Педагогикалық шеберлік орталығы

Профессор Ерлан Мұхтарұлы Арынмен шығармашылық кездесу туралы

2020 жылдың 20 ақпанында «Шабыт» бағдарламасы аясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында барлық дербес ұйымның қызметкерлері Қазақстанның белгілі ғылым және қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Мұхтарұлы Арынмен кездесу өткізді.

Ерлан Мұхтарұлы «Тағдырлар. Есімдер. Абай» атты шығармашылық кездесуде қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы әлі көпшілікке кеңінен жарияланбаған фактілерді әңгімелеп, ойлы ұсыныстар айтты. Кездесуге қатысушылар ұлы ойшылымыз жайлы заманауи зерттеулер, театр қойылымдары, Абай еңбектерінің мұрағаттық басылымдары туралы қызықты бірқатар мәліметтер алды.

Кездесу барысында Ерлан Мұхтарұлы Абай өз еңбектерінде тұжырымдап көрсеткен       жан-жақты дамыған адам – «толық адам» ілімі туралы сөз қозғады. Аталған ілім бүгінгі күні де өзекті, онда үнемі дамуға, жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылған, өзгелерге үлгі болуға лайықты еңбекқор, әлемге ашық адамдар туралы сөз болды.

Кездесу атмосферасы көңілді, жанға жайлы өтті. Абайдың музыкалық шығармалары, өлеңдері мен қара сөздері айтылды. Көрермендер көп әсер алып, пікірлерін бөлісті.

Ерлан Мұхтарұлына зор шығармашылық табыс тілейміз!


 21.02.2020     434

Тізімге кері қайту