Педагогикалық шеберлік орталығы

ОҚЫТУ ҮШІН ОҚУ. ІІ БӨЛІМ

Педагогикалық шеберлік орталығы (әрі қарай – Орталық) 2020 жылдың 22–28 қыркүйегі аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде онлайн сабақтарды бақылаудың екінші кезеңін өткізді.

Бұл жолы зерттеуге 10 пән бойынша 240 сабақ енгізілді. Бұл бақылау нәтижелері Зияткерлік мектептер мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету іс-шараларын жоспарлау мен ұйымдастыруға негіз болды.

Осы бағытта 2020 жылдың 13 мен 15 қазаны аралығында Зияткерлік мектептер мұғалімдеріне арналып қазақ және орыс тілдерінде келесі тақырыптар бойынша 6 вебинар-практикумдар өткізілді:

-Онлайн сабақтың барлық кезеңдерінде ілгерілендіруші кері байланыс беру;

-Барлық оқушыны оқу үдерісіне тарту;

-Саралап оқытудан дербес оқытуға.

Қатысушылардың білімді меңгеруге деген қызығушылықтарын туғызу үшін вебинарлар MS Teams бағдарламасында әртүрлі онлайн қызметтердің көмегімен өткізілді.

Практикумдар интерактивті оқыту жағдайында, оқушыларды тиімді оқытуды ұйымдастыру тақырыптары және әртүрлі аспектілер бойынша кәсіби диалог түрінде өтті. Оқушыларды онлайн оқыту үдерісіне тарту мәселелері бойынша Зияткерлік мектептер мұғалімдерімен бірге шеберлік сабақтар өткізілді; саралап оқытуды ұйымдастыруда мұғалімнің жұмыс формалары қарастырылды, сонымен бірге онлайн сабақтың барлық кезеңінде кері байланыс беру құралдарын қолдану түрлері қарастырылды.

Вебинарларға Зияткерлік мектептердің мұғалімдері, оның ішінде онлайн сабақтарын бақылауға ұсынған 550-ден астам педагог қатысты.

Зияткерлік мектептердің пән мұғалімдері Орталық өткізген вебинар-практикумдардың тәжірибелер мен идеялар алмасудың ең оңтайлы жүйесі мен ынтымақтастық ортасына айналғанын атап өтті. Әрбір вебинар өзіндік құрылыммен өткізілді: қатысушылар өз сұрақтарына жауап алды, топтық пікірсайыстарға қатысты, кері байланыс жүйелі берілді және бірлескен жұмысты жоспарлауды тиімді жүргізу, әдістемелік қолдаудың бағыттары мен тақырыптарын анықтай алды.

Зияткерлік мектептер мұғалімдерін әдістемелік қолдау өз жалғасын табады. Орталықпен 2020 жылдың 26–29 қазан аралығында сабақтарды бақылаудың екінші кезеңінде анықталған мұғалімдерге қиындықтар туғызатын 10 мәселе бойынша вебинарлар өткізу жоспарланған.

Сонымен бірге Зияткерлік мектептер әкімшіліктері мен пән бірлестіктерінің жетекшілеріне мектепішілік деңгейде мұғалімдерге әдістемелік қолдауды ұйымдастыруға байланысты 2020 жылдың 30 қазанында «Оқыту мен оқудың сапасына мектеп басшыларының әсері» тақырыбында жалпы сессия өткізіледі.

 

Қатысушылардың кері байланысы:

 

Құрманғалиева Гүлмира Ғалымжанқызы

Нұр-Сұлтан қ., IB Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері Айдосова Толқын Қайырбекқызы, Толықбаева Ғалия Нұрбопанқызы ұйымдастырған «Барлық оқушыны оқу үдерісіне тарту» атты вебинары қатысушылардың көңілінен шықты. Вебинардың ұтымдылығы қашықтан оқыту жағдайындағы Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің сабақтарын бақылап, осал тұстарын анықтап, сол кемшілікті жоюға қадам жасалғанында. Вебинардың бірінші кезеңінде тиімді әдіс-тәсілдер мен сабақта қолданылған интернет қосымшалардың оқушыны қызықтыруға, кері байланыс беруге қалай ықпал ететінін айқындаса, екінші кезеңінде кейс әдісімен ұсынылған жағдаяттарды талдаумен ұстаздардың сабақ үдерісін басқаша ұйымдастыру арқылы сыныптағы әр оқушыны белсенді қатыстыруға болатынына көз жеткізуге мүмкіндік берді. Мұғалімдердің өз сабақтарына рефлексия жасауға жағдаят жасалды. Өз басым, сіздермен танысып, бас-аяғы үш күнде осындай іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын. Тренерлермен бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алдық деген ойдамын. Әр адам өз деңгейінде ісіне жауапкершілікпен қараса, мемлекетіміз гүлденетіні анық.

 

 

Закерияа Хайрат

Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Бүгін «Барлық оқушыны оқу үдерісіне тарту» деген тақырыпта өткен вебинарға қатыстық. Ең біріншіден, вебинарға жауапты тренерлер жұмысты өте тиімді әрі жүйелі ұйымдастыра білген. Барлығын ешбір ақаусыз, кедергісіз (техникалық жағынан да), қызықты, тартымды өткізе білді.

Екіншіден, «семинар маған не берді?» деген сұраққа келсек, қазіргі қашықтан оқытудағы 20 минуттан тұратын сабағымызды сапалы әрі қызықты өткізуге теориялық және тәжірибелік жағынан өте көп ақпарат алдық. Көрсетілген іс-тәжірибелердің барлығы өз сабағымызда қолдануға қолжетімді болды.

Мәселен, әріптесіміз Хасенова Алтынгүлдің «Storyboard» бағдарламасында көрсеткен тәжірибелік жұмысы мен үшін өте тиімді болды. Ондағы әртүрлі постерлерді қажетінше өңдеп сабақта қолдану оқушылардың тілдік дағдыларын ғана дамытып қоймай, сабаққа деген қызығушылығын да арттыра түсері сөзсіз. Келесі, Айдосова Толқын Қайырбекқызының әртүрлі бейне материалдарды (фильм, мульфильм) көре отырып тапсырмалар құрастыруы мен үшін тың жаңалық болды. Алдағы уақытта осындай тапсырманы құрастыруды үйреніп аламын деген ойдамын.

Сондай-ақ берілген жағдаяттық тапсырмаларды бірнеше топта талдау, бұл жерде біз жағдаятты талдап қана қойған жоқпыз, сабағымызда осындай шағын топтарда жұмыс жасаудың әдіснамасын да үйрендік. Вебинарға атсалысқан барлық әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін.

 

 

Әсіл Жансая Спандиярқызы

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәні мұғалімі 

 

«Барлық оқушыны оқу үдерісіне тарту» тақырыбында өткен вебинар жоғары деңгейде өтті. Вебинарға қатысушы ретінде ұйымдастырушылар тарапынан жақсы қолдау алып, ұсынылған тәжірибелік әдістемелерімізді бөлісу кезінде ұсыныстар мен тиімді кері байланыс алдым. Ұйымдастырушылардың кәсіби деңгейі жоғары екені анық көрінді.  

Мен «Nearpod» құралы арқылы оқушыларды сабаққа қызықтыру әдістерін ұсындым. Бұл платформаны қолдануды 11-сыныптардың «Фосфолипидтер» тақырыбында жүргізілген сабақ арқылы көрсетіп, мүмкіндіктерін аштым. Сабақ барысында оқушылармен уақытты үнемдеп қана қоймай, оқушыларды бірден бағалап, кері байланыс беру үшін осы құралдың тиімділігін ұсындым. Менің тәжірибем әріптестерге пайдалы болды деп сенемін.

Вебинар кезінде Ғалия Нұрбопанқызы мен Толқын Қайырбекқызы әрбір қатысушыға көңіл бөліп, жеке қатысушылармен де жұмыс жасады, әр қатысушының сұрақтарына толық жауап берді. Топтық жұмыс жасау арқылы вебинар кезінде алған ақпаратты қорытындылап, қолдануға жақсы практика болды. Қызықты жаттығулар мен пайдалы мағлұматтарды алу барысында 2 сағаттың қалай өтіп кеткені байқалмай қалды.

Өз қорыма, педагогикалық шеберлігімді дамытуға көп қосымша мен құралдар алдым. Ұйымдастырушыларға рақмет!

 

Хасенова Алтынгуль Тулегеновна

Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

«Барлық оқушыны оқу үдерісіне тарту» атты вебинар жоғары деңгейде өтті. Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары Ғалия Нұрбопанқызы мен Толқын Қайырбекқызы жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатысушылар үшін бүгінгі таңда ең құнды ақпаратты өте қолжетімді деңгейде жеткізе білді. Тиімді кері байланыс негізінде өз тәжірибемізді жақсартуды және оны қалай жақсартуға болатынын біліп қайттым. «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» демекші, осы шеберлік сыныптан өз қоржынымды Жансая ханым ұсынған «Nearpod» қосымшасын, Толқын Қайырбекқызы ұсынған бейнежазба негізінде тест жұмысын жүргізудің қызықты формасын, Гүлмира Ғалымжанқызы ұсынған «Kahoot» қосымшасының жаңа қырын және де көптеген инсайттармен толықтырдым. Шын мәнінде, бүгінгі шеберлік сыныбы ұстаздар қауымы үшін жаңа тыныс ашатын, шабыттана жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін өте маңызды мағлұматтар ұсынды.

 


 16.10.2020     391

Тізімге кері қайту