Педагогикалық шеберлік орталығы

Түркіменстан педагогтерінің біліктілігін арттыру туралы

«Түркіменстан білім беру жүйесіне ықпал ету» Еуропалық Одақ жобасы аясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы 2019 жылдан бастап Түркіменстан педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстары мен семинарларын өткізіп келеді.

Осы ретте биылғы 2020 жылғы 6–31 қаңтар аралығында Ашхабад қаласында Түркіменстандағы жалпы білім беретін мектептердің, кәсіби лицейлердің, техникумдардың, білім орталықтары мен Ұлттық институтының 162 педагогіне арналған оқу семинары өткізілді.

Жоба жетекшісі Штефан Зиверт мұғалім тәжірибесін зерттеу және критериалды бағалау мәселелері бойынша өткізілген бұл семинардың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті. Сабақтарды Педагогикалық шеберлік орталығының тәжірибелі тренерлері Е.С. Катаев, А.Е. Мурзагалиева, Ж.Д. Джансугирова, К.К. Бурунбетова өткізіп, шығармашылық пен педагогикалық бастамаларды дамытуға жаңа серпін берді.

Оқудың қорытындысы бойынша Марый велаятының Марый этрапындағы шетел тілдерін оқытатын №12 мамандандырылған орта мектептің орыс тілі мұғалімі М.А. Аганазаров өзінің жазған эссесінде былай деп атап көрсетеді: «Бұл курс танымымды кеңейтті, өзімізді жетілдіруге итермеледі, кәсіби шеберлігімізді арттыра түсті… Мұғалім оқушылар мен әріптестер алдында өзінің құзыреттілігі мен беделін үнемі дамытуы тиіс екендігіне көз жеткізді».

Түркіменстанның Ұлттық білім беру институтының директоры Б.Б. Башимов Қазақстандағы білім беру стратегиясын дамытудағы рөлін ерекше атай келіп, бұл курс педагогтердің кәсіби ой-өрісін жетілдіргенін және осы туысқан екі ел арасындағы мұндай ынтымақтастықтың жалғаса беретінін қуана жеткізді.


 04.02.2020     585

Тізімге кері қайту