Педагогикалық шеберлік орталығы

Орта білім беру ұйымдары басшы кадрларының резервін даярлау бағдарламасы бастау алды

2020 жылдың 12 қазанында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы қазақ және орыс тілдерінде «Білім берудегі менеджмент:мектепті басқару қызметі» атты білім беру саласына басқарушылардың кадрлық резервін даярлау бағдарламасын іске қосты.

Оқыту мектепті басқарудың нормативтік-құқықтық және қаржылық негіздерін, жан басына қаржыландыру ережелерін, еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын, стратегиялық жоспарлау әдістері мен педагогтердің кәсіби дамуындағы көшбасшылық тәсілдерді зерделеуді қамтиды.

Мектепішілік менеджмент мәселелері, атап айтқанда, басқару мәдениетінің компоненттері, басқару стильдері, басшының негізгі дағдылары, корпоративтік мәдениет, педагогтерді ынталандыру тәсілдері мен тайм-менеджмент мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылатын болады.

Статистикалық деректерді талдаудың, нәтижелерді мониторингілеу мен бағалаудың, басқарушылық шешімдерді қабылдаудың, мектепішілік бақылауды ұйымдастыру мен іске асырудың практикалық дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

Бұл бағдарлама қашықтан және аудиториялық аралас форматта өтеді. Әрбір тыңдаушыға бүкіл оқу кезеңінде қолдау көрсету үшін тәлімгер бекітіледі.

Болашақ басшылар оқу аяқталғаннан кейін ПШО сертификатына және басшылардың бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияға ұсынуға арналған ұсыным хатқа  ие болады. 


 14.10.2020     613

Тізімге кері қайту