Педагогикалық шеберлік орталығы

«Мен бәріне ән шырқамаймын, әрбіріне ән шырқаймын» Опера әншісі Майра Мұхамедқызымен ұмытылмас кездесу

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы қызметкерлерінің арасында танымалдыққа ие «Шабыт» бағдарламасы 2020 жылдың 7 қазан күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Астана Опера» театрының жетекші опера әншісі Майра Мұхамедқызымен кезекті онлайн кездесуі жалғасын тапты.

Опера дивасының қуатты энергетикаға толы әңгімесі көрермендердің таңдайын қақтырды. Майра Мұхамедқызы балалық шағындағы естеліктерін жылы сөзбен еске алып, ерекше сезіммен бөлісті. Ұстаздары мен тәлімгерлеріне алғыс сөздерін жеткізді.

Көрерменнің көзайымы Мәскеудегі П. Чайковский атындағы Халықаралық байқауы өнер жолының бастауы болғанын атап өтті. Ол әлемге әйгілі сахналарда, Бордо ұлттық опера театрында және Лорен Нанси, Лондондағы Кадоган концерт залында, Вашингтонда және басқа қалаларда бірнеше рет өнер көрсеткен. Майра Мұхамедқызы өзінің шығармашылығы арқылы қазақ халқының ұлттық мәдениетін әлемге паш етуді армандайды. «Астана Операның» жетекші солисі аты аңызға айналған Пласидо Доминго, Роберто Алания, Мирелла Френи секілді әншілермен орындаған өз тәжірибесімен бөлісті.

Тікелей эфирде Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген көрермен қоңыраулары толастамады, чат сұрақтары да болды, әртіс олардың әрқайсысына жауап беруге тырысты. Онлайн кездесуге 300-ге жуық көрермен қатысты, олардың көпшілігі әншіге тамаша көңіл күй, рухани атмосфера мен керемет сезім сыйлағаны үшін алғыс білдірді.

Майра Мұхамедқызына үлкен шығармашылық табыс тілейміз және алтын уақытын бөлгені үшін ұжымның атынан алғыс айтамыз.


 08.10.2020     486

Тізімге кері қайту