Педагогикалық шеберлік орталығы

Жаңалықтар

2019 жылдың 14-15 қарашасы күндері Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қаласындағы филиалы, физика-метематика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Облыстық әдістемелік кабинет бірлесіп, «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы көшбасшылық» тақырыбында мектеп директорларының облыстық форумын өткізді. Форумға 250 мектеп директорлары мен облыстық білім басқармасы, қалалық/аудандық білім бөлімдері қызметкерлері қатысты.

Форумның мақсаты - білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мектеп басшыларының кәсіби дамуын жетілдіруге бағытталды. Форум жұмысы кезінде облыстық білім ұйымдарының іс-тәжірибелерінің көрмесі қойылды.

Форумның бірінші күні, яғни 2019 жылдың 14 қарашасы күні білім беру мазмұнын жаңарту аясында озық тәжірибені анықтау, насихаттау және тарату мақсатында Жамбыл облысы жетекші мектептері арасындағы Облыстық «Үздік жетекші мектеп» байқауы өткізілді.

Байқауда:

- Жетекші мектеп ұжымдарының инновациялық педагогикалық тәжірибелерін жинақтау және зерттеу-жобалау әрекеттерін насихаттау;

- Аймақтағы педагогтардың кәсіби қарым-қатынасының аясын кеңейту көзделді.

Жетекші мектептердің ұжымы «Біз қоғамдастықпыз!» визит карточкасын қорғап, өздерінің кәсіби кредосын, Үздік жетекші мектептің шығармашылық портретін, атауын, ұранын, миссиясын және білім мазмұнын жаңартуды қолдау жұмыстарының маңыздылығын ортаға салды. Сондай-ақ, «Жетекші мектеп қоғамдастығы жұмысының тиімді моделі» тақырыбында қоғамдастықтың жұмысының жүйелілігі, бірлескен тәжірибенің нәтижелілігі бойынша жоба қорғады.

Сонымен қатар үдеріс барысында байқауға қатысушылардың оппоненттердің сұрақтарына жауап бере алуы, жауаптардың аргументтілігі мен кәсіби-сөйлеу мәдениеті де сыналды.

Бағдарламаға сәйкес форумның екінші күні, 2019 жылдың 15 қараша күні пленарлық отырыста Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы                                     Р.С. Тұрмаханбетова, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Е.Әмірбекұлы, Педагогикалық шеберлік орталығының Әдістемелік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі И.Л. Энтина баяндама жасады.

Форум барысында филиал тренерлері Д.К.Бердибекова мен А.С.Токтаганова ұйымдастырған «Жетекші мектептердің тәжірибесіндегі инновациялар» тақырыбындағы диалогтік алаңда облыстағы жетекші мектептердің директорлары өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форум «Мектептің даму жоспарын жасауға қалай көмек көрсетуге болады?» тақырыбындағы фасилитациялық сессияға ұласты. Фасилитациялық сессияны Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері Жолдасбаева Сапура Әлжанқызы мен Нөгербаев Төлеген Кәкімұлы жүргізді. 3 сағаттық практикалық сессияда мектеп директорлары мектептің даму жоспарын, даму басымдықтары мен жоспар бойынша жүргізілетін әрекеттердің қадамдарын анықтады. Өз кері байланыстарында форумға қатысушылар профессионал-тренерлердің тарапынан дер кезінде көрсетілген әдістемелік қолдаудың жоғары тиімділігін атап көрсетті.


 18.11.2019     945

Тізімге кері қайту