапсырмаларды орындайды: «өзіндік көзқарасын білдіреді», «кейіпкер бейнесін ашады». Тек «кейіпкерлерге гуманистік тұрғыдан талдау жасай алады» нәтижесі ғана дұрыс келтірілген.
Төртіншіден, барлық оқушылар «Повесті  оқып, сюжетінің құрамдас бөлшектерін талдайды» тапсырмасын орындауда делік. Онда оқушылардың басым бөлігі «Мәтін мазмұны мен идеясына  сүйене  отырып, оқиға желісі бойынша өзіндік көзқарасын білдіреді», ал кейбір оқушылар «Повестегі  кейіпкер бейнесін ашып, кейіпкерлерге гуманистік тұрғыдан талдау жасай алады» тапсырмаларын қалайша орындайды? Оқушыларды 3 топқа бөлу керек пе ол үшін? Ал топтардың тапсырмаларды қалай орындаағанын қалай білеміз? Бір топ өздерінің жұмыс нәтижелерін туралы сөйлегенде, қалған топтар оларды түсіне қояр ма екен, өйткені олар тіпті де басқа тапсырма орындады емес пе?
Тағы да бір мысал. Химия пәні. «7.1.2.12 - химиялық қосылыстың формуласы бойынша салыстырмалы молекулалық массасын есептеу» деген оқу мақсаты сабақ мақсаттарына былайша айналдырылған: «Оқушылардың барлығы мынаны орындай алады: химиялық қосылыстың валенттілік бойынша  формуласын құрады. Оқушылардың көбісі мынаны орындай алады: формула бойынша салыстырмалы молекулалық массасын есептейді», ал кейбір оқушылардың оқу нәтижелері көрсетілмепті.
Шынтуайтқа келгенде, сабақ мақсаты барлық оқушылар үшін мынандай болуы керек еді: «Оқушылардың барлығы химиялық қосылыстың формуласы бойынша салыстырмалы молекулалық массасын есептей алады». Бұл әрекет – «Қолдану» деңгейінде, демек оқушылардың көбісі мен кейбіреулері «Ойлаудың жоғарғы деңгейлеріндегі» әрекеттермен шұғылдануы керек, яғни не «Талдау» («Шығарған есептерді қалай шығарғанын талдап береді»), не «Жинақтау» («Жаңа есептер құрастырады»), не «Бағалау» (есептерді шығарудың ең тиімді 3 жолын таңдап, оларды дәлелдеп береді).
Биология пәнінде «8.1.5.1 - адамның зәр шығару жүйесі мүшелерінің құрылысы мен қызметін сипаттау» деген оқу мақсаты сабақ мақсатына былайша түрлендірілген: «Барлық оқушылар: Адамның зәр шығару мүшелерін атайды. Оқушылардың басым бөлігі: Адамның зәр шығару мүшелерінің құрылысын біледі. Кейбір оқушылар:  Зәр шығару мүшелерінің құрылысы мен қызметін толық талдайды».
Мұнда барлық оқушылардың оқу нәтижесі оқу мақсатына сәйкес «Адамның зәр шығару жүйесі мүшелерінің құрылысы мен қызметін сипаттай алады» болуы тиіс. Кейбіір оқушылардың оқу нәтижесі жақсырақ құрастырылған, алайда мұнда да «толық талдайды» деген тіркесті түсіндіріп кеткен жөн болар еді.
Сонымен сабақ мақсаттарын саралауда не жазу керек?
Барлық оқушылар.   Мұнда негізінен оқу мақсаттары қайталанады. Әрине, тура сол қалпында емес, өйткені оқу мақсаты ҰМЖ-на сәйкес бір емес бірнеше сабаққа жоспарланған болуы ықтимал, сол себепті бұл сабақта оның тек бір бөлігі ғана (бір мәселесі, сұрағы, аспектісі) көрініс табуы мүмкін.
Оқушылардың 100% қол жеткізуі керек болғандықтан мұғалім мұнда барлық оқушылардың оқу мүмкіндіктерін ескеруі керек.
Оқушылардың басым бөлігі (ҚМЖ-да бұны көрсетпесе де болады). Мұнда оқу нәтижелері  оқушылардың оқу қабілеттеріне қарай күрделендіріледі. Мысалы, оқу мақсаттары «Білу және түсіну» деңгейінде болса, онда оқушылардың басым бөлігі бұған қоса «Қолдану» немесе «Ойлаудың жоғарғы деңгейлеріндегі» мақсаттарға қол жеткізуі керек.
Кейбір оқушылар (ҚМЖ-да бұны көрсетпесе де болады). Оқу мақсаттары мен оқушылардың басым бөлігі үшін белгіленген мақсаттармен бірге шығармашылық және зерттеушілік дағдыларды дамытатын мақсаттарды нақтылау: мәселен, «Талдау», «Жинақтау» немесе «Бағалау» деңгейлерінде.
Сабақ мақсаттарынан бағалау критерийлері туындайды.
Бағалау критерийлерінің синонимдері «жетістік критерийлері», «табыс критерийлері», «күтілетін нәтиже»: кей сабақ жоспарларында оларды осылайша атайды.
Бағалау критерийлерін «Оқушылардың оқу мақсатына жеткендігінің, үйренгендігінің дәлелі не болмақ? Оқушылардың үйренгенін қандай нәтижеден көреміз? Оқушылар не жасай алса, олардың сабақ мақсаттарына жеткендігін көруге болады?» деген сұрақтарға жауап беру арқылы айқындау қажет. «Бағалау критерийлері – мұғалім мен оқушыға қалыптастырушы бағалау кезінде оқытудың мақсатына қол жеткізгенін тануға мүмкіндік беретін тұжырым (табыс критерийі)» (3).
Бағалау критерийлері сабақ мақсаттарымен тығыз байланысты және солардан туындайды.  Ал сабақ мақсаттарының өз кезегінде оқу мақсаттарынан туындайтындығын ұмытпаған абзал.  
Мұнда мына мәселеге назар аудару керек. Бағалау критерийлері бірінші кезекте оқушылардың сабақ мақсаттарына емес, оқу мақсаттарына жеткен-жетпегендігін өлшеуі керек, яғни бұл жерде барлық оқушылардың үйрену нәтижелері қарастырылады. Яғни, бағалау критерийлері үшін  «оқушылардың басым бөлігі» не «оқушылардың кейбіреулері» деген ұғымдар аса маңызды емес, мұнда тек барлық оқушылардың әрекеттерін ғана көрсету керек.
Мысал келтірейік. Жоғарыда қарастырылған «5.1.1.1 - Әдеби шығарманың   жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттау» деген оқу мақсатын «Барлық оқушылар Б.Соқпақбаевтың   «Менің атым - Қожа»  повесін жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттай алады» деп сабақ мақсатына айналдырамыз. Бұл – оқушылардың 40 минутта не үйрену керектігін көрсететін шама.
Енді оқушылардың «Менің атым - Қожа»  повесін жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттай алатындығын қайдан көреміз? Оның дәлелі қандай болмақ?
Сабақта қолдануға қажетті тілдік дағдылар «Айтылым» мен «Жазылым», ал ойлау деңгейі «Білу және түсіну» екендігін ұмытпалық. Осыған сәйкес бағалау критерийлерін (күтілетін нәтижелерді) былай құрастыруға болады:
1. Оқушылар повестің кемінде 3 жанрлық ерекшеліктерін атайды.
2. Повестің фабуласын 5 сөйлеммен жазып келтіреді.
3. Повестің сюжеттік дамуын 5 элемент тұрғысынан (экспозиция, оқиғалардың байламы, оқиғалардың дамуы, кульминация, оқиғалардың шешімі) 2 минут ішінде  сипаттайды (Бұл бағалау критерийін былай да келтірсе болады: «Повестің кемінде 3 негізгі оқиғалары мен 3 кейіпкерлерін 2 минутта сипаттап береді»).
Осы әрекеттерді жасай алғанда ғана, орындай алғанда ғана оқушылардың сабақ мақсатына жеткендігін мойындауға болады. Бұл әрекеттер – олардың үйренгендігінің дәлелдері.
Оқушылар повестің кемінде 3 жанрлық ерекшеліктерін атай алса, біз олардың повестің жанрлық ерекшеліктерін біледі деп шешеміз. Оқушылар повестің фабуласын 5 сөйлеммен жазып келтірсе, олар повестің фабуласын сипаттай алатындығын дәлелдейді. Ал егерде олар повестің сюжеттік дамуын 5 элемент тұрғысынан (экспозиция, оқиғалардың байламы, оқиғалардың дамуы, кульминация, оқиғалардың шешімі) 2 минут ішінде  сипаттап бересе, олар повестің сюжеттік дамуын сипаттай алатындығын көрсетеді.
«Бағалау критерийлері - оқушының үйренгендігінің дәлелі» деген осы.
Оқу мақсаттары сабақ мақсаттарының қандай болу керектігін міндеттейді. Сабақ мақсаттары бағалау критерийлерінің қандай болу керектігін айқындайды. Ал бағалау критерийлері тапсырмалардың қандай болу керектігін көрсетеді.
Олай болса, бұл сабақта оқушыларға ұсынылатын тапсырмалар мынандай болу керек:
1. Повестің кемінде 3 жанрлық ерекшеліктерін атаңыздар (Айтылым).
2. Повестің фабуласын 5 сөйлеммен жазып келтіріңіздер (Жазылым).
3. Повестің сюжеттік дамуын 5 элемент тұрғысынан (экспозиция, оқиғалардың байламы, оқиғалардың дамуы, кульминация, оқиғалардың шешімі) 2 минут ішінде  сипаттаңыздар (Айтылым).
Осыған орай мұғалім сабақта оқушыларға осы 3 тапсырманы орындауды ұсынады.
Немесе бірінші және екінші тапсырмаларды біріктіріп, «Повестің кемінде 3 жанрлық ерекшеліктерін атап, фабуласын 5 сөйлеммен жазып келтіріңіздер» деп те беруіне болады. Ал екінші тапсырма сол қалпында қалады.
Енді мұғалім тек осы тапсырмаларға дескрипторлар құрастыруы керек.
Екінші мысал. Жоғарыдағы «7.1.2.12 - химиялық қосылыстың формуласы бойынша салыстырмалы молекулалық массасын есептеу» деген оқу мақсатын сабақ мақсатына былай айналдыруға болады: «Оқушылардың барлығы химиялық қосылыстың формуласы бойынша салыстырмалы молекулалық массасын есептей алады» (ойлаудың «Қолдану» деңгейі).
Бұл мақсаттың бағалау критерийін былайша келтіруге болады: «Оқушылар 10 минут ішінде химиялық қосылыстың формуласы бойынша салыстырмалы молекулалық массасын есептеуге берілген 8 есептің кемінде 4-ін шығара алады» («Қолдану»). Яғни, оқушылардың барлығы осы тапсырманы орындағанда ғана олардың сабақ мақсатына (және де оқу мақсатына да) жеткендігін көруге болады (мен химик емеспін, сондықтан да мұнда уақыт пен есептер санын мөлшерлеп бердім).
Бұл бағалау критерийіне сәйкес оқушылар бұл сабақта тек химиялық қосылыстың формуласы бойынша салыстырмалы молекулалық массасын есептеуге берілген есептерді шығарумен айналысады. Алдымен топпен не жұппен. Оларға осындай 1-2 тапсырма беру керек. Бірақ сабақтың соңына таман оларға жеке орындайтын тапсырманың берілуі мүмкін: «Сіздерге әрқайсыңызға жеке 8 (немесе 4, немесе 6 – сынып деңгейіне, тапсырманың күрделігіне қарап, оны мұғалімнің өзі шешер) есеп беремін. 10 минут (немесе 8, не 5 минут) ішінде солардың кемінде 4-ін (не бесеуін, не үшеуін, не екеуін) шығаруларыңыз керек».
Әрине, тапсырма орындалар алдында оның мақсаты мен критерилерін (бар болса) және де дескрипторларын оқушылармен талдап алған орынды (топта, жұппен не сыныппен). Сонда оқушылар тапсырманы табысты түрде орындайды. Ал тапсырма орындалғаннан кейін оның орындалу сапасын талқылаған орынды (топ, жұп не сынып), оқушылардың өзін-өзі не бірін-бірі бағалағаны дұрыс. Талқылау барысында жетістіктер, кедергілер мен оларды жеңу жолдарын айқындаған абзал.
Тағы да бір мысал. «8.1.5.1 - адамның зәр шығару жүйесі мүшелерінің құрылысы мен қызметін сипаттау» деген оқу мақсатын сабақ мақсатына былайша түрлендірген жөн: «Барлық оқушылар адамның зәр шығару жүйесі мүшелерінің құрылысы мен қызметін сипаттай алады» («Білу және түсіну»).
Бұл сабақ мақсатынан мынандай бағалау критерийлерін шығаруға болады:
1. Оқушылар адамның зәр шығару жүйесі мүшелерінің кемінде бесеуінің құрылысын суретте көрсетіп, 2  минут ішінде сипаттай алады.
2. Оқушылар адамның зәр шығару жүйесі мүшелерінің кемінде бесеуінің қызметін 2  минут ішінде сипаттай алады.
Демек, сабақтағы тапсырмалар да осы екі критерийден туындайды:
1-тапсырма. Адамның зәр шығару жүйесі мүшелерінің кемінде бесеуінің құрылысын суретте көрсетіп, 2  минут ішінде сипаттаңыздар».
2-тапсырма. Адамның зәр шығару жүйесі мүшелерінің кемінде бесеуінің қызметін 2  минут ішінде сипаттаңыздар».
Мұғалім осы 2 тапсырмаға критерийлер құрастыруы керек.
Байқап отырғаныңыздай, сабақ мақсаты қандай болу керектігін оқу мақсаты айқындап беріп тұрады. Сабақ мақсаттары өз кезегінде бағалау критерийлерін айқындайды. Ал бағалау критерийлері сабақта оқушыларға қандай тапсырмаларды ұсыну керектігін анықтайды. Мұғалім тек тапсырмаларға дескрипторларды ғана құрастыруы керек.
ҚМЖ құрастыру - оп-оңай шаруа. Тек оқу мақсаттарын дұрыс түсініп, барлығын да содан суырып алсақ болғаны.

Қолданылған әдебиет тізімі
1.   2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы: Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2017, 340 б.
2.   Математика. Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында бастауыш мектепке (1-4 сыныптар) арналған оқу бағдарламасы. – Астана, 2016, 80 б.
3.   «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы).
 

«Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісі туралы

Жапондық ғалым «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісі туралы
9-наурыз күні біз, Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалының тренерлері, Нагоя университетінің профессоры, Қазақстанда «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісін насихаттаушы жапондық ғалым Тошия Чичибумен сұхбаттасып, бұл әдістің Жапонияда қалай қолданылатындығы туралы сұрақтарына жауап алдық.
Т.Чичибу әңгіме барысында «Сабақты зерттеу» әдісін оқыту мен оқуды (үйрету мен үйренуді) жақсартудың құралы деп қабылдау керектігін айтып, біздің елімізде бұл әдістің қолданысы туралы өз ойын да жеткізді:
- Қазақстанда бұл әдісті бағалау құралы ретінде қолданатын секілді. Кешегі №168 мектепте өткен семинарда мұғалімдер өз постерлерінде негізінен  Lesson Study-ді қолданудағы жетістіктерін келтіріп, мектептерінде қанша сабақты зерттеу топтары құрылғаны, қанша мұғалімдердің оған қатысқандығы туралы мәліметтерді жазған. Мұнда сабақты зерттеуді қолданғандығына талдау жасалынбаған, бұл үдерісте қандай кедергілер мен кемшіліктердің орын алғандығы туралы әңгіме көтерілмеген. Қателерден қорықпау керек! Егерде біз қате үшін мұғалімдерді жазалайтын болсақ, олар қателерді жасыратын болады. Әрине, бұл жәйттің мектеп жұмысы мен ұстаздардың кәсіби біліктілігін жақсартпайтындығы анық.
Шындығында да бізде қатені жұмыстың жағымсыз көрінісі деп қабылдау басым. Сондықтан да қателескендерді жазалаймыз, ал бұл өз кезегінде қатені жасыруға әкеледі. Алайда қателер түзелмегендіктен, жасырынған қателер көбейіп, бір күні шешімі қиын немесе тіпті де мүмкін емес орасан зор проблемаға алып келеді. Ал егерде қатені (кемшілікті, кедергіні, жетіспеушілікті) дамудың қажетті ресурсы деп санап, қателескен адаммен бірге оның себептерімен жұмыс жасап, алдын алуға ұмтылсақ, онда мұғалімдердің өз тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттырып отыруы дағдыға айналады.
Тошия Чичибумен бір сағаттай әңгімелесіп, Жапонияда «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісі қандай қолданыста екендігі туралы біраз мағлұмат алдық. Жапондық ғалымнан білгенімізбен бөлісейін.
Жапонияда бастауыш, негізгі және жоғарғы сыныптар бөлек оқитындықтан мектептер шағын болады. Сол себепті де мектептердегі мұғалімдер саны 20-дан аспайды екен. Сондықтан да зерттеу проблемасы бүкіл мектеп үшін ортақ болады, оқушылардың оқып-үйренуінде қандай қиындық пен кедергі бар екендігін мұғалімдер бірлесе шешіп, сол тақырыпты жұмыла зерттейді. Негізгі мақсат – оқушылардың оқуы мен мұғалімдердің оқыту тәжірибесін жақсарту.
Әр мұғалім жылына 1-2 Lesson Study сабағын өткізеді. Мектепте осы әдісті жүзеге асыруға жауапты мұғалім сабақтар кестесін құрастырып, мұғалімдердің әрекеттерін сәйкестендіреді. Сонда орташа мөлшермен әр мұғалім айына 1-ден 3-ке дейін сабаққа қатысады.
Мектептегі мұғалімдердің барлығы да 4-5 адамдық Lesson Study топтарына бөлінеді. Олардың өздері қалай бөліну керектігін шешеді: бір сыныпта жұмыс жасайтындығы бойынша ма, әлде пән бойынша ма.
Lesson Study сабақтары мектепте айына бір рет бір күнде өтеді. Олардың саны 1, 2 не 3 болады. Белгіленген күні барлық мұғалімдер Lesson Study сабағына қатысады. Егерде сабақтар саны 2 не 3 болса, онда олар параллель жүргізіледі: мұғалімдер сабақтардың санына қарай бөлінеді. Әдетте Lesson Study сабақтары соңғы сабақта өткізіледі де, басқа сыныптар үйлеріне қайтарылады. Басқа жағдайда мұғалімдер сабаққа қатысады да, олардың сыныптарындағы оқушылар мұғалімдері жоқта өздігімен оқиды.
Мектеп бір ай бойы таңдап алған зерттеу проблемасы бойынша былай жұмыс жасайды:
- алдымен 2 апта бойы шағын топтар құрамында Lesson Study сабағының жоспарын талқылайды, оған проблеманы шешудің амалдары мен құралдарын  енгізіп, жоспарды жақсартады,
- 3-аптада енді бүкіл мектеп бірлесіп сабақ жоспарын талқылайды, топтар өз идеяларын ортаға салады,  
- 4-аптада Lesson Study сабағы өткізіледі де, ол іле-шала талқыланады.
Сабаққа дейінгі талқылауда зерттеу фокусы таңдалынады: оқушылардың үйренуін жақсарту керек пе, әлде мұғалімдердің сабақ беруін жақсарту керек пе? «Менің ойымша, - деп қосты осы жерде Тошия Чичибу, - екі мәселені де таңдап алған дұрыс. Яғни, Lesson Study сабағында оқушылардың да, мұғалімдердің де тәжірибесін жақсарту керек: мен сабақтарда оқушылардың да, мұғалімдердің де әрекеттерін бақылаймын».
«Алайда мұнда мына жәйтті ескерген дұрыс» дейді жапондық ғалым. Егерде сабақтағы мұғалімнің әдістемесі зерттелсе, онда сабақты талқылау барысында жағымды қарым-қатынастың ең басты құндылық екендігін ұмытпау керек. «Бізде де кейде сабақ өткізген мұғалімді, әсіресе ол жас маман болған жағдайда, қатты сынап, тіпті оларды көздеріне жас алатын кездер де болады» дейді Т.Чичибу.
Демек, Lesson Study сабақтарында мұғалімдердің әрекеттерін бақылап, сабақты талқылау барысында олардың тәжірибесін жақсарту бойынша шешім қабылдауға болады екен. Мұнда тек мұғалімдердің көңіл-күйіне қарап, олардың арасындағы ынтақтастыққа негізделген қарым-қатынастың бұзылмауын ойлау қажет.
Тошия Чичибуге мынандай сұрақ қойылды:
- Lesson Study сабағының нәтижесі қандай болмақ? Бірнеше сабақтар топтамасын өткізген соң мұғалімдердің өз тәжірибесімен басқалармен бөлісу мақсатында ҚМЖ жинағы не әдістемелік нұсқаулық шығарғаны орынды болар ма еді?
- Бұл мәселені мұғалімдердің өздері алдын-ала жоспарлап шешеді. Бірақ қағазбасты болу мен сабақты зерттеуді формалды түрде жүргізуден сақтану керек. Lesson Study-де ең бастысы оқу мен оқытуды жақсарту екендігін ұмытпаған жөн. Ал мұны біз қайдан көреміз? Мұғалімдер оқушылардың оқуын жақсарғанын күнделікті бақылау мен бағалау арқылы біле алады, өздерінің кәсіби біліктілігін артқанын тұрақты түрде рефлексия жасау арқылы анықтай алады, - деп жауап берді жапон ғалымы.
«Сабақта қанша оқушыны бақылаған орынды?» деген сұраққа Тошия Чичибу былай деп жауап берді:
- Бұл мәселе зерттеу тақырыбына, мұғалімнің тәжірибесіне, білік пен дағдыларына байланысты болғандықтан оны әр мұғалімнің өзі шешеді. Мұнда қатып қалған нәрсе жоқ. Пит Дадли ұсынғандай, сыныптағы оқушыларды А, В, С деңгейлеріне бөліп, сабақта солардың біреуін бақыласа болады. Немесе оқушылардың жұбы не шағын тобының қалай жұмыс жасайтындығын да бақылаған орынды. Бүкіл сыныпты да бақылауға болады. Мен өзім әдетте бүкіл сыныпты бақылаймын, өйткені осылай ғана сынып туралы объективті картина құрастыруға болады деп есептеймін.
- Қандай бақылау құралдарын қолданасыз? – деп сұрадым мен.
- Ең бірінші кезекте мен сабақта оқушыларды көптеп фотоға түсіремін. Талқылау барысында фотосуреттер менің оқушылардың қалай үйренгендігі туралы ойларым мен пайымдауларымның дәлелді айғақтары болады. Бұған қоса мен бақылау кестелерін де жиі қолданамын. Мысалы, мен сыныптағы парталардың схемасын сызып, оқушылардың отыратын орындарымен нөмірлеп аламын да, олардың сабақта жауап беру ретін белгілеп отырамын. Нәтижесінде бұл схемадан мұғалімнің қанша оқушымен жұмыс жасағандығы анық көрініп тұрады, - деп жауап берді жапон ғалымы.
- Сабақтан кейін оқушылардан интервью аласыз ба? – деп тағы да бір сұрақ қойдым.
- Жоқ! Алайда Пит Дадли оқушылармен сұхбаттасуды ұсынады. Және де мен бұл әңгіменің жағымды нәтиже әкелетіндігін де жақсы білемін. Бірақ мен өзім сабақтан кейін оқушылардан интервью алмаймын. Ал сіздерге алыңыздар деп ұсыныс жасаймын, - деп жауап қатты Тошия Чичибу.
Тағы да бір сұрақ қойдық:
- Сабақ барысында оқушыларға сұрақ қойып, олармен әңгімелесесіз бе?
- Бақылау кезінде оқушыларға сұрақты тек бір мәселені айқындап алудың басқа амалы қалмағанда ғана қоюға болады деп есептеймін. Мен сұрақ қоюды өте сирек қолданамын. Сұрақ қойғанда да сыбырлап, сабақ барысына еш кедергі болмайтындай қылып қолдану керек.
Тошия Чичибуге қойған соңғы сұрақ мынандай болды:
- Жапония мектептерінде ұйымдастырылған Lesson Study сабақтарында мұғалімдер бақылауды орындарынан тұрып жүргізеді. Кейде мұны бізде «Сыныптағы оқушылар саны көп, сондықтан да мұғалімдерге орын жетіспегендіктен олар бақылауды тік тұрып жасайды» деп түсіндіреді. Бақылауды қалай жүзеге асырған дұрыс?
- Оны да мұғалімдердің өздері шешкені дұрыс. Қалай ыңғайлы болса – солай бақылаған орынды. Мысалы, мен орнымнан тік тұрып бақылағандыы жөн санаймын, өйткені осылай көп нәрсені байқауға болады: оқушылардың әрбір әрекетін, топ ішіндегі қарым-қатынас деңгейін. Бұған қоса тік тұрғанда фото жасау да ыңғайлы.
Тошия Чичибудың айтқандарын қорытындылап, Жапонияда «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісін қалай қолданатындығын нақтылайық.
1. «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісін мектеп жұмысын бағалау емес, оқу мен оқытуды жақсарту үшін қолданылады.
2. Қателер жасырылмай, оның себептерімен жұмыс жасалады.
3. Мектептің барлық мұғалімдері үшін сабақты зерттеу міндетті болып саналады.
4. Мектептің барлық мұғалімдері 4-5 адамнан тұратын «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) топтарына бірігеді.
5. Бүкіл мектепке ортақ бір зерттеу тақырыбы таңдалады.
6. Lesson Study сабақтары мектепте айына бір рет бір күнде өтеді, олардың саны 1, 2 не 3 болады.
7. Белгіленген күні барлық мұғалімдер Lesson Study сабағына қатысады. Әдетте Lesson Study сабақтары соңғы сабақта өткізіледі де, басқа сыныптар үйлеріне қайтарылады.
8. Зерттеу фокусы ретінде не оқушылардың үйренуі, не мұғалімдердің сабақ беруі, не екеуін де жақсарту мәселелері таңдалады. Екі мәселені де таңдаған дұрыс деп есептелінеді.
9. Мектеп бір ай бойы таңдап алған ортақ зерттеу проблемасы бойынша бірлесе жұмыс жасайды.
10. Алдымен 2 апта бойы шағын топтар құрамында Lesson Study сабағын өткізетін мұғалімнің ұсынған сабақ жоспарын талқылайды.
11. Үшінші аптада бүкіл мектеп бірлесіп сабақ жоспарын талқылайды, оған өзгерістер енгізеді.
12. Төртінші аптада Lesson Study сабағы өткізіледі, ол дереу талқыланады.  
13. Сабақты талқылау барысында мұғалімдер арасындағы ынтымақ пен жағымды қарым-қатынас бағаланады.
14. Сабақты зерттеу үрдісінің нәтижелерін мұғалімдердің өздері таңдап алады. Олар бірінші кезекте оқу мен оқытудың жақсаруын меңзейді.
15. Сабақта қанша оқушыны бақылау қажеттігін мұғалімдердің өздері шешеді. Олар бір оқушыны, не бір жұпты, не бір шағын топты бақылайды. Алайда бір мұғалімнің бүкіл сыныпты бақылағаны да тиімді  деп есептелінеді.
16. Бақылау нысандарын мұғалімдердің өздері таңдап алады. Тиімді бақылау құралдарына фотосуреттер мен кестелер жатқызылады.
17. Сабақтан кейін оқушылардан интервью алу міндет емес. Алайда бұл тәсілдің тиімді екендігі ескеріледі.
18. Бақылау барысында сабаққа кедергі болады деген оймен негізінен оқушыларға сұрақ қойылмайды.
19. Бақылауды мұғалімдер орындарынан тік тұрып жүзеге асырады.
20. Lesson Study сабағын талқылауда жасалған қорытынды барлық мұғалімдер үшін міндетті деп есептелінеді.
Тошия Чичибу келтірген жапон мектептерінің сабақты зерттеу тәжірибесі еліміздің мұғалімдеріне бір пайдасын келтіріп қалар. Әрине, қатып қалған ешнәрсе жоқ. Тошия Чичибу келтірген жапон тәжірибесін өзімізге бейімдеп, шығармашылықпен өзгерте әрі дамыта қолданғанымыз орынды. «Жақсы адам бәрінен үйренеді, ылғи да үйрену үстінде болады» деген қағиданы ұстанып, бұдан да бір жақсы жақтарды алып қалуымыз керек.
Бұл жердегі ең басты мәселе еліміздің әр мектебіне ешбір нұсқаға ұқсамайтын өзіндік «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) тәжірибесін құрастыруда болып тұр. Ең маңыздысы – бір үлгіге сәйкес болу емес. Ең маңыздысы – өзімізге тиімді, қолайлы, жақсы нәтиже беретін өзіндік нұсқа дайындау, ешкім жүрмеген сара жол іздеу. Әр мектептің сабақты зерттеуді өзіндік тұрғыдан жүзеге асырғандығы дұрыс.

Балаға еңбек сіңіру керек!

Балаға еңбек сіңіру керек!
2018 жылы бір аудан орталығындағы  Лұтбек (келтірілген есімдердің барлығы да өзгертілген) есімді мектеп директорынан мынандай әңгіме естіген едім.
- 90-шы жылдардың бас шенінде ауылдағы немістердің барлығы дерлік ата қонысы Германияға үдере көше бастады. Олардың көшкенінен біз арзан үй, жиһаз, техника мен малға қарық болып қалдық. Әсіресе немістердің күніне 30-50 литрдей сүт беретін сиырларына ие болып қалғанымызға ырзамыз. Алайда 1-2 аптадан кейін ел арасында күңкіл әңгіме шықты: «Немістер алдап кетті! Сиырлары ешқандай да 30-50 литр сүт бермей, өзіміздің сиырлар сияқты күніне небәрі 5-10 литрдей ғана сүт береді екен! Алдап кетті: бізге нашар сиырларын сатып, жақсы сиырларын басқа жаққа сатып жібергені қалай?!» Ел іші осындай әңгімеге толы. Немістерді біраз жерге апарып та тастадық. Осыған шыдамады, білем, аудандағы бір алқалы жиында арамызда   қалған соңғы неміс Рихард Альбертович Краузе деген мектеп директоры сөз алып, мінбеге шығып былай деді (ол кісі қазақша мақал-мәтелдеп сөйлегенде, өзімізді жаңылдыратын!):
- Ей, қазақ бауырларым! Сіздер немістерден алған сиырларға дұрыс қарап жүрген жоқсыздар! Сіздер сиыр өрісте қоректенеді деп ойлайсыздар, өрістен өзі-ақ тамақ табады деп есептейсіздер! Сондықтан да азанда сиырды  өріске айдап салғанда «Өріске барып тойып келеді!» деп оған жем бермейсіздер, кешке де «Өрістен тойып келді!» деп қайтадан сиырды арпа-жармамен ауқаттандырмайсыздар! Ал шынтуайтқа келгенде сиыр өріске серуендеп келу үшін ғана шығады, өйткені ол көк шөптен тояттамайды. Сиырға таңертең, кешке және қажет болса түні бойы кең-молынан жем бергенде ғана ол күніне 30-50 литрден сүт береді! Сіздер сиырдың қоректенуін сиырдың өзіне беріп қойғансыздар! Жоқ, ол дұрыс емес! Ол іспен өздеріңіз айналысыңыздар! Мол сүт автоматты түрде пайда болмайды, ол тынымсыз еңбек пен тер төгудің нәтижесінің нәтижесі ғана! Сүтті көптеп сауамын десеңіздер сиырларыңызға үнемдемей жем беріңіздер! Оларға аянбай еңбек сіңірсеңіздер ғана күніне 50 литр сүт аласыздар! – деп ашына сөйледі.
Міне, дәп осылай: біз тіпті сиырларға өздерін өздері қоректенуді міндеттеп қойғанбыз. Әттең, сиырлар өздерін-өзі сауа алмайды, қораны тазалай алмайды, әйтпесе бұл жұмысты да оларға жүктеп қояр ма едік?!.
Тұрсынбек Қабатов бір әзілінде ауылындағы өрістен қайтқан орыс пен қазақтың сиырларын былай деп салыстырған еді ғой: орыс кемпірдің өзі сияқты дөңгеленген семіз сиыры маң-маң басып келе жатқанда, қазақтардың подиумдағы модельдер секілді арық сиырлары құлап қалмайын деп бір-бірін сүйемелдей, сүріне-қабына алға әрең жылжиды.
Күлеміз сол әзілге. Алайда, кімге күліп тұрмыз сонда?..
Автоматты түрде ешнәрсе өздігінен пайда болмайды, дайын түрде берілмейді! Бір нәрсе пайда болу үшін, бірдеңені иемдену үшін еңбектену керек, тынымсыз мехнаттану қажет, ащы тер төгу керек, мұрынды қанату қажет! Кез келген қалауымызды орындайтын дию-перілер, Аладдиннің сиқырлы шамы, алтын балық, «Піс, қазаным!» мен «Ұр, тақпақ!» тек ертегілерде ғана болады. Өмірде ондайдар жоқ! Бәріне де өзіміз жетуіміз керек, бәрін де өз қолымызбен жасауымыз керек!
«Студент кезімізде Байғали есімді бір курстасымызда сабаққа дайындалу, кітап оқу дегенге зауқы кемшіндеу болатын. Ол ылғи да сессия кезінде былай деп армандайтын: «Шіркін! Емтихан алдында бірнеше кітапты басыма жастап алып ұйықтап, таңертең сол кітаптардың барлығы да миымда сайрап тұрса ғой!» Алайда емтиханға дайындалуға ерінетін. Оның мұндай қылығын тіпті философиядан дәріс беретін Қуандық ағай «байғализм» деп атап, бәрімізді бір күлдіргені бар еді» деп әңгімелеп еді бірде Самат деген әріптесіміз.
Бала тәрбиелеуде де арзан жолды таңдауға болмас. Балаларымыз біздің әрекеттерімсіз өздері-ақ «автоматты» түрде тәрбиелене салмайды. Бұл істе «байғализмге» жол бермеу керек!
Бүгінде мен қоғамда мынаны байқап жүрген тәріздімін (мүмкін қателесетін де болармын: ондай болса – мені түзетерсіздер деп ойлаймын). Біз балаға тер төккіміз келмейді, еңбек сіңіргіміз келмейді: ата-аналар өз міндеттерін мектепке ысырып, ал мұғалімдер барлық мәселені ата-аналарға итеріп отырған жоқ па екен? Футбол ойыны сияқты. Доптың орнында – бала.
Көз алдыма мынандай картина елестейді. «Баланы сіздер үйретіп, тәрбиелеулеріңіз керек! Мемлекет бұл үшін сіздерге ақша төлейді!» деп ата-аналар баланы мектепке қарай ысырады. «Жоқ, жоқ! Балаларыңызды өздеріңіз үйретіп, тәрбиелеңіздер! Өйткені ол мектепте небәрі 6 сағат болады, ал қалған уақытын үйде өткізеді!» деп мектеп баланы кейін итереді.
Бүгінде балаға ықпал жасайтын төрт орта бар: отбасы, мектеп, көше (аула) және виртуалды орта. Ата-ана мен мектеп бала тәрбиесі тұрғысында бастары мен ұмтылыстарын біріктіре алмай, бір-бірімен ортақ мәмілеге келе алмай, бірін-бірі кінәлап, бір-біріне міндеттерді үйіп-төгіп  жатқанда балаларымыз бұл дау-дамайдың аяғын күтпей, ақырын-ақырын жылысып көше мен виртуалды ортаның жетегінде кетіп қалған сыңайда. Олай емес пе?.. Енді оларды қайтару қиынның қиыны болар!
Баламыз болсын десек, оған ерен еңбек сіңіру керек. «Балаға жасалатын инвестициялар 5 есе болып қайтады» деген қағиданы ескере отырып, балаларыымызға еңбегімізді, қаражатымызды, уақытымызды, күш-жігерімізді аямайық: ертең олардың барлығы да 5 еселеніп қайтады өзімізге!
Алғашқы немерем Мүслима 2010 жылы дүниеге келгенде мен бала-шағама былай деп айттым: «Нәрестені ылғи да көтеріп, қолға үйрету керек!» Әйелім мен келінім: «Қолға үйретсек, онда өзіміз қиналамыз ғой!» деп шу ете қалды. Мен «Иә, қиналамыз! Өйткені бұл – өзіміздің бала ғой, бөтеннің емес! Бірақ қиналмасақ, балаға тер төкпесек, еңбек сіңірмесек, одан не күтуге болады?! Бала 8-9 айында еңбектеп үйренгенге дейін қолдан түсірмейміз, қиналамыз! Қолдың жылуын сезініп өскен бала мейірімді болады, ондай бала тез ширайды! Ал еңбектей бастағаннан кейін бала өздігімен-ақ қыбырлайды! Ол енді қолға сұранбайды, оны енді көтеруді доғарамыз!» дедім. Осыған тоқтадық. Шындығында да немерем 8 айға жеткенше қиналдық. Немерем де, тіфә, тіфә, балпанақтай болды. Бірақ үйде атасы мен әжесі, әкесі мен анасы бар: қолымыз бос бола қалса, баланы көтереміз. Рас, қиналдық! Бірақ немерем еңбектей бастағаннан соң оны қолға көтеруді  азайттық, сәлден кейін тіпті де доғардық. Есесіне немерем тез ширады.
Дәл осылай балаларымызға, оқушыларымызға ешнәрсені аямайық. Шаршамай, талмай, шексіз сабырлық пен шыдамдылықпен олармен бірге еңбектенейік, оқиық, үйренейік, ойнайық, ойлайық, армандайық, пікірлесейік. Тек біздің тіке қатысуымыз арқылы  ғана олар қомақты жетістіктерге  қол жеткізе алады.

Өмір бойы үйрену

      Жақсы адамның тамаша қасиеті туралы
             (соңы)

Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырудың (үйренуінің) екінші тиімді құралы – бірлесе әрекеттесу. Не жасасақ та – бірлесе жасайық!
Іс-шара ма? Бірлесе жоспарлайық, дайындалайық, жүзеге асырайық. Жұмыста туындаған проблема, қиындық не кемшілік пе? Бірлесе себебін тауып, түзету мен жақсарту жолдарын табайық! Жаңалық па? Бірлесе игерейік, түсінуге тырысайық, оны да жүзеге асырайық! Жоғары жақтан түсірілген тапсырманы да иық пен бастарымызды түйістіре отырып орындайық! Кез келген құжатты бірлесе оқып, түсінуге тырысайық (мысалы, 2016-19 жылдар аралығында Қазақстанда білім беру жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, білім беру стандарты, пән бағдарламалары, Ы.Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылымдар академиясының әдістемелік-нұсқаулық хаты, т.б. нормативтік құжаттарды)!
Осылайша барлығын да БІРЛЕСЕ таңдайық, жасайық, шешейік! Ақылдасайық! Ақылдасу – бүгінгі күннің басты талабы, ерекшелігі, ұраны, қағидасы! Ақыл айтпайық – ақылдасайық! Яғни білгішсініп өзімізді өзгелерден жоғары қоймай, теңіз секілді төмендеп, елден ақыл сұрайық. Сонда ғана біз табысқа жетеміз! Ақыл айтқан ұтылады, ақыл сұраған ұтады!
Жауабын біліп тұрсақ та елден ақыл сұрайық, олармен не жасау керектігі туралы ақылдасайық. Ақылдасуды өмір салтына айналдыруымыз қажет. Балаларымыз бен шәкірттерімізді ақылдасуға, ақыл қосуға үйретіп, дағдыландыруымыз керек. Бұл үшін балаларымызбен олардың құртақандай кезінен ақылдасуымыз қажет. Қит етсе, балаларымыздан жөн сұрау керек, олардың пікірін сұрау керек «Мынау туралы не ойлайсың? Бұл туралы не айтар едің? Қандай ұсынысың бар? Сенің пікірің мен үшін құнды!» Бұл үшін оларды ынталандыру керек, мақтау керек, өз теңіңдей көру керек.
Мектепте де мұғалімдердің оқушылармен ақылдасып тұрғаны абзал. Нұсқау бермей, ақыл айтпай. Кез келген мәселе бойынша «Балалар, мынау туралы ой-пікірлеріңіз қандай? Мүмкін ол мынандай шығар?» деп, немесе кез келген әрекеттің алдында «Бұны қалай жасау (орындау, құрастыру) керек деп ойлайсыздар? Ал былай жасаса қайтеді?» деп ақылдасқан жөн болар. Ақылдасу тұрғысында әр сабақтың басында сабақ мақсаттары мен бағалау критерийлерін талқылау керек, ал соңында мақсатқа жеткен-жетпегендіктері туралы ақылдасу қажет.
Мектепте осылайша білім беру үдерісіне қатысушылардың барлығы да  бір-бірімен ақылдасқаны дұрыс: мұғалімдер оқушылар мен ата-аналардан, ал мектеп басшылары мұғалімдерден: кез келген мәселе бойынша, барлық іс-шаралар мен әрекеттер туралы.
Бұл әрекетте «Мектептегі проблемалардың 90%-ы қарым-қатынас саласында жатыр» деген қағиданы есте ұстаған жөн болар. Басты мәселе, міне, осында жатыр: білім беру үдерісіне қатысушылар (мұғалімдер, мектеп басшылары, оқушылар, ата-ана қауымы) бір-бірімен тіл табыса алуда, бір мақсатқа жету жолында ұмтылыстарын біріктіруінде. Егерде қарым-қатынас СЕНІМ, СЫЙЛАУ және СИМПАТИЯ (жақтыру, сүйіспеншілік) тұрғысында ұйымдастырылса, онда кез келген мәселенің шешілетіндігі анық. Әрине, бірлескен әрекеттерде қарым-қатынастың мынандай қағидаларын ұстанған жөн:
- ақыл айтпау, оның орнына ақылдасу,
- ұялтпау, кінәламау,
- шынайы ықыласпен тыңдау, жанашырлығыңды білдіру,
- жамандамау, сөкпеу, ренжітпеу,
- адамды тура сол қалпында қабылдау, оны өзгертуге тырыспау,
- өзіңді жоғары қоймау, кішіпейілділік таныту,
- позитивті болу,
- көңіл-күйді бұзатын сөз айтпау, әрекеттер жасамау,
- кемшіліктерді жұмсартып жеткізу, оларды түзететін ұсыныстар келтіру,
- «адамдар туралы ұдайы жағымды пікірде болу» (Мұхаммел Ғ.С.).
Бұған қарым-қатынастың ең басты қағидасын да қосайық: «Өзіңе тілемегенді өзгелерге тілеме (жасама, айтпа)».
Тыңдалым туралы. Мұғалімдердің айтуынша, төрт тілдік дағдылардың ішінде әсіресе тыңдалымды жүзеге асыру оңай емес екен. Балалар сөйлейді, оқиды, жазады, алайда оларды сыныпта басқаларды тыңдауға дағдыландыру үшін көп тер төгу керектігін айтады ұстаздар. Мыналар қиын екен оқушылар үшін:
- біреу сөйлегенде оның сөзін бөлмеу,
- сөйлеп тұрғанды мұқият тыңдау,
- тыңдаушының айтқанын түсінуге тырысу,
- сөйлеушіге қолдау көрсету,
- жылы қабақ таныту,
- «Мен айтайыншы!» деп қолды безектетіп көтермеу,
- белсенді тыңдау тәсілдерін қолдану,
- сөйлегенге кері байланыс ұсыну.
Тыңдай алмаудың себебі сол баяғы «ССС» тұрғысындағы жылы-жұмсақ қарым-қатынастың жоқтығында жатқан болар. Сол себепті де мұғалімдердің негізгі мақсаттарының бірі -әр сыныпта оқушылардың жағымды қарым-қатынасын ұйымдастыру. Бұған қоса балаларды тыңдауға үйрету керек. Бұл үшін сыныпта «Тыңдау ережелерін» талқылап, қабылдау қажет. Мұндай ережеге жоғарыдағы секілді әрекеттерді енгізуге болады. Ережелерді көлемді қағазға жазып, сыныптың ең көрнекі жеріне оқушылардың көз алдында болуы үшін іліп қойған орынды.
Тыңдау болғанда оқушыларды белсенді тыңдауға үйрету қажет. Оларға белсенді тыңдауға мыналардың жататындығын жеткізу керек:
- «Күнбағыс» тәсілін қолдану, яғни біреу сөйлегенде сыныптағы барлық оқушылар соған қарай бүкіл денесімен бұрылады,
- сөйлеушінің әр ойына (әр айтқан сөйлеміне) «Иә!», «Дұрыс!», «Солай!» деп дауыстап қолдау көрсету,
- жағымды ишарат жасау (бас изеу, шапалақ ұру, басбармақ көрсету, т.б.),
- сөйлеушіге ашық сұрақтар (нақтылаушы, бағыттаушы) қою,
- сөз аяқталғаннан кейін кідіріс (пауза) жасау,
- сөз аяқталғаннан кейін сөйлеушіге «Ә, солай ма?!» деп таңданыс көрсетіп, оның сөйлегеніне қолдау жасау,
- бағалау, кері байланыс беру,
- сөйлеушінің айтқанын қорытындылау,
- «айна» - сөйлеушінің соңғы сөздерінің ретін ауыстырып қайталау,
- «жаңғырық» - сөйлеушінің соңғы сөздерін қайталау,
- парафраз – сөйлеушінің айтқанын басқа сөздермен жеткізу,
- сөйлеушінің ойын жалғастыру,
- сөйлеушінің сөздерін қалайша түсінгендігін айту, интерпретациялау,
- жағымды эмоцияларды білдіру,
- қандай ой мен сезімдерді тудырғандығы туралы айту,
- сөйлеушінің сөйлегенін мынандай сөздермен қолпаштау: «Жарайсың!», «Азамат!», «Бәрекелді!», «Тамаша!», «Керемет!», «Осылай сөйлеу керек!», «Міне, қалай сөйлеу керек!», «Не деген терең ой!», «Мен неліктен ғана осылайша ойламадым?!», «Қатты ұнады!», т.б.
Бұл ережелерді ересектердің де ұстанғандығы абзал. Мұғалімдер оқушылармен жасаған қарым-қатынасында, бір-бірімен, ата-аналармен, ал мектеп әкімшілігі өзгелермен араласқанда. Өзгені тыңдау – ынтымақтың бастамасы. Әлеуметтенудің алғышарты да тыңдай білу шығар.
«Арғымақ аттың баласы аз оттар да, көп жусар. Азамат ердің баласы аз сөйлер де көп тыңдар» (Махамбет).
Сабақтарды да бірлесе жоспарлайық! Кәсіби біліктілікті тұрақты түрде арттыру мен дамытудың ең тиімді, қолжетімді, арзан түрі осы.
Берік Асубаев ылғи да айтатындай (мен бұл туралы жазған да едім), біз мұғалімдердің сабаққа дайындалу мәдениетін өзгертуіміз керек. Күні кешеге дейін мұғалімдер сабақтарына «Түнде, үйде, жалғыз» форматында дайындалды. Елдің бәрі де ұйқыға кеткенде, мұғалім ертеңгі сабақтарын жоспарлауға отырады. Мұндай дайындықтың пайдалы әсер коэффициенті жоғары болар ма екен? Біріншіден, ұйқы қысады. Екіншіден, егерде қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда түн жарымда кімнен білмегеніңді сұрай аласың, кімге қоңырау шалып ақылдаса аласың? Түн ортасында телефон соққанды кім жақтырады?
Мұндай жұмыстың нәтижесі - қанбаған ұйқы, шикі сабақ жоспары.
«Енді мұғалімдердің сабаққа дайындалуын «Күндіз, мектепте, бірлесе» форматына өзгерту керек» дейді Берік Асубаев. Ол үшін мұғалімдер күнде сабақтан кейін 4-6 адамдық шағын топ құрамдарында бірлесе сабақтарын жоспрлауы қажет. Олардың мұндай топтарға өз қалаулары бойынша біріккені дұрыс. Бірігудің критерийі біреу ғана: топтағы мұғалімдер арасында жағымды қарым-қатынастың бар болуы керек. Ал олардың қандай пән мұғалімдері болғаны аса маңызды емес, өйткені бірлесе дайындалу да ақылдасу арқылы жүзеге асырылады: топтағы мұғалімдер үнемі бір-біріне сұрақ қойып, талқылау ауқымында қалып отырады:
- Егерде мен мынандай сабақ мақсатына критерийлерді былайша құрастырсам қайтеді? Не ойлайсыздар бұл хақында, әріптестер?
- Мен мына критерийге мынандай тапсырма ұсынсам қайтеді, апайлар мен ағайлар? Осы ойым дұрыс па?
- Мынандай тапсырманы орындауды пәлен деген тәсіл бойынша жүзеге асырсам қалай болар екен? Сіздердің пікірлеріңізді білсем деймін!
- Мен мынандай тапсырмаға дескрипторларды дұрыс құрастырдым ба екен? Көріп жібересіздер ме?
Осындай сұрақтар осылайша  шұбырып кете береді, кете береді. Бұл сұрақтарға жауап беру арқылы топ мұғалімдері өз тәжірибелерінде туындаған кез келген мәселені бірлесе шешуге дағдыланады. Үйренген үстіне үйрене береді. Бірлесе жоспарлау – бейформалды үйренудің ең тиімді құралының бірі. Мұнда «Тең теңіне» қағидасы жүзеге асырылады, яғни мұғалімдер өзгелерден емес, алысқа бармай өзі секілді мұғалімдерден үйренеді.
Мына бір көп тараған түсінікті естеріңізге салып қояйын: табысты мектеп дегеніміз барлық мұғалімдері бір мезгілде екі рөл атқаратын мектеп, яғни әр мұғалім бір жағынан тәлімгер болып білгенімен бөлісіп отырса, екіншіден, әр мұғалім тәліп рөлінде өзгелерден үйрену үстінде болады. Табысты мектепте «Мен көп білем!» деп «жұлдыз ауруына» шалдыққан тәкаппар мұғалімдер жоқ, өйткені олар барлық нәрсенің (оның ішінде білімнің де) өткінші екендігін жақсы түсінеді де тіпті жас маманнан да бір нәрсені үйреніп қалғысы келіп тұрады. Осылайша табысты мектептің табысты мұғалімінің тәліптігі («Өзгелерден үйренемін!» деген ниеті) тәлімгерлігінен («Өзгелерді үйретсем!» ұстанымынан) басым болады.
Не болса да бірлесіп, ақылдасып жасау керек. Не нәрсе (жаңалық, құжат, әрекет, мәселе, сұрақ, проблема, қиындық, т.б.) түсініксіз, қиын, белгісіз, шешімін талап етеді? Басымызды қосайық та, оның шешімін табуға тырысайық! Ешкімнен күтпейік, өзіміз жасайық! Ақылдасайық!
Той алдында барлық жанашыр жандар мәселе-шайға (мәслихат-шайға) жиылып, тойды қалай өткізетіндігін талқылайтын секілді, мұғалімдер де әр сабағын, әр іс-шарасын бірлесе талдап, өлшеп-пішкені ұтымды болар.
Әрине, бірлесе жоспарлау оңай шаруа емес! Бұрынырақта сабақ жоспарларын жападан жалғыз дайындаған мұғалімдер енді бірлесе жоспарлауға бірден бейімделіп, дағдылана қоюы екіталай.
Неліктен?
Менің ойымша, біріншіден, мұғалімдердің бір-біріне деген сенімі төмен. Олар бір-бірінен секемденеді, қаймығады. Өйткені бізде қате мен кемшіліктерді өрескелдік деп түсінеді. Оларды даму мен ілгерілеудің қажетті де міндетті алғышарттары деген қабылдау әлі де жоқ. Қатеге деген төзімділік тіпті де қалыптаспаған. Сол себепті де біреудің қателері мен кемшіліктерін сөз етеміз, қателескені үшін сөзге жығамыз, жазалаймыз. Сондықтан да қателесуге қорқамыз, қателерімізді жасырамыз. Бұл үшін ештеңе жасамау керек екендігін түсініп, қыбыр етпеуге де бармыз: «Ешнәрсе жасамаған адам ғана қателеспейді».
Бірлесе жоспарлау барысында қателеріміз бен олқылықтарымыз жария болып, елге әшкере боламыз ба деп қорқады мұғалімдер. Өзгелер сыртымыздан сөз етеді деп секемденеді. Алайда «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деген де бар емес пе?
Әлбетте қате үшін жазалауға болмайды! Қателеспейтін адам жоқ және де адам тек қателесу арқылы үйренеді емес пе? Мәселен, Жапонияда оқушыларды сабақтарда әдейі қателестіреді: қате жасаған оқушы олқылығын түзеткеннен кейін оны ешқашан қайталамайды. Сол себепті де мектепте «Жасасын қате!» қағидасын ұстанған жөн. Әр оқушы мен мұғалімнің қателесу құқығын сыйлау қажет. Әрбір қатені түсіністікпен (тіпті ризашылықпен) қабылдап, оның әр адамның жұмысында болатындығын ескеріп, бар күшімізді оны түзетуге, болашақта болдырмауға салуымыз керек шығар.
Екіншіден, көп мұғалімдер кәсіби біліктілікті күнделікті дамытуды әлі де өздерінің міндетіне айналдырмаған. Олар комфорт аймағынан шыққысы келмейді, баяғы жиған-терген тәжірибесімен шектеліп қалғысы келеді. Бұрынғы дәстүрдің бүгінде жарамсыз болып қалуы мүмкін екендігін ескермейді. Алға емес, артқа қарайды. Әлі де мұрын қанатпай, саусақ қыбырлатпай, тер төкпей ескі сарынмен сабақ өткізгісі келеді. Олар сол баяғы ештеңе жасамай, еш өзгермей, жаңалыққа оқып-үйренбей-ақ сабақ жүргізген кездерін аңсайды, сол уақытты көксейді. Заман талабының өзгергенін де көрмейтін, сезінгісі де келмейтін бұл мұғалімдерге жаңаша жұмыс жасау оңай емес.
Ал бірлесе жұмыс жасау барлық қатысушылардан жұмысқа толық берілуді талап етеді. Жұмысқа күшін жартылай, ширек, тіпті аз мөлшерде жұмсап жүрген мұғалімнің мұндай бірлескен әрекеттерді жақтыруы екіталай. Жұмысқа толығымен берілмейтін мұғалім бірлесе жоспарлауға да немқұрайды болатындығы анық.
Бірақ бүгінгі күн ұрандарының бірі «Алға! Немесе басқаларға жол бер!» Осыған сай кәсіби біліктілігін тұрақты түрде дамытпайтын мұғалімнің жолдың шетінде қалуы дау туғызбайтын аксиома! Сондықтан да бірлесе жоспарлауды мұғалімнің күнделікті әрекетіне айналдырған дұрыс болар. Және де бұл істе еш сылтау айтып, оны болдырмаудың қисыны жоқ: оны міндетті түрде жүзеге асырған шарт.  
«Мектебіміз екі ауысымды! Бірлесе дайындалуға бөлме жоқ!» десеңіз: кітапхана, асхана, мәжіліс залы, мұғалімдер бөлмесі, тіпті дәліздерге екі парта қойып, соларды жағалай отырса да болады.
«Үйде интернет мектептегіден жақсы жұмыс жасайды!» десеңіз: қажетті материалды флеш-карталарға (флешкаға) жазып, мектепке әкеліп қолданыңыздар.
«Үйде сабаққа дайындалу үшін қажетті барлық ресурстар мен материалдар (кітаптар, т.б.) бар!» десеңіз: олардың барлығын да мектепке алып келіңіз.
Жақсы емес пе: ертеңгі сабақтарды бүгін бірлесе жоспарлап, жұмыс аяғында завучке тексертіп және бекітіп аласыз да, таң атқанша не істесеңіз де өзіңіз білесіз! Керек болса – тойға не ойға барыңыз, қажет болса – қырға не сырға барыңыз. Қысқасы, мектептен шықтыңыз – мектепті ұмыттыңыз! Үйге барып, тек үй қамымен, жұбайыңыз бен балаларыңызбен айналысасыз! Өйткені барлық жұмыстарыңызды мектепте жүріп, бірлесе жасап тастағансыз. Бұл – сабаққа дайындалуды «Күндіз – мектепте – бірлесе» форматына аударудың салдары.
Ал күні кеше сіз «Түнде - үйде – жалғыз» форматында сабаққа дайындалдыңыз. Мектепте де мектеп, үйде де мектеп болды ойлағаныңыз. Үйге толығымен қызмет жасай алмадыңыз. Бұған қоса түнде отырып жасаған сабақ жоспарларының сапасы да шамалы еді.
Мектеп басшылары да мұғалімдердің өз сабақтарын бірлесе жоспарлауына қолдау көрсетіп, оларға қажетті жағдайлар жасауы керек. Мысалы, бірлесе дайындалу үшін орын тауып беру, сабақ кестелерін үйлестіру, олардың бірлескен жұмыс тәжірибесін ұжымға тарату, т.б.
Бұған қол жеткізуге болады. Мысалы, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Райымбек батыр атындағы мектептің директоры Түбекбаев Әлімжан ағай былай дейді: «Мұғалімдердің барлығы дерлік сабақтан кейін 1,5-2 сағаттай бірлесіп сабақ жоспарларын құрастырады. Ол үшін мен оларға кез келген бос сыныпта, кітапханада, дәліздерде дайындалуға рұқсат еттім. Мұғалімдер мектепке бұрынғыдай ештеңе көтеріп келмейтін болды: жеңіл келіп, жеңіл кетеді. Өйткені оларға қажетті ресурстар (кітап, мәтіндер, интернет) бәрі де мектепте бар. Сабақ жоспарларын да таңертең емес, бір күн бұрын сағат 16.00-ге дейін бекітетін болдық. Оқушылар да сабақтан кейін 1-2 сағаттай үй тапсырмаларын бірлесе орындайды. Мен бұл тұрғыда ата-аналармен келісім, олар қарсы болмады. Оқушылар енді ұзартылған күндегідей оқиды: сабақтардан кейін асханада не өзімен үйден алып келген тағамдарымен тамақтанады да, сабақтарына өздігімен бірге дайындалады. Қажет болған жағдайда мұғалімдерін шақырады.
Мен тіпті бастауыш сынып оқушыларына мектепке сөмке әкелмеуге рұқсат еттім. Бұдан оқушылардың білім сапасы кеміген жоқ, керісінше өсті».
Тамаша бастама! Керемет әрекет! Неге басқаларға осылай жасамасқа? Әрине, бұны болдырудан гөрі болдырмаған оңай! Өйткені оны болдыру үшін тер төгу керек, ұмтылу керек, қиналу керек. Ал болдырмау үшін бәрі де дайын: «уақытымыз да жоқ, жағдай да жоқ, жалақы да аз, мектебіміз де тар, тексеріс те көп, мұғалімдер ондайға дайын емес, қағаз астында қалғанбыз» деген 1001 ақталу мен себептер бар.
Сонда қалай болғаны? Исатай батырдың «Қара қазақтың басын қоса алмай, сасып жүрмін!» дегені, Абайдың «Заманақыр жастары қосылмас ешбір бастары!» деп айтқаны рас болғаны ма сонда?
Кәсіби біліктілікті арттырудың үшінші тиімді жолы – өзара сабақтарға қатысу. Әр мұғалім кемінде айына (мүмкін аптасына да болар?!) 1-2 ашық сабақ беріп, аптасына кемінде 1-2 сабаққа қатысуы керек. «Сырт көз – сыншы» демекші, біреудің әрекетін бақылау барысында көп нәрсені үйренесің ғой! Жақсы мұғалім жақсы өткізілген сабаққа қатысса, сабақты қалай жақсы өткізу керектігін үйреніп шығады. Ал нашар ұйымдастырылған сабаққа кірсе, сабақты қалай жүргізбеу керектігін біледі емес пе?
Мысалы, мен мөлшерлеп жылына 200-дей сабаққа қатысамын. Бірақ өзім бір де бір сабақ өткізген емеспін. Сол сабаққа қатысудан көп нәрсені үйреніп шығамын. Мектепте сабақты қалай ұйымдастыру керектігі туралы мен бір нәрсе білсем – сабаққа қатысудың арқасында ғана. Сол секілді мұғалімдер де қолы қалт етсе, өзге мұғалімдердің сабақтарына кіріп отырса ғанибет еді.
Мәселен, әріптесім Ибрагимов Ділдахан ағайдың мынандай әңгімесі ұнап еді: «Кентау қаласында Байсымақ Асан ағай басшылық жасайтын мектепте болдым. Мектепті аралап жүріп байқағаным: не коридорларда, не мұғалімдер бөлмесінде бір мұғалім көрінбейді. Асан ағайдан бұның мәнісін білейін деп, «Сабақ кестесінде мұғалімдерде «терезелер» жоқ па еді?» деп сұрадым. Ол кісі: «Бар ғой бірлі-жарым! Бірақ біз педкеңесте сабақтан бос мұғалімдер міндетті түрде бір-бірінің сабақтарына қатысады» деген шешім қабылдағанбыз. Сондықтан да қолы қалт етсе болғаны – мұғалімдер сабаққа қатысады. Бұрынғыдай қол босаса шай ішу, мұғалімдер бөлмесінде еркін тақырыптарға (кешегі сериал, өткен аптадағы той) әңгімелесу бүгінде атымен жоқ!» деп жауап берді.
Алайда бұл үшін мектепте сабақты талдау мәдениетін өзгерту керек. Ол үшін, мәселен «Сабақты талдау ережесін» педкеңесте бекітіп алған дұрыс болар еді. Ал бұл ережеде сабақты талдау негізінен алғанда «Сабақта не және неліктен жақсы болды?» және «Сабақта нені және қалай жақсарту керек?» деген екі сұрақ тұрғысында өту керектігі көрсетілсе. Талдауда сабақты қатқыл сынауға жол берілмей, ешқандай да «Дұрыс емес!», «Қате!» «Былай жасамадыңыз ба?!», «Осылай жасау керек еді!» деген сыңайдағы сөздерді қолдануға болмайды деп айтылса. Тек сабақ өткізген мұғалімге «жұлдыз» беріп, ұсынысты «Мүмкін...» деп келтірсе, қатып кетер!
Сонымен, сабақты талдау «жақсы» мен «жақсарту» тұрғысында өтсе игі болар еді!
Мәселен, әріптесіңіздің сабағын талдағанда: «Ажар апай, сіздің сабағыңыз маған ұнады! Бүгін сабағыңыздан көп нәрсені алып шықтым! Мысалы, біріншіден, бүкіл сабақты сіз мақсат тұрғысында ұйымдастырдыңыз. Ол үшін сабақтың басында оқушылармен 4 минут бойы сабақ мақсаты мен бағалау критерийлерін талқыладыңыз. Мұнда сіздің осы мәселелерді топ ішінде талқылатып алғаныңыз орынды болды. Менің ойымша, балалардың барлығы олардан не күтілетіндігін және үйренгендігін қайдан көруге болатындықтарын анықтап алды. Мен бұны олардың жүздері мен жанарларынан байқадым. Сабақ ортасында да сіз әр топтың қасына барғанда олардан сабақ мақсаттарына қаншалықты жақындап қалғандығын сұрадыңыз. Оқушылардың жауаптарынан олардың барлық әрекеттерінің мақсатқа жетуге бағытталатындығын түсінетіндігі көрінді. Әр тапсырма мен бүкіл сабақтың соңында да мақсатқа жеткен-жетпегендерін талдатқандығыңыз өте дұрыс болды! Мен бұл жәйттерді түртіп алдым. Енді міндетті түрде өз сабақтарымда қолданамын!
Екіншіден, маған сіздің қалыптастырушы бағалауды қалайша қолданғандығыңыз да қатты ұнады! Сіз бүкіл сыныпты аралап, оқушыларға көмек беріп, оларға сұрақ қойып,  сұхбаттасып, кері байланыс беріп тұру арқылы оқушылардың барлығының да сабақ мақсатына жетуіне мүдделі екендігіңізді көрсеттіңіз. Есесіне оқушылар да берілген тапсырмаларды табысты түрде орындауға ынталы болды.
Ал егерде оқушылардың бірін-бірі бағалауын қолдау мақсатында оларға құрылымдалған кесте ұсынса қалай болар еді? Мүмкін, кесте арқылы бағалау оларға өздерінің сәтті жасаған жерлері мен туындаған кедергілерін айқындауға көмектесер ме еді? Осыны келесі сабақта қолдансаңыыз, қалай болар еді деп ойлайсыз?! Екіншіден, сыныптағы оқушылар әлі де жауап бергенде сізді өзінің негізгі тыңдаушысы деп білетіндігі көрініп жатыр. Мүмкін балалармен тағы да осы жәйтті бір талқылап алу керек шығар? Олар жауап бергенде өзге оқушыларға бұрылу керектігі туралы өз ойларын ортаға салса. Немесе бұл бағытта мынандай тәсілді де қолдануға болады: егерде оқушы сізге қарап жауап берсе, онда бетіңізді қағазбен көмкере тұрыңыз. Беріңіз жабық болған соң бала өзгелерге қарап сөйлейтін шығар. Қалай ойлайсыз?» деп айтсаңыз, әріптесіңіздің көңіл-күйі жоғары болатындығы сөзсіз. Араларыңызда да жағымды қарым-қатынастың бұзылмайтындығы анық. Мұнда сіз оны мақтап та алдыңыз, сонымен бірге даму баспалдақтарын да көрсеттіңіз.
Мұндай зілсіз, қатал сынаусыз, мұғалімнің өз жұмысын жақсартуға бағытталған, жоғарыдан төмен емес, «тең теңіне» тұрғысынан берілген кері байланыс құнды әрі пайдалы болатындығы сөзсіз. Әр мұғалім сабақты талдаудың әдістемелік те, психологиялық та, қарым-қатынас та тұрғысынан көп көмек беріп, кәсіби біліктілікті арттыруда өте ұтымды іс-әрекет екендігін, әріптестерінің ол туралы жағымды әрі көтеріңкі пікірде екендігін білуі керек.
Есімізде ғой: «Жылы-жылы сөйлесе – жылан інінен шығады. Суық-суық сөйлесе – мұсылман діннен таяды», «Болатын елдің баласы бірін-бірі «батыр» дейді! Болмайтын елдің баласы бірін-бірі «қатын» дейді!»  
Әрине, мұндай талдау бұрынғы қатал сынаудан («Сабақта бір тұшымды нәрсе көрмедім! Бәрі де нашар!») немесе үстірт талқылаудан («Бәрі жақсы, орынды болды! Осындай сабақтар көп болса екен! Бүгін көп нәрселерді үйрендік!») ерекше тұр.
Мүмкін осылайша сабақты талдауды «Сабақта не және неліктен жақсы болды?» және «Сабақта нені және қалай жақсарту керек?» деген екі сұрақ тұрғысында ұйымдастырған жағдайда мұғалімдердің ашық сабақ өткізуге деген зауқы асқақтайтын шығар? Олар ондай сабақтарды өткізуге бұрынғыдай именбей, «Сабақты талдау кезінде масқарамды шығарады-ау!» деп қобалжымай, бұл шараға мүдделі болатын шығар?
«Мектептегі проблемалардың 90% қарым-қатынас саласында жатыр» деген сөздерді қай зерттеуден оқығаным есімде жоқ. Алайда шынымен-ақ осылай ма деп қаласың: мұғалімдер бір-бірімен, оқушылармен, әкімшілікпен, ата-анамен қарым-қатынас құра алмай жатқандықтан, мектептегі күніміз кейде қуаныш әкелмейді, бақыт сыйламайды. Неліктен біз бір-бірімізбен сыйластық, сенім мен симпатия, жақтыру тұрғысында қауышпаймыз? Күндестіктен бе, әлде бейшаралықтан ба? Неліктен мұғалімдер бір-біріне батыр емес, бауыр болмайды?
Осындай жәйттер мені көптеп толғандырады. Бірақ мен оптимиспін. Жақын да жарқын болашақта мұғалімдер бір-бірімен қарым-қатынасты жақсартып, оны ССС (сыйластық, сенім, симпатия/сүйіспеншілік) тұрғысынан құрып, мектепті бақыт, қуаныш, таңғажайыптар және таным ордасына айналдырады деп сенемін!  
Ол үшін біз ұстаздықты өзіміздің сүйікті әрекетімізге айналдыруымыз қажет!
Бақытты әрі табысты болудың ең басты шарты – сүйікті іспен айналысу. Бақытты адамдар бүкіл өмірін сүйікті ісіне сарп етеді, тіпті қолы босаса да сол іспен айналысады, аңсары ылғи да сол әрекетке ауып тұрады, оның есіл-дерті сүйікті жұмысында болады. Сондықтан да ондайлар жұмыста лапылдап жанады, өзгелерге жол сілтейтін шырағдан болады. Олардың өз қызметі туралы ойы мынандай: «Бітпесе екен – жаңадан ғана бастадым!» (Мұқағали).
«Бақыт дегеніміз өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысып, сол үшін жалақы алу!» деген әзіл сөз бекер де емес шығар.
Керісінше, бақытсыз адамдар – өзі сүймейтін, өзіне ұнамайтын іспен айналысатындар. Ондай адамдар жұмысына амалы жоқтан барады, қызметін басқа шарасы қалмағандықтан еріксіз атқарады. Сол себепті де олардың жұмысына еш құлқы да, көтеріңкі ынтасы да шамалы болады. Олардың бар ойы біреу ғана: «Тезірек мына тамұқ аяқталса екен!». Кенен Әзірбаевтың «Бозторғай» әнінің қайырмасында мынандай жолдар бар емес пе еді: «Құтылар күн бар ма екен осы қойдан бір күн-ай?!» Жұмысын сүймейтін адамдардың айтатыны осы секілді сөздер: «Қашан ғана мен осы жұмыстан құтылар екенмін?!».
Ондайлар негізінен күтуде болады: сабақ басталғанда – сабақтың аяқталуын, жұмысқа келгенде – жұмыстың аяқталуын, дүйсенбіде – сенбі күнінің тез келуін, ай басталса – жалақы күнін, тоқсан басында – оның аяқталуын, оқу жылы басында – 25-мамырды күтеді. Осылайша өмірдің де қалай өтіп кеткенін де байқамай қалу қаупі бар:
Көк шыққанға бір қуанып,
Шөп шыққанға бір қуанып,
Сөк сыққанға бір қуанып,
Өмір өтті зырғып ағып...
    (Есенқұл Жақыпбек)
Егерде жасайтын қызметі ұнамайтын болса, онда адам алдында мынандай үш жол бар шығар: 1. Ұнамайтын қызметті ұнайтындай жасау. 2. Ұнамайтын жұмысты тастап, ұнайтын жұмыс табу. 3. Ұнамайтын іспен айналысып, өмір бойы бақытсыз болып жүру.
Сондықтан да мектепте тек өз ісін ұнататын, өз жұмысына ғашық, онсыз өз өмірін көз алдына тіпті де елестете алмайтын адамдар жұмыс жасауы керек!
Мұғалім болу – ақша табатын кәсіп емес. Мұғалім болу – асқақ борыш. Өмірде борыш адамы болу керек, борышыңды толық атқаруға ұмтылу қажет. Борышты атқару үшін ұят керек. Ал ұят иманнан. Нағыз борыш адамы болған мұғалім ұстаз атанады.
Ал ұстаз дегеніміз кім?
Бір діни сайттан мына сөздерді оқып, ұнаттым оларды: «Ұстаз - шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы»  (http://asyldin.kz/article/ view/id/37.html).
Көрнекті ғалым, ЖОО ректоры болған Мұхтар Арын кезінде бұл туралы былай деп жазыпты: «Ұстаз бен мұғалімнің айырмашылығы неден көрінеді дегенде, біріншіден, ұстаздың соңынан ерген шәкірттері болу керек. Екіншіден, қандай заман болса да, ұстаз ең білімді адам болуы тиіс. Үшіншіден, сыныпта сабақ беріп тұрған адамды мұғалім дейміз. Ал ұстаз үйде болсын, түзде болсын, далада болсын, қонақта болсын, қай жерде болса да ұстаздық міндетін адал орындап, өз ісімен басқаларға үлгі болуы керек. Төртіншіден, ұстаз қандай болса да ұлттық сезім туғызатын ойларды насихаттап, ортаға салып, түсіндіріп, ағартушылық қызметтерді атқаруы керек. Осындай адамдарды «Ұлт ұстазы» деп атайды» (https://turkystan.kz/article/60796-stazdy-ly-tau-la-atty-is).
Жамбыл облысы Талас ауданындағы мектеп директоры Түлеков Рахман ағайдың мұғалім мен ұстаздың айырмашылығын ажыратқаны мәнді еді. Ол кісі былай деген еді: «Мұғалім сенбі-жексенбі күндері демалады, ал ұстаз демалмайды. Мұғалімде жазда екі айлық демалыс болады, ал ұстазда болмайды. Өйткені ұстаз күндіз-түні, қысы-жазы тек шәкірттерін ойлайды».
Бұл пікірлерге қосатыным мынау. Ұстаз деген үйренуін еш тоқтатпайтын, өзінің кәсіби біліктілігін үздіксіз дамытып отыратын адам. Ол үнемі үйрену үстінде болады: өзгелерден, табиғаттан, шәкірттерінен үйренуін толастатпайды. Ұстаз – өзін ұмытып, бар уақытын, күш-жігерін, ұмтылыстарын өз кәсібі пен шәкірттеріне бағыштаған тұлға. Ол - өзгелерге үлгі болып, оларға қалай өмір сүру керектігін көрсететін адам. Өзгелер оған қарап бой да, ой да, өмірін де түзейді.
Мынандай әңгімені естігенім бар.
Аллаһ Тағала уа Тағала Қиямет Қайым күні адамдарды жұмаққа жіберіп жатыр екен.
- Алдымен жұмаққа соқырлар кіреді! – деп бұйырыпты Жаратушы Иеміз. – Өйткені олар бұл дүниенің қызығын көрген жоқ, енді ол дүиенің қызығын көрсін!
- Осыдан соң жұмаққа тақуалар кірсін, өйткені олар Менің ризашылығым үшін бұл дүниенің қызығын көрген жоқ, енді ол дүиенің қызығын көрсін!.. Енді жұмаққа ғалымдар кіреді! - деп бұйырады Хақ Тағала.
Бұл әңгіменің басқа вариантында үшінші болып жұмаққа ұстаздар кіреді деп айтылатындығын оқыған едім. Сондықтан да, Аллаһ күпіршіліктен сақтасын, мен әрі қарай ғалымдар мен ұстаздарды біріктіріп айтайын.
- Үшінші болып жұмаққа ғалымдар мен ұстаздар кірсін! – деп бұйырады Әлемдердің Раббысы. – Егерде тақуалар жұмаққа жалғыз кірсе, ғалымдар мен ұстаздар қалаған адамдарын ертіп кірсін! Өйткені тақуалар тек өздері үшін бұл дүниенің қызығынан бас тартқан болса, ғалымдар мен ұстаздар өзгелер үшін өмірдің қызығынан бас тартқан!
Сондықтан да нағыз ұстаз болайық!

Жапондық тәжірибе: өзіңді жақсарту

Кайдзен философиясы туралы
(соңы)
Кайдзенді жүзеге асырудың 10  ережесі келесідей:
1) Барлық идеялармен жұмыс жасау.
Әдетте басшылар қол астындағылардың қарапайым ұсыныстарын қабылдамай, олардың бетін қайтарып тастап, тек өздерінің айтқанымен шектеледі. Қызметкерлер оларға ренжіп, идеяларды ұсынуды қояды. Кайдзен бойынша басшы әрбір ұсынысты мұқият қабылдап, оларға түзету енгізіп, жақсарта түсуі керек.
2)  Ақталуды күтпей, шешім іздеу.
Қызметкерлер жұмыста қателессе немесе қиындық туындаған жағдайда бұлардың себебін анықтауға тырысып, ақтала бастайды. Дұрысы: олардың күш-қайратын сылтау айтуға жұмсамай, проблемааларды шешуге бағыттау қажет. Жұмыста деген тәсілдемені (подход) өзгертіп, оны сәтсіздіктердің себебін іздеуден оларды түзету мен болдырмау жағына ауыстыру қажет.
3)  Ағымдағы жағдаятты қорғамай, оның тиімділігіне күмәндану.
Жаңалықтарды жүзеге асыра бастағанда басшылар басқалардың қарсылығына душар болады. Қызметкерлер қазіргі жағдайдың немесе әдістеменің жақсы, тіпті идеалды екендігін айтып, жаңалықтардың қажет еместігін дәлелдей бастайды. Мұндай әдетті басшы жұмсақтықпен талқандауы керек.  
4)  Кейінірек өте жақсы жасағанша, бүгін жақсы жасау.
Адамдардың басым көпшілігінде жоспарларды жүзеге асыруды кейінге қалтыру әдеті бар. Істерді ертең жасаудың сылтаулары да көптеп табылады. Өзгерістерді енгізуде мұндай әдет тежегіш болады. Қызметкерлер «оңтайлап енгізуді» сылтауратып, өзгерістерді бастауды соза береді. Кайдзен тұрғысынан мұндай тәсілдеме дұрыс емес. Өзгертуді шағын қаадамдармен жүзеге асыру қажет. «Мың шақырымнан тұратын жол алғашқы қадамнан басталады».
5) Егер бір нәрсе ұнамайтын болса, оны дереу түзету керек.
Мәселе бұл жерде реакцияның жылдамдығы туралы. Сәл-пәл ақау пайда болса, не тежеліп қалсақ – дереу оларды түзету керек, жақсарту керек. Ал егерде туындаған мәселеге ешкім де жауапкершілікпен қарамаса («Менің бұған қатысым жоқ! Менің жұмысым басқа!» деген мағынада), уақыт өте компания ақауларды түзетуге ұмтылмай, кемшіліктермен жұмыс жасауға үйренеді.
Бұл қағиданың мынандай ережелері бар:
- егерде сынған, ақауы бар нәрсесіз (құралсыз) жұмыс жасау мүмкін болса, одан бас тартқан жөн (жөндемей, лақтырып жіберу керек),
- егерде ол нәрсесіз (құралсыз)     жұмыс жасау мүмкін болмаса, онда оны жөндеу қажет,
- егерде ол нәрсе (құрал) бұдан да жақсы жұмыс жасай алса, онда оны жақсарту керек.
Жалқаулық пен жақсаруға ұмтылмау – жақын арада бизнесте түбегейлі жоғалатын қасиеттер деп есептейді жапондықтар.
6)   Ең арзан идеяларды іздеу.
Кайдзен идеясы жақсартуды қомақты қаражаттандыру арқылы  емес, әрекеттерді оңтайландыру және тиімділігін арттыру арқылы енгізуді меңзейді. Яғни, мәселені бір мезгілде барлық күшті жинап, шешудің орнына оны күнде-күнде, бір қадамнан кейін екінші қадам жасап шешу қажет. Сол себепті де «Тойота» автоконцернінде «Бір долларлық идея» атты ұғым бар. Басқа сөзбен айтқанда, идеяны жүзеге асыруға жұмсалатын қаржы 1 доллардан аспауы қажет. Әрине, бұл шартты түрде айтылған сөз, өйткені қымбат тұратын идеялар да қабылданады. Мұндағы ең басты ой: аздан бастау керек, «Мың шақырымнан тұратын жол жекелеген қадамдардан тұрады» (Лао-цзы).
7) Қиыншылықтардың өздері оларды шешудің жолын көрсетеді (оларды дұрыс таныған жағдайда).
Мәселе мынада: жұмыстағы ауытқулардың нақты себебі мен туындаған қиындықтарды дұрыс айқындайтын болса, жұмыстың жартысы шешілді дей беріңіз. Проблеманы нақты белгілеп, қағазға жазу арқылы басшы сол проблеманы шешуге бағытталады.  
8) Кедергілердің себебін анықтау үшін «Неліктен?» деген сұрақты өзіңе 5 рет қою керек.
Проблемаларды шешуде бұл әдіс ең негізгілердің бірі деп саналады. Егерде сіз өзіңізге «Неліктен бұлай болды?» деген сұрақты қойып, оған шынайы жауап берсеңіз, 5 қайталаудан кейін сіз проблеманы туындатқан себепті табасыз. Әрі қарай сіз проблеманың салдарымен күреспей, себептерімен күресесіз, яғни мақсатқа тез әрі тиімді түрде жететін іспен айналысасыз.
9) 10 адамның идеясы бір адамның білімінен құнды.
Ақылдасу және барлық қызметкерлерді жұмысқа, проблемаларды шешуге тарту кез келген компанияның жұмысын жақсартады.
10) Әр кезде бұрынғыдан да жақсы жасауға болады.
Қол жеткенге тоқмейілсінуге жол бермеу керек. Тоқтамау керек! Бір қадам жасасаң, екіншісін де жасау керек.
(https://www.wikipro.ru/wiki/10-pravil-vnedreniya-kajdzen/ материалдары бойынша)
Кайдзеннің 5S қағидасы
Жапондық 5S жүйесі — өндірісте немесе кеңседе тиімді жұмыс жағдайларын жасауға мүмкіндік беретін нақты құрылымдалған жүйе.
Мінсіз немесе мінсізге жақын шарттарды қалыптастыру жұмыс орнындағы тәртіпті орнату, тазалық пен ұқыптылықты сақтау, уақыт пен қуатты үнемдеуге көмектесетін шараларды әзірлеу арқылы қол жеткізіледі.
Басқаша айтқанда, 5S жүйесі — өндірісте, фирмада немесе кез-келген ұжымда (көп адамнан құралған кез келген басқа салада да) туындайтын ретсіздікті қалыпқа келтіруге бағытталған жүйе.
Зерттеулер мынаны дәлелдеген: офистегі қызметкерлердің жұмыс уақытының 30%-ын қажетті құжатты іздеу секілді майда-шүйде жұмыстармен айналысуға жұмсайды екен. Кайдзен жұмыстың әрбір әрекетін жеңілдету, жылдамдату арқылы жақсартады. Қызметкерлердің өз міндеттерін сапалы орындау үшін 5S жүйесі қолданылады.
5S әдістемесі жұмыс құрылымында бес негізгі қағидаға, немесе жапондарша айтсақ, 5 қадамға негізделген. Оларды қысқаша қарастырайық.
1-қадам.  Seiri - жапон тілінен аударғанда сұрыптауды, барлық қажетсіз, пайдасыз, зиянды нәрседен арылуды білдіреді.  Өмірде де, жұмыста да барлығын реттеп қойған, ретпен орындаған дұрыс. Мұнда ұқыптылық қажет, яғни кез келген жұмысты (әрекетті, операцияны) асқан ұқыптылықпен әр бөлшекті ескеріп орындау.
Тәжірибелік тұрғыдан алғанда 5S жүйесінің бұл тармағы жұмыстағы барлық қоршаған заттарды: қажетті және қажетсіз деген екі топқа бөлуді меңзейді. Адамдар заттарды үш санатқа бөліп сұрыптайды:
- Қажетсіз, яғни қайта өңдеуге жіберілетін заттар;  
- Қажет болып қалуы мүмкін -  анда-санда пайдаланылуы ықтимал заттар - оларды бөлек орналастырады;
- Қажетті - күнделікті жұмысқа керек заттар, яғни оларсыз жұмыс тоқтап қалады.
Бұл қадам еңбектің мәдениеті мен қауіпсіздігін арттырады деп есептеледі.
2-қадам.  Seiton - «тиісті тәртіптің сақталуы» деп аударуға болады.
Бұл қадам күнделікті жұмысқа қажетті заттарды ретке келтіруге бағытталған. Заттарды керек кезінде оңай алуға болатын жерлерге орналастыру. Жылдам іздеп, таба алу үшін барлық заттарға белгі қоюға кеңес беріледі.
3-қадам.  Seiso - «ретке келтіру, таза сақтау, жылтырату» деп аударылады.
Бұл қадам өндірісте тазалық орнатуға бағытталған. Жұмыс орнын визуалды етіп бірнеше функционалды аймаққа бөлу керек. Барлық құралдарды таза ұстау, оларды уақтылы тексеріп тұру керек. Бұл нәрсе тиімді жұмыс жасауға кедергі келтіретін мәселелердің алдын алуға көмектеседі, мысалы, заттардың бұзылуы мен істен шығуы.
Жұмыс орнын үнемі тазалықта ұстаумен бірге киген киімді де, ниеттерді де, ойларды да тазалықта ұстау қажет.
4-қадам.  Seiketsu - тура аударғанда «стандарттау» деп аударылатын сөз.  
Бұл кезеңде аталмыш үш қадамды жүзеге асырудан пайда болған нәтижелері талданады, нәтижелер арнайы жазу кітапшасына жазылады (немесе электронды түрде жазып алынады). Ең тиімді шешімдер жұмыс процесін стандарттау мен автоматтандыруға бекітіледі.
5-қадам.  Shitsuke - бұл ұғым аудармада «жетілдіру, тәртіпті, жүйені, тұрақтылықты қалыптастыру» дегенді білдіреді.   5S-ті философия түрінде түйсінуге бағытталған соңғы қадам. Алдыңғы қадамдарды жүзеге асыру барысында пайда болған ұқыпты, үнемді өндіріс жүйесі тұтас алғанда бүкіл жұмыс тиімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді .
5S жүйесін өмірде қалай қолдануға болады?
1. Ұқыптылық немесе сұрыптау. Сіздің жұмысыңызға не кедергі жасайды? Бір парақ қағазды екіге бөліңіз де бір жағына мақсатқа жетуде сізге көмектесетін жәйттердің тізімін жазыңыз, ал сол жағына кедергі жасайтындарды келтіріңіз. Осыдан кейін бұл тізімге талдау жасап, ісіңізді алға жүргізбей тұрған проблемаңызды айқындаңыз да тежеуіш болатын әрекеттерді сызып тастаңыз. Әрбір қызметкер тек өзінің жұмысын ғана жасау керек. Сондықтан да өзіне тиеселі емес әрекеттерді жасамауға тырысу керек. Кейбіреулерін өзгелерге берген дұрыс. Мәселен, кітаптардың орнына электрондық кітапхананы қолданған орынды, электрондық поштаны тексеру мен қағазбасты жұмыстарды азайтуға болады.
Осылайша кішкене қадамдар арқылы жұмыс үдерісіне өзгерістер енгізе беру керек, енгізе беру керек. Теңіз кішкене тамшылардан тұратын секілді ауқымды өзгерістер де кішкене істерден тұрады.
2. Тәртіп. Мақсатқа жетудің ең тиімді әрекеттердің тізімін жазып, оған проблемаларды жылдам әрі сапалы түрде шешудің жаңа әрекеттерді қосу керек. Осыдан соң барлық жасайтын әрекеттердің қажетті ретін жазған орынды. Тіпті алғашқы апталарда жұмыс күнделігін жүргізген де дұрыс болар. Оған орындалған міндеттерді, жұмсалған уақытты, операциялардың қалай атқарылғанын жазуға тұрарлық.
Кайдзен дегеніміз өз жұмысыңа талдау жасау. Осындай талдау нәтижесінде маңызды әрекеттерге уақыт аз жұмсалып, керісінше, күйбеңге уақыттың басым бөлігі жұмсалатындығы айқындалуы мүмкін. Бұл талдаудың, әрине, жұмысқа өзгерістер енгізетіндігі анық.
3. Тазалық.  Табысқа жетуде кедергі болатындардың бәрін де жою керек. Ол үшін үйіңді де, ой мен әрекеттеріңді де тазалау, жақсарту керек. Мысалы, жұмыс орнындағы барлық құжаттардың өз орны болып, оларды тіпті нөмірлеп қойған дұрыс: қажетті заттар өз орнында болса, оларды табу оңай емес пе? Ал жұмыс күнінің соңында жұмыс орнын жөнге келтіріп кеткен орынды. Мұнымен қатар бастағы ойларды да реттеген дұрыс: бұл үшін бірнеше минут бөліп, күнделікті парақтап, оған ойлар қосып, ертеңгі күні не жасау керектігін нақтылау керек.
Осыдан кейін жұмыстан шығып, жұмысты ұмыту қажет, өйткені таңертең жұмысқа сақадай сай болып келу керек.
4. Стандарттау. Алғашқы үш мәселені жүзеге асырудың іс-шараларының тізімін жасап, оларды міндетті түрде қадағалау.
Іс-әрекеттердің қажетсіздері тізімнен сызылып, қайсысын орындау керектігі айқындалған соң жүйе құрған дұрыс. Стандарттауда басшыға жетекші мамандар да, «қатардағы» қызметкерлер де көмектеседі. Осыдан кейін жұмысты осы жүйе бойынша орындау керек, өйткені жұмыста «өрттердің» туу себебі де жүйесіз жұмыс жасауда жатады. Стандарттау жұмысты реттейтін болғандықтан, үнемделген уақытты жұмыс пен жеке әрекеттерді (операцияларды) жақсартуға жұмсауға болады.
5. Тәртіп. Іс-әрекеттер нақты айқындалғаннан соң, қызметкерлердің білімін бекітіп, біліктері мен дағдыларын жақсарта беру керек. Мұнда жұмыстың жаңа стилін қалыптастырып, бұрынғы әдеттерге жол бермеу керек.
1 минуттық кайдзен
Ауқымды өзгерістерді бір демде бастап кету оңай мәселе емес. Мәселен, таңғы 20-30 минуттық жаттығуларды бір рет жасағаннан кейін ертеңіне денеміз, бұлшық еттеріміз ауырғаннан кейін зорығып біз мүмкін ондай жаттығулардын бас тартуымыз әбден ықтимал. Немесе «Күніне кемінде 1 сағатымызды кітап оқуға жұмсау керек» деген Джек Ма айтқан ұсынысқа сәйкес бір рет кітап оқып, ертеңіне «Менде бос уақыт тіпті де жоқ! 1 сағат таба алмадым!» деп сылтауратып кітап оқуды доғаруымыз мүмкін.
Көтере алмайтын шоқпарды белге байлап, артынан күшіміз жетпей өкініп те жатамыз. Өмірімізге елеулі өзгерістерді енгізгіміз-ақ келеді, бірақ шамамыз келмей, шыдамымыз жетпей қалады, немесе жалқаулығымыз кежегемізден кері тартып жатады.
Әдетте біз бақытты болу үшін, бұл өмірді толыққанды сезіну үшін көп нәрсе керек деп есептейміз. «Бақытты болу үшін не қажет?» деп сұраса, «Жақсы жұмыс пен жоғары жалақы, лауазым мен атақ, қымбат автокөлік пен зәулім үй, бала-шаға мен ұзақ өмір» деп шұбырта жөнелеміз. Алайда мұның бәрі бірден келе қоймайтындығы анық. Барлығына бір мезетте қол жеткізуге ұмтылып, белімізден шойырылмаймыз ба? «Мұрның барда бір сіңбір» деген өмірлік қағиданың салдары жақсылыққа әкелмейтін де шығар.
Екіншіден, осының артынан қуа жүріп, біз нағыз өмірдің қызығынан жұрдай болып қалмаймыз ба? Сексеннен асып, төсек тартып, бұл ғұмырмен қоштасып жатқан Сейдахмет деген қарияның: «Е, шырағым! Бұл өмірдің қызығы таң ата оянып, кемпіріміз екеуміздің сыбырласа сөйлесіп, сораптап шәй ішкеніміз екен ғой!» деп айтқаны есімде.
Мүмкін бақытты болу үшін бізге көп нәрсенің қажеті де жоқ шығар? Қу (материалдық) дүниенің артынан ентелей қуып, қарапайым сәттерден айрылып қалмаймыз ба? Күннің атқанын көру, табиғат көріністерін тамашалау, жақын адамдарыңмен жүздесу, қызықты кітап оқу, жаныңа жайлы әрекет жасау, немерелеріңмен ойнау секілді қарапайым, бірақ бақытты сәттер қасымыздан өтіп кетпей ме жылысып?
Міне, осындайда кайдзен философиясын қолданған оңтайлы. «Пілді қалай жеуге болады?» деген сұраққа «Кішкентай бөліктермен» деп жауап беріледі. Яғни өмірдегі мақсаттарымызға тек біртіндеп жетуімізге болатын секілді. Кішкене қадамдармен ілгерілеуді өмір салтына айналдыруымыз қажет шығар.
Айды аспанға бірден шығарамын деп зорықпау үшін, мәселен, өзгерістерді 1 минут ауқымында енгізу керек! Сонда жалқаулық бізге кедергі бола алмайды. Жарты сағатқа созылатын ұзақ әрекеттерді орындау қиын. Ал бір минуттық әрекетті жасау оп-оңай, оны жасамаудың сылтауын іздемейсің, «Неге жасай алмадым!» деп ақталмайсың.
Бір минут кітап оқу, жаяу жүру не жүгіру, бұлшық еттерге жаттығу жасау, шетел тілін үйрену, бөлмені жинау секілді әрекеттер қиын болмай, тіпті қуаныш сыйлауы да мүмкін. Бір минут әрекеттену арқылы біз өз мүмкіндіктерімізге деген сенмісіздікті жеңіп, «Әттегене, жасамадым-ау!» деген өкініштен арыламыз, өзімізді жеңіске жеткеніміздей сезінеміз, шабыттанамыз. Жеңімпаз психологиясын қалыптастырамыз.
Осылайша өзгерістер жасауға немесе қиын дағды қалыптастыруға біртіндеп үйрене бастаймыз. Мүмкін ертең осы әрекеттерімізге 1,5 немесе 2 минут жұмсайтын да шығармыз. Кім біледі, мүмкін ай-күн өте біз бұл пайдалы дағды қалыптастыратын әрекеттерімізді жарты сағатқа дейін де жеткізетін шығармыз?!
Жалқаулықты кайдзеннің көмегімен жеңу үшін ең оңтайлы уақыт ұйықтар алдындағы 1 минут: бұл уақытта 1 минутты жымқыру аса қиынға түспейді. Алдымен оңай, қиындығы шамалы, міндетті түрде орындай алатын әрекетті таңдаған дұрыс, оны табысты жасау арқылы жағымды эмоциялар пайда болып, өзіңнің мүмкіндіктеріне деген сенім пайда болады. Бұған қоса 1 минуттық әрекет не жаттығуды жасап жатқанда «Бұл тек 1 минут қой!» деп өзіңді жұбатып, сабырға шақыру керек.
Егер 1 минутта жасаған әрекет ұнаған болса, онда оны жалғастыра беріңіз, алайда 10 минуттан әрі созбаңыз, өйткені  бұл әрекеттің салдары (зорығу, бір жерін ауырту, шаршау, т.б.) сіздің бұл іске деген ынтаңызды әлсіретуі мүмкін.
Сондықтан да әрбір игі бастаманы баппен және шақтап жасау керек. Егерде кітап оқимын десеңіз, ұйықтар алдында төсекке жатқаннан кейін 1 минутты кітап оқуға арнаса – бұл істің ауыр тимейтіндігі сөзсіз. Ол үшін өзімізге мейлінше ыңғайлы жағдай жасап алайық: кітабымызды жастықтың асытна салайық, төсектің басындағы шамды жағайық, көзілдірігімізді жақын қояйық. Сонда бізде «Кітапқа қол жетпейді!», не «Мына бөлмеде жарық көмескілеу екен!», не «Көзілдірігім үстелде қалып қалыпты, енді қалай оқимын?!» деген сылтаулар айтуға еш қисын болмайды.
Егерде жаяу жүргіңіз келсе, алғашқы аялдаманы жаяу жүріп, содан кейін ғана көлікке отырыңыз. Ал алдымен көлікке отырып, «Соңғы аялдаманы жаяу жүрейін!» десеңіз – сізде ондай мүмкіндіктің болмауы да ықтимал: жалқаулығыңыз ұстап қалуы мүмкін. Дәп осылай тәтті жеумен күресемін десеңіз, кәмпиттің алғашқысын біреуге беріп, тәттінің мөлшерін осылайша ақырындап қысқартасыз. Бірақ «Бірінші емес, соңғы кәмпитті өзгелерге берем!» деген ниетіңізден дым шықпауы мүмкін: сараңдық сізді райыңыздан қайтаруы ықтимал.
1 минуттық әрекетіңізді өзіңіздің кішкене жеңісіңіз деп қабылдаңыз! Ол үшін өзіңізді іштей мақтаңыз, кішкентай сыйлықтармен марапаттаңыз. Жеңісіңізге риза болыңыз! Осыдан соң жеңімпаз ретінде бұл әрекетті қайтадан қайталауға ниеттеліңіз. Алайда енді оның мөлшері мен санын ұлғайтқан дұрыс.
Осылайша қажетті дағдыларды біртіндеп, кішкене қадамдармен жүзе асырған оңтайлы. Азға қанағат жасауды өмірлік ұстанымға айналыдру қажет. Мұнда тек ниет, сабырлық пен шыдамдылық керек.
Мұғалімнің мектепте қандай әрекеттерін 1 минуттан бастауына болады? Мысалы, 1 минутты мыналарға жұмсауға болады:
- үйден жұмысқа әдеттегіден 1 минут ерте шығуға,
- үзілісте 1 минут кітап оқуға,
- сабаққа қоңыраудан 1 минут бұрын баруға,
- сабақта 1 минут бойы сыныпты мақтауға,
- сабақта «Тыныштық минутасын» (ешкім сөйлемейді) жариялауға,
- оқушыларға ата-анасымен телефонмен сөйлесуге рұқсат беруге,
- сабақты қорытындылауға бір оқушыға 1 минут беруге,
- сабақтан кейінгі үзілісте бір оқушымен 1 минут сабақ жайлы сұхбаттасуға,
- мұғалімдер бөлмесінде әріптестерінің бірімен өткізетін сабақты 1 минут талқылауға,
- бір ата-анаға телефон соғып әңгімелесуге,
- үзілісте 1 минут ұялы телефонды өшіруге, т.б.
Кайдзенге қарама-қарсы әрекеттер
«Анти-кайдзен» ұғымы жақсару мен ілгерілеу, алға ұмтылуды шектейтін әрекеттермен байланысты.  Ұйым мен жеке адамдардың прогресс жасау мен жақсаруына кедергі болатын мынандай әрекеттерді атауға болады:
1.   Өзіңді алдау, «арық болып, семіз көрінуге» ұмтылу, семіз сөйлеу.
2.   Өзіңді ақтау: тағдырға налу, «жылау», басқалар мен бүкіл әлемді кінәлау.
3.   Күнделікті күйбеңге мойынсұну, көндігу, оған қарсы тұрмау, жаңалықтарды енгізудің орнына «Мұның қандай қажеті бар?» деген кертартпа ойдың жетегінде қалу.
4.   «Уақыт жоқ! Уақыт жетіспейді! Мұны қашан жасаймыз?!» деп байбалам салу: бұл өзіңді, ұйымды дамытпаудың сылтауы ғана.
5.   Проблемалардың алдын алуға ұмтылмай, салдарымен ғана жұмыс жасауды дағдыға айналдыру: мұндайда ылғи «шұғыл және маңызды» форматта жұмыс жасап, берілген істі дер кезінде орындай алмай, күйзеліске (стресс) түсіп, кешіктіріп жасау қаупі ұлғаяды.
6.   Өзіңе сенбеу, жігердің кемістігі: қиындықтарға төтеп беруде, проблемаларды шешуде, қате мен кемшіліктерді түзетуде мінездің қажетті қасиеттері осылар.
7.   Өзіңді емес, өзгелерді өзгертуге тырысу; біз мынаны есімізден шығармауымыз керек: өзгерістер өзімізден басталуы тиіс, содан кейін ғана өзгелерден талап етуіміз қажет.
8.   Туындаған проблемаларды, қателіктерді тәжірибе жинақтау мүмкіндігі деп қабылдамай, оларды төтенше, өрескел кемшілік деп санау, күйзеліске ұшырап, жүйкесін тоздыру.  
9.   «Қиын!», «Уақыт жоқ!» деп сылтау айтып, жаңа идеяларды құрастырудан, ұсынудан қашқақтау.
10.    «Алысқа шаппау»: өзгеруді қарқынды түрде бастап, тез арада жағымды нәтиже шықпағаннан кейін шыдамсыздық танытып,   жаңалықтар енгізуден бас тарту; өзгерістерді енгізу ұзақ уақытты қажеттейді, егерде істі аяғына дейін жеткізбейтін болсақ, онда оны бастамаған дұрыс.
11.    Туындаған мәселелерді ақылмен, шығармашылықпен емес, қосымша қаржыландыру немесе әкімшілік шаралар (отырыс жасау, бұйрық шығару, комиссия құру, т.б.) көмегімен шешу.
12.    Күту: ештеңе де жасамай, өз әрекетсіздігіңді «Істің бәрі де өздігімен шешіледі», «Әлі де жақсы күн туады!» деп ақтау, «Аллаһ беремін десе, форточкадан да бере салады!» деп сену.
13.    Шешімдерді тез қабылдау, елмен ақылдаспау: қажетті ақпаратқа жүгінбей, қателесу оңай.
14.    Кемшіліктерді, қателерді, олқылықтарды, проблемаларды жасыру. Мұндайда «ауруын жасырған өледі» деген сөз турасынан келеді.
15.    Өзгерістерді жүзеге асыру – қиын шаруа деп ұйғару; сол себепті де өзгерістер мен жақсартуды енгізуге асықпау.
Қолданылған дереккөздер:

Жапондық тәжірибе

Кайдзен философиясы туралы
(жалғасы)

Масааки Имаи өз кітабында кайдзеннің мынандай ерекшеліктерін атайды.
Қызметкерді жұмысқа өмірінің соңына дейін қабылдау. Бұл жерде мәселе тек қызметкерді компанияға өмірдің соңына дейін қабылдауда ғана емес. Бұл әрекет - қызметкерді жалдамалы жұмысшыдан серіктеске айналдырудың бірінші қадамын жасау. Осылай жасағанда ғана қызметкер ұйымға толығымен беріле жұмыс жасайды.
Жұмыс орнында біліктілігін арттыру. Қызметкерді үздіксіз оқытып, үйрету керек. Бұл үшін үйренуді технологиялық үдерістің құрамдас бөлігіне айналдыруға болады. Мұндай жағдайда жұмыс та қызықты бола түседі, ал бұл қызметкердің кәсіби біліктілігінің дамуына жетелейді. Қызметкерде оқуға деген қызығушылық пайда болып, ол өз тұлғасының өркендеуіне бағыттайды. Осы арқылы қызметкер жаңа кәсіптерді игере алады. Бұл қызметкерлердің тұрақты кәсіби дамуына әкеледі.
Ротация жүйесі. Дәстүрлі тұрғыдан алғанда қызметкерді қажетсіз және негізсіз бір құрылымдық бөлімнен екіншіге ауыстыру – мәнсіз де, мағынасыз шаруа. Ол бұрыннан қалыптасқан жұмыстың үйреншікті механизмінің тиімділігін әлсіретіп, оның бұзылуына әкелуі мүмкін.  
Бірақта ротацияға өзгеше де көзқараспен қарауға болады. Қызметкерлер бір жерде жұмыс жасаудан жалығады. Сол себепті де оларға басқа жұмысқа (бөлімге) ауысу өмірді жаңғырту секілді болып көрінуі ықтимал. Жаңа жұмыс – жаңа мүмкіндіктер, ойтүрткі, өзіңді жүзеге асыру мүмкіндігі. Сондықтан да басқа жұмысқа ауысуды (ротация) міндеттеу, оны жоспарлы түрде қолдану қызметкерлердің көкжиегін кеңейтіп, бір-біріне жақын кәсіптердің байланысын күшейтіп, жұмысшыларға «фирма адамы» болуға көмектеседі. Қызметкерлер арасында достық қарым-қатынас орнап, кең ауқымды мәселелерді шешуге көмектеседі.
Адамның күшті жақтарын айқындау жүйесі. Әрбір адам – қайталанбас тұлға. Сол себепті де ұйымда әр адамға өзін жайлы сезініп, ортақ іске мейлінше көп үлес қосуы үшін қажетті жұмыс орнын табу керек. Бұл – ұзақ үдеріс. Ол басшылардан шыдамдылық, қызметкерге деген сыйластық пен ықыласты талап етеді. Қызметкер жұмыста өзінің орнын табу үшін оған басқалардың сол адам туралы, оның жұмысы туралы, оны қай орында көретіндігі туралы пікірлерін тұрақты түрде жеткізіп тұру керек. Алайда бұл ақпаратты қызметкерлерді аттестаттауда қолдануға болмайды, өйткені аттестация адами қатынастарды бұзады, ал қатынастар бұзылса бизнес те бұзылады. Оның орнына қызметкер әріптестерінің бағасына өзін-өзі бағалауды қосып, өзінің күшті және әлсіз жақтарын жақсырақ түсініп, нені жақсарту және жұмыс орнын ауыстыру қажеттілігі туралы ойланады.
Сыйақы жүйесі. Қызметкердің жұмысына жалақы төлеу бірінші мезетте оның жұмыс өтіліне байланысты.  Сыйақы фирманың жетістіктері мен сәтсіздіктеріне тікелей қатысты. Бұл – қызметкерді саналы түрде өзінің өмірін фирмамен байланыстыруға жетелейтін соңғы шара. Енді ол фирманың табысты болуына жан-тәнімен бар күшін қосады.
Адам қызметте не күтеді?
1. Өзін сыйлағанды,
2. Шығармашылықпен жұмыс жасауды,
3. Өз жұмысына тиеселі жалақы алуды.
Сыйласымдылықты қарым-қатынастың шынайылығы құрайды да, екі жақтан да жасалған ұсыныстар жүйесімен бекітіледі. Бұл жүйе әрбір қызметкердің әр уақытта фирманың кез келген саласын жақсарту туралы ұсыныс жасай алатындығын білдіреді. Әрине, жұмысшы топтарының бірлесе жасаған ұсыныстары жеке қызметкерлердің ұсыныстарынан анағұрлым тиімді болатындығы хақ. Алайда фирма тарапынан жеке ұсыныстар да қолдануы керек, өйткені осы арқылы жұмысшылардың бастамашылдығы қуатталады.  
Шығармашылық  - кайдзеннің негізгі қағидаларының бірі. Шығармашылық арқылы жұмыс жасаудың жұмысқа барудың мәні де өзгереді. Егерде бұрынырақта қызметкерлер жұмысқа «норманы» орындап, нан табу үшін баратын болса, енді олар әріптестерімен, достарымен жасап жатқанын қалай жақсарту туралы тұрақты түрде ойланады.
Бұрын басшылар кімнің қандай жалақы алатындығын шешкен болса, енді қызметкерлер командаларында әркімнің алатын үлесі туралы алдын-ала келісіп алады. Егерде олар жасаған ұсыныстар шығындарды азайтуға әкелсе, онда жалақы қоры да өсіп, қызметкерлердің сыйақысын көтереді. Сондықтан да үздіксіз жақсару тек қызығы мол шығармашылық жұмыс қана емес, ол сонымен бірге қызметкерлердің жалақысын тұрақты өсуінің құралы да.  
Кайдзеннің мақсаттары
Жапон философиясының негізгі мақсаттары мынандай:
- жұмыс өнімділігін арттыру – барлық қызметкерлер өз жұмысын кішкене қадамдармен үздіксіз дамыту арқылы ұйымның да жұмысын жақсартуға үлес қосады,
- өнімнің сапасын мейлінше өсіру – әр қызметкердің негізгі мақсаты  өз жұмысының сапасын жақсарту болғандықтан, бұл жәйт жақсы нәтижеге әкеледі,
- қызметкерлердің дамуы (тәжірибе, біліктілікті дамыту, т.б.) – қызметкерлер өз кәсіби біліктілігін жұмыс орнында күнделікті көтеруге ынталы болады,
- тұрақты түрдегі мотивация – кәсіби даму мен лауазымдық өсу, жоғары жалақы перспективалары қызметкерлерді уәждеп тұрады,
- қызметкерлердің ынтымағы – ұжымдағы барлық жұмысшылардың бір-бірімен жылы қарым-қатынаста болуы,
- ұжымда иерархияға негізделген қарым-қатынасты болдырмау, яғни «басшы – қол астындағылар» қарым-қатынасынан бас тартып, «серіктес – серіктес» қатынасын қабылдау.
Кайдзеннің негізгі қағидалары
Арнайы әдебиетте кайдзен негізделінетін әртүрлі қағидалары аталады. Бірақ негізінен олар өзгерістерді тұрақты, жүйелі және шынайы түрде енгізу ауқымын қамтиды. Кайдзеннің басты идеясы – өндіріс процесін тұрақты түрде жақсарту.
Мәселен, «Кайдзеннің қолшатыры» деген ұғым бар, оған кайдзенннің негізгі қағидаттары кіреді. «Қолшатыр» кайдзеннің мынандай ерекшеліктерін қамтиды:
- тұтынушыға бағытталу,
- бар қызметкерлердің сапаны бақылауы,
- роботизация,
- сапа үйірмелері,
- ұсыныстар жасау жүйесі,
- автоматтандыру,
- жұмыс орнындағы тәртіп,
- бар қызметкерлердің жабдықтарды жұмыс қалпында ұстауы,
- канбан (жұмысты дер кезінде орындау),
- сапаны жақсарту,
- тура уақытында,
- ақауларды толығымен болдырмау,
- шағын топтарда жұмыс жасау,
- басшылар мен қызметкерлер арасында ынтымақты қарым-қатынас,
- жұмыс өнімділігін жақсарту,
- жаңа өнім шығару.
Осы «қолшатырға» сәйкес негізінен алғанда кайдзен мынандай қағидалардан тұрады деп есептелінеді:
1. Тұтынушыларға бағытталу – кайдзенді қолданатын компания үшін ең бастысы өз өнімдерінің тұтынушыларды қанағаттандыру болып табылады. Мысалы, мектепте негізгі тұтынушылар: оқушы, ата-ана, қоғам. Мәселе бұл жерде солардың үнін есту, ескеру, жүзеге асыру.
Тұтынушының мұң-мұқтажын, қалауларын ескермей, сапаны жақсартпай, бағаны төмендетпесе кез келген бизнестің болашағы жоқ деп есептелінеді.
2. Үздіксіз өзгерістер – кайдзеннің негізгі қағидасы. Ол ұйымның барлық салаларындағы үздіксіз шағын өзгерістерді меңзейді: өндірісте, қамтамасыздандыруда, сатуда, бухгалтерияда, қарым-қатынаста, сервисте, әдістемеде, т.б. Бизнесте майда-шүйде нәрсе болмайды, сондықтан да мұнда бәрін де өзгерту қажет.
Басшылар да, қызметкерлер де үнемі «Нені жақсартуға болады? Қалай жақсартамыз?» деген ойда болады. Ол үшін өз жұмыстарына тұрақты түрде талдау жасап, қай жерде, қашан кідіріс не кедергі болғандығын айқындап, оларды түзету жолдарын, әдістер мен тәсілдерді қарастырады. Жақсартудың үздіксіз үдерісі тек жұмыстың жаңа әдістері мен құралдарын қолдануды меңземейді, оған еңбектену, ынтымақтастық пен бірлесе әрекеттесудің жаңа нысандары да кіреді.
Компаниядағы өзгерістер жоғарыдан төмен қарай жүзеге асырылады. Басшылар алдымен өздері өзгеріп, содан кейін ғана қалған қызметкерлерге үлгі көрсетеді. Бұл үшін менеджерлерде кәсіби және әдістемелік құзіреттіліктерден басқа әлеуметтік дағдылар да болуы қажет, яғни олар адамдармен тіл табыса біліп, олардың қалауларын түсініп, оларды жаңаша жұмыс жасауға ынталандыра алуы керек.
Қызметкерлер компанияның миссиясы мен мақсатын тереңінен түсініп, соларға адал қызмет жасау үшін басшылар қызметкерлерге толығымен жағдай жасап, оның барлық дерлік ұсыныстарын жүзеге асыруға тырысады.
Үздіксіз өзгерістер мынаны қамтиды:
- ұйымдастыру (басқару жүйесі, жауапкершілікті бөлу, бақылау тетіктері, бөлімдердің жұмысын үйлестіру),
- басқару (мақсаттарды бөлу, жұмыс бағыттарын таңдау, командаларды құрастыру),
- біліктілікті арттыру (тренингтерді жоспарлау мен өткізу),
- жүйелілік (тұрақтылық пен жиілік, құжаттарды жүргізу, құралдар мен инструменттер, қызметкерлерді қамту),
- ынталандыру жүйесі (жаңашыл жұмыс жасау бойынша айтылған ұсыныстарды қолдау, моральдық және материалдық ынталандыру тетіктері).
Мұндай ұстаным әр мұғалімнің санасынан мықтап орын алуы керек. В.Сухомлинскийдің айтқаны бар емес пе еді: «Мұғалім үйренуін тоқтатқанда, оның мұғалімділігі жоғалады» деп. Осы секілді мұғалім өзінің кәсіби біліктілігін тұрақты (күнделікті), жүйелі (жоспарлы), шынайы (өзі үшін) арттырып отыруы керек.
Мұнда тек формалды біліммен шектеліп қалып, «Мен 3 жыл бұрын курс аяқтағанмын! Міне сертификатым! Енді мені тағы да 2 жыл мазаламаңдар!» деп үйренуден бас тартудың қажеті жоқ болар. Бұндай әрекет – мұғалім кәсібін дұрыс түсінбегендіктің белгісі, сана таяздығының нышаны. Мұғалімдер үйрене беруі керек,  үйрене беруі керек, үйрене беруі керек! «Қалай?» деп сұраққа жауап та дайын:
1) Кітап оқу арқылы.
2) Бірлесе жоспарлау арқылы.
3) Өзара сабақтарға қатысу арқылы.
3. Проблемаларды ашық түрде мойындау – барлық туындаған қиындықтар талқылауға ұсынылады, өйткені проблема жоқ жерде өркендеу мен жақсарту да мүмкін емес. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» қағидасы бойынша әрекеттену.
Бюрократиялық ұйымдардың жұмысының тиімсіздігі де барлық дерек пен әрекеттердің ашық жарияланбауына, елмен талқылау мен кері байланыстың жоқтығына, ақпараттың қозғалысы бұрмалау мен кешігумен жасалатындығына тіке байланысты.
Проблемасыз мекеме болмайды («Ең басты проблема – проблемалардың жоқтығы»), сондықтан да оларды жасырмай, ашық талқылауға шығару керек. Бірлесе шешім іздеусіз жақсару болмайды, даму болмайды.
Мектепте де дәл солай. Проблема мен кемшілікті нашар, жаман, теріс таңбалы құбылыс деп қабылдамай, керісінше, «Жасасын қате, кемшілік, проблема, олқылық, жетіспеушілік!» деген түсінік ұстанған жөн. Өйткені тек қателесу арқылы, кемшіліктерді жою мен түзету арқылы ғана даму мен алға ілгерілеу мүмкін. Сондықтан да кез келген туындаған проблеманы мұғалімдермен, не оқушылармен, не ата-анамен бас түйістіріп ашықтан ашық шешкен дұрыс.
Кемшілік айып емес, оны жасырған айып.
4. Ашық болуды, ашықтықты насихаттау – өндірістің бөлімдері, қызметкерлер арасында қарым-қатынасты ұлғайту. Осы арқылы ұжымның ынтымақтастығы артып, қызметкерлер өндірістің ахуалы туралы хабардар болады.
Мектептегі проблемалардың 90 %  қарым-қатынас саласында жатыр. Әкімшілік, мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар бір-бірімен, оқушылармен, ата-аналармен, әкімшілікпен жағымды қарым-қатынас құрай алмайды. «Ырыс алды – ынтымақ», ынтымақсыз ешнәрсе де мардымды болмас. Сондықтан да басты назарды ынтымақты орта құруға аудару керек, бар күш-жігерді ССС (сенім, сыйластық, симпатия) ауқымындағы қарым-қатынас орнатуға салу керек.
5. Жұмыс командаларын құру – әрбір қызметкер бір жұмыс командасының және «сапа үйірмесінің» мүшесі болады. Олар аптасына екі рет кездесіп, туындаған проблемаларды талқылап, қандай шешім қабылдау керектігін талқылап тұрады. Мысалы, жаңа қызметкерлер бірігіп, алғашқы жыл жұмыс жасайтындардың үйірмесіне кіреді. Бұл олардың кең ауқымды жұмысқа тіке қатысы бар екендігін сезіндіреді.
Осыған сәйкес мектепте мұғалімдер «Сабақты зерттеу (Lesson Study)» топтарын құрып, солардың құрамында бірлесе жоспарлау мен өзара сабаққа қатысумен айналысқаны жөн.
6. Жобаларды топаралық командалар көмегімен басқару – бір де бір команда басқа командалармен араласпай тиімді түрде жұмыс жасай алмайды. Бұған қоса командалардың мүшелері бір командадан екіншіге жиі ауысып тұруы керек. Ротация – жапон менеджментінің негізгі қағидаларының бірі. Мектепте де «Сабақты зерттеу (Lesson Study)» топтары өз құрамдарын ауыстырып тұруы қажет.
7. Қолдауға негізделінген қарым-қатынас қалыптастыру – ұйым үшін тек қаржылық нәтижелер ғана маңызды емес. Қызметкерлер арасындағы ынтымақ, олардың ұйым жұмысына қатыстырылуы да өте маңызды, өйткені бұл жәйттер міндетті түрде жоғары көрсеткіштерге алып келетіндігі сөзсіз.
Мектепте де басты назарды адамдарға – оқушылар, мұғалім мен ата-аналардың мүдделеріне аудару керек. Жоғары жақтың айтқанын мүлтіксіз орындауға емес, қағаз толтыруға емес, комиссия мен тексеруге дайындалуға емес.
8. Горизонталды (көлденеңінен)  даму – әр қызметкердің тәжірибесі бүкіл компанияның жетістігіне айналады. Әрбір тәжірибе бүкіл ұйымға таратылып, өзге қызметкерлердің назарына жеткізіледі.
Кез келген ұйымның ең басты құндылығы – қызметкерлер. Өйткені бір басшының өндірісті жақсарту ұсыныстарынан гөрі ондаған (немесе жүздеген, мыңдаған) қызметкерлердің ұсыныстары анағұрлым тиімді болуы заңды.
Сондықтан да қызметкерлерді жақсарту ұсынуға (тіпті кішкене болса да) ынталандыратын жүйе құру керек. Бұл жүйе қызметкерлерге ұсыныс жасаумен қатар оны жүзеге асырып, басқаларға тарату мүмкіндіктерін беріп, осы жұмысы үшін оларды қаржылай марапаттайды.
Әрине, бұл үшін қызметкерлерді қолдау керек, қызықтыру керек, қаржылай марапаттау керек. Сонда ғана олар компанияның жұмысына кіріктіріледі, өз жұмысын тұрақты түрде жақсартуға мүдделі болады.
Мектепте әсіресе озық  үлгілерді көптеп таратқан жөн. Мықты мұғалімдердің тәжірибесін зерттеп, оларды насихаттап, ондай ұстаздарға барлық жағдай жасаған орынды: сағатын  өсіру, марапаттау мен мақтау, түрлі отырыстарда тәжірибелерін талдау және тарату, портреттерін мектепке іліп қою, т.б. Ондай қолдауды көрген өзге де мұғалімдер «Сол кісідей боламыз!» деп жақсаруға үнемі ұмтылып отыратын болар.
9. Өзін-өзі реттеуді, тәртіпке бағынуды дамыту – өзін-өзі және өзге қызметкерлерді, бүкіл ұйымды қадағалай білу және сыйлау. Мұнда «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» қағидасы бойынша ұйымда ешнәрсе де жат, «менікі емес», «менің шаруам емес» болмайды. Керісінше, әр қызметкер өзін бүкіл ұйымның жұмысына тіке қатысты және жауапты сезінеді.
Мектепте әр мұғалімнің ұжымнан ойып алған орны бар деп есептеу керек. Сондықтан да әр мұғалімге сенім артып, оны көшбасшы деп қабылдаса, онда ұстаздардың жауапкершілігі арта түсетіндігі анық. Өзін сыйлайтындығын сезінген мұғалімдер үшін мектеп «өзімнің мектебім» болып, олардың мектептің барлық жұмыстарына белсене қатысатындығы сөзсіз.
10. Өзін-өзі дамыту, өркендеу – алдымен тек өзің тікелей жауап беретін мәселелерді айқындау (басқалар жауапты жұмысты емес) және соларды шешуді бастау.
Әр мұғалімнің өз жұмысын тыңғылықты және асқан жауапкершілікпен орындауды өзінің басты борышы деп түсінгені абзал.
11. Әр қызметкерді қажетті ақпараттармен қамтамасыздандыру – барлық персонал өз компаниясы  туралы толық хабардар болуы керек. Еш ақпарат құпия болмай, ел тарапына жеткізіліп отырылады. Бұл жәйт арқылы әр қызметкер өзін ұйым жұмысына тікелей қатысты екендігін сезінеді.
Сондықтан да мектепте мұғалімдерді ақпаратпен қамтамасыздандыратын түрлі құралдарды қолдану қажет: радио, чат, хабарландыру, ақпараттық парақтар, бейне және аудио таспалар, мұғалімдер бөлмесіндегі тақта, т.б.  
12. Әр қызметкерге өкілеттіліктер ұсыну – өкілеттіліктердің бір бөлігімен қызметкерлермен бөлісу, мұнда әр қызметкерге бір өкілеттілік ұсынылады. Бұл үшін ұйымда қызметкерлердің көп мамандықтар бойынша үйренуіне, олардың кең білік пен дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік жасау қажет.
Әр мұғалім – көшбасшы. Сондықтан да мұғалімдердің барлығы да мектептің жұмысына жіті араласуы керек. Оларда «Бұл менің шаруам емес! Мұны басқалар жасасын!» деген ұғым болмағаны дұрыс. Әр мұғалім қандай да бір іске, шараға, бағытқа жауапты болуы керек.
13. Басқару дегеніміз жұмыс нәтижелерін бастапқы жоспармен салыстыру.
«Кіріс» пен «шығыс» ахуалдарын бір-бірімен салыстыру арқылы ұйымның қаншалықты дамып, өскенін көреміз. Бұл – динамиканы көрсететін көрнекі құрал.
14. Қорытындыны шынайы деректерге сүйеніп жасау - кәсіпорын ахуалын талдау мен әрекеттерді таңдау нақты фактілер (көрсеткіштер, сандық дәлел, т.б.) негізінде жүзеге асырылады.
Мәселен, сандық деректер арқылы: мектепте оқушылардың саны, үлгерімі, оқу сапасы, қозғалысы, т.б., мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруы, ашық сабақтар саны, қатысқан іс-шаралар саны, басқа мектептерге ауысуы, т.б. Немесе сауалнамалар арқылы алынған сапалық деректер жоспарлау мен бағамдаудың негізінде болуы шарт.
15. Қиындықтың (проблеманың) себебін оның көрініс табуымен шатастырмау – проблеманың негізгі себебін жою және оның қайталанбауын қадағалау.
Кемшілік айып емес, оны түзетпеу айып. Проблеманың салдарымен күреспей (кінәлілерді іздеп, оларды жазалап), қатысты қызметкерлермен бірігіп, сол проблеманың пайда болуы себебін анықтап, оны шешу жолдарын ізденген дұрыс.
16. Сапа өндіру үдерісіне мейлінше ерте кіріктірілуі керек – үдерісте сапаға жіті назар аудару. Тексеру сапаны тудырмайды, оны жақсартпайды. Сапаны не жақсартады? Кемшіліктерді ерте анықтап, оларды түзету  және шығындарды азайту жақсартады.
Мектепте де тексеруді жұмыс құралдарының қатарынан алып тастау керек болар. Тексерудің орнына жұмысымызды жақсарту туралы күнде-күнде ақылдасқан жөн. Бұл әрекет сонда кемшіліктерді болдырмауға бастайды.
17. Стандарттау, бір үлгіге келтіру – қол жеткен жетістіктерді бекітетін, дағдыға айналдыратын әдістерді қолдану керек.
Сапа стандарттарын құрастырып, оларды қадағалау керек. Туындауы ықтимал проблемалардың шешімі арнайы құжатта көрсету керек және де ол әр қызметкерге қолжетімді болуы қажет. Стандарттар неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым жақсы, сол арқылы қызметкерлердің барлығы да өз жұмысын жақсартуға жұмылады. Бұған қоса қарапайымдылық қателесуді азайтып, сапаны көтереді.
Мәселен, жұмыс орнында азғантай өзгеріс енгізу арқылы (үстелді жақындату, құрал-жабдық пен саймандарды ыңғайлы жерге орналастыру, т.б.) жаңа тәжірибе, әдет пен мен дағдыларды қалыптастырады, ал бұл өз кезегінде сананың өзгеруіне де әкелуі ықтимал. Осылайша өзгерістер мен эксперименттерді басшылардың кабинеттерінде емес, қызметкерлердің тіке қатысуымен жұмыс орындарында жасау керек. Мұндай тәсілдемені «гемба-кайдзен» деп атайды.
Мектепте жұмысты реттейтін ережелерді құрастырып, педагогикалық кеңесте қабылдау керек шығар. Мысалы, «ҚМЖ құрастыру», «Сабақты талдау», «Сабақ құрылымы», «Бірлесе жоспарлау», «Оқушы үнін» ескеру», «Ата-аналармен қарым-қатынасты қалай жүргізу керек?», «Ата-ана жиналықтарын ұйымдастыру», «Сыныпты безендіру», «Кезекшілердің міндеттері», т.б. секілді ережелерді құрастырып, осы арқылы қалай жұмыс жасау керектігін айқындаған орынды.
(жалғасы бар)

Өзгерістерді енгізу дағдысы

Кайдзен философиясы туралы
Жапония ІІ Дүниежүзілік соғыста ойсырай жеңіліске ұшырайды, толық капитуляцияға қол қояды. Екі рет атомдық бомбалардан зардап шеккен,  ауыл шаруашылығы мен кәсіпорындары тып-типыл болып күйреген, көп елге орасан көп мөлшерде айып-пұл (репарация) төлеуге мәжбүр болған, енді орнынан тұрмастай болып дағдарысқа ұшыраған Жапонияның экономикасы аз уақыт ішінде түзеліп қана қоймай, тіпті әлемдегі ең озықтардың қатарына қосылады. Бұл шарықтаудың дәлелелі ретінде мына жәйттерді келтіруге болады:
- 1962 жылы (соғыстан кейін 17 жыл өткен соң) Жапонияда пойыздар сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүре бастаған,
- Токио 1964 жылы (соғыстан кейін 19 жыл өткен) ХVII Олимпиада ойындарын қабылдайды.
Әрине, Жапонияның тез арада айығып кетуінің басты себебі Маршаллдың дағдарыстан шығу жоспары мен АҚШ-тың қаржылық көмегі болар. Бұған жапондық ұлттық мінездің  еңбекқордық, тәртіпке бағыну, басшылардың сөзін екі етпеу, ұқыптылық, өзін-өзі реттеу секілді қасиеттерін қосуға тұрарлық.
Бұдан басқа жапондардың өркендеуі «кайдзен» ұғымымен де байланысты деп есептпейді көп ғалымдар. Жапон тілінде «кай» - өзгеріс, ал «дзен» - даналық. Кайдзен – әр жапонның қанына сіңген қасиет.
Кайдзен дегеніміз өзіңнің тұлғалық қасиеттеріңді (мінез, қабілет, құндылықтар, әдеттер, т.б.), кәсіби білік пен дағдыларыңды, айналысып жатқан ісіңді, жұмысыңды жақсару мен шарықтаудың шегіне жеткізуге ұмтылу, осы тұрғыдан оларды үздіксіз жақсарту.
Кайдзенді әдетке айналдырған жапондықтар кез келген жұмысты (тіпті қарапайым лауазымы бола тұра) өркендетуге ұмтылады. Олар «Бұл жұмыс маған лайық емес! Мен бұдан да жақсы жұмыс жасауым керек! Мұндай аз жалақыға мен неліктен беріліп еңбектенуім қажет? Мен бұдан да тәуір қызметке лайықпын! Соны табуым керек! Әлгі менің ағам қайда қарап отыр: көмектеспей ме маған, қолында тұр ғой!» деп тағдырға, өзгелерге налымайды, еш ақталмайды, сылтау айтпайды. Олар ешнәрсеге қарамай өз білігі мен дағдыларын, құралдары мен тәсілдерін, жұмысын үздіксіз жақсарта береді, жақсарта береді.
Батыста жаңалықтарды енгізу үшін негізінен революциялық жол таңдайды: жаңа технологияларды енгізеді. Батыс жаңалықтарды бірден және көп мөлшерде енгізуге әуес. Бұл амал өндіріске көп қаржы, күш салуды талап етеді, оның артында ышқыну мен зорығу тұр. Алайда жаңа технологиялар ескі проблемаларды шешпейді: олар ескі проблемаларды жаңа проблемалармен алмастырады.
Ал Жапонияда эволюциялық жол таңдалған: жаңалықтар бірден енгізілмей, біртіндеп, кішкене қадамдармен кайдзен арқылы жүзеге асырылады.
«Кайдзен» ұғымы жапон ұлттық мінезінің негізгі қасиеті болып табылатын үнемділіктен туындайды. Ал кайдзен тек сол үнемділіктің бір бөлігі ғана. Осыған сәйкес әрбір кәсіпорын үнемді, рәсуасыз болуы керек. Үнемді кәсіпорын дегеніміз барлық шығындардан тұрақты түрде арылуға, шығындарды болдырмауға бағытталған басқару қағидаты.  
Үнемділікке қалай жетуге болады? Ең алдымен кайдзен арқылы, яғни тек күнделікті жақсару арқылы, өйткені үздіксіз өркендеу болмаса алға ілгерілеудің, прогрестің де болуы екіталай. Жақсарусыз шығындар ұлғая түседі, баға көтеріле береді, бәсекелестер бізден асып кетеді. Үздіксіз жақсару (кайдзен) компанияның негізгі ұстанымы, ұраны, хал-ахуалы болуы керек. Бұл - жоғары жақтан күштеп енгізіліп, оқтын-ектін елдің есіне түсіріп отыратын қажеттілік емес. Бұл қағида ұйымның іс-әрекеттерінен табиғи түрде көрінуі қажет.
Үнемдеу – қызметкерлердің жалақысын үнемдеуді білдірмейді. Бұл – шығындарды азайтудың ең жұпыны да нашар түрі. Мұндай үнемдеу кайдзен идеясына қайшы.
Үнемді өндіріс адамға, кеңірек алғанда бүкіл адамзатқа деген сыйластық сезімімен тығыз байланысты. Көптеген компаниялардың қожайындары ақша табуды өзінің негізгі мақсаты деп есептейді. Олай жасауға болмайды, өйткені өмірдегі ең басты құндылық – адам. Демек, алдымен адамға, яғни қол астыңдағы қызметкерлерге, тұтынушыларға және кеңірек алғанда бүкіл қоғамға назар аудару керек, соларды ескеру қажет. Әрбір қызметкер мұны мойындамаса да өзін маңызды адам ретінде сезінгісі келеді. Қызметкерге тек компанияның дамуына ғана өз үлесін қосып қоймай, сонымен бірге бүкіл адамзатқа пайда келтіріп жатқанын түсіну маңызды. Тұтынушылар өздерінің қамқорлыққан алынғанын сезіну маңызды. Қоғам үшін компаниялардың қоғам құндылықтарын қабылдағаны және ғаламшар, болашақ туралы ойланғаны маңызды.  
Дамыған елдердің экономикасы бірінші кезекте пайда табуға емес, адамға бағытталған. Олардың ұраны: «Барлығы да адам үшін, адам игілігі үшін!» Бұл қағида орындалса ғана табыс пен пайдаға жетуге болатындығын олар талай жылдар бойындағы эволюция нәтижесінде жақсы түсінген. Өндірісті адамға бағыттау – нарық заңы. Әрине, дамушы мемлекеттерге бұл жолды толығымен жүріп өту керек, сонда ғана олар бұл қағиданы тереңінен түсінетін болады.
Жаңа технологияларды аз ғана уақыттың ішінде енгізу қызметкерлер үшін көп ыңғайсыздық тудырады. Өйткені оларды алдын-ала бұл өзгерістерге дайындамағандықтан, олар бұл өзгерістерді қабылдауға дайын болмауы ықтимал («Жаңалықтарға қарсыласу айналымына» сәйкес). Нәтижесінде біз адамдардың сенімінен айрылуымыз мүмкін: олар келешекте ұйымның бастамаларын қолдамауы ықтимал. Сондықтан да кез келген компанияда басты назар технологиядан адамдарға аударылуы қажет: басшылар қызметкерлермен сенім мен сыйластыққа негізделінген қарым-қатынас орнатуы керек, қызметкерлердің барлығын компания жұмысына кіріктіруі керек. Ол үшін басшылық қызметкерлермен ақылдасуы, бөлісуі, бірлесе жоспарлауы қажет.
Үнемдеу қалай жасалады? Біріншіден, қалдық қалтырмау немесе оларды қолдану арқылы. Екіншіден, артық шығын жасамау арқылы. Шығынға мыналар жатқызылады:
- қозғалыс – зауытта жұмысшылар артық қозғалыстар жасайды, өйткені материалдар немесе жұмыс құралдары жақын орналаспаған, оларды ыңғайластыру арқылы уақыт пен күшті үнемдеуге болады,
- уақыт – әрекеттер мен операцияларға жұмсалатын уақытты азайту,
- ақаулар – жұмыстың бастапқы кезеңінде неғұрлым көп ақаулар айқындалса, соғұрлым көбірек уақыт пен қаржыны үнемдеуге болады,
- тауарларды шектен тыс өндіру – мұндай өнім өтпей, сөрелерде жатады да қажетсіз шығындарға алып келеді.
Айтылғанның барлығы жапондардың жаңа технологияларға қарсы екендігін білдірмейді. Жапондар жаңа технологияларды енгізуге қарсы емес. Бірақ олар былай ойлайды, былай жұмыс жасайды: бүгін жаңа технологияларды енгізсек, ертең оларды жақсартуға кіірісуіміз керек.
Кайдзен – өмірде кездесетін барлық жәйттерді (жеке өмір, мінез, жұмыс, дағдылар, т.б.) үздіксіз, біртіндеп жақсартуға негізделген жапондарға тән философия. Дегенмен бұл бұрыннан қанға сіңген әдет, өмір салты тек 1986 жылы Масааки Имаи ағылшын тілінде кітап шығарғаннан кейін ғана бүкіл әлемге белгілі болған. Бұл кітапта автор кайдзенді кәсіпорында туындаған проблемаларды (жапондықтар «Ең басты проблема – проблемалардың жоқтығы» деп есептейді) қызметкерлерді кемшіліктері немесе қателері үшін жазаламай (ұрыспай, сөгіс жарияламай, айып салмай), оны қайталамауға негізделінген еңбек мәдениеті деп түсіндіреді.
Масааки Имаидан «Кайдзенді компанияға ендірудің алғышарты қандай?» деп сұрағанда, ол былай деп жауап қатқан: «Біріншіден, басшылықтың ниеті мен ынтызарлығы. Екіншіден, басшылықтың ниеті мен ынтызарлығы және, үшіншіден, басшылықтың ниеті мен ынтызарлығы». Бұл арқылы Масааки Имаи басшылық пен менеджменттің компания жұмысын жақсартуға толығымен мүдделі болуы керектігін негіздеп отыр: басшылар өзгерістерді өзінен бастап, содан кейін ғана қол астындағылардан өзгеруді талап етуі керек. Кайдзен философиясын осыдан кейін ғана кәсіпорында жүзеге асыруға болады.
Ескіше жұмыс жасайтын компанияда негізінен алғанда басшы жұмысының едәуір бөлігін туындаған проблемаларды шешу, кемшіліктерді түзету секілді «шұғыл және маңызды» іс-әрекеттер алады. Кез келген кәсіпорында «өрт сөндіре білу» «өрттің алдын алудан» жоғары бағаланады.
Басшылар «Қызметкерлерді жұмыс жасауға қалай мәжбүрлейміз, міндеттейміз?» деген мәселені шешуге тырысады. Олар менеджменттің негізгі мәселесі қызметкерлерге қайда жүру керектігін көрсету емес, оларға осы бағытта жүруге көмектесу екендігі туралы ойланбайды. Негізінен мұндай басшылар әр қызметкермен жеке сұхбаттаспайды, кабинеттен шықпайды, кәсіпорын мен елді араламайды.
Бұл – ескірген түсінік. Бүгінде мұның орнын адамға, әрбір қызметкердің мұң-мұқтажына, мүдделеріне, ерекшеліктеріне бағытталған гуманистік тәсілдеме (подход) басқан. Бұл жұмыс пен әрекет жасау моделінде адам, оның тұлғасы кәсіпорынның негізіне айналады, яғни мұнда басқарудың ең басты құралы бұйрық емес – ынталандыру болады, басшылар мен қызметкерлер арасында алауыздық пен түсінбеушілік емес – диалог орнайды. Басшылар әрбір қызметкер құнды деп есептеп, онымен ортақ тіл тауып, ынтымақтастықта бірлесе әрекеттесуге ұмтылады, адамдармен серіктестік пен сенімге неізделген жаңа қарым-қатынас құрастырады. Осы арқылы қызметкерлер компания жұмысына кіріктіріліп, оның миссиясы мен мақсатын жақсы түсініп, өз жұмысын тұрақты түрде жақсартуға ынталанады.
Бұл мәдениеттің тиімділігінің дәлелі ретінде мына көрсеткіштерді келтіруге болады: жұмысшыларының тыңғылықтылығын мақтан тұтатын Германияда әр қызметкер жылына орташа есеппен жұмысты жақсартатын 0,15 жаңалық ұсынса, Жапонияда олардың саны 30-дан асып жығылады.  

Эстония мектептерінің тәжірибесі

Дамытушы сұхбат
Эстонияның орта білім жүйесі соңғы онжылдықта елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, халықаралық PISA секілді тест байқауларында бұл мемлекеттің білім беру жүйесі алдыңғы бестіктен тұрақты орын алып келеді.
Эстония мектептерінің аз уақыт ішінде озаттар қатарына шыққандығының құпиясы қайда жатыр? Бұл сұраққа Мәскеудегі «Мектеп директоры» журналының редакторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор К.М.Ушаков Астанада Педагогикалық шеберлік орталығында оқыған лекциясында былай деп жауап берген еді:
- Эстонияның орта білім жүйесінің қаржыландырылуы басқа мемлекеттерден пәлендей өзгеше - артық та, кем де - емес. Мәселе басқада. Мұнда білім беру туралы қабылданған заңдарда мұғалімдерді әр оқушы мен оның ата-анасымен жылына кемінде бір рет дамытушы сұхбат жүргізуге міндеттеген. Бұған қоса мұндай сұхбатты жүргізу туралы есеп міндетті есептердің біріне жатқызылды. Әрине, басында мұғалімдер үлкен шу көтерді: «Қағазбастылықты азайта алмай жатқынымызда мұнысы несі! Онсыз да жұмысымыз бастан асып жатыр емес пе? Бұны жасау үшін бізде уақыт қайда?!» деген секілді. Алайда дамытушы сұхбатты біртіндеп қолдана бастап, өз тәжірибесіне енгізгеннен кейін мұғалімдер бұл тәсілдің көптеген жақсы жақтарын байқай бастайды. Атап айтқанда, мектеп пен сыныптардағы психологиялық ахуал жақсарады, оқушылар мен олардың ата-аналарының мектепке деген көзқарасы жағымды жаққа өзгереді, олардың өз әрекеттеріне деген жауапкершілігі өседі, мектеп пен отбасы арасында өзара әрекеттесуге негізделінген жылы қарым-қатынас орнайды. Осылайша дамытушы сұхбат тұтас бір мемлекеттің орта білім беру жүйесін аз уақыт ішінде әлемнің ең озық жүйелерінің біріне айналдырып жіберді!
Профессордың бұл сөзінен кейін біз де ойланып қалдық. Мен ғаламтордан дамытушы сұхбат туралы біраз деректерді оқып, қорытып, олармен сіздермен де бөлісейін деп шештім, қымбатты әріптестер. Мүмкін бір кәделеріңізге жарап қалар деген оймен ұсынамын...
Эстония мемлекетінің «Негізгі мектеп пен гимназия» туралы заңының §35 сәйкес әр сынып жетекшісі әр оқушымен жылына 1 реттен кем емес мөлшерде дамытушы сұхбат жүргізеді. Қажет болған жағдайда тараптардың келісімімен сұхбатты 1 реттен де жиі өткізуге болады.  Негізінен дамытушы сұхбатты 2-ші тоқсаннан бастап мамыр айына дейін жүргізген орынды екен. Мектепке жаңадан келген оқушымен сұхбат жарты жылдан кейін ғана жүргізіледі.
Дамытушы сұхбат дегеніміз сынып жетекшісі, оқушы мен оның ата-анасының қатысуымен жүргізілетін әңгіме. Қажет болған жағдайда ата-ананың рұқсатымен сұхбатқа мектеп психологы, әлеуметтік педагог немесе басқа да мектеп қызметкерлері, балаға әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының қызметкерлері қатыса алады.
Дамытушы сұхбат мектеп пен отбасының бірігіп ынтымақтаса жұмыс жасау арқылы баланы дамыту, оған қолдау көрсету мақсатында жүргізіледі. Мұндай сұхбатта оқушы өз әрекеттеріне талдау жасап, оларды бағалайды, мұғалім мен ата-аналар балаға қандай көмек көрсете алатындығын айқындайды. Бұл сұхбаттар баланың оқудағы қиындықтардың алдын алып, туындаған кемшіліктерді түзетуге бағытталып, оқушыларды оқу бағдарламасында көрсетілген нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі.
Сұхбатта тараптардың өзара келісімі нәтижесінде мақсаттар мен оларға жетелейтін іс-шаралар белгіленеді. Қойылған мақсаттар оқушының дамуына бағытталады. Оқушының қойған мақсаттары өз әрекеттерін талдауға негізделеді, ал мұғалім мен ата-аналар нәтижелерді бақылау және бағалаумен айналысуы керек.  
Дамытушы сұхбатта мұғалім оның құпиялылығын сақтауы керек, сұхбатта баланың жеке тұлғасын сыйлау және педагогикалық-психологиялық жас ерекшеліктерін ескеру тұрғысында өткізуі қажет.
Мұндай сұхбаттарға қатысушылар жан-жақты дайындалып келуі керек. Мұғалім оқушылар мен ата-аналардың жиналысында олардың ата-аналарына сұхбаттың мақсаты, өткізілу реті мен уақыты жайлы мәліметерді, өзін-өзі талдауға арналған сұрақтар жазылған кестені алдын-ала беріп қояды.
Бастауыш сыныптарда ата-аналардың біреуінің сұхбатқа қатысуы міндетті болса, орта буында оқушы олардың қатысуын өзі шешеді. Егерде оқушы сұхбатты ата-анасынан бөлек өткізу керек десе, онда оның ата-анасы сұхбатты бөлек басқа уақытта өткізеді. Жоғарғы сыныптарда дамытушы сұхбат ата-аналардың қатысуынсыз да өтуіне болады (бұл мәселені де оқушының өзі шешеді).
Сұхбат қорытындысы ретінде «Дамытушы сұхбат нәтижелері» толтырылады. Онда оқушының   оқуын жақсартатын екі жақтың не істеу керектігі жазылады. Ата-аналар да сұхбат туралы өзінің пікірін жазбаша қалтыруы ықтимал. Болашақта тараптар өздеріне жүктеген міндеттемелерді ұстануы қажет. Ата-аналар мектептің бастамаларын толық қолдап, балаларын «Дамытушы сұхбат нәтижелерінде» жазылған міндеттерді жүзеге асыруда қолдау көрсету керек.
Оқушы өзін-өзі талдауға арналған сұрақтар жазылған кестені сұхбатқа 2 күн қалғанда мұғалімге өткізуі қажет. Мұғалім оқушының жауаптарын, басқа мұғалімдердің пікірін, өзінің бақылау нәтижелерін қолданып, сұхбаттың мақсаты мен мазмұнын белгілейді.  
«Өзін-өзі талдау парағында» оқушыға оның қалай оқып жүргендігін, оқуын қалайша жақсартуға болатындығын айқындауға бағытталған мынандай секілді 10-12 сұрақ қойылады (әрине, бастауыш, орта буын және жоғарғы сынып оқушыларына қойылатын сұрақтардың сәл-пәл болса да өзгешеліктері бар):
- Мектепте оқу саған  ұнай ма? Мектепте өзіңді қалай сезінесің?
- Мектепте сен үшін не қиын?
- Әдетте мектепке қандай көңіл-күйде барасың?
-  Саған оқу қызық па? Қызығушылықпен оқу үшін не кедергі болып тұр? Қызығушылықпен оқу үшін саған қандай қасиеттер керек?
- Өз сыныбың саған ұнай ма? Мұнда оқу сен үшін қызық па?
- Сыныптастармен қандай қарым-қатынастасың? Олар саған қалай қараса деп ойлайсың?
- Сыныптастарың саған ұнай ма? Неліктен? Олармен қарым-қатынаста не өзгерткің келеді?
- Сыныптағы өмірге көңілің тола ма?
- Оқу қызық болмаса, сен не жасайсың?
- Сен сабаққа ылғи да дайындаласың ба?
- Үй тапсырмасын орындауға сен күніне қанша уақыт бөлесің?
- Не нәрсеге үйренгің келеді? Кім болғың келеді?
- Оқуда не нәрсеге қызығасың? Не жасағың келеді?
- Сенде хобби немесе қызығатын нәрселерің бар ма?
- Мектептен кейін қол боста немен айналысасың? Қандай іс-әрекеттерді жасау саған ұнайды? Қолыңнан не келеді?
- Не нәрсеге ең көп уақыт жұмсайсың?
- Не туралы жиі ойлайсың?
- Кім болғың келеді? Бұл үшін не жасау керек деп ойлайсың?
- Сені түсінетін, өз мұң-мұқтаждарыңмен бөлісетін адамдар бар ма? Олар кімдер?
- Егер берілген тапсырма қиын болса немесе сен оны қалай орындау керектігін білмейтін болсаң, онда не істеуші едің?
- Сен жиі-жиі қандай көңіл-күйде боласың: қуаныш, мұңаю, ой-толғау, ашулану, жылау немесе ризалықта ма? Бұлардан басқа тағы қандай күйде боласың? Олардың қайсысы саған ұнамайды?
- Сен өзіңе-өзің ұнайсың ба? Өзіңде нені өзгерткің келеді?
- Өзіңнің болашағыңа қалай қарайсың: оптимизммен бе, әлде пессимизммен бе?
Сұхбат жеке бөлмеде (ешкім бөгет жасамауы керек) 40-45 минут ауқымында өткізіледі. Сынып жетекшісі оқушының жауаптары мен сұрақтарға жасаған реакциясын дәптеріне тек оқушының рұқсатымен ғана жаза алады. Әңгіме барысында баланың сұхбаттың кейбір сұрақтарына қалай жауап беруі талқыланып, сұхбат барысында туындаған сұрақтар қарастырылады.
Сұхбат соңында 3 тарапқа да (оқушы, ата-ана, мектеп) міндетті болатын іс-әрекеттер жоспары қабылданады. Онда оқушының оқуын, көңіл-күйін, қарым-қатынасын жақсартуға, туындаған проблемаларды шешуге бағытталған нақты шаралар көрсетіледі.
Сұхбат парағына мұғалім, ата-ананың біреуі мен оқушы қол қояды, парақтың көшірмесі ата-ана мен оқушыға беріледі, ал түпнұсқасы мектепте «Дамытушы сұхбат» папкасында сақталады. Сынып жетекшісі мен ата-аналар  оқушыға даму мақсаттарына жету үшін жан-жақты көмек беретіндігі туралы келіседі.
Сынып жетекшісі дамытушы сұхбаттар туралы мектепте белгіленген формада директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына жарты жылда бір рет жазбаша есеп беріп тұруы керек.
Дамытушы сұхбатта назарда оқушы, оның мұң-мұқтаждары, оқу мен қарым-қатынастағы проблемалары болады. Оның негізгі мақсаты – баланың дамуына мектеп пен отбасының бірлесе әрекеттесуі арқылы мейлінше қолдау көрсету. Сонымен бірге дамытушы сұхбат мынандай мақсаттарды тұтады:
- оқу бағдарламасында көрсетілген тәрбие мақсаттарына жету,
- оқушы, сынып жетекшісі мен ата-ана арасында сенім мен түсіністік қалыптастырып, оларды қадағалау,
- оқушының қабілеттері мен қызығушылығын анықтау,
- оқушының әрекеттенуіне талдау жасау арқылы қолдау көрсету,
- проблема мен қиындықтарға шара қолданып, олардың алдын алу,
- оқушыны өзінің мақсатқа бағытталған іс-әрекеттерін жоспарлау мен оларға талдау жасауға бағыттау,
- баланың дамуы туралы екіжақты кері байланыс алу,
- баланың дамуы туралы мақсаттар қою және келісім жасау.
Бұған қоса қатысушы тараптардың барлығы да өз алдына ерекше мақсаттар қойып, өзіндік пайдасын да көреді.
Мектептің мақсаттары:
- ата-аналармен байланыс орнату,
- отбасымен ынтымақтастықты дамыту,
- ата-аналардың мектеп пен оның мақсаттарымен танысуын қамтамасыздандыру,
- өзара сенім мен сыйластықты нығайту.
Мектепке беретін пайдасы:
- мектептің беделі көтеріледі,
- ата-аналар мектептің балаларды қамқорлыққа алғандығын көреді,
- мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастық жақсарады,
- туындаған проблемалар бірлесе шешіледі,
- мектеп пен отбасы бірін-бірі жақын тартады,
- кедергілердің алдын алу.
Мұғалімнің мақсаттары:
- отбасымен сенімге негізделінген қарым-қатынас орнату,
- отбасының психологиялық, әлеуметтік ,экономикалық ахуалымен танысу,
- баланы қажетті бағытта дамыту мақсатында отбасымен бірлесе әрекеттесу.
Мұғалімнің алатын пайдасы:
- отбасы туралы ақпарат,
- өзара түсіністікті жақсарту және жылы қарым-қатынас орнату,
- балаға қатысы бар мәселелерді талқылау мүмкіндігі,
- оқушымен сұхбатта да, оқуда да жақын тартып, жылы қарым-қатынас орнату,
- әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеру мүмкіндігі.
Отбасының  мақсаттары:
- мұғалімді жақыннан білу,
- баласы туралы мұғалімнің пікірін білу,
- мектептің талаптарын тереңірек түсіну,
- қарым-қатынастағы сенімсіздікті жеңу,
- баласының дамуына мейлінше жәрдем беру,
- мұғалімнің тәрбиелік мақсаттарын білу,
- мұғаліммен жақын қарым-қатынас орнату.
Отбасының көретін пайдасы:
- баласының оқуы мен дамуы туралы объективті мәлімет алу,
- педагогикалық білім алу,
- баласы мен мұғалімді жақыннан тану,
- баланың болашағы туралы ойлану,
- еркін қарым-қатынас,
- сынып жұмысына белсенді түрде қатысу,
- отбасылық қарым-қатынасты жақсарту,
- баласына көмектесу мен оны дұрыс жаққа бағыттау мүмкіндігі,
- мектеп пен мұғалімнің талаптарын дұрыстап түсіну қарым-қатынасты жақсартады,
- мектептен қорықпайтын болады,
- ашылу мүмкіндігін алады.
Оқушының мақсаттары:
- өзін мойындату,
- ашылу мүмкіндігін алады,
- мектеп пен отбасы арасындағы байланыс, әрекеттесу,
- мектептен қорықпайтын болады,
- мектеп пен ата-анасының одан не күтетіндігін нақты айқындайды,
- қауіпсіздік сезімі пайда болады,
- мектептегі күйзелісті азайту,
- мектеп жұмысына деген қызығушылықтың пайда болуы,
- өзін сыйлайтығын және бір мезгілде өзінің бақыланатындығын сезінеді.
Оқушының көретін пайдасы:
- қиындықтарды шешу,
- болашаққа деген сенімнің пайда болуы,
- баршаға бірдей талаптар,
- өз даусының ескерілетіндігін біледі,
- сенім пайда болады,
- оқып-үйренудің қажеттілігін түсінеді,
- мектеп пен отбасы арасында байланыс бар екендігін түсінеді.
Мұғалімдер дамытушы сұхбаттарды жүргізу арқылы мектепте туындаған кез келген қиындықтар мен проблемаларды шешу мүмкіндігін алады, сыныптардағы психологиялық ахуал жақсарады, көптеген келеңсіздіктердің алдын алуға болады..
Сұхбатта мынаны жасаудан сақ болу керек:
- бірін-бірі кінәлау,
- негативті көзқарас пен бағалау (жамандамау),
- негізсіз сын айту (мысалы, бұл адамның қолынан келмейтін іс бойынша),
- қаржылық мәселелер (жалақы мөлшері, табыс көзі),
- ата-ананың қандай қарым-қатынаста болуы (мәселен, екеуінің арасы суыған жағдайда, екеуі ажырасқан жағдайда),
- «антидағдарыстық әрекет» (ақыл айтпай, психолог, қажет болған жағдайда әлеуметтік қызметкер, дәрігер немесе басқа мамандарға сілтеу керек).
Көріп тұрғанымыздай, бұл тәсілдің еш қиындығы жоқ! Әрі ол қолжетімді және қосымша ресурс пен қаржыны талап етпейді. Ол тек әр мұғалімнен жігер, ниет, ынта мен ұмтылысты қажет етеді. Дамытушы сұхбатты қолдану-қолданбауды әр мұғалімнің өзі шешуі керек.  
«Жақсы адамның тамаша қасиеті бар: жақсы адам ылғи да үйрену үстінде болады» деген қағидаға сәйкес біз «жақсыдан жиреніп», кез келген озық тәжірибені қолданғандығымыз орынды. Бізге де дамытушы сұхбатты өз практикамызға енгізуге болар ма еді?!
Қалай ойлайсыздар, әріптестер?..
Интернет материалдары бойынша
Қолданылған интернет-ресурстар:

Жаңалықтарды қабылдау

Жаңалықтарды енгізудегі «карго-культ» туралы
Жақында Астанада Педагогикалық шеберлік орталығында Мәскеу Жоғарғы экономика мектебінің профессоры К.М.Ушаков лекциясында мынандай сұрақ қойды: «Жаңашыл оқу жобаларының тиімділігі қандай? Оларды асты-үстіне үдемелетіп қолданып жатырмыз, алайда «Қалай?» деген сұраққа жауап берудеміз бе?» Сәл үндемей тұрды да: «Менде «Біздің жаңалықтарды қабылдауымыз «карго культі» секілді жүзеге асырылып жатқан жоқ па?!» деген күмән бар!» деді. Біз де ойланып қалдық...
Сәл дерек келтіріп кетейін.
Екінші дүниежүзілік соғыста АҚШ  Тынық мұхиттағы көптеген аралдарда өзінің әскери базаларын ашады. Ол аралдарға ұшақтармен Жапонияға қарсы шайқастарға қажет жабдықтар, қару-жарақ пен азық-түлік көптеп жеткізіле бастайды. Жүктерді қабылдау үшін американдықтар аралдарда аэродромдар салып, оларды сымтемірмен қоршап, жан-жағына сақшыларды қояды, Аэродромдағы солдаттар әскери бөлімшелердің күнделікті іс-шараларымен айналысады: ұшақтарды қабылдайды, жүктерді түсіреді, сап түзеп жаттығулар жасайды, Үлкен жермен рациямен сөйлеседі, т.б.
Аралдарда тұратын жергілікті тайпалардың мәдениеті мен түсініктері тас ғасыр деңгейінде еді. Олар ақ нәсілді адамдарды өмірінде бірінші рет көріп тұрған-ды. Сондықтан да олардың американдықтардың өздеріне де, жасаған істеріне де, бұйымдарына да қаншалықты таңырқағандығы туралы айтпаса да болатын шығар. Әрине, солдаттар әуелеп келген жүктердің кейбір бөлігімен жергілікті тұрғындармен бөлісетін, мысалы, оларға қол  электр шамдарын, темір пышақтар, киім, шоколад, қалбырдағы бұқтырылған ет пен джем, түрлі-түсті журналдар, алкоголь ішімдіктерін тегін беріп тұратын.
ХХ ғасыр өркениетінен еш хабары жоқ жергілікті халық американдықтардың еңбектенбейтіндігін, ешқандай да материалдық құндылығы бар заттарды өндірмейтіндігін көреді: олар не жер жыртпайды, егін де екпейді, не дәндерді қол диірменмен ұнтақтамайды, мұхитта балық ауламайды, шошқа да ұстамайды, джунглиде жеміс те термейді. Бұның орнына олар жерді сызып, құлақшын киіп алып түсініксіз сөздерді айтып, түнде от жағып, түрлі-түсті жалаушаларды оңды-солды сермеп жатады, күндіз иықтарына қаруларын салып сап түзеп, аяқтарын жоғары көтере ерсілі-қарсылы жүреді. Осы әрекеттерден кейін оларға аспаннан орасан үлкен құстар ұшып келіп, бар қажетті заттарды алып келеді немесе әуелетіп жерге тастайды.
Жергілікті ел  осыны түсінеді.
Соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін бұл аэродромдардың еш қажеттілігі болмай қалады да американдықтар аралдарды біржолата тастап кетеді. Олар кетісімен баяғы қажетті де дәмді заттар аспаннан жауғанын тоқтатады. Ондай заттарға, әсіресе есірткі суға, 3-4 жылдың ішінде әбден үйреніп қалған жергілікті халыққа олардан айрылу қиынға түсті. Айлар өтті, жылысып жылдар өтті, алайда аспаннан үлкен құстар ұшып келмеді, жерге қажетті де ыңғайлы, дәмді де әдемі заттарды тастамады. Олар қаншама еңбектенсе де, жерді тырнап егін ексе де оларға аспаннан ештеңе де түспеді.
Енді не істеу керек? «Ақ нәсілді адамдар секілді әрекеттер жасау керек!» деп шешеді жергілікті халық.
Біраз жылдардан кейін бұл аралдарға жеткен антрополог-ғалымдар жергілікті аборигендер арасында бұрын-соңды көрмеген культтің (сенім-нанымның) орын алғанына куә болады. Аборигендер жерге ұзын қазық қағып, оларды ағаштың қабығынан жасаған арқанмен байлап біріктіріп, биік ағаштардан шыбықтан жасалған «антеннасы» бар мұнаралар жасаған. Олар дәл сол үлгіде сабаннан ұшақтар жасап, құлақтарына кокос жаңғағының жартысын байлап, бірнәрсе айқайлайды. Кейбіреулері қолындағы сабаннан жасаған жалаушаларды сермеп жатыр. Денелерін американдықтардың әскери киімінің түсіне бояп, тіпті кеуделеріне медальдар мен «USA» деген жазудың суретін салып, иықтарына мылтыққа ұқсас ағаш көтерген өзгелері джунглиді тазартып салынған жолдарда сап түзеп жүреді. Түнде олар оттар жағып, көкке қарап, жүк әкелетін ұшақтарды күтеді.
Олар енді бұрынғыдай дән түйіп, жерден тәтті картоп (батат) қазып алмай, балық ауламай, күні бойы тек американдық солдаттардың жасағандарын қайталаумен болады. Осылай жасасақ -  аспанмен үлкен құстар ұшып келіп, көптеп пайдалы жүк алып келеді деп сенеді (https://scisne.net/a-1690).
Бұл діни қозқарасты ғалымдар «карго культі» деп атаған (ағылшын тілінде «cargo» - «жүк», «кеме тасымалдайтын жүк» дегенді білдіреді).
Ауыспалы мағынада «карго-культі» деген бір жаңа нәрсені қабылдауда (жаңа идея, жаңа технология, т.б.) оның тереңі мен байыбына үңілмей, сыры мен мән-мағынасын анықтамай, мазмұнын қайталауға ұмтылмай, тек сыртқы пішінін қабылдап, үстірт  түсінуді білдіреді. Бұл түсінік (сенім-наным) бойынша жаңаны жүзеге асыру үшін тер төкпей, еңбек етпей, әрекеттердің өзін атқармай, тек ырымын жасаса болғаны. Мұнда бәрі де жаңалықтың өзін ендіруге емес, тек жаңалық «сияқты», «секілді», «тәрізді» әрекеттерді қайталаумен болады.
«Бүгінде біз де білім беру жүйесінде жаңалықтарды енгізуде осы секілді карго-культті ұстанып жүрген жоқпыз ба?» деген сұрақ қояды профессор К.М.Ушаков.
Ойланатын жәйт екен! Шындығында да мектептерде инновациялық технологияларды қолдануда мазмұн емес, қалып (форма) жағына кетіп қалып, жаңашылдықтың өзін емес, «ырымын» жасап, өзімізді өзіміз алдап жүрген жоқпыз ба? Жаңартылған бағдарламаны ыждаһатпен оқып-үйренудің орнына жеңіл-желпі, сырттан қарағанда дұрыс сыңайдағы іс-шаралардың жетегінде кетіп қалған жоқпыз ба?
Мектептерге барсаң, жаңартылған бағдарлама бойынша жасалған стендтерді көресің: олар, мәселен, сабақ мақсаттары мен күтілетін нәтижелер, 7 модуль, критериалды бағалау, Сабақты зерттеу (Lesson Study), коучингтер, т.б. жаңа идеялар бойынша құрастырылған. Дұрыс сияқты. Алайда осы жазылғандарды шынайы түрде,   байыбына жеткізе қолданамыз ба? Әлде олар тек комиссия үшін қабырғаға ілінген бе? Беймәлім...
Сабақтарда да солай: сыныпта парталар қосарланып қойылған сияқты, оқушылар шағын топтарда отыратын секілді, жаңа әдіс-тәсілдер қолданатын тәрізді. Бірақ бірлескен әрекеттер шынайы түрде жүзеге асырыла ма? Алайда мұғалім мен оқушылар арасында сенім, сыйластық пен симпатияға (бірін-бірі жақтыруға) негізделген шынайы қарым-қатынас орнаған ба? Әлде тек олардың «ырымы» жасалған ба? Шынайы қатынас тек «секілді» ме? Ал сабақтар «шоу», «цирк», «спектакль» нысанында өтпей ме? Белгісіз...
Мұғалімдер жаңартылған бағдарлама бойынша курстарда оқып, аяқтап жатқан сияқты. Бірақ олар мұғалімдерге не берді? Олардың пайдалы әсер коэффициенті қандай? БҰл мұғалімдердің кәсіби біліктілігі дамыды ма? Оқушыларының оқу сапасы артты ма? Мұны кім нақты критерийлермен өлшеді екен?
Жаңаша жұмыс жасаудың ырымын келтіріп, біз кімді алдайын деп жатырмыз?..
Әлде мен жас ұлғайған сайын қазымыр болып барам ба?..

Баланы өзінділікке үйрету

Балаға әлемді тану мүмкіндігін беру керек
Бүгінде 150 миллиард АҚШ долларлық қаражатымен әлемнің ең бай адамы саналатын, бес баланың әкесі Джеф Безос («Аmazon» интернет-дүкенінің қожайыны) бірде былай деген екен: «Мен балаларыма 4 жастан бастап пышақ ұстауға рұқсат бердім. Былай деп шештім: «Мен дүниені тану мүмкіндігінен айрылған баланың әкесі болғанша, тоғыз саусақты баланың әкесі болғаным артық!».
Назар аударайық: ең бай адам өз балаларын үлде мен бүлдеге орамай, олардың ізденістерін шектемей, оларды жасанды ортаға енгізбей, әлемді тануда толық еркіндік берген! Балаларын шын сүйген әке осылай жасауы да керек шығар!
Расында да, біздің балаларымызды өсірмейтін, дамытпайтын, алға жетелемей, керісінше, артқа тартатын мынандай шектеулер ғой:
- Сен мұны жасай алмайсың!
- Бұл сенің қолыңнан келмейді!
- Сен әлі кішкентайсың!
- Бір жеріңді ауыртасың! (Қолыңды кесесің!)
- Киіміңді былғайсың! (Құлайсың! Сындырасың! Төгіп аласың!)
- Тыныш отыр! (Шулама!), т.б.
Бала табиғатының бір ерекшелігі оның ұдайы, толассыз, еш тоқтаусыз әрекеттенуінде. Әрекет арқылы бала дүниені, өмірді таниды. Демек, оған бұл ізденісте жәрдем беру керек, оған дүниені зерттеу үшін мүмкіндік жасау қажет болар.
Баланың дүниені тануында майда-шүйдеге қарамау керек. Ондай майда-шүйделердің қатарына мыналарды жатқызуға болатын шығар:
- бір жерін ауыртып алуын,
- киімі мен денесінің былғануын,
- айналаны (үйді, ауланы) не ойыншықтарын шашуын,
- ойыншықтарының немесе ыдыс, басқа да бұйымдардың сынуын,
- айғай-шу шығаруын,
- ересектердің тыныштығы мен мазасын алуын, т.б.
Шындығында да баламыздың дүниені тануы, білуі, зерттеуі қасында мұндай нәрселерді елемеген дұрыс т