Ақтөбе педагогикалық колледж студенттері жаңаша оқып үйренуде / cpm.kz

Педагогикалық шеберлік орталығы

Ақтөбе педагогикалық колледж студенттері жаңаша оқып үйренуде

26.12.2016

2016 жылдың 7 желтоқсанында Педагогикалық шеберлік орталығы мен Ақтөбе гуманитарлық колледжінің ұйымдастыруымен «Кәсіби білім берудегі өзгеріс-заман талабы» тақырыбында  семинар-практикум өтті. Семинардың мақсаты -  болашақ ұстаздарды даярлауда деңгейлік бағдарламаның  түйінді идеяларын жүзеге асыру бойынша  гуманитарлық колледж және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің  сертификатталған тренерлерінің   тәжірибе алмасуын ұйымдастыру.

Пленарлық отырыста  қатысушылар назарына Педагогикалық шеберлік орталығы Ақтөбе филиалының облыс бойынша білім мазмұнын жаңарту аясындағы  жұмыс барысы және болашаққа жоспары туралы таныстырылым ұсынылды. Гуманитарлық колледждің арнаулы пәндер оқытушысы Бурибаева Н.Д. кәсіптік және техникалық білім беруде деңгейлі бағдарлама идеяларын жүзеге асыру жолдары туралы баяндама жасады.

Семинардың практикалық бөлімінде колледж оқытушылары ағылшын тілі, орыс тілі, информатика және арнаулы пәндер бойынша ашық сабақтар, «Оқыту мен оқудағы әдістер» және «Сабақтарда сын тұрғысынан ойлауды дамыту» тақырыптарында шеберлік кластарын ұйымдастырды. Болашақ оқытушылар,бүгінгі таңда 1, 2 курс студенттері, балалармен заман талабына сай жұмыс жасау үшін жаңаша оқып үйренуде.

Семинар жұмысын қорытындылау кезіндегі қатысушылардың кері байланысы таңдалған тақырыптың өзектілігін, өткізілген іс-шаралардың практикалық маңыздылығының жоғары болғандығын көрсетті. Университет оқытушылары бұндай бірлескен шаралардың екі оқу орны арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтып, педагог мамандарды даярлау ісінде арнаулы орта оқу орны мен жоғары оқу орны арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті. 


Тізімге кері қайту