Педагогикалық шеберлік орталығы

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған онлайн кездесу

 2021 жылдың 19 ақпанында кезекті шығармашылық онлайн кездесу өтті. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қызметкерлері қазақтың ақиық ақыны, аудармашы, драматург, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және «Ғасыр ақыны» атағының иегері Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған іс-шараны тағатсыздана күтті. Ұлы ақын өзінің шебер аудармашылығының арқасында Шекспирдің сонеттері мен Дантенің «Құдіретті комедиясы» өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті.
   «Шабыт» бағдарламасының қонақтары – ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен оның жұбайы – Мұқағали Мақатаев атындағы Халықаралық қордың төрайымы Бақытгүл Мақатаева болды.
 Ақынның балалық шағы қандай болды? М. Мақатаевтың ақын ретінде қалыптасуына кім әсер етті? Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас қандай болды? Осы және өзге де сауалдарға жауап беріп, Жұлдыз Мақатаев өзінің естеліктерімен бөлісті. Бақытгүл Мақатаева Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қордың жұмысы, мұражайы мен ақын энциклопедиясының басылып шығуы туралы әңгімеледі.
   Сонымен қатар Бақытгүл Мақатаева ақын мен композитор Нұрғиса Тілендиевтің бірлескен шығармашылық байланысы жайлы айтып берді. «Саржайлау», «Болмасын, соғыс болмасын», «Дариға, домбырамды берші маған», «Есіңе мені алғайсың» және басқа да көптеген әндер екі ұлы тұлғаның шығармашылық бірлігінің жемісі еді. Ақынның балалары көрермендерге Мұқағали Мақатаевтың баға жетпес қолжазбасы мен күнделігін көрсетті.
    Кездесу соңында Бақытгүл Мақатаева ақынның «Жапырақ жүрек жас қайың», «Пай, пай, өмір» атты өлеңдерін оқып берді.
  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқармасының Төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова М.Мақатаев қалдырған мәдени және рухани мұралардың маңыздылығын атап өтті. «Шабыт» жобасы аясында өткізілген әрбір кездесу әр көрерменге шабыт сыйлап, рухани дамуына ықпал етеді.
 Кездесуге қатысқан көрермендер кеш қонақтары мен жүргізуші Абай Қалшабектің қызықты әңгімесіне алғыстарын білдірді.
    Онлайн кездесуге 600-ден астам қатысушы қатысты. Ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасына қызығушылық танытқандар үшін видеожазба Педагогикалық шеберлік орталығының YouTube арнасында қолжетімді.


 20.02.2021     803

Тізімге кері қайту