Педагогикалық шеберлік орталығы

Дуйсенова Айнур Серикбаевна

Дуйсенова Айнур Серикбаевна 28.05.2020

Көптеген кәсіби байқаулардың жеңімпазы, оқушыларын да, әріптестерін де өзінің креативті идеяларымен қызықтыра білетін болмысынан көшбасшы - ұстаз. Жауапкершілігі мол, өз мектебінің патриоты.

Жұмыс орны: «Сәулет» мектеп –лицейі

Оқытатын пәні: физика

Санаты: жоғары, педагог- зерттеуші

Педагогикалық өтілі: 16 жыл

2015 жылы ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында І (ілгері) деңгейі курсынан өтіп, сертификатталды. Айнур Серикбаевна дарынды оқушылармен жұмыс істеуде, бүгінгі күннің талабына сай білім беруді басты мақсат етіп қойған. Физика сабағын берудегі ең басты әдісі - теория мен тәжірибені ұштастыру. Мұғалімнің ізденіс тақырыбы «Инновациялық әдіс-тәсілдерді тиімді ықпалдастыра отырып, физика пәнінен оқушылардың сыни тұрғысынан ойлауын қалыптастыру».

2016 жылы Орал қаласы ПШО филиалынан «Тәжірибедегі рефлексия», 2018 жылы «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» мектепішілік кәсіби даму курсының білім беру бағдарламасы бойынша мектеп тренерлерін дайындау курстарынан өтіп, сертификатталды. Мектеп тренері ретінде «Тәжірибедегі рефлексия» білім беру бағдарламасы бойынша мектепішілік курсын жүргізді. Мектеп тренері ретінде әріптестерін сабақты зерттеуге қатыстыру арқылы оқушылардың сапалы білім алуына, мұғалімдердің кәсіби дамуына көмектесіп келеді. Әріптестерін оқытудың жаңа тәсілдеріне үйрету арқылы өз іс – тәжірибесін де жетілдіруде. 2019 жылы «Жетекші мектеп - білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы даму алаңы» жетекші мектептердің ІІІ аймақтық форумына қатысты және жетекші мектептердің тренерлеріне арналған облыстық «Үздік мектеп тренері» байқауында 3 орын иеленді.

Мұғалімнің шығармашылық өсуінің көрінісі болып табылатын түрлі кәсіби байқауларға белсене қатысып, өз білімі мен біліктілігін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Айнур Серикбаевна облыстық физика пәні мұғалімдерінің «Квант-2016», «Квант-2018» байқауларының 1 орын иеленсе, 2018 жылы VI халықаралық физика пәні мұғалімдерінің шығармашылық конкурсына қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталды. Нәтижелі жұмыстанатын ұстаздың оқушылары облыстық пән олимпиадаларына, республикалық жарыстарға белсенді түрде қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.


Тізімге кері қайту