Педагогикалық шеберлік орталығы

«КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ: ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР» ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР-ПРАКТИКУМ

Қызылорда облыстық оқу орталығы, Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қ. филиалы (әрі қарай - ПШО), С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебі мен Назарбаев Зияткерлік мектебі бірлесіп «Кәсіби бағдар беру: тәжірибе және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында семинар-практикум өткізді.

200-ге жуық мұғалімнің басын қосқан семинар бірнеше бөлімді қамтыды. Пленарлық отырыста ПШО тренерлері мен оқу орталығының мамандары мектептегі кәсіби бағдар беру жұмысының траекториясы туралы баяндама жасап, қатысушыларды жұмыс бағдарламасымен таныстырды.

Заманауи кәсіби бағдар беру мазмұны бөлімінде ПШО тренерлері мен Зияткерлік мектеп мамандары мамандықтар атласы, тұлға қабілеттілігінің психологиялық ерекшеліктері, 21 ғасыр дағдылары, оқушылардың кәсіби бағыты бойынша ата-анамен жұмысты тиімді ұйымдастыру, кәсіби бағдар беру жұмысын жоспарлау мәселелері бойынша диалог алаңын орнатты.

Үшінші бөлімде қатысушы педагогтер облыстық қосымша білім беру мамандарының шеберлік сыныптарына қатысып, кәсіби дағды қалыптастырудағы үйірме жұмыстарының рөлімен танысты.

Кәсіби ағарту, кеңес беру, дамыту бағытындағы сыныптан тыс-шаралар түрлеріне қатысушылар зияткерлік мектептің педагог-ұйымдастырушы кураторлары мен жатақхана тәрбиешілері С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебінің 8-10-сынып оқушыларына өткізген сабақ барысында куә болды. «Мен таңдаған мамандық...» TEDx жобасы, «Өмірдегі өз орның» тренингі, «Startup бизнес-идеялары» байқауы, «Мамандықтар калейдоскопы» сайысы мен «Мамандықтар картасы» интеллектуалды ойыны білім алушылардың ой-санасын арттырып, мамандық таңдауда жаңаа бағыттар ала алды.

Кәсіби бағдар жұмысын тиімді ұйымдастыру мазмұнын, формасын, тәсілдерін іске асыру бойынша педагог мамандарға қолдау көрсетуге бағытталған шарада ПШО тренерлері «Кәсіби бағдар жұмысын жоспарлаудың тиімді жолдары» фасилитациялық сессиясын өткізіп, мұғалімдер семинардан алған білімдерін талқылап, өз идеялары мен ұсыныстарын айтты.

Шара соңы білім саласының бірқатар қызметкерлері Қызылорда облысының білім басқармасы, Педагогикалық шеберлік орталығының Алғыс хаттарымен марапатталып, №144 мектеп оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.


 20.02.2020     429

Тізімге кері қайту